07 Тамыз, 2015

Дүниетаным бастауы – сана биігі

1394 рет
көрсетілді
30 мин
оқу үшін

Қазақ елінің ойшыл хакім Абайдың әдеби мұрасын танып білгеніне 125 жыл толып отыр (1889-2014). Аз уақыт емес, ғасырдан астам мерзім. Осы аралықта абайтану тарихының үш кезеңін бастан өткізіппіз. Әуелі абайтану тарихының «Мұхтар Әуезовке дейінгі зерттелу тарихы (1889-1934)». Абайды танытудағы Алаш арыстары халықтық таным тұрғысынан зерттеуі, насихатталуы дұрыс жолда болып еді. Бірақ кеңестік билік 1923 жылдан 1934 жыл аралығында ұлы ақын мұрасын терістеп, әдеби мұра ретінде мансұқтауға дейін барды. Мысалы, «Әдебиет майданы» журналының 1934 жылғы тұтас бір саны түгелдей Абай туралы зерттеулерге арналды. Мақаласы жарияланған авторлардың басым көпшілігі Абай мұрасын тұрпайы социологиялық, формалистік тұрғыдан теріс танытып, Абайдың әдеби мұрасын таптық, сая­си-әлеуметтік тегіне қарай бағалап жатты. Ал М.Әуезовтің «Абай ақындығының айналасы», профессор Қ.Жұбановтың «Абай – қазақ әдебиетінің классигі» деген зерттеу мақалалары абайтанудың болашағына ғылыми жаңа бағыт-бағдарына тыңнан жол салған көсем ойлы танымдар болатын.

001 (22)

1933-1934 жылдан 1961 жыл аралығында «Абайтану тарихының Мұхтар Әуезов кезеңі» дүниеге келді. М. Әуезовтің Абай мұрасы туралы іздену, зерттеу, ақын мұрасын әлем жұртшылығына таныстыру жолында атқарған қызметінің қол жетпес екі шыңы болды. Бірінші шыңы, көркемсөз өнері арқылы, әсіресе, «Абай жолы» эпопеясын әлем халқы жарыса оқып, ХХ ғасырдың ұлы туындысы деп бағаланып жатты. Екінші шыңы, абайтану жолындағы ғылыми зерттеу еңбегі – «Абай Құнанбаев» деп аталатын ғылыми монографиясы еді. Осы кезде абайтану саласында тұңғыш рет кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғалып, монографиялық еңбектер басылым көріп жатты. М.Әуезов абайтануды биік деңгейге көтеріп кетті. Абайдың 100 жылдық мерейтойында ақын мұрасы жан-жақты зерттеліп, баспасөзде кең тұрғыдан насихатталып жатты.

1949 жылғы СОКП-ның сыңаржақ қаулысында 1934 жылы негізі қаланған М. Әуезовтің ақын мұрасының рухани нәр алған үш саласы туралы танымының екінші саласы болып танылатын Абайдың шығысқа қарым-қатынасы жайлы Абайдың «батысынан шығысы басым» деген танымы қатты сыналып, аяусыз терістелді. Бұл күрделі мәселе, әсіресе, философ ғалымдар тарапынан да сынға алынды. Абай мұрасының шығысқа қатысы жайлы пікір білдірген ғалымдар сыналып, бір жағынан қуғындалып әрі жазаланып жатты. 1961 жылы атақты жазушы өмірден өткен соң, «Абайтанудың М. Әуезовтен кейінгі дәуірі» басталып та кетті. Біршама үзілістен соң жаңа буын, жас талапкерлер ғылыми-зерттеу еңбектері басылым көре бастады. Осы буын тың көзқарас тұрғысынан келіп, Абай мұрасының шығыстық рухани қазына көздеріне қарым-қатынасы жайлы күрделі мәселелер көтерілді. Абайдың шығысына қатысты том-том кітаптар жазылып, кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғалды. Бұл ғылыми зерттеулер Абай рухани нәр алған мұсылмандық шығыс жайлы зерттеу еңбектердің тырнақ-алды бастамасы ғана деп білеміз. Тәуелсіздік заманындағы қазақ жастарының араб, парсы, шағатай, түрік тілдері мен исламият тарихын жете меңгеруі арқылы Абай мұрасының мұсылмандық шығысқа қарым-қатынасы жайлы келелі де іргелі ғылыми-зерттеу еңбектері мейлінше молығып, салаланып, сапалы ғылыми монографиялық зерттеулер жаңа бағыт алғанда, ғажап құбылысты сонда көреміз. Бұл кезде Абайдың жантану ілімі мен толық адам ілімі, пәлсапалық лирикасы басқаша сөйлегенде, бұл сала ой-санадағы әлемдік рухани құбылысқа айналып, түркі халықтарының болашақ моральдық кодексінің іргетасына рухани тірек болып қаланары талассыз шындыққа айналмақ. Абайды танып-білудегі басты кедергі оның дүниетанымының барлық салаларын, яғни философиялық, этикалық, эстетикалық, саяси-әлеуметтік салаларын анықтауға келіп тіреледі. Осы салалардың бәрін де қазіргі философтар материалистік модель тұрғысынан қарастырып келеді. Бұл әрекет, әсіресе, Абайдың 150 жылдық мерекесінде Қазақстан философтарының ұжымдық еңбегі «Абай дүниетанымы мен философиясы» деп аталатын арнайы ғылыми-зерттеулерінде өз көрінісін тапты. Бірақ философтардың бәрі де Абайдың жетінші қарасөзіндегі «Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгендеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды. Оны білмеген соң, ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады. Әзелде Құдай тағала хайуанның жанынан адамның жанын ірі жаратқан, сол әсерін көрсетіп жаратқан», деген даналық сөзіне назар салмай келеді. Абай дүниетанымын танып-білуде Абай айтқан бұл ой-пікірдің мән-мағынасы, болмысы, тіпті, бөлекше өркештеніп дараланып тұр. Абай бұл пікірін ХХ ғасырдың соңында айтуымен де ерекшеленіп тұр емес пе? Абай «дүниенің көрінген сыры» деп бізді қоршаған материалдық әлемді айтса, «дүниенің көрінбеген сыры» деп біздің құпия сырға толы рухани әлемімізді меңзеп отыр. Бұл іспеттес терең пікірді Ясауидің «Девони хикметінен» де ұшыратамыз: «Ілім екеудүр: тән мен жанға басшы турар. Жан ғалымы хазретіне жақын турар. Тән ғалымы залымдарға ұқсар ерміш (Ясауи «Девони хикмет», Түркстан, 1993, 74-бет) деп ой толғауында «дүниенің көрінбеген сыры» мен жан ғалымы айналысады деп кесіп айтатыны бар. Жан ғалымы көрінбейтін рухани әлем сырымен айналысса, тән ғалымы «дүниенің көрінген сырымен» біржақты айналысып, нәпсілік жолға ұрынып, дүниеқор, дүниеқоңыз болып қалатынына назар аударатынын ашық аңғартады. Абай айтқан дүниенің көрінген сырын ашумен айналысатындар тән ғалымы (технократ ғалымдар) болып шыға келеді де, дүниенің көрінбейтін сырын ашуға ұмтылғандар жан ғалымы болып шығады. Соның бірі хакім Абайдың өзі болғандықтан, Абай жан ғалымының ең көрнекті өкілі болып шығады емес пе? Өйткені, Абай 1898 жылы жазылған 38-қарасөзінде жантану ілімі ой-танымдары біздің заманымыздағы квантты физиктерден бір ғасырдан астам уақыт бұрын «дүниенің көрінбеген сырына» айрықша мән беруі арқылы жантану ілімімен айналысып, пәлсапалық лирикаларын жазуы ойшыл ақынның кемеңгерлік тұлғасын көрсетеді. 1501-1510 жылдар арасында Фирдоусидің «Шаһнама» дастанын қыпшақ тіліне толық аударған мамлюк қыпшақ ақыны Шәріп Әмеди: «Хақты тану жолын іздегендер, Бұл әлемде барша аң-таң қалғандар», – деп аса жоғары бағалауы кездейсоқ болмаса керек-ті. Абай «дүниенің көрінген сыры» мен «дүниенің көрінбеген сырын» бірлікте қатар алып, танып-білуді меңзейді. Абай айтқан бұл даналық ойлардың дүниені танып-білуде мән-мағынасы аса терең пәлсапалық ой-танымдар «дү­ниенің көрінген һәм көрінбеген сырын» еуропалықтар орта ғасырда-ақ танып-білген. Бірақ олар дүниенің көрін­ген сырын ашып тануға, заттық игілікті молайтуға, баюға шешуші мән беруі себепті, материалистік, атеистік дүние­танымға біржолата бағыт алды. Ғалым Рена Декарт болмыс пен сананы бөліп қарауға ерекше мән бере қарағандықтан: «Арнайы құрылғылармен өлшеуге болатын нәрселерді ғана зерттейік, ғылым деп осыны ғана айтайық. Ал, сана деген көзге көрінбейді, прибормен өлшенбейді. Бар екенін білеміз. Бірақ көзге көрінбейтін нәрсені зерттеп қайтеміз», – деп адамзаттың рухани әлемін танып-білуден теріс айналды. Мұның салдары бүгінгі Еуропа халықтарының мінез-құлқы жағынан бұзылып, моральдық қасіретке алып келді әрі олар ғылымды имансыздық жолға түсірді. Яғни, олар ғылым жетістігін адам­затты қырып-жоятын қару-жарақ жасауға жан сала кірісті. Әлем халқын отар­лап, кейбір халықтарды жойып, қалған­дарын өз дініне зорлап кіргізіп, тілін қабыл­датып, ұлттық дәстүрін жойып жаппай мәң­гүрттенуге алып келді. Абай дүниенің көрінген және көрінбеген сырын үйлестіре танып-білуді мақсат тұтқандықтан «...дүниедегі Алланың пенделері үшін жаратқан қазыналарын кім іздейді» деп дүниенің көрінген әм көрінбеген сырын кім іздейді деп екі құбылыстың сырын қатар ашып, танып-білу мәселесін бөліп жармай қатар алып, зерттей білу жүйесін алға қойып отыр. Абайдан бастап түп иені танып-білу жолында пәлсапалық лирика жанрында жантану ілімін меңгеруге, яғни, дүниенің көрінбеген сырын ашып, танып-білуге ұмтылды. Абай бастаған бұл дәстүрді ойшыл ақынның шәкірттері Шәкәрім, Мағжан үдере дамытып тереңдете түсті. Осы арқылы қазақ поэ­зиясында пәлсапалық лириканы әлемдік деңгейге көтеріп, көш бастады. Бірақ бұл танымды кеңестік билік тұншықтырып тастады. Енді ХХІ ғасыр басында квантты физиктер танымынан кейін дүние бастауында САНА тұр деген мүлде жаңа танымға келдік. Бұрынғы материалистік, атеистік дүниетанымымыз түбірінен қопарыла өзгерді. Бұл жаңа танымды кванттық физиктердің атасы, неміс ғалымы, Нобель сыйлығының лауреаты Макс Планктың «Ғаламды ЖОҒАРЫ САНА билейді. Күллі әлем оның көзге ілікпес қуатымен өзара байланысып тұр», деген шешуші байламға келді. Біздің «материя мәңгілік, ол өзгермейді» деген танымымыз жалған таным болып шықты. Материя – сананың туындысы деген жаңа танымға біржола бет бұрдық. Біздер, КСРО-ға қараған түрік тілді халықтар, бүгінге дейін Дарвин ілімінен кейін дүние бастауында материя тұр деп маркстік-материалистік дүниетанымға шырмалдық. Ал, енді квантты физиктер ашқан ғылымдағы мүлде жаңа танымнан кейін дүние бастауында сана тұр деген мүлде жаңа дүниетанымға келдік. Бұл құбылыс әлем халқының ой-санасындағы шешуші төңкеріс болып, идеялық бағыт-бағдарымыз біртіндеп өзгере бастады. Біздер, күдіктенгіш ғалымдар, бұл жаңа танымның тез өріс алмай, тым баяу қозғалысын шыдамсыздана әрі секемдене қараудамыз?!

001 (23) Осы сала оңалмай шабандап тұруы көпшілік көңілін алаңдатуда. Абай әдеби мұрасы мен дүниетанымын осы жаңа дүниетаным тұрғысынан салыс­тырып ғылыми-зерттеу жұмысына Астана қаласынан бүкіләлемдік ғылыми зерттеу институтының деңгейінде тұра алатын абайтану, жамбылтану ғылыми-зерттеу институты өзінің болашақ зерттеу бағыт-бағдарын енді дүние бастауында САНА тұр деген жаңа дүниетаным тұрғысынан жүргізуді өзінің ғылыми жоспарына негіз етіп алуы – уақыт талабы. Жалпы адамзат баласының, әсіресе, еуропалық және бұрынғы КСРО аумағындағы халықтардың дүниетанымы түбірлі өзгеріске түсіп, бұрынғы ұстанып келген маркстік-материалистік, атеистік көзқарас терістелуде. Материалистік таным бойынша, материя мәңгілік, ол өзгеріске түспейтін әлем деп келсе, енді дүние бас­тауында сана тұр деген жаңа танымға жол беріп, тарих қойнауына кетуде. Осы жаңа дүниетаным тұрғысынан қарағанда, қазақ әдебиетінің басты саласы абайтану да өзі жүріп келген ғасырдан астам даму жолында орын алған әрқилы дүниетанымдық құбылыстары да жаңа таным негізінде қайта қаралып ғылыми қорытындылар жасалынбақ. Сондықтан абайтану саласында осы жаңа танымдық өзгерістерге тікелей байланысты соны міндеттер алға қойылып, ескірген ұғым-танымдар өзгеріп, жаңа таным соны көзқарастар үстемдік ете бастайтын заман келді. Бұл ұлы түбірлі өзгеріс мектеп пен арнаулы оқу орындары мен жоғары оқу орындарын тұтас қамтып, оларға арналған оқулық атаулының бәрі де қозғалысқа түсіп, осы жолда ұстанған дүниетанымдар жаңа дүниетанымға жол беріп, тезірек жаңа таным ұстанатын дүниетаным негізінде келешекте жазып насихатталмақ. Абай дүниетанымы ендігі туындайтын ғылыми-зерттеу жұмыстарында объективті шындық тұрғысынан ашылуы – басты шартқа айналмақ. Ойшыл ақын дүниенің көрінбеген сырын танып-білуге ұмтылу арқылы жол салған жантану ілімі мен толық адам ілімінің құпиясын ашып, не себепті адамзаттың рухани әлеміндегі тылсым сырды танып-білуге ұмтылу себебін біле алмаймыз. Абайдың пәлсапалық лирикасында орын алған басты мәселе – түп иені танып-білу. Абай ой-танымындағы сөз болатын пәлсапалық ой пікірлердің бәрі де осы мәселе төңірегіне жинақталған. Соның бір тармағы жан мен тән туралы: «Ақыл мен жан – мен өзім, тән – менікі, «Мені» мен «менікінің» мағынасы – екі. Мен өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан, «Менікі» өлсе өлсін, оған бекі», деп өлең сөздің өрнегімен сыртқа шығарған ой-қазынасын бір шумаққа сыйдырған ақынның пәлсапалық ой­-толғаныстарының сыры мен мән мағынасы бүгінге дейін толық жан-жақты шешімін таппай келеді. Абайдың «Алла деген сөз жеңіл», Ақыл мен хауас барлығын, Білмейдүр жүрек сезедүр» дейді. Оның осы қолданысындағы хауас сөзінің үш түрлі мағынасы бар: біріншісі, хауас арабша түйсік, сезім. Екіншісі, сыртқы бес сезім мағынасында. Үшіншісі, хауас сәлим, яғни ішкі, сыртқы он сезім мағынасында. Түп иені ақылмен тани алмайсың, жүрекпен сезесің дегені сопылық танымның өзекті пәлсапасына соғады екен. Өткен жылдары Астанадағы ақын, жазушы, ғалымдар арасында Абайдың өлең жолындағы «Махаббатсыз дүние дос» дегенді «Ма­хаб­батсыз дүние бос» болуы керек деп пікір таласына түсіпті. Шынында, Абайдың «дүние дос» деп жазғаны дұрыс. Өйткені «дүниеге дос» адамнан махаббатқа деген қастерлі асқақ сезім шықпайды. Одан Мағжан айтатындай «қарын деген сөзді ғана жаттаған» дүниеқоңыз, нәпсі құлдары шығады. Ең күрделі әрі келешекте жан-жақты терең зерттелетін зор мәселенің елеулісі қазақ әдебиетінің сопылық танымға қарым-қатысы туралы таным болмақ. Бұл мәселені түбірінен қазып шешпей әдебиет тарихындағы пәлсапалық лириканың пайда болу, өзіндік даму жолын толық танып-біле алмаймыз. Бұл аса күрделі әрі шетін мәселеге тұңғыш рет қалам тартқан – академик Мұхтар Әуезов. М. Әуезовтің абайтану туралы ізденіс жылдарында қағазға түскен, бірақ баспасөз бетіне жарияланбаған үзік пікірлері мен терең ой-толғаныстарының 97 дерек-мағлұматтарын іздеп тауып «Абайтанудан жарияланбаған материалдар» деген кітапты жариялап та үлгердік. Осы кітапта Абайдың Ясауидің «Девони хикметіне» қарым-қатынасы көрініс берген. Мұның үстіне «Абай жолы» эпопеясында Құнанбайың «Девони хикметін» баласын оқытып, ойға батып толғанысын шебер суреттеп жеткізуі де жай көрініс болмаса керек-ті. Бірақ 1949 жылы СОКП Орталық Комитетінің космополитизм туралы зәрін бойына жинаған сұр жыландай суық түсті қаулысы шығып, М.Әуезовті шығысшыл деп жерден жеті қоян тапқандай әдебиет «полицайлары» жабыла сынап, қуғынға түсірсе, Абайдың шығысы жайлы мақалалар жазған доцент, білгір зерделі ғалым Ә.Қоңыратбаевты Қызылорда облысына қуалап, жер аударып, қаңғыртып жібергенін көрдік. «Аузы күйген үріп ішеді» дегендей М.Әуезов тартына сөйлеп, қамыққан күндерінің бірінде Ясауи мұрасы туралы қалдырған жазба пікірінде «...Абайдың Науаи, Низами, Физулилерге көзқарасын Қожа Ахмет Ясауидің «Хикметі» тәрізді мистикалық суфистік әдебиетіне деген қатынасынан қапысыз, дәлме дәл ажыратып алу қажет. Алдыңғы аталғандар Абайдың зердесінің жоғары дәрежелі шеберлігімен, өмірге деген гуманистік көзқарасымен және өздерінің эстетикалық пікірімен баураса, Абайдың өз тұстастары – Шортанбай, Мұрат, Әубәкірден айырмашылығы суфизмге тән жер бетіндегі тіршілікті мистикалықпен жоққа шығаруды, оның ішінде қоғамдық өмірді місе тұтпай және оны қайта құру үшін күресті мансұқ етуін қабылдамайды» деп саяси орталық тудырған идеологиялық қысымға бейімделе сөйлеуге еріксіз барған замандар болған. Болмаса Науаи, Низами, Физулилердің суфизммен қоян-қолтық байланысын біле отырып, оның тереңіне бойлай отырып, олардағы сопылық ой-танымдық Ясауидің «Хикметінде» баяндалған басты сопылық танымдардан бөлектей ажырата қарауды алға тартады. Бұл құбылыстарды тереңдей зерттеп, танып білу міндетін алға қояды. Ал соңғы жылдардағы зерттеулер Ясауидің пенделіктің кәмалаттығы бағытын ұстанғанын, ал Абайдың инсаияттың кәмалаттығы жолын ұстанғанын анықтап беруі арқылы М. Әуезов талабының жүзеге асқанын аңғартады. Абайдағы толық адам ілімінің бас­тау көздерін тауып, оның тарихи жолдарын анықтау аса қажет болып тұр. Көпке дейін зерттеушілер Абайдағы толық адам ілімінің төркінін мұсылмандық шығыстан іздеп, «Кабуснамадағы» жәуанмәртлік туралы пікірмен ұштастырып келдік. Сөйтсек жәуанмәртлік ілімінің төрт негізі яғни оның іргетасы ХІ ғасырда қазақ жерінде, қазіргі Жамбыл облысындағы Шу өзені бойындағы Баласағұн қаласынан шыққан ғұлама ақын жазғаны анықталып отыр. Ал, «Кабуснама» кітабы «Құтадғу біліктен» кейін ХІІ ғасырда жазылған. Осыдан соң жәуанмәртлік ілімі туралы жазылған еңбектер қарасы молығып отырады. Мұсылман әлемінде ХІІ ғасырға дейін кемел адам ұғымы болған емес деп Иранның атақты ғалымы Мұртаза Мұттакари Мәскеуде басылым көрген «Усовершенный человек в исламе» (Мәскеу, 2008) деген ғылыми монография­сында пікірін ғылыми тұрғыдан дәлелдеп айтатыны бар. Жәуанмәртлік сөзін біздер Будаговтың сөздігіне сүйеніп «юнный шедрый» деген парсы сөзі деп келдік. Жәуанмәртлік сөзі парсы тіліндегі сөз емес, көне түрік тіліндегі «зомарт» яғни жомарт деген сөз деп өзінің этимологиялық зерттеуінде әзербайжан ғалымы профессор, филология ғылымдарының докторы М. Шералиев ғылыми тұрғыдан дәлелдеп отыр. Тіпті, 1501-1510 жылдарғы мамлюктер билеген Мысыр жерінде қыпшақ ақыны Шәріп Әмеди Фирдоусидің «Шаһнама» дастанын қыпшақ тіліне тұңғыш рет толық аударған болатын. Түпнұсқасында бір жүз он мың өлең жолы болса, Шәріп Әмеди аудармасы жүз жиырма екі мың жол болып шыққан. Бұл туынды «Қазыналы Оңтүстік» кітапханасында 37 том көлемінде басылым көріп жатыр. Осы басылымда «Жомарттық елінің кеніші ғой ол, Барша адамзат ұлының жаны ғой ол», – деген өлең жолындағы «жомарт» сөзі көне түрік тілінде айтылатын «зомарт» сөзі болып тұр. Тұранның ұлы қағаны Алып Ер Тоңа (шын аты Мадай б.з.д. VII ғасыр) туралы халық аузында жырланған тарихи жырда жәуанмәртлік сөзі «ақи» (жомарт) деген сөзбен берілетінін «Қойғын маған ақилық Болсын менің лақабым», – деген сөз жау қолынан уланып өлер алдындағы өсиеті ретінде Алып Ер Тоңа аузымен айтылады.Осы «ақи» сөзі «Құтадғу білік» дастанында да осы мағынада қолданылады. Бұдан шығатын қорытынды, жәуанмәртлік ілімінің бастау көзі Шу өзені бойындағы қазақ жерінде жатыр деген байламға келеміз. Абай толық адам іліміне айрықша мән беріп, неге ой-толғанысына түскен деген сұрақ алдымызға көлденең қойылады. Қазақ қауымының саяси-әлеуметтік жағдайы 1867-1917 жылдар аралығында Ресей империясының Қазақ еліне арнайы саяси мақсатпен жүргізген мейлінше кертартпалық ел билеу жүйесінің нәтижесінде туындаған территориялық принципке негізделген болыстық сайлауға орай туындаған қасіретті құбылыс. Өйткені, «Қазақ заманы қалып, орысқа қараған соң, бір тағылымды ел, білімді жұртқа еріп, іргелі баспақ түгіл, бұрынғыдан жаман кейін кеттік... Қазақтың береке-бірлігін отаршылдар саналы түрде саяси мақсат қоя отырып бүлдіргенін Сібірдің генерал-губернаторы болған М.Сперанскийдің патшаға жазған хатында «Қазақ жерінде сексеуіл деген ағаш өседі. Соны бір біріне ұрып жарады екен. Сол сияқты қазақтар үш жүзге, руға бөлінеді. Біз соларды бір-біріне ұрып жаруымыз керек», деп бар шындықтың бетін ашып беріп отыр. Қазақтарды оп-оңай тобықтан бір- ақ ұрып жығатын бұл саяси тәсілді кеңестік билік те пайдаланғанын саналы қазақтар білген. Отаршыл Ресей патшалығы ендірген ел билеу жүйесіндегі осы қасіретті терең сезінген ақын С.Торайғыров: «Абай тұсы қазақтың бұзылғаны, Қаралыққа айналып қызыл қаны... Ақ пейіл, бауырмалдық қалып кетіп, Желбуаз, «сұрқия» боп қызынғаны. Мас болып партияға қызып алған, Даланың табиғатын бұзып алған. Елдігіне, жеріне һәм дініне, Құрылды талай тұзақ, талай қақпан,» – деп ой-толғанысында халқымыздың отаршылдық жұтқа ұшыратқан орны толмас қасіреті жатыр. Қазақ елінің мінез-құлқының бұзылуы – тікелей отаршылдық саясаттың нәтижесі екенін Абай білді. Білді де осы қасіреттің отына күйер елінің алдын алу үшін толық адам ілімімен емдеп, мінез-құлқын бұзылудан аман алып қалатын жолын іздеді. Бұл жол Абайды толық адам іліміне алып келді. «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым, Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың. Жақсы менен жаманды айырмадың Бірі қан, бірі май боп екі ұртың. Бет бергенде шырайың сондай жақсы, Неге ғана бұзылды сартша сыртың... Өздеріңді түзелер дей алмаймын Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың. Баста ми, қолда малға талас қылған Күш сынасқан күндестік бұзды-ау шырқын,» – деп халықтың мінез-құлқын бұзудың түп төркіні қайда жатқанын дәл меңзеп отыр емес пе? Абай рухани нәр алған үш қазына көздерінің ішінде шығысы қатты қысымда ұсталып келді. М. Әуезовтің «Абайдың батысынан шығысы басым» деген ой-танымы қатты сынға алынып, қудалауға ұшырады. Бұл мәселе, шындығын айтсақ, М.Әуезовтің Абай мұрасының рухани нәр алған қазына көздері Абайдың «Сәулең болса кеудеңде» деген өлеңінен өріліп барып айтылған пікір екендігіне көзіміз жете түседі. Абайтану тарихының М. Әуезовтен кейінгі үшінші кезеңдегі абайтанушылар тарапынан қайта көтеріліп, қиындықпен қолға алынса да, оларға еркін жол берілмей қысымда ұстады. Бәрібір «өлермендікпен» зерттеу жұмыстары жүргізіле берді. Енді ғана философтар тарапынан академик Ғарифолла Есімнің Абай мұрасының шығысқа қатынасына оң көзбен қараған ой-пікірлері алғаш рет белгі бере бастады. «Абай – шығыс ақыны, шығыс мәдениетінің қайраткері, нақтырақ айтсақ мұсылман шығысының аса көрнекті ойшылдарының бірі...оның көзқарасын діни философия жағынан іздеу керек», деген салиқалы ғылыми ой-танымдар алғаш рет көрініс берді. Ғалым Абай шығысына тарс жабылған есіктің айқара ашылуына сеніммен келіп отыр. Абайдың дүниетанымы ғылыми тұрғыдан тереңдеп дендей енбей мақсатқа жету қиын. Ол үшін Абайдың шығысқа қатысы жайлы ақындық кітапханасының көлемі мен жағдайын анықтап алмай іске кірісу – далаға лағумен бірдей болып шығады. Абай ой-танымының бұл болмысын танып-білмек үшін екі түрлі тәсілді ұстану қажет. Бірінші, Абай өз шығармаларында аз да болса нақтылы түрде атап отыратын дерек мағлұматтар сілтемесі. Мысалы, Ғұламаһи Дауани, Бабырнама, Құтайба, т.б. екінші, Абай ой-танымының кейбір иіні келетін шығыстың ақындары мен ғұламаларының шығармаларындағы сабақтасып келетін туындыларды қаншалықты қиын болса да сарыла іздену арқылы тапса болады. Мысалы мен Абайға тікелей қатысы бар Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білік», Наршаһидің «Бұхара тарихы» мен әл-Фараби, Қарабағи, ибн Сина, Журжани, т.б. осындай дерек көздеріне сүйене отырып тапқаным бар. Ғ.Есім: «...ислам философиясына үңілмей Абайдың көзқарастарын талдау өте қиын шаруа», деп өте дұрыс пікір қозғап отыр. Бұл үшін Абайдың ақындық кітапханасын екінші тәсілмен іздеп табуға мүмкіндік туады. Көптеген абайтанушылар осы мәселені жете түсіне алмай Абайды әлем алыптарымен орынсыз салыстырып әуреге ұрынып, сабылып жүр. Суфизмнің білгірі атанған ғалым Е.Бер­тельс: «Суфистік әдебиетті зерт­темейінше шығыстың орта ғасырдағы өмірін түсіну мүмкін емес. Оның классиктері шығыс әдебиеттеріне ХIХ ғасыр басына дейін ықпал жасап келеді», деп жазу­ында елеулі шындық жатыр. Мұны, тіпті, Абай мен Шәкәрім туындыларынан анық аңғарамыз. Сондықтан суфизмді танып-білуді Ясауиден бастамағы керек. Бұл әрекет басталып та кетті. Мен Қазақ-түрік халықаралық университетінде барлық факультеттерге ректордың тапсыруы бойынша Ясауидің өмірі мен шығармаларынан тұңғыш рет таныстыру мақсатында шолу дәрістерін өткізе жүріп, «Қазақ әдебиетіндегі сопылық таным» деген кітабымды жарияладым. Абайтану тарихында ақын дүниета­нымына байланысты аса күрделі де қиын мәселенің бірі, мақаланың өн бойында айтқан қазақ поэзиясында Абай негізін қалаған жантану ілімі мәселесі. Жантану ілімінің дүниетану тұрғысынан екі салаға бөлінетіні бар: бірі, еуропалық танымдағы жанды адамның психикалық әрекетінен туындайтын материалистік танымнан туындайтын жантану ілімі. Бұл ілім бойынша жан ешқайдан келмейді. Ол адамның ішкі психикалық сан түрлі әрекет арқылы көрініс беретін заттық құбылыс. Ол адам қайтыс болғанда бірге жоғалатын, қайтып келмейтін нәрсе. Осы ұғымды Мағжан: «Жан деген жеке зат жоқ, жан деген дененің бір бөлігі деген сөз», деп материалистік танымды меңзей көрсетіп отыр. Екіншісі, Абайдың жиырма жетінші қара сөзінде: «Жә, сен бұл ақылға қайдан ие болдың? Әрине, қайдан келсе де, жан деген нәрсе келді де, сонан соң ие болдың» деген ой-толғанысында жан сырттан, түпие тарапынан келгенін меңзеп отыр. Абайдың түпиені танып-білуге айрықша ізденіске түскен әрекеті «Лай суға май бітпей қой өткенге» (1895 жыл) деген өлеңінде: «Өзгені ақыл, ойға қондырады, Біле алмай бір тәңіріні болдырады. Ақылдың жетпегені арман емес, Құмарсыз құр мүлгуге тоя алмаймын», – деп түпиені танып-білуге ұмтылады. Бірақ түпиені танып-білуге адам ақылы жетпесін білсе де, «Сонда да оны ойламай тұра алмаймын» деп алда да іздене беретінін меңзейді. Абай түпиеден келген жанның болмысын танып-білуге ұмтылу әрекеті оны жантану іліміне алып келеді. Бұлар – адамзат баласының алдына қойылып отырған ұлы мәселелер. Мұны тек қана кванттық физиктердің «ғаламды сана билейді» деген жаңа дүниетанымымен сабақтасып жатқан мүлде соны тың танымға қадам бастық. Абай, Шәкәрім, Мағжан сынды дарабоз ақындар дүниетанымының енді дүние­бастауында тұрған сана билігі арқылы танып білуге күш салу – абайтану саласындағы ғылыми-зерттеу, ізденістеріміздің өзегіне айналар уақыт жетті деп білеміз.

Мекемтас МЫРЗАХМЕТҰЛЫ, филология ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

ШЫМКЕНТ.