07 Тамыз, 2015

Өнімдері көршілерге де өтімді

443 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кәсіпорынның аты айтып тұр­­ға­нындай, зауытта шыға­рылатын газды бетон блоктары экологиялық таза материал болып табылады. Олар­дың құра­мында химиялық зиянды заттар жоқ, құрылыстың пайдалану мерзімін ұзарту үшін қандай да улы құраммен өңдеуді қажет етпейді. Экоблоктар эко­лог­тардың барлық талаптары­на сай келеді, айналаға газ бен шаң шығармайды, адам денсаулығына зиян келтірмейді. Өзінің экологиялық тазалығы жағынан тек ағашты ғана алды­на салады, алайда, ағаштан артық­шылығы – ол шірімейді және тозбайды. Қолданылатын шикізат материалдарының экологиялық тазалығы сертификаттармен бекі­тіл­ген және қауіпсіздікке кепілдік береді.

001 (20) – «Экотон-Батыс» зауытын салу 2007 жылы басталды. Зауыт бір жыл ішінде салынып, іске қосылды. Бастапқыда жобалауда қиындық кездесті. Себебі, зауыт орналастырылатын ғимарат он жыл бойы пайдаланылмағандықтан, қайта жарақтандыру жұмыстары қоса жүргізілді. Дегенмен, осындай қиындықтарға қарамастан, зауыт межелі уақытында пайдалануға берілді. 2008 жылы наурыз айында алғашқы өнім өндірілді. Екі ай өткен соң-ақ зауыт жобалық қуа­­­­тына шықты. Жаңадан іске қо­сылған кәсіпорынның осынша қысқа мерзімде жобалық қуатына шығуы ұжымның ілгері күнге деген сенімін нығайтты. Бұл ұйымшыл ұжымның алғашқы жеңісі бо­­­ла­­тын. Жоғары технологиялық қондырғыларды басқаруды игерген кәсіби білікті технологтар, ин­­женерлер мен операторлар жұ­мысының жемісі еді, – дейді «Экотон-Батыс» ЖШС директоры Нариман Баймұқанов. Зауытта алғашқыда 600х­250х100х400 миллиметрлік ұялы бетон шығарылса, 2009 жылы тұтынушылардың сұранысын қанағаттандыру мақсатында қа­лыңдығы 80,120,150,250,350 мил­лиметрлік ұялы бетон блоктары өндіріле бастады. Кәсіпорында Германияның «International GmbH» компаниясының технологияық қондырғысы орнатылған. 2011 жылы ұялы бетоннан белдіктер шығаратын технологиялық желіні орнату жұмыстары басталды, былтыр өндірістің жылдық қуатын 200 мың текше метрден астам өнім өндіруге жеткізетін бесінші автоклав іске қосылды. Қазір зауыт ырғақты жұмыс іс­­теп тұр. Жергілікті құрылыс ком­­паниялары басқа өңірлерден құм блоктар, ұлутас, кірпіш және басқа материал жеткізгенше, уа­қыттан да, тасымалдаудан да ұтып, «Экотон-Батыс» ЖШС-ның қабырғалық блоктарын пайдалануды қолай көреді. Зауыттың ұялы бетон бұйымдары өзінің тамаша техникалық сипаттамалары арқасында құрылысшылар арасында анағұрлым берік сенімге ие болуда. Серіктестік өнімдерінің жылу ұстағыш, отқа төзімділік, жеңіл де өнімділігіне байланыс­ты силикат кірпіштен тоғыздан астам артықшылығы бар. Газды бетон блоктары жеңіл де үлкен, сон­дықтан қабырғаларды тез арада қалауға болады. Ал кірпішке қа­ра­ғанда ерітінді 5-7 есе аз жұм­салса, қалау шапшаңдығы 3-4 есе ар­тады.

001 (21) Зауыт өнімдері 2010 жылы «Қа­зақ­станның үздік тауары» қалалық конкурсында «Тұрғындар үшін үздік тауар» номинациясы бойынша бірінші орынды жеңіп алса, сол жылы осы аттас республикалық конкурс-көрмеде «Тұрғындар үшін үздік тауар» номинациясы бойынша үшінші орынға ие болды. 2011 жылы кәсіпорын өнім­дері Президенттің «Алтын сапа» сыйлығының конкурсына қатысты. Сол жылы кәсіпорынға «Мінсіз» сапа белгісі берілді. Кәсіпорын өнімдері негізінен облысқа және Батыс Қазақстан өңі­ріне шығарылады. Сондай-ақ, Оңтүстік Қазақстанға да өткі­зі­ле­ді. Өткен жылы Ресейдің шек­а­ра­­лас орналасқан Орынбор, Ор қа­ла­ларына зауыт өнімдерінің алғашқы тобы жөнелтілді. Серік­тестік өнімдерінің сапалылығының арқасында газды блок қабырғалық материалдарына шетелдік тұтыну­шылар қызығушылық танытты. Нәтижесінде Орынбор облысында серіктестіктің өкілдігі ашылды. «Экотон-Батыс» ЖШС құры­лыс материалдары нарығына қадам басқанына онша көп уақыт бола қойған жоқ. Соған қарамастан, серік­тестіктің газды бетон шыға­ратын зауытының өнімдері тұ­тыну­шылардың сұранысына ие болып отыр. Сондықтан да бұл зауыт өңірдегі өзіндік жұмыс ырғағы қалыптасқан кәсіпорындардың қатарына жатады.

Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан».

Ақтөбе облысы.