07 Тамыз, 2015

Аламандағы абырой Адай жылқылары Ресейде тағы топ жарды

432 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Бұған дейін де халықаралық бәйгелерде топ жарып, дүбірін дүйім жұртқа танытқан қазақтың Адай жылқылары Ресейде өткен аламан бәйгеде Көк байрақты Қазақстанның аты мен абыройын асқақтатып оралды. 001 (11) Биылғы 24-26 шілде күндері Ресейдің Рязань облысындағы Спасск-Рязанский қаласында халық­аралық ат бәйгесі өткен болатын. Бұл Қазақстан, Ресей, Германия, Финляндия мемлекеттерінен өрен жүйріктер таңдалып, әртүрлі тек пен тұқымнан өрбіген жүйріктерді өзара сынға салған дода болды. Алыс қашықтыққа шабуды мақсат еткен айтулы жарыс­қа Қазақстанның атынан Маңғыс­таудан апарылған бес Адай жыл­қысы қатысып, бесеуі де олжа са­лып оралды. 80 шақырымдық қашықтықта Әнес Етіреков атты шабандоз баланың тақымына тиген «Бумер» атты сәйгүлік бірінші орын алды. Бұл тұлпардың алғашқы аламаны екен. 120 шақырымдық қашықтықта «Жары» атты жүйрік алдына қара салған жоқ. «Жары» бұған дейін де ат жарыстарында ысылған, Спасск-Рязанский қаласында ал­дыңғы жылдары өткен сайыс­тарда жүлде алып, былтыр Францияда сынақтан өткен тұлпар. Айта кетейік, «Жары» да, «Бумер» де Қызан ауы­лының тұрғыны, атбегі Бұғабай Мұқырбаевтың жүйріктері. 120 шақырымдық аламанда «Жарының» соңына ала бере, яғни екінші орында Наталья Долгихтің «Жезкиік» атты Адай тұқымды жылқысы мәре сызығын кесіп өтсе, араға бір-екі бәйге атын салып, бесінші-алтыншы орындарда тағы да Адай жылқылары – Азат Қойшиевтің «Ойлысы» мен Әбіш Етірековтің «Көкпары» шауы­п өте шықты. Дарья Попованың осы ат тұқымынан шыққан «Че­кист» тұлпары 80 шақырымдық қашық­тықты төртінші орынмен аяқтады. Сырт келбеті көзге қораштау көрініп, сайы­с басталар алдында бәсекелестер тарапынан: «Бумер, значить умер», дегендей түрлі жан жүдетер «бағалаулар» естіген қазақтың Адай жылқылары өздерін аламан алаңында танытып, шетелдіктердің жүйріктеріне шаң қаптырып оралды. Атбегілердің айтуынша, әлгі «баға беру­шілер» аламан соңында таңданыстарын жасыра алмай Қазақстаннан барған жүйріктердің маңында айналсоқтап көп жүріпті. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Маңғыстау облысы. ––––––––––––––––– Суретті түсірген Берік ДӘУЕНОВ.