21 Наурыз, 2015

Олимпиада және оның мектебі

315 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Кеше ғана Курчатов қаласының дәл жанында орналасқан алыстағы Ақжар ауы­лына барып қайттық. Аудан орталығы Көктөбеден 200 шақырымдай жерде. Бұрынғы полигон аумағы саналатын құпиясы жетерлік аймақтағы ауыл. Бізге ұнағаны – осы жердегі Ақжар атындағы жалпы білім беретін қазақ орта мектебінің тыныс-тіршілігі болды. Мектеп директоры Олимпиада Әубәкірова да, оқу ісінің меңгерушісі Меруерт Мақажанова да осы ауылда өскен, оқу бітірген соң қайта оралыпты. Қазір мектепте 80 бала оқиды екен. Шағын орталықта 37 бала тәрбиеленсе, үйде отырған 76 кішкентай бар екенін естіп қуанып қалдық. Кезінде ең алғаш атамекен деп жеткен ағайындардың, тұрғылықты халықтың да балалары, немерелерімен қосылып, ұрпақ жалғасуда. Жыл сайын жас мамандар Семейден, Павлодардан келетінін, оларға үй, көмек берілетінін естіп тағы бір қуанып қалдық. Жас мұғалімдер Найма Думан, Армангүл Мұтан, Бұлбұл Аюпова, Гауһар Сыздықовалар – Шәкәрім атындағы университетті бітіріпті. Айна Мыңжарасова Талдықорғаннан оқу бітіріп «Дипломмен – ауылға!» бағдарлама аясында келіпті. Оқушылары Бағдат Қайыртас, Дәрия Келген, Айман Елемес, Ақмарал Шалахан, Айнель Дөкей – «Алтын белгіге» үміткерлер екен. Мұғалім Самат Кәріпжановтың оқушысы Келген Дәрия Елбасына арнаған өлеңімен шығармашылық байқауда І орын иеленіпті. Ал, Балжан Мұратқызы «Болашаққа нық қадам басқан жас ұстаз» сертификатымен марапатталды. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан». Павлодар облысы, Май ауданы.