Естеріңізге сала кетейік, 1986 жылы сәуірдің 26-сында Чернобыль атом электр стансасында болған апат салдарынан Еуропаның 10-нан аса мемлекетінің 145 мың шаршы шақырым жері радиоактивті заттар, соның ішінде уран изотопы, плутоний, иод-131, цезий-134, цезий-137, стронций-90 қоршаған ортаға таралып, миллиондаған адам зардап шекті. 1986-1992 жылдар аралығында Қазақстаннан 35 мыңнан астам адам Чернобыль апаты салдарын жоюға жіберілді.
Келер жылы Чернобыль оқиғасына 30 жыл толғалы отыр. Осы қаралы датаға қарай елордадағы Чернобыль құрбандарына арналған ескерткіш алдында аталған апат салдарын жоюға атсалысқандар бас қосып, келелі кеңес құрды, өзара жоба-жоспарларымен бөлісті.
Шараға Астана қаласының «Чернобыль одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қуандық Омарбаев, республикалық «Чернобыль одағы» заңды тұлғалар ассоциациясының төрағасы Виктор Деймунд, аймақтағы Чернобыль ардагер-мүшелері және т.б. қатысты. Жиын барысында Ресей Федерациясының Ханты-Мансы автономиялық округінен (ХМАО) келген «Чернобыль одағы» қоғамының төрағасы Олег Ануфриев сөз сөйлеп, апат орнында болған сарбаздарға мақтау грамоталары, төсбелгі мен естелік кітаптар сыйға тартты.
Айта кетейік, Чернобыль АЭС-і апатының зардаптарын жоюға қатысқан ардагер Марат Жүнісбек өзінің «Чернобыльдің тірі қалқаны» атты кітабында: «…апатқа байланысты сол кездегі Кеңес Одағының Қорғаныс министрі, армия генералы Д.Язов та жедел түрде көптеген құжаттарға қол қойды. Солардың бірі 045 нөмірімен шыққан құпия бұйрықта: залалсыздандыру жұмыстарына жасы 30-ға жеткен, әрі үйленген және екі немесе одан да көп баласы бар азаматтар ғана тартылсын. Бұл жұмысқа тартылу мерзімі 3 айдан аспасын!» деген сөздер тайға таңба басқандай етіп көрсетілген еді. Оның жүзеге асқаны шамалы. Әйтпесе, жауынгерлердің алғашқы апталардағы арнаулы киімдерсіз және құралдарсыз қол күшімен атқарған теңдессіз жұмыстарын басқаша қалай түсінеміз», деп ашына жазыпты. Себебі, Чернобыльдағы апат алапат күші жағынан 1945 жылы Жапонияның Хиросима мен Нагасаки қалаларына тасталған атом бомбаларынан кем емес еді. Чернобыль апаты күллі адамзаттың қасіретіне айналды. Онда қазір радиация деңгейі төмендегенмен, қорғаныс шаралары әлі сол қалпында қалып отыр.
Иә, біздің мыңдаған отандастарымыздың ерлікке пара-пар осындай күш-жігерінің арқасында апаттың ауқымы едәуір кішірейгендей болды. Олар жастық өмірлерін, денсаулықтарын сол жолда пида етіп, өз борыштарын орындады. Радиацияның әрі қарай таралуына тосқауыл болды. Украин халқының басына ауыр күн туғанда қасынан табылып, көмек қолын созды. Украин халқы Чернобыль апатының зардабын жоюшылардың бәріне әлі күнге зор ризашылықпен алғыс айтады.
Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ,
журналист.
Суретті түсірген
Орынбай БАЛМҰРАТ.