«Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші, адамдар арасында туындайтын даулардың дауасы ешуақытта табылмайтын секілді. Алайда, ол кеселді емдейтін ем болмаса да адамның адамгершілігі мен кішіпейілділігін, құн төлеу мен «қанағат қарын тойғызады» деген кеңпейілділігін араағайындықта қолдану көп жағдайда небір даудың бетін қайтаратыны әлімсақтан белгілі. Оның үстіне дау біздің қоғамда бүгін ғана туындап отырған мәселе емес.
Ол атам заманнан бері жалғасып келе жатқан әдет. Бұрынғы дау – сол дау. Тек оны шешудің бұрынғы дауасын жоғалтып алған секілдіміз. Мәселен, соның бірі кезінде қара қылды қақ жарған аталы билеріміздің дуалы кесімдері ғой. Қандай дау болса да, ол қандай тараптың арасында туындаса да, оның мән-маңызы қандай болса да еш жалтақтамай тек адалдықпен, әділдікпен шешімін тура айтып, шынайы кесім шығарып берген соң және оны бүкіл халық қолдаған соң кім болса да ол үкімге наразылық келтіре алмаған. О баста солай болған және үнемі солай жалғасып отырғандықтан халықтың сеніміне ие болған. Ал қазір ше? Қазір де сол, егер мүмкіндігі болса дауларды дабырайтпай шешудің амалдары қарастырылып жатыр. Бірақ соттасқанмен соттың айтқанына көніп жатқандар аз. Тек бұл жалғаса беретін түрі бар. Сондықтан лаж болса тараптарды таластырмай татуластырғанның амалы артып тұр. Осы тұрғыда сонау 2011 жылғы 12 қаңтарда Қазақстан Парламенті «Медиация туралы» заң қабылдады. Онда азаматтық және қылмыстық процестерде дауларды шешудің балама тәсілі ретінде медиация институтын енгізу көзделді.
Бұл дұрыс қадам болды. Өйткені, өркениетті дейтін шетелдердің тәжірибесі дауларды медиатордың қатысуымен реттеу көп жағдайда екі тараптың келісімге келуімен аяқталатынын көрсетеді. Бұл даулаушы тараптардың санын азайтады. Бізге керегі де осы. Оның үстіне сарапшылар медиацияны енгізу мәселенің алдын алуға және құқықтың түрлі саласында да, құқықтан тыс шиеленістерде де дауларды шешудің қазіргі қалыптасқан тәжірибесіне белсенді түрде оң ықпал ететінін жасырмайды. Ендеше бұрынғы билердің дуалы істері енді қайтып оралуы қиын десек те, татуластырудың, яғни қос тарапты бітімге келтіру мәселенің алдын алуға және құқықтың түрлі саласында да, құқықтан тыс шиеленістерде де дауларды шешудің қазір қалыптасқан тәжірибесіне оң ықпал ететіні зор үміт дейміз. Тек осы пайдалы істің әлі өркен жаймай тұрғаны көңілге кірбің түсіретіні де жасырын емес. Ал бұған қандай мәселелер кедергі келтіріп және оны шешудің қандай жолдары бар екендігі талқыланған отырыс елордада өтті. Оны Қазақстан халқы Ассамблеясы, Президент жанындағы «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі және «Қоғамдық пікір» зерттеу институты бірлесе ұйымдастырып, Медиация орталығында даудың алдын алу және оны шешу мәселелерін талқыға салды. Аталған семинар-тренингті ашқан Президент жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ директоры Н. Калашникова, «Қоғамдық келісім» зерттеу институтының директоры Б.Рақышева жиналғандар алдында тұрған міндеттер жайында айтып, мәселенің өзектілігіне тоқталды. Бұл отырыстың мақсаты шетелдік және отандық сарапшылардың, Бас прокуратураның, Жоғарғы Соттың, Әділет министрлігінің және басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен қоғамдық келісімді нығайту, қоғамдық келісім мәселелерін шешуде медиация рәсімдерін пайдаланатын мемлекеттік органдардың ынтымақтаса жұмыс істеуі үшін Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан нақты тетік – Медиация институтын, Медиаторлар мектебін құру, оны дамыту және нығайту мәселелерін талқылау, дейді сөйлеушілер. Ал бұл отырысқа себеп болған жоғарыда айтылған медиация саласы, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгiленбесе, жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын, сондай-ақ онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар туралы iстер бойынша қылмыстық сот iсiн жүргiзу барысында қаралатын даулар осы медиацияның қолданылу саласы болып табылады. Дегенмен ескеру керек, егер тараптардың бiрi мемлекеттiк орган болып табылатын кезде, жеке немесе заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын дауларға медиация рәсiмi қолданылмайды. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық қылмыстар және мемлекеттiк қызмет пен мемлекеттiк басқару мүдделерiне қарсы өзге де қылмыстар туралы қылмыстық iстер бойынша медиация рәсiмi қолданылмайды. Өйткені, медиация – тараптардың ерiктi келiсiмi бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешiмге қол жеткiзуi мақсатында медиатордың жәрдемдесуiмен тараптар арасындағы дауды реттеу рәсiмi. Бір сөзбен айтқанда, медиацияның мақсаты дауды шешуде медиацияның екi тарапын да қанағаттандыратын нұсқасына қол жеткiзу, тараптардың дауласушылық деңгейiн төмендету болып табылады. Сондай-ақ, судьялардың және қылмыстық қудалауды жүзеге асыратын органдар лауазымды тұлғаларының тараптарды қандай да болмасын нысанда медиацияға мәжбүрлеуге құқығы жоқ. Осылайша аталған іс-шара шеңберінде жалпы отырыс, бағдарламалар мен медиация орталықтарының таныстырылымдарын, медиация техникасын және медиацияны пайдалану тетіктерін үйретуді мақсат ететін семинар-тренинг өткізу, алдын алу саясатын дамытуға жәрдемдесетін дағдыларды үйрету, осы мәселедегі Қазақстанның қоғамдық келісімді, толеранттылық пен ел бірлігін нығайтумен байланысты тәжірибесін талқылау жоспарға енді. Семинар-тренингтің барысында әртүрлі бағыт бойынша медиация бағдарламаларының таныстырылымы болды. Оқытып-үйрету арқылы семинар-тренингтің қорытындысы бойынша қатысушыларға халықаралық үлгідегі сертификаттар табыс ету ескерілген екен. Аталған отырысқа қатысушылар қазіргі таңдағы медиация түсінігі ХХ ғасырдың екінші жартысында, алдымен, ағылшын-саксон құқығы қолданылатын елдерде – АҚШ, Австралияда дами бастады, содан кейін Еуропаға тарала бастағандығын айтады. Медиацияны пайдаланудың алғашқы талпынысы отбасылық қатынастар саласындағы дауларды шешу барысында жасалды. Кейіннен медиация отбасылық даулардан бастап коммерциялық және жария саладағы көп тарапты күрделі дауларды шешуде де табыспен қолданылып, мойындалды. Бәрімізге белгілі «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында Президент Н.Назарбаев Үкіметке медиация институтын дамытуға бағытталған заңға бағынысты құқықтық база қабылдануын қамтамасыз етуді тапсырды, сондай-ақ, ол медиация құрылымдарын ұлттық және жеке компанияларда құру керектігін атап көрсетті. Өйткені, әлемдік тәжірибеде медиацияны заңнамалық бекітудің көптеген мысалдары белгілі. Тиісті актілер АҚШ, Австрия, Германияда қабылданған. Еуропа комиссиясы Медиатордың кодексін бекітті, ал Еуроодақ медиаторлар қызметін реттейтін бірқатар директивалар шығарды. 2002 жылы БҰҰ халықаралық сауда құқығы жөніндегі комиссиясы (UNCITRAL) «Халықаралық коммерциялық келісуі рәсімі туралы» типтік заңды әзірледі, оған түсіндірме жазбада медиация институты қолданылатын елдерде медиация барысында қол жеткізілген заңдық тиімділік пен келісімнің міндеттілігі туралы шолу берілген. Ал біздің еліміз медиация үшін жасақталған қажетті инфрақұрылымды әлемдік тәжірибені ескере отырып құқықтық жүйеде институттандыра білді. «Медиация туралы» Қазақстан Республикасының Заңы диспозитивтік сипатта, бұл медиацияны кең ауқымда пайдалану туралы айтуға мүмкіндік береді. Сол сияқты Қазақстан Республикасының Құқықтық саясат тұжырымдамасында жеке құқықтық дауларды шешу үшін істі сот талқылауына дайындау кезеңінде реттеу рәсімдерін пайдалану мүмкіндігі көзделген. Тұжырымдамаға сәйкес азаматтық іс жүргізу заңнамасын жетілдіру азаматтық істерді тез қарауды және шешуді қамтамасыз ету мақсатында істі сот талқылауына дайындау кезеңін оңтайландыруға бағдарлануы керектігі ескерілген. Бұл орайда Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық келісім институттары, аналар, ақсақалдар кеңестері этносаралық қатынастарды реттеу және толеранттылықты қалыптастыруда өлшеусіз рөл атқарады. Сонымен отырыстың қорытындысы бойынша Гранада университетінің (Испания) Бейбітшілік және даулы істер институты мен Президент жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ арасында ынтымақтастық хаттамасына қол қойылатындығының өзі үлкен жетістік екені ескерілді. Халықаралық тәжірибені ескере отырып, медиация рәсімдерін қоғамдық келісімді дамыту және нығайту мәселелерін шешуде пайдалану үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының жанынан медиация институтын дамыту моделі әзірленетін болады. Сондай-ақ, «Медиация туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша ұсынымдар дайындау көзделген. Бұл үшін Президент жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ және «Қоғамдық пікір» зерттеу институты негізінде ҚХА медиация орталығын, ҚХА медиаторлар мектебін құру тұжырымдамасы әзірленген. Іс-шараға халықаралық сарапшы-медиаторлар, Болгариядан, Испаниядан, Ресейден келген ғалымдар, Парламент Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, Президент жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ сарапшылары, Қазақстан медиация орталықтарының өкілдері, ҚХА Ғылыми-сараптамалық кеңес және ҚХА ғылыми-сараптамалық топтарының мүшелері, ҚХА жанындағы Өңірлік қоғамдық келісім кеңестерінің, ҚХА аналар кеңестерінің, ҚХА кафедраларының, БАҚ өкілдері қатысты. Сондай-ақ, Бас прокуратура, Жоғарғы Сот, Білім және ғылым министрлігі және Әділет министрлігі осы отырысты өткізуге ынтымақтастық танытқан көрінеді.
Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан».