07 Тамыз, 2015

Жаңа оқу жылына дайындық қалай?

285 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов информатикадан Алматы қаласында өткен 27-ші халықаралық олимпиадада ел намысын қорғаған жеткіншектерді қабылдады. Кездесу аясында министр 83 елдің ішінен 8-ші орын алуымызды жоғары көрсеткішке бағалап, жас өрендерді жетістіктерімен құттықтады. Сондай-ақ, олардың еңбектеріне алғыс білдіріп, естелік сыйлықтар табыс етті.

00

Жиын соңына қарай БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап беру барысында министр қазіргі таңда елімізде жүргізіліп жатқан жаңа оқу жылына дайындық жайы жоспардағыдай жүргізіліп жатқандығынан хабардар етті. – Тамыз айында бұл мәселе қызу талқыланатындықтан, біз осы күндері сан-салалы бағыттар бойынша жұмыстар атқарудамыз. Әсіресе, аймақтармен бірлесе қолға алынып жатқан жоспарлар қомақты. Атап айтқанда, оқушыларды оқулықпен қамту ең өзекті мәселе екені белгілі. Бұл ретте облыстық деңгейде шешілуі тиіс проблемалар біршама тиянақталды десек болады. Тиісті қаражаттар бөлініп, көрсетілетін көмектер ойдағыдай үйлестірілді. Өйткені, біз жұмысты жүргізудің жаңа ырғағын жыл басында-ақ қолға алғанбыз. Яғни, қажетті оқулықтар санын әдеттегідей күз таяғанда тапсыруды доғарып, деректерді жылдың алғашқы айларында жинауға кіріскен болатынбыз. Нәтижесінде, көктем соңына қарай барлық келісімшарттар түзіліп, бекітілді. Ал енді қазіргі кезде мемлекеттік сатып алу ісі ұйымдастырылып, көптеген білім ошақтарына қажетті кітаптар жеткізіле бастады. Жалпы, кітаппен қамту үдерісін Бақылау комитетінің аймақтардағы департаменттері арқылы жіті назарда ұстап отырмыз. Қазіргі таңда бірқатар өңірлер бұл мәселені түпкілікті шешіп қойды десек те болады. Нақтылай түссек, мәселен бүгінде Алматы қаласының барлық мектептеріне оқулықтар толық жеткізілді. Сонымен қатар, бұған кереғар көрсеткіш ретінде қалыс қалған облыстар да жоқ емес. Шығыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарының кей аудандарында оқулық проблемасы әлі оңтайлы шешімін таба қоймады. Ендігі жерде бұл мәселені жергілікті атқарушы органдармен күн сайын хабарласып, талқылау үстіндеміз. Олар бізге барлық мәселені 15 тамызға дейін түпкілікті шешіп, соңғы нүктесін қоятын боламыз деп уәде беріп отыр, – деді ведомство басшысы. Сонымен қатар, Білім және ғылым министрлігінің мамандары 18 тамызда Үкімет отырысында осы тақырыпта арнайы есеп беретіндігі де белгілі болды. – Міне, сол жерде тек кітап жайын ғана емес, жалпы білім беру ісіне қатысты барлық сұрақтар қаралады деп жоспарлануда. Оның ішінде маман мәселесі мен мектептерді жөндеу, оқулықпен қамту, киім кию мен бастауыш сынып оқушыларын тамақтандыру жайы секілді қызметтердің бәрі де талқыланады деп күтілуде. Жалпы айтар болсақ, біздің биылғы оқу жылына дайындығымыз қалыпты жағдайда, жоспарға сай жүргізілуде деп нық сеніммен айта аламын, – деді Аслан Бәкенұлы өз сөзінде. Негізінде сөз басын халықаралық олимпиада тақырыбында бастаған болатынбыз. Күн тәртібіндегі күйіп тұрған мәселе болғандықтан, кітаптың жайын кейінге қалдыра алмадық. Ал енді бастапқы әңгімеге оралсақ, Қазақстан ұландары халықаралық олимпиадада тағы бір ерледі десек те болады. 324 үміткер қатысқан жарыста төртеуден құралған біздің топ «топ ондыққа» енді. Министрдің сөзімен айтсақ, «83 елдің ішінен 8-ші орын иеленіп жоғары көрсеткішке қол жеткіздік». – Бұл үлкен жетістік деп баға­лауға тұрарлық дүние. Өйткені, біздің еліміз алғаш рет осы жарысты өзімізде ұйымдастырды және шара аясында екі рекордтық көрсеткіш көрініс берді. Оның біріншісі – жалпы осы Олимпиада тарихында алғаш рет 83 мемлекеттің өрендері бақ сынаса, қатысушылар саны жағынан да жоғары көрсеткішке ие болдық. Осы кезге дейін өткен олимпиадалар өркениеті оқ бойы озық кеткен елдерде ұйымдастырылғанымен, 324 үміткер ешқашан қатыспаған екен. Міне, осындай игіліктер Қазақ жерінде өткен жиында жария болуда. Сондай-ақ, осы 83 елдің ішінен еліміздің алғашқы сегіздіктің қатарынан көрінуін өте жақсы жетістік ретінде бағалауға болады, – деді ол. Біздің еліміздің осындай биік­терден көрінуіне себепкер болған жеткіншектерге зор алғысын біл­дірген министр олимпиада қаты­су­шыларына қарап, өз қатар­ластары бой түзейтіндігін атап өтті. Айта кетейік, ТМД елдері ішін­де Қазақстан Халықаралық оқу­шылар олимпиадасын өткізу құқығына ие болған екінші мемлекет. Мұның алдында информатика пәнінен олимпиаданы 1990 жылы Белоруссия ұйымдастырған еді. Келер жылы бұл шара Қазан қаласында өтеді деп жоспарлануда. Ал енді Қазақстан құрама­сы­ның өкілдерін атап өтсек, олар: Мейрамбек Өмірзақ – қазақ-түрік лицейінің түлегі (Алматы), Бек­жан Бекболатұлы – қазақ-түрік лицейінің түлегі (Ақтау), Назарбек Алтыбай – қазақ-түрік лицейінің 10-сынып оқушысы (Ақтөбе) және Данияр Маминов – қазақ-түрік лицейінің түлегі (Алматы).

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, журналист.