07 Тамыз, 2015

Өріс кең, белсенділік үлкен

314 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет тарапынан кәсіп­керлерге жеңіл­діктер мен қол­даулар көрсетілу арқасында бұл күнде жеке ісін ашуға мүм­кіндіктерді ұтымды пай­дала­на алушылардың аз еместігі іскерліктің өсуін таны­тарлық құбылыс саналса, осы орайда Жаңаарқа ау­даны бизнесмендері белсенділігі жылдан-жылға күшейіп отыруын айтуға болады. Мәселен, олардың «Биз­нестің жол карта­сы-2020» бағ­дарламасы аясында берілетін қай­тарымсыз грантты өз шаруаларын дамыту үшін ұтымды қолдана білуге ұмтылыстары со­ны дә­лел­дейді. Аталған грант­тық қаражатты алу­ға кон­курсқа қатысып, одан қолдау табу бойын­ша кәсіпорындарға инновация бағытындағы ерек­шеліктеріне және жаңашыл жобаларға қайтарымсыз негізде, сондай-ақ, кепілзатсыз берілуі өндіріс өрі­сін жайдыруға қо­лайлы жағдай туғызуда. Соны іс­ке асырушылардың бірі Күлшат Аманқұлова жетекшілік ететін «Полиситрол» ЖШС-ның бетонды кірпіштерді өндіру көлемін біршама кеңейтуі кәсіпорынға да, жергілікті тұтынушыларға да жақсы қадам болды.

Осы мақсаттағы жобалары қолдау тауып, 3 мил­­­лион теңге қайтарымсыз грантына ие болған серіктестік аудан орталығында құрылысқа өте қажетті өнімдер шығаратын кәсіпорын жұмы­сын жолға қойды. Оның пайдасы бұрын бұл құрылыстық материалды алыстан тасымалдап, артық шығындалуға тап болып отыр. Бір жағынан кірпіштің бағасы тиімді әрі суық өткізбейді. Сондықтан, сұраныс үлкен. Соған сәйкес күніне 14-16 текше метрге дейін кірпіш шығару көлемі одан сайын өсе түсіп жатыр.

Жеке істі дөңгелетуде Күлшат Аманқұлова құрбысындай Майра Қырбасованың да қадамы құтты. «Сауықтыру орталығын» ашу мақсатында 7 пайыздық жеңілдікпен 12 миллион 500 мың теңге несие алынып, тіс емдеудің барлық қызметтерін көрсететін орынның құрылысы аяқталып қалды. «Мұнымен бірге мұнда ауылдық жердегі бірінші сән салоны жұмыс істемек. Тұрмыс жақсарған, талғам өскен заманда жерлестеріміздің бет-әлпет, дене күтіміне деген тілектерін қалайша ескермес емеспіз», дейді ол. Ауданның бизнес сала­сындағы жағымды жаңалық­тардың тағы бірі «Жаңаарқа МТС» жобасы іске асырылуы екенін айтпай өтпеске болмайды. «ҚазАгро» ұлттық бас­қару холдингінің қолдауы және «Қазагроқаржы» АҚ кө­мегімен құрылған бұл кәсіп­орын мал азығын дайындау, азықтық дақылдар өндіру, көк­темгі дала және күзгі жиын-терім жұмыстарын жүргізуге қызмет түрлерін көрсетумен шұғылданады. Ескене ауы­лында орналасқан машина-трактор стансасы айналасындағы шаруа қожалықтарының 3200 гектар жерін өңдеуді, 1900 гек­тарға әртүрлі дақылдар мен көп­жылдық шөптер егуді, 1000 гектар танапты гербицидпен улауды, 1000 гектарға тыңайтқыш шашуды бастап кетті. Бұлар осы кейінгі кезде жаңадан жарасым тапқан істер. Уақыт талабынан қалмауға сақ, озық үрдістерді өрістетуге құштар жаңаарқалықтар бұл жағынан әрдайым алда.

Айқын НЕСІПБАЙ, журналист.

Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы.