Тоталитарлық кезеңдерде тіліміз бен дініміз ғана емес, халқымыздың тарихы мен әдебиеті, оның алтын діңгегі – шежіренің де орны толмас қиянатқа ұшырағаны бүкіл жұртшылыққа мәлім. Соның салдарынан күні кешеге дейін барымыздан жоғымыз, тапқанымыздан жоғалтқанымыз көбірек болды. Бүгінде сол асыл қазыналарымыздың орнын толтыру қолға алынып жатыр.
Қазақ шежірелерінің зерттелу тарихына назар аударатын болсақ, бірқатар танымал тұлғалардың кезінде жазып, артына қалдырған дүниелері баршылық екеніне көз жеткізуге болады. Соның ішінде ХХ ғасырдың басындағы шежіре мәселесін арнайы қозғаған ғылыми-зерттеулердің ішінде Мұхаметжан Тынышбайұлының «Қазақ халқының тарихына қатысты материалдар» деген еңбегі айрықша сүбелі. Негізгі мамандығы темір жол инженері бола тұра, ол қазақтардың қайдан шыққанын және қазақ хандығының құрылуын, ұлтымыздың 1917 жылға дейінгі саны туралы майын тамыза әңгімелеген ғылыми қисындылықтармен, арғы-бергі тарихты терең зерделеуімен тәнті етеді. Мұнда Жетісу аймағындағы рулар туралы да жақсы жазылған. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Қаратау, Жетісу өңіріндегі қазақ шежірелерін зерттеп, оларды кітап етіп шығарушылардың бірі – Әубай Байғазыұлы болды. Оның «Бәйдібек баба – алып бәйтерек» деген кітабы 2000 жылы «Өнер» баспасынан басылып шықты. Бұл еңбегінде бабамыз Қарашұлы Бәйдібектің және оның өзіне дейінгі аталарының тарихта болғандығы, орда ұстап, отау көтергендігі және ұлдары мен қыздарының, кейінгі үрім-бұтағының әр ғасырларда халық тарихының алтын діңгектері болып, қазақ халқының ұлы көшінде келе жатқандығы нақтылы көрсетілген. Сонымен қатар, Бәйдібек бабамыздың бәйбішесі Гүлжамал (Сарыбәйбіше) анамызға да ерекше сипаттама беріліп, өз ортасының сүйікті адамы болғандығы туралы шындыққа сәйкес аңыз-әңгімелермен толықтырылған және оның ұрпақтары сарыүйсіндер жөнінде де көптеген мағлұматтар берілген. Ұлы жүздің жалпы үйсін ұрпақтарына келсек, біздің дәуіріміздің 699-766 жылдары бүкіл батыс түркі әлемін билеген Түргеш хандығының халқы өздерін осылай атағанын ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан жазып кеткен. Сол сияқты Санкт-Петербургтегі Шығыстану ғылыми-зерттеу институтының профессоры Сергей Кляшторный мен осы институттың аға ғылыми қызметкері Тұрсын Сұлтановтың «Қазақстанның үш мыңжылдық жылнамасы» атты еңбегінде Түргеш қағанатының 691-716 жылдарында өмір сүргендігі, олардың Қытай басқыншылары мен арабтарға қарсы соғысы туралы деректер келтірілген. Үйсін, соның ішінде сарыүйсіндерді көптеген зерттеушілер ежелгі түріктердің Моңғолия мен Оңтүстік Сібір жерін мекендеген, сары шашты, көк көзді ділдіндер тайпасы осы сарыүйсіннен емес пе деген дүдамалы тағы бар. Түріктер оларды «ала», қытайлар оларды «пома» атаған. Қазақтардың ала, кейіннен «алача», «алаш» атауы осы көне сөздерден таралған ба деген пайымнан онша алыс емес сияқты. Дүниенің қандай халқы болмасын, ата тегіне келгенде, осындай аңызға айналдыратыны тарихта жаңалық емес. «Аңыз түбінде ақиқат бар» дейді дана халқымыз. Ендеше, осындай деректерді Бичурин жазбасында қытайша «тань-шу» – «ала халық» аталуы және де сол дінділердің атауымен Сібірдегі, Жетісудағы таудың «Алатау» аталуы да тегін деуге болмайды. Ол моңғолша «сары юсунь – десять рыжых» делінеді. (Б.Қожабекұлы, «Тарихи таным», 93-бет,1994 жыл). Ал енді Бәйдібек бабамыз туралы. Ол – ірі тұлға, ғажайып жан. Қаншама ғасыр өтсе де осы күнге дейін қыстауы мен жайлауы, күздеуі мен көктеуі ұмытылмай, зираты да сақталып, өзінің асыл қасиетімен, қазақ деген елімен бірге жасауда. Баба кешенінің іргелес оң бүйір жағында өмір бойы бірге өмір сүрген сүйікті қосағы, ел-жұртының қасиетті де құрмет тұтқан қадірменді аналарымыздың бірі, он баланың анасы Сарыбәйбіше – Гүлжамал анамыз жатыр. Ту желкесінде еркелегендей болып кенже ұлы Тілеуберді – Жарықшақ бабамыз жерленген. Сарыбәйбіше Бәйдібек баба шаңырағында онымен ұзақ өмірдің ащы-тұщысын бірге татқан, керегесін кеңейтіп, оншақты бала туып беріп, бағып-қағып өсірген. Олардың іргелі ел болуына барынша жан-тәнімен беріліп, тек отағасының ғана сүйікті жары емес, бүкіл ел-жұртының да құрметті анасы болғандығына ешкім күмән келтірмесе керек. Баба қайтыс болғаннан кейін де қосағы Сарыбәйбіше мен ұлы Жарықшақ үшеуінің айырылмастай бір жерде жатқаны осыған куә емес пе! 1948-1950 жылдары сарыүйсін шежіресін алғаш жинақтаған ақсақал Байғали Нұрмамбетов сөз етіп отырған анамыздың тарихи аты Гүлжамал екендігін айрықша атап көрсеткен. Яғни, Сарыбәйбіше деген атау Нұрила анамызға берілген Домалақ аты секілді балама сөз. Сарыбәйбішенің он ұлынан аман қалғаны тек Сыдық. Гүлжамал деген есімнің өзі екі сөзден құралған ( «Гүл» – түрік сөзі де, «Жамал» – араб сөзі). Екі мұсылман сөзінен құралған бұл атау анамыздың тегін жерден шықпағандығын көрсетеді. Ол – Кіші жүздің бас көтерер ақсақалы Арыстан бидің ұрпағы. Бұл кісі аса көрнекті және білімді, жоғары деңгейдегі саясаткер екен. Одан туған анамыз өз заманының кербез сұлуы, ел-жұртының мақтанышы, атына заты сай ақылды, өз ісіне шебер, көпшіл, қонақжай, айтқанынан қайтпайтын турашыл адам болған. Сондықтан, Гүлжамал апа Бәйдібек бабаның қазан-ошағының ғана иесі емес, өз ортасының ақылшысы және ықпалы зор, беделді анасына айналған. Он баладан тірі қалған жалғыз ұлының атын Сыдық деп қойған. Кейіннен ел арасында Сыдық сары деп аталып кеткен. Анамыздың қанының қасиеттілігі сондай, сарыүйсін қыздарынан туған көптеген асыл азаматтар, ержүрек батырлар, данагөй кемеңгерлер, мемлекет және қоғам қайраткерлері шыққан. Оған мысал: аты аңызға айналған керей Жәнібек батыр, атақты Қаратай батырдан туған арғын Олжабай батыр, Бәйет қажының жиені Асанбай Асқаров, тағы басқалар. Бұған ежелден келе жатқан: «Үйдің жақсы болуы ағашынан, жігіттің жақсы болуы нағашыдан», деген мақал дәлел болмақ. Анамыздың қара қылды қақ жарған әділ, өсек сөзге жаны қас, ақжарқын әрі балажан адам екендігін мынадан да байқауға болады. Ол өмірінің соңына дейін Тілеуберді (Жарықшақ) бабамызды жан-тәнімен бауырына басып, тәрбиелеп өсірді. Сол себепті, Сарыбәйбіше анамыздың: «Мені осы өмірде ғана емес, ақыретте де Жарықшағымды менен бөлген адамдар оңа қоймас», деген екен. Бұл тарихи шындық. Сарыбәйбішенің Бәйдібек бабамыздың өз кіндігінен шыққан он баласы туралы тарихи шындықты жыр атасы Жамбыл кешегі дүрбелең шақта, бақталас, қызғаныш, ерегістерге қарамай, қаз-қалпында бейнелеген. Әсірелемей, ақты – ақ, қараны қара деп нақты көрсеткен. Яғни, Сарыбәйбішенің алты ұлы Қытай шолғыншыларының қолынан Қошқарата өзенінің бойында қаза тапқан. Олардың сүйектері Сарыкемер аталатын биікке арулап қойылған. Бұл төбе осы күнге дейін Алты сары аталып келеді. Қалған үшеуі табан тіресе ұрыс салып, қазіргі Жамбыл облысы маңайында қаза болған. Бұл жер Күйік асуы атауымен біздің заманымызға жетті. Сарыбәйбіше анамыздың осы Жамбыл облысындағы қыратта жау қолынан мерт болған балаларын жоқтау кезінде қасында Зеріп пен Нұрила аналардың да бірге қосылып зар жылағаны айтпаса да түсінікті. Көздерінен аққан ыстық жастан қара жер қайысып, ұшқан құс, жүгірген аң, жыбырлаған жәндіктер де аянышты көңілдерін білдіріп, топырақ та, шөптердің бастары да сарғайып, өрт шалып өткендей құбылысқа айналған. Қасиетті үш ананың мұң мен зары, көздерінен аққан көз жастарынан, қыраттағы ерекше бір меңіреу құбылыстың әсерінен осы жер Күйік асуы деп аталуы шындыққа жақын келеді. Жалпы, қазақ халқының ежелден үлкенді сыйлап, құрметтеуі қанына сіңген қасиет. Мысалы, Жетісудағы жалайыр руын «ноқта баласы» деп, әрқашан жолды соларға береді. Бұлай деуінің тарихы моңғолдардың «Құпия тарихында» айтылады. Шыңғыс хан әскерінің сол қолын басқарушы жалайыр Мұқалиды Қытайға наместник етіп жіберер алдында, оған ант грамотасы мен алтын мөрін тапсырып тұрып: «Қоғамда өзгелерден жоғары отыр, сол қол түмен басы бол және Хараунь тауына дейінгі шығыс тарапты биле, ұрпағың да үзіліссіз осы мәртебені иеленсін» деген екен. Сондықтан да Ұлы жүздің «ноқта баласы» деп аталатын жалайыр ұрпағынан кейінгі жолды Бәйдібек бабаның ұрпақтарының арасындағы ерекше ағалық құрметке ие болғаны Сарыбәйбіше анамыздың үлкен ұлы сарыүйсін ұрпақтары ғана. Осы салт біздің заманымызға дейін сақталған. Мұны мына мысалдардан байқаймыз: үлкен жиын-отырыстарда, той-томалақтарда, алғашқы сөзді жалайыр руы жоқ болған жағдайда, бата беру ырымдарын, той бастауды, бас тарту рәсімдерін жасына қарамастан, сарыүйсін ұрпақтарына беру қалыптасқан әдетке айналған. Бұл – Сарыбәйбіше анаға, оның ұрпағы сарыүйсінге ежелден берілген сый-құрмет, дәстүрлі өнегелі іс. Қорыта келгенде, сарыүйсіндер Бәйдібек бабаның отанасы – Сарыбәйбіше – Гүлжамалдан тараған ұрпақтар. Олардың қазақ тарихында алатын өз орны бар. Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында мынадай сөздер бар: «Бірлігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады. Бұл тарих заңы. ...Қай шежірені алып қарасаңыз да, ол қазақтың бірлігін, тұтастығын әйгілейді. Шежіре – қазақты бөлшектейтін емес, керісінше, біріктіретін ұғым. ...Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы мен табысы мол болмақ». Сөзімнің соңында Мемлекет басшысының осы мәселені қадап айтуын ешқашан естен шығармағанымыз жөн демекпін.
АЛМАТЫ.