19 Ақпан, 2015

Жаңа пәтерлер

217 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Төтенше жағдайға қатысты міндеттеме орындалды Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин Атбасар қала­сындағы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарды жаңа қоныстарымен құттықтады Заманалық сәулеттегі және барлық қолайлылықтар қа­рас­тырылған көпқабатты 45 пә­тер­лік үйдің кілттерін тапсыру ұмытылмас әсердегі салтанатқа айналды. Шашу шашылып, қала көкжиегінде әсем ән әуезі қалықтады. Осындағы барлық 45 пәтердің отбасында кең мол дастарқан жайылып, ізгі тілектер айтылды. Әсіресе, әкімді суретке түсуге сүйрелеген балалардың қуанышында шек жоқ. Біз 2 бөлмелік пәтердің кілтіне ие болған жас ана Гүлнәр Төсенованың босағасына құтты болсын айттық. Гүлнәрдің отбасы өзен жиегіне жақын әрі саманнан тұрғызылған үйді ұзақ жылдар қоныс еткен. Күтпеген апаттан заматта зардап шеккендер де солар болыпты. Алғашында жатақхананың ұядай бөлмесінен уақытша орын тигенде кәдімгідей қуанған. Міне, бүгін жарқыраған жаңа пәтерге қолы жетіп, балаларымен бірге мәре-сәре болуда. – Мен үй-ішімнің атынан, басымызға күн туған сәтте жылы сөзін аямаған жерлестеріме, көмек қолын созған жергілікті билік өкілдеріне алғысымды айтамын, – дейді Гүлнәр Төсенова. – Тіпті, Елбасының өзі жағдайымызды қадағалап, Үкімет басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев бастағын арнайы комиссияны жіберуі, өзіміздің облыс әкімі Сергей Витальевичтің күн құрғатпай бізден хабар алып тұрғаны мемлекетіміздің қоғам мүшелеріне деген қамқор­лығының шексіздігін білдіреді. Мен осындай Отанымның бар­лығына масаттанамын. Бала­ларым да осы елдің бір тұтқасы болса екен деп армандаймын. Атбасар қаласында, көктемгі су тасқыны кезінде 559 отбасы апат зардабын шеккен болатын. Оның ішінде 208 үй авариялық жағдайда деп танылып, ал 350-іне күрделі жөндеу қажет деп шешілгенін еске сала кеткіміз келеді. Төтенше жағдайды жою бойынша іс-шаралардың нәтижесінде үйсіз қалған 208 отбасы баспаналы болды. Бұл үшін әрқайсысы 45 пәтерлік төрт үй салынып, бұрынғы жатақхана ғимараты 29 пәтерлік тұрғын жай ретінде қайта құрастырылудан өтті. Қалада, сондай-ақ, жартылай су астында қалған №1 орта мектеп пен 350 үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ұзындығы 21,4 километрлік көше қалпына келтірілді. Сөйтіп, Атбасардағы төтенше жағдай зардаптарын жою жөніндегі жұмыс жоспарына енгізілген барлық шаралар толық көлемде орындалды. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан». Ақмола облысы.