Биыл отандық сыртқы саясат ведомствосының құрылғанына 18 жыл толды. Яғни, осыдан 18 жыл бұрын Елбасы Н. Назарбаев еліміздің сыртқы саясат құрылымын құру жөніндегі Жарлыққа қол қойған болатын. Кеше Астанада Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев қазақстандық дипломаттарды олардың кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Қазіргі таңда Қазақстан әлемнің 120-дан астам елімен жоғары дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан. Еліміздің сыртқы саясат мекемелері 60-қа тарта мемлекетте орын тепкен. Ал Қазақстанда әлемнің 60 елінің елшілігі мен 20 халықаралық ұйымы еңбек етуде. Бұл – Отанымыздың сыртқы саясаттағы жемісті стратегиялық қызметінің бір айғағы.
“Сыртқы саясат – Қазақстан Президенті Н. Назарбаев қызметінің ерекше басымдығы. Ал Сыртқы істер министрлігі – оны жүзеге асыру құралы. Тәуелсіздік алған жылдардан бері Мемлекет басшысы сыртқы саяси стратегияны жүзеге асырудың жаңа тиімді жүйесін жасады. Бұл стратегия елдің интеллектуалдық әлеуеті мен мықты материалдық-техникалық базасы негізінде жасақталды. Егемендіктің алғашқы елең-алаңында Қазақстан бұрынғы Кеңес Одағынан іргесін ажыратқан, ешкімге таныс емес ел ретінде өмір сүріп келсе, бүгінде Отанымызды аймақтық және ғаламдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы халықаралық қоғамдастықтың құрметті әрі сенімді әріптесі деп бағалайды”, деді Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі.
Қ.Саудабаев сондай-ақ Елбасының көпқырлылыққа негізделген сыртқы саяси ұстанымына сәйкес, Қазақстанның халықаралық сахнада беделді елдермен сенімді әріптестік орнатып, бұған қоса, БҰҰ, ЕҚЫҰ және ШЫҰ сынды белді ұйымдардың тең құқылы мүшесіне айналғанын атап көрсетті. ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету миссиясын үлкен жауапкершілікпен атқарып келе жатқанын, келесі жылы Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық ететінін көлденең тартты
Осылай дей келе, Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі қазақстандық дипломатия өкілдеріне қойылар басты талап – болашақта да Елбасының өздеріне деген жоғары сенімін ақтау, сол жолда тер төгу екенін атап өтті. “Мен бүгінгі сәтті пайдаланып, жаңа Қазақстанның негізін қалаушы, Отанымыздың бас дипломаты Нұрсұлтан Назарбаевты және барлық қазақстандық дипломаттарды кәсіби мерекелерімен құттықтаймын. Олардың ортақ Отанымыз – Қазақстанның гүлденуі жолындағы қызметтеріне табыс тілеймін”, деді Қ. Саудабаев.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.