07 Тамыз, 2015

«Титовта» тұрғын үй құлады ма?

247 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Таң атпай: «Титовта» тұрғын үйдің қабырғасы құлады. Бір адамды басып қалыпты», деген ақпарат желдей есті. «Титов» дегеніңіз Қызылорда қаласының бір шағын ауданы. Онда ескі үйлердің бары да рас еді. Оның үстіне осыдан бірер күн бұрын аталған шағын аудандағы №16а үйдің тұрғындары облыс әкіміне кіріп, баспаналарының жағдайын да айтқан. Құлаған да осы үй көрінеді.

Бұл үй 1971 жылы салыныпты. Алғашында тұрғындарға жатақхана ретінде берілген 5 қабатты ғима­ратта 123 пәтер бар екен. Өзі салын­ғаннан бастап жөндеу көрмеген. Осыдан екі жыл бұрын жүргізілген тексеру барысында тұрғын үй апатты деп танылған. Дегенмен, қабырғаларының әлі де жарамды екені айтылған. Қысқасы, «қабырға опырылып қалыпты» дегенге сене­тіндей-ақ жағдай.

Тұрғын үйде келеңсіз жағдайдың орын алғаны рас екен. Үйдің төбесіне адамдар шыққан. Сол кезде төбеден кірпіш құлаған. Осының салдарынан екі қабат әйелдің денсаулығына қауіп төнген. Куәгерлердің айтуынша, төбеден құлаған заттың бірі әйелдің үстіне түссе керек. Оқиға орнына полиция, жедел жәрдем қызметкерлері дереу жеткен. Төтенше жағдайлар жөніндегі қызметтің адамдары да барған. Үш адам ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оларға тиісті көмек көрсетіп, денсаулықтарына ешқандай қауіптің жоқ екенін айтады. Ал аяғы ауыр келіншек «Ана мен бала» орталығына жеткізілген. Тиісті мамандардың қарауына берілген. Шындығында, «Титов» ша­ғын ау­данында бірнеше апатты үй бар. Апатты жағдайдағы үйдің тұрғындары үшін жаңадан бас­пана салынып та жатыр. Оның алғашқысы пайдалануға берілді. Онда 24 отбасы орналасты. Ал келер жылдың наурыз-сәуір айларына қарай 60 пәтерлі тағы бір тұрғын үйді ел игілігіне беру жоспарланған. 2016 жылдың соңына қарай апатты жағдайдағы баспананың тұрғындары үшін 100 пәтерлі тұрғын үй салынып бітеді. Қысқасы, аймақ басшылығы аталған жағдайдан жан-жақты хабардар және оны шешудің жолдарын әлдеқашан бастап кеткен. Тек мерзімі келмей жатыр.

Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан».

ҚЫЗЫЛОРДА.