07 Тамыз, 2015

«Даму» қорының кәсіпкерге көмек қолы

621 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарушы директоры Ғабит Лесбеков баспасөз мәслихатын өткізді. Онда қазіргі экономикалық күрделі жағдайда отандық бизнесті қолдап, дамыту шарасы әңгіме өзегіне айналды.

damu

«100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы салаға қатысты мәселелерге тоқталған директор, «Даму» қоры шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында олардың кредиттік ставкаларын субсидиялауды жүзеге асырып жатқанын айтты. «Елімізде шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында «Даму» қоры кәсіпкерлердің кредиттері бойынша сыйақыларын субсидия­лауды жүзеге асырып келеді. Расында осы кезде солтүстіктегі көршіміз Ресейдің экономикалық қиын жағдайына байланысты қазақстандық ШОБ та айтарлықтай күрделі мәселелерге тап болды. Мысалы, кредиттік ставкалар жоғарылады. Осы тұрғыдан алғанда субсидиялау өзекті мәселеге айналды, өйткені, бұрын кредиттік ставка 10 пайыздың шамасында болса, қазір ол 16 пайызға дейін жеткізілді», деді Ғ.Лесбеков. Осы жүйе бойынша моно және шағын қалалар мен ауылдық елді мекендердегі кәсіпкерлер үшін 750 млн. теңгеге дейінгі несиенің, бір жылдығы 14 пайыздан аспайтын ставканың 10 пайызын мемлекет субсидиялайтын болады. Ал экономиканың басым секторындағы кәсіпкерлер үшін «Даму» қоры ставканың 7 пайызын, ал өңдеу өнеркәсібі бойынша 4,5 млрд. теңгеге дейінгі кредиттің 14 пайыздық ставканың 10 пайызын субсидиялайды екен. Осыны мәлімдеген директор, бүгінгі күні 7 пайыздық ставка бойынша жалпы сомасы 1 трлн. 37 млрд. теңгені құрайтын субсидиялауды шағын және орта бизнестің 5475 субъектісі пайдаланғанын айтты. «Егер бұл шараның экономикалық қайтарымы туралы айтатын болсақ, шағын және орта кәсіпкерлік субъек­тілерінің еліміздің экономикалық дамуына қосқан үлесі шамамен 3,5 трлн. теңгені құрады. Мұнымен бірге, бюджетке қайтарым ретінде 297 млрд. теңге түскен. Ал өткен жылы салықтық төлемдер ретіндегі түсімдер 46 млрд. теңгені алқымдаған», деп жалғады ол сөзін. «Даму» қоры бизнестің еркін тыныстауы үшін кепілдендірудің балама бағдарламасын әзірлеп жатқан көрінеді. «Қазіргі кезде екінші деңгейлі банктер кәсіпкерлердің кепілдігіне талапты жоғарылатып отыр. Осыған орай, мемлекет «Даму» қоры арқылы кәсіпкерлер үшін кепілдік беретін жағдайларды қарастырған еді. Бұған дейін аталған бағдарлама аясында еліміздегі 1133 компания жалпы сомасы 22,9 млрд. теңгені құрайтын кепілдікке ие болып, нәтижесінде шағын және орта бизнес өкілдері 52 млрд. теңгеден астам несие алғаны мәлім. Осы мәселені әрі қарай кеңейту мақсатымен өңдеу өнеркәсібі секілді экономиканың басым секторына қатысты кепілдендірудің балама бағдарламасы әзірлену үстінде. Онда салалық немесе өңірлік шектеулер мүлдем қарастырылмайды. Айта кетерлігі, басым секторларда кәсіпорындардың үлесі де көп емес. Мәселен, өнеркәсіп секторында кәсіпкерлер үлесі 3 пайызды құрайды. Сауда және қызмет көрсету саласында олардың үлесі 70 пайызға жуық. Сондықтан да, біз басым салалардың тізбесін арттырғымыз келеді», деді спикер. Осы орында, қолданыстағы бағдарлама аясында моно және шағын қалалар мен ауылдық елді мекендердегі ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге 20 млн. теңгеге дейінгі кредит бойынша кепілдік мөлшері – 85 пайыз, қызметін жүзеге асырып жүрген кәсіпкерлер үшін 180 млн. теңгеге дейінгі несие бойынша 50 пайызға дейін қарастырылғанын айтып өткен жөн. Ал басым салаларда 360 млн. теңгеге дейінгі несие бойынша кепілдік мөлшері – 50 пайыз, өңдеу өнеркәсібінде 1 млрд. 850 млн. теңгеге дейінгі несие бойынша кепілдік 20 пайызға дейін болып отыр. Қор экономиканың түрлі салаларындағы ісін жаңадан бастаған жас кәсіпкерлердің жобаларын қолдауға бағытталған бағдарламаны да жүзеге асырып келеді екен. «Жастар кәсіпкерлігін дамыту мен қолдау мақсатында «Даму» қоры Астана қаласы әкімдігімен бірігіп, «Astana-DamuZhasStarT» бағдарламасын әзірледі. Бағдарлама экономиканың түрлі салаларындағы ісін жаңадан бастаған жас кәсіпкерлердің жобаларын қолдауға арналған. Яғни, кез келген жас кәсіпкерге жобасын қай салада жүзеге асырғысы келетіндігіне қарамастан, «Даму» қоры кепілдік береді. Нақтырақ айтар болсақ, ісін жаңадан бастаған жас кәсіпкерге несие сомасынан 85 пайызына дейін кепілдік беріледі. Қазіргі уақытта аталған бағдарламаға қатысатын екінші деңгейлі банктермен несиелік шарттарға қол қойылуда. Сондай-ақ, өткен шілде айында «Даму» қоры директорлар кеңесінің кезекті отырысында «Даму-Бизнес» бағдарламасы бекітілді. Бұл жоба «Даму» қорының несиені кепілдендіру мен мөлшерлемені субсидиялау құралдарын пайдалануға мүмкіндігі бар 29 жастан асқан ісін жаңадан бас­таушыларды қоса алғанда 29 жасқа дейінгі шағын және орта бизнестегі жастардың жобаларын қаржыландыруға бағытталған. Бағдарлама салалық шектеулерді қамтымайды», деді Ғ.Лесбеков. Баспасөз мәслихатының екінші бөлімінде спикер журналистерді қызықтырған сауалдарға жауап берді. «Даму» қорына көмек сұрап келген кәсіпкерлердің осы кезге дейін қаншасы мақсатына қол жеткізе алмағандығы туралы сұрақ қойдық. «Бейқаржылық құралдар бойынша қазір 200 мыңнан астам адам «Даму» қорына келіп, алғашқы көмекті алды. Яғни, консультациямен қатар, 2 күндік курстан өтті. Алайда, курстан өткендердің барлығы кəсіпкер болып кетпейді. Бірақ, олар бос та жүрген жоқ. Өздерінің ойға алған істерін жүзеге асыру жолдарын қарастырып, қаржыны грантпен, кепілдемемен алуға бағытталған жұмыстармен шұғылдануда. Ал кəсіпкер несие алып, бізге келгеннен кейін «Даму» қоры бетін қайтарған жағдайлар тым аз. Мысалы, өткен жылы бізге келген 580 жобаның ішінде 10 жобаға ғана кепілдеме берілмеді. Оның себептерінің бірі салаға сай келмеуі. Әйтсе де, жобалар дұрыс келмеді екен деп оларды мүлдем ысырып қоймаймыз. Жоба бір салаға дұрыс келмесе екінші салаға ауыстыруына мүмкіндігі бар. Сол үшін аймақтарда кəсіпкерлерді қолдау орталықтарын құрдық», деп жауап берді ол.

Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».