24 Маусым, 2015

Елтанудың қазығы – Елбасытану

590 рет
көрсетілді
26 мин
оқу үшін
31.07-01 Тұңғыш Президенттің өмірін жете зерттеп, еңбек жолына терең үңілу елдік пен бірлікті байыпты бағалауға, болашақты бай­сал­ды болжауға, өткенге әділ көзқа­рас қалыптастыруға жетелейді. Елба­сының еңбек жолы – жастарға өмір мек­тебі. Оны жеткіншектерге толық жеткі­зу бізге сын. Елтанудың қазы­ғы – Елбасытану. Елбасытану – Қазақстанның жаңа дәуірінің жаршысы, елтанымдылықтың сыңары, тағдыр шешетін жауапты кезеңнің бас ғылымы. Бұл жайт – тәуел­сіз­дігіміздің бөлінбес бөлшегі. Азат қазақтың басшысы тура­лы сөз – өзіміз, еліміз, елдігіміз, тағдырымыз, тарихымыз туралы сөз. Басшысына тақ тұратын ел – басына бақ тұратын ел» екенін әуел бастан түсінген ынтымақшыл халқымыз ымырасынан айныған емес. Сансыз сауал сарсаңға салған аласапыран шақта да сабырсыздық танытпады. «Сабыр еткендерге істеген істерінен де жақсы сый береміз», деген Құран аятына иланды. Бүгінде сабырлының сыннан сүрінбейтінін, сабыр – ақыл серігі екенін уақыт дәлелдеп, тарих таразылап отыр. Нұрсұлтан Әбішұлы – әлемге елі арқылы өзін, өзі арқылы елін танытқан дүниежүзілік саяси аренадағы сыйлы тұлға. Таза ұлттық топырақтан нәр алып, тереңнен тамыр тартқан алып бәйтерек. Ұлттық бояуы қанық, болмысы бөлек бүтін бітім. Ақылы­ның тереңдігі мен білімінің кенен­дігі, оқиғалардың алдын орайтын көрегендігі мен ойлау жүйесінің бірізділігі, пейілінің кеңдігі кемеңгер атандырды. Керек жерінде хандай биіктігі өзге елдің басшыларының санасып, пікірлесуіне ықпал етсе, қарадай қарапайымдылығы оны халықпен етене жақын етті. Елбасының аталған-аталмаған күллі адамдық, азаматтық, қайрат­керлік қасиеттерінің барлығы да сол ұлттық құндылықтарға, табиғи жара­тылысына негізделген. Көреген көсемдігі мен екі тілге бірдей шешендігі талай жанды таңдай қақтырып, таң қал­дырды. Шет мемлекеттер басшыларымен болған кездесулердегі оның айбынды көзқарасы мен өз-өзіне деген сенімділігі мемлекет үшін оң шешімдер қабылдауға тікелей ықпал етті. Туған халқының салт-дәстүріне сусындап өскен оның байсалды да кісі баурағыш міне­зі дипло­матиялық қарым-қатынаста оң нәтижеге қол жеткізуде үлкен рөл атқарып келеді. Іскерлігімен және ізде­нім­паздығымен өзінің барлық саналы өмі­рін, күш-жігерін өз Отанының өсіп-өркен­деуіне, көркеюіне жұмсады. Әлі де жұм­сап келеді. Жұмсай да бермек. Дана­лығын батылдықпен шебер үйлес­тіре білетін кемеңгер басшы талай тари­хи бастамалардың авторы. Біз­дің мақса­тымыз атқарылған істі тізбелеу емес, «Ел­басы­тану­дың» тағылымдылығын сарап­тау, құндылығын дәріптеу. Елбасының тәуелсіздігіміз жария­ланған тарихи күні айтқан «Не істесек те ақылмен істейік, арзан ұранға ермейік, жалған сезімге тізгін бермейік дегім келе­ді. Тарих көші ұзақ. Асықсақ та аптық­пайық. Қазақстанның көпұлтты халқы­ның жұлдызы жоғары болатыны­на, туған елімізде дәулетті де сәулетті өмір орнайтынына кәміл сенемін. Сенім­нен айрылмайық, бауырларым!» деген сөзін бойтұмардай тағынған жұрты содан бергі 24 жылда жұдырықтай жұмы­лып, жасампаз елдің жеңістерін бірге жасасуда. «Жауқазын гүлінің ерте шық­қанымен, қалыбынан аса алмайтынындай», асығыс шешім өрге бастырмайтынын Елбасы әу бастан-ақ білді. Тәуелсіздік тарихын қайта парақ­тағанда көп сырға қанықтық. Елбасының Мемлекет басшысы қызметіне келген Кеңес Ода­­ғы­­ның соңғы жылдарында-ақ ел келе­ше­­гі­нің келісті де келбетті болаты­нын батыл болжай алғандығы таң қал­дыр­ды. 1990 жылдың шілдесінде «Социа­листік Қазақстан» газетінің бас редакторы Шерхан Мұртазаға берген сұхбатында: «Қазақстан – шетелдермен жемісті байланыс жасай алатын, сөйтіп, халықаралық абырой-беделге ие бола алатын зор республика. Тек соның кілтін табу қажет», деді. Және сол кілтті тапты да. Ол – сенім болатын. Иә, Елбасы еліне, елі Елбасыға сенді. Сеніп те келеді. Елбасы мен халық арасындағы терең түсіністік пен мүдделі үндестік тәуелсіздік тұғырын нықтай түсті. Тоталитарлық жүйе – қызыл импе­рия­ның «халықтар достығының лабо­раториясы» жасаған Қазақстанды «өзің өлме, өзгені де өлтірме» деген ұстаныммен қырғынға ұшыратпай, бүгінгідей шуақты күнге жеткізген Елбасы еңбегі ерен. Тәуелсіз Мемле­- кет­тер Достастығын құруды ұсынған сәт­тен бастап, оның егемендік пен елдік­ке кесірі тимейтін келелі бастамалары мен озық ойлы идеялары мемлекет игілі­гіне жемісті қызмет етіп келеді. Алғашында еліміз үшін нарық жолы ауыр жол болды. Расында да, нарық заң­дылығы – қатал заңдылық. Оны бастан кешірдік те. Адамдарға ақыл, парасат өз өмірін жақсарту үшін берілгенін дәлелдейтін сын сағаттары туған кез еді ол. Бұдан да қиын заманды бастан кешкен қазаққа есесіне Аллатағала пейіліне сай жер мен кен берген. Сол ұлан-байтақ жер мен қазына-байлық кенге иелік ете­тін ел де берген. Сол елдің еңсесін түсір­мейтін ер де берген. Нұрсұлтан Әбішұлы Абылай хан секілді елдің бірлігін ойлаған бабалар арман-қиялының шынайы көрінісі, күткен үміті, табиғи жалғасы. Әрине, ел басқаруға енгізілген жаңа жүйе, саяси өзгерістер бірден оң нәтиже бере қойған жоқ. Сенім артқан үзеңгілес серіктестер сенім­ді ақта­маған қиын шақтар да оның сағын сындырмады. Жекешелендіруді кейбі­реу­­лер жеке басының қамына ғана жұм­­са­ған жанкешті кезеңде де ол елін есеңгі­реткен жоқ. Қиыннан жол тауып, тығырық­тан шыға білді. Тәуелсіздіктің алғашқы бір жарым жылында 120-дан астам мемлекетпен дипломатиялық қарым-қатынас орнатып үлгерген елдің мемлекеттік және ұлттық идеологиясының басты мұраты тыныштық еді. Ол тыныштықтың сақта­луын сол кезеңнің өзінде Елбасы: «Бірлік пен ынтымақ, ең бірінші, өзімізге – қазақтарға керек. Бұл – ұлт болашағын айқын­дар ең негізгі, өзекті, тамырлы мәсе­ле. Егер де қазақ халқы өзінің ауыз­­бірлігі мықты болып, республикада тұра­тын басқа ұлттар мен ұлыстарға қам­қор бола алмаса, үлгі көрсете алмаса, онда мемлекетті қиын жағдайға ұрын­дыруымыз хақ. Қазақ халқының өз ынты­мақ, бірлігі мықты болмайынша, мем­лекетіміздің тұтастық келбетін сақ­тау мүмкін емес. Бұл – тек қазақтар ғана орындай алар ұлттың тарихи зор мис­сиясы», деп қадап айтты. Бұл сөз бүгін де маңызын жойған жоқ. «Бөлінгенді бөрі жейдінің» кезінде кеңестік идеология тұтастыққа сына болып қағылар «бөліп ал да билей бер» сая­сатын енгізген мінезден ұрпақты арылту – басты назарда болды. «Жастарға айтарым – аға сыйлаған, ата ардақтаған жақсы, ол дәстүрлерді дамыта беру жөн, бірақ жасы үлкендердің іс-әрекеттеріне де парасат биігінен, сын көзімен қарап үйренген жөн» екенін, жанымызды жаңғыртпайынша жұмысымыз жандан­байтынын ескертті. Мәскеуден арнайы тап­сыр­ма­мен келіп, «шаш ал десе, бас ала­тын» эмиссарларға бірін-бірі ұс­тап беріп, бірін-бірі сатып кеткен қандас­та­рымыздың қаскөйлік іс-әрекеттері тарих қойнауында қалғанымен, ұрпақтарға ара­кідік «ауысып» отырғаны ақиқат. Осы бір дерттен арылсақ, іргеміздің шай­қал­­майтынын меңзеген болатын Елбасы. «Дауы таусылмайтын елдің жауы да тау­сылмайды. Ал жаудың ең үлкені ын­тымақ үшін ымыраға бара алмау» екенін алғашқы күндерден санамызға сіңіріп келеді. Қабанбай батырдың: «Басшы біреу болу керек, басқасы басшыға тіреу болу керек», деген сөзі бүгінде баршамыз үшін қағидаға айналғандай. Сондықтан болар, ұлтымыз уақыт емтихандарынан сүрінбей өтіп келеді. Жанталас пен жағаластың заманында жарға жыққысы келетіндермен арпалыса жүріп, үйренетін ұлттан үйрететін ұлтқа айналдық. Бұл дегеніміз, сапалық тұрғыдан қазақ жаңа сипатқа ауыс­ты деген сөз. Яғни, қазақтың сыртқы бол­мысы ғана емес, ішкі жан дүниесі, көз­қарасы мен өмірлік ұстанымы да заман талабына жауап бере алатындай биік дәрежеге жетті. Жиырма төрт жылда жеткен жетістік, шыққан шыңды сөз еткенде: «Осыған біз қалай жеттік?» деген сұрақтың қойылуы заңды. Бүгінгіні бағалау үшін өткенге көз жіберіп, тарих беттерін қайта парақ­тайтынымыз да сондықтан. Іс жүрген жерде ұлттық ой мен күмілжудің тар аясына тығылу қауіпті нәрсе екенін ескер­ген Елбасы демократияны демагогия­мен шатастырмауды талап етті. «Егер әртүрлі саяси толқындар бола қалса не болмақ? Өзіміздің ішімізден дүниеге неме­се лауазымға сатылып, сол жаулап алғы­сы, қайтадан империя құрғысы келе­тіндер қатарына шығып кетіп жүрсе қайт­пек?! Сондықтан әркез оқиғаның ал­дын алып, не істеу керек деген ойда жүре­тін» Елбасы саясаты осыдан бас­талды. Сол кезеңде берген сұхбаттары мен­ жария­­лаған еңбектерінде Елбасы ха­лық­­­пен үнемі ағынан жарыла, ашық пікір­­лесіп отырды. Бұдан шығатын қо­ры­­тын­ды – ол үнемі халқымен бірге. Тарихта әлі беймәлім болып отырған Темір­таудағы 1959 жылғы оқиғадан соң бір жыл өткенде сол қалаға 3 мың қа­- зақ­тың жігітімен бірге келген Нұрсұлтан Әбішұлы шыңдалудан осылай өтті. Топтасқан қазды қарға алмайтынын сол кезеңдерде жақсы түсінді. Себе­бі, Темір­тау сол заманда өзге ұлт өкілдерінің жер аударылғандары мен түрмеден босатылғандарының ордасы еді. Күн демей, түн демей, уақытпен санаспай, ақылдың кені – кітап оқып, жаңа заманның экономикасын меңгерді. Өркендеген мемлекеттердің тәжірибесін үйреніп, олардың қаржыгер, экономист ғалымдары жазған дүниелерін оқып-тоқу үшін де Елбасына арнайы кесте қажет болды. Әр минутына дейін есептеулі Елбасының оң нәтижеге жетуіне спорт көмектесті. Тәні саудың – жаны сау. Миы сергек адамның қимылы да ширақ, ойы да жүйрік болатыны белгілі. 40 жасында теннис үйренді. Дүниежүзі бойынша бірінші орында гольф, екінші тау шаңғысы, үшінші теннис, төртінші атқа міну болса, Нұрсұлтан Әбішұлы осы спорт түрлерінің бәрін шебер меңгерген. Спорт адамды сергектікке ғана емес, жүйрік ойлауға және тез ше­шім қабылдауға дағдыландырады. Мен мұны жоғары спорттың ортасынан шыққан жан ретінде айтып отырмын. «Кіммен дос болу, кіммен жақындасу, кімнен өзіңді алысырақ ұстау – ұлтты сақтаудың кепілі». Елбасының бұл сөзі­н­­- де тәуелсіздіктің екі мүшел жасына қадам басқалы тұрған Қазақ елі аспа­нының тыныштығы жатыр. Даурықпа сөзге дес беріп, бүгінгіні ғана ойлайтын кейбір «патриоттар» еліміздің дипло­матиялық қарым-қатынасын қатаң сы­на­ған өліара шақта да Елбасы алыс та жақын шетелдермен іскерлік байланыс орнатуды қарқынды жалғастыра берді. Бүгінгі таңда дамыған елдермен дерлік достасқан Қазақ елі өзгелер қол созып, дипломатиялық бірлікте болуды армандайтын асқақ мемлекетке айналды. Жер байлығына емес, ең бастысы – ел байлығына сену қажеттігін ерте ұғын­дық. Мемлекет үшін басты капитал адам болса, ел байлығы – білім, жаңа техно­ло­гия, заманауи инфрақұрылым, берік те тұрақты отаншылдық сезім еке­нін дер кезінде түсіндік. Сондықтан Ел­басы ең қайтарымды, ең ізгі капитал – жастардың заман талабына сай бі­лім алуына жұмсалған қаражат деп та­нып, білімді жастарды «Болашақ» бағдар­ламасымен дамыған шетелдердің жетек­ші жоғары оқу орындарына оқуға жіберді. Кезінде осы қадамдар аяусыз сыналды. Әлі де сынаушылар жеткілікті. «Енесі тепкен құлынның еті ауырмайтынын» білетін Елбасы сынаған елінің алаң көңілін де дұрыс түсініп, оң қабылдай алатын жан. Уақыт Елбасы бастаған реформаны қолдады. Оған біз куә. «Киіз үйдің көсеуінен бастап, болат балқытушының күрегіне дейін талай жұмысты ауырсынбай атқарған» Президент үшін ауылдың амандығы – елдің амандығы. Ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығына қатысты реформалардың басы-қасында жүріп, тікелей қамқор болуының арқасында ауылдар өсіп-өркендеп, дамыды. Тәуелсіздіктің алғашқы 5-6 жылында ел жағдайы аумалы-төкпелі, қиын болды. Басқа мемлекеттерге 2 миллионнан аса адам көшіп кетті. Оның ішінде өз ісінің білгір мамандары мен кәсіби шеберлері де болды. 1997 жылы Қазақстанда 3,2 млн. адам жұмыс істейтін болса, 3 млн. адам зейнеткер болатын. Зейнетақыны уақытында төлеу үшін бұл қатынас 1:5 немесе 1:3 болу керек еді. Айлық пен зейнетақының дер кезінде төленбей, қиналған кезеңдер әлі есте... 1997 жылды еліміз үшін қиын жылдың соңы деген еді Елбасы. Солай болды да. Тәуелсіздігіміздің жетінші жылынан бастап елімізге бақ дарып, құт қонды. Өткенге көз жіберіп, кеткен кемші­ліктер мен жеткен жетістіктерді саралап отырмай, болашаққа батыл қадам жасау қиын. Кезінде Қазақстан экономикасын тікелей Мәскеудің өзіне бағынатын етіп жасағандықтан, тәуелсіздіктің алғаш­қы жылдары еліміздің экономика­сы үшін өте қиын кезең болды. Сол уақыт­тың өзінде-ақ өткен жылдың соңын­да халыққа жариялаған «Нұрлы Жол – бола­шаққа бастар жол» атты Жолдау­ының іргетасы қаланғандай. Теміржолдар мен автомобиль, әуе жолдары Кеңес Одағының саясатына орайластыра салынғандықтан, Қазақстанның сыртқа шығар өз жолдарын жасауы еркін елдің қолын да, жолын да тәуелсіз ететінін 1993 жылы «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында айтқан болатын. Үш ғасыр бойы тізесін батырып, билігін жүргізген Ресейден шекарамызды түбегейлі бөліп алып, белгі орнату оңайға түскен жоқ. Сондай жеңістің бірі Қытаймен шек­араны белгілеу болатын. Екіжақты келіссөздер, зерттеулер, салыс­тырулар нәтижесінде талас тудырған 944 шаршы шақырымның 537 шаршы шақырымы, яғни 56,9%-ы­ Қазақстан жағына, ал 407 шаршы шақырымы, яғни 43,1%-ы Қытай жағына өтті. Ельциннің кезінде 1698 жылы 1 Петр белгілеген Қасиетті Апостол Андрей Первозванный орденімен шетел қайрат­керлерінің ішінен біздің Елбасының марапатталуы Қазақстанды мойындағаны емес пе?! Неге десеңіз, бұл орденмен орыс тарихының ұлы қайраткерлері А.Суворов, М.Кутузов, П.Багратион, І Петр, шетел­дік­терден Наполеон мен Талейран наград­тал­ға­нын ескерсек, бұл марапатты батырлығымен елді қорғаған бабаларымыздың ерлігіне жасалған құрмет деп танығанымыз лазым. Ұлттық валютаны да есеппен, байыппен енгізудің арқасында қырғыздар мен украиндарда, Ресейде болған аласапыран бізде болған жоқ. Бұл да болса Елбасының салмақты саясатының нәтижесі. «Заманның өзгергенін көру аз. За­ман­ды меңгеру керек» екенін әуел бас­тан жақсы түсінген Елбасы көздегеніне жетуде талай рет тәуекелге барғаны тек кейінгі кезде ашық айтылып, жазылып жүр. Тәуелсіз Мемлекеттер Достас­тығын құру, Семей ядролық сынақ полигонын жабу және әлемдегі ең негізгі ядролық арсеналдардың бірінен өз еркі­мен бас тарту, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес шақыру жөніндегі ұсыныс, алғаш рет шақырылған Әлемдік және дәстүрлі дін­дер лидерлерінің съезі, Қазақстанның жаңа, осы заманғы астанасын орнату, Еуразиялық экономикалық одақ – бүгінгі таңда жаһандық маңызға ие ­ сая­си оқиғалар. «Мәдени мұра» бағдарламасы арқы­лы Қытай, Моңғолия, Түркия, Еги­пет елдері мен Батыс Еуропадағы Париж, Мадрид, Берлиннің Ұлттық кітап­ха­на­ларынан, Ватиканның құпия мұра­ғатынан халқымыздың көне тарихына қатысты 5 мыңнан астам сирек қолжаз­балардың көшірмелері әкелінді. Жүз томдық «Бабалар сөзі» атты фольк­лор­лық жинақ жарық көрді. Қазіргі таңда Қазақ хандығының 550 жылдығына орай тарихи құжаттарды, архивтік материалдарды іздестіріп, елге алдыру жұмыстары жүйеленуде. Одан басқа да ұлт мәдениеті мен әдебиетіне, өнеріне жасалып жатқан қамқорлықтар қаншама?! Мұның барлығы қазақ руханияты үшін баға жетпес қазына, байлық. Жекеменшік иеліктегі барлық мұ­най компа­нияларының басын қосып, мұнай­ды мемлекет меншігіне өткізіп, «Қазақойл» ұлттық мұнай компаниясын құруы ел экономикасын өркендетіп, ұлттық қорды молайтуға үлкен әсерін тигізді. Бір кезде біреулердің еркінің қолжау­лығы болсақ, енді тағы да біреу­лердің пікірінің қолжаулығына айналмау қажеттігін, ол үшін қалам ұстағандар мен баспагерлердің демократия деп ел ішіне іріткі салатын бос сөз, дақпырт әңгімемен әуестенбеулерін Елбасы әуел­бастан ашық айтты. Ұлттық идеяны ұлт­тық астамшылық идеясына айналдыру ешбір этносқа да опа бермегенін жақсы білеміз. Көпұлттылығымызды басты байлығымыз деп таныған Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясын құрды. Биыл көктемде 20 жылдығын атап өткен бұл қоғамдық ұйым мемлекеттің дамыған елдер қатарына енуі жолында өз үлестерін қосып келеді. Иә, қазақ – жатты жақынындай кө­ріп, алыс­ты бөтенсінбейтін бауырмал халық. Түрлі тағдырмен үдере көшіп, Қазақстанды Отаны санайтын 140-тан астам ұлт өкілдерінің басын қосар бұл алқалы ұйымды құру туралы ұсыныс айтып, іргесін қалаған да Елбасының өзі болатын. Бүгінгі таңда билік басында, Парламентте өкілдері отырған бұл Ассамблея тәуелсіздігіміздің кемелді келешегі үшін жер иесі – қазақтармен қоян-қолтық араласа жұмыс жасауда. Ұлттық сана ұлттық тілмен қалып­тасады. Қазақ тілінің келешегіне алаң­даушылық жергілікті ұлттың санынан және сол ұлттың өз ана тілін білмеуі­нен келіп шығады. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары қазақтардың үлес салмағы бар-жоғы 40% құраса, соның жартысы қазақша сөйлей алмайтын. Ал бүгінгі таңда қазақтардың ана тіліне де­ген көзқарасы айтарлықтай өзгер­ді. Әрине, бұл құбылыс бізді ерекше қуантады. Түрлі қолдан жасалған қитұрқы іс-әрекеттердің салдарынан қырыла-қырыла азайған халықтың бастан кешкен тағдыры сан қилы. Сталин тұрғызған абақтыларда 1,5 миллион адам отырған екен. Барлығын Сталиннен көрудің дұрыстығын тарих таразысына бердік. Ленин өз қарарларында «кулактардың бәрін атып, қырыңдар», деген. Егер қазақ қырылмағанда бұл күндері 40 миллионға жетер еді. Қазіргі таңда әлемнің ең мықты мемлекеттерінің өзі Қазақстанмен санасады және стратегиялық әріптесі ретінде қарайды. Ел өмірін демократияландыруды эволюциялық жолмен жүзеге асырған Елбасы Вольтердің: «Мен сіздің ойыңызбен тіпті келіспеймін, бірақ сол ойыңызды айтуға мүмкіндігіңіз болуы үшін өмірімді сарп етуге әзірмін», деген сөзін ұстанады. Мемлекет экономикасының көте­рі­л­уіне шағын және орта бизнестің әсе­рі зор екенін болжаған Елбасы тәуел­- ­сіздік­тің алғашқы жылдарында-ақ жас­тарды білімді, білікті, сауатты, шы­найы бизнеспен айналысуға шақыр­ды. «Коммерсант» деген дипломсыз маман иелерінің елді қалай алдап, арбағаны халық есінде. Табысты өндіріске, шаруашылыққа бағыттау қажеттігін, бізге ұлттық буржуазия керектігін айт­қанда кейбіреулер мұны түсінбеді. Ұлттың қалталы адамдары қалып­тас­пайын­ша көп істің қиюы келмейтінін, ұлттық буржуазия пайда болса, ұлттың мүддесін ойлайтын адамдар көбейетінін саясат тұрғысынан пайымдады. Және бұл орындалды да. Астана қаласын салу барысында Астананы көркейтуде ұлттық буржуазия көмекке келді. ­ Жарты миллиард долларға жуық жұмсал­ған қаржы отандық және шетелдік ком­па­ниялардың есебінен алынды. Астана – Қазақстан экономикасының локомотивіне айналды. Елбасы астананы көшіруде көп ойланды. Тіпті, баспасөз арқылы зия­лы қауымның атынан Алашқа ой тас­татты. Сосын еліміздің астанасы атамыздың қанымен бірге мұра болып қалған кең-байтақ даланың ортасы – Дешті Қыпшақтың даласының ортасы болу керек деген шешімге келді.Нәтижесінде ару Есілдің жағасынан әсем қала бой көтерді. Бұрынғы шағын облыс орталығы адам танымастай өзгеріп, халықаралық форумдар өткізер орталыққа айналды. Қалаға қазақы реңк бітті, оның демографиялық кескін-келбеті толықтай өзгерді. Қазағы аз солтүстіктегі қандастарымыздың отан­шылдық рухы күшейді, өз ұлтына деген мақтаныш сезімі артты. Астана ар­қылы Арқаға инвестиция, ғылым, білім мен мәдениеттің үлкен көші кел­ді. Солтүстік аймақтағы өзге ұлт өкіл­дері тұрғылықты халықпен, яғни жер иесі – қазақтармен санасатын болды. Міне, астананы ауыстырғанда жеткен жетіс­тіктеріміздің бірсыпырасы осылар еді. Еврейлер ертедегі Египеттің құл­дығынан шығып, Таяу Шығысқа қоныс тепкенше санадағы құлдық психо­логияны өшіру үшін Моисей оларды 40 жыл көшіп-қондырумен болыпты. Елбасының бұл мәселені де басты назарда ұстағаны ақиқат. Маргарет Тэтчер Елбасының Лондон­да шыққан «Қазақстан жолы» кітабына жазған алғысөзінде: «Коммунизм бұғау­ларын быт-шыт қылған ел өзінің ерекше қазақы қасиеттерін сақтап қалды», деген болатын. Астана қаласының ұлттық сипатын да қоса айтып отырғаны анық. Біз таң қалып болғандаймыз. Біз үшін бәрі әдеттегідей сияқты. Елба­сы бізді осыған үйретті. Бірақ осы күн­делікті болып көрінетін іс-қимылда қаншама құдіреттілік жатыр. Осыны біз сеземіз бе? Әлде осылай болуы ке­­рек деп бас шұлғып жүре береміз бе? Ой­ланатын жағдай... Елбасының жанкешті еңбегі біздің көзқарасымызды түбегейлі өзгертуі, санамызды сілкінтіп, қажырлы еңбекке бастауы керек. Біз өз іс-әрекетімізге басты кейіпкер етіп Отан мүддесін қоюымыз шарт. Ол үшін жанқиярлық таза еңбек керек. Өзіңе адалдық, Отанға беріктік, тәуелсіздікке тұрақтылық. Міне, осы үш тұғырдан таймасақ, елдігіміз баянды болмақ. Жақында Елбасы АҚШ жағының бас­тамашылдығымен Барак Обамамен теле­фон арқылы тілдесті. Екі ел басшы­лары Қазақстан-Америка қарым-қаты­насының ахуалы, сондай-ақ, халық­аралық күн тәртібіндегі өзекті мәсе­ле­лер мен Украинаның оңтүстік-шығы­сындағы жағдайды талқылады. Біздің Мемлекет басшымыз америкалық әріп­тесінен Украина мәселесі бойынша ортақ мәміле жолын іздестіру ісіне мейлінше белсенді қатысуын өтінуі оның әркез бейбітшілікті жақтайтынын және әлемдік саяси ұстанымы мықты мәмілегер екенін айқын танытты. Б.Обаманың Қазақстанның халық­аралық қауіпсіздікті нығайту ісіне жұм­саған күш-жігерін жоғары бағалауы елге ғана емес, Елбасына көрсеткен ерек­ше құрметі. Бұл бізді марқайтты. Көңілімізге сенім ұялатты. Жүрегімізді шалқытты. Біз Елбасының кісілік келбетін ашып, саяси тұлғалық қасиеттерін көрсе­тер ірілі-ұсақты қызметтерін, жаса­ған еңбектерін ғана атап өттік. Себе­бі, «әлемнің әміршісі – еңбек». Ал «еңбек – бәрін де жеңбек». Оңалбай АЯШЕВ, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, педагогика ғылымдарының докторы. ШЫМКЕНТ.  
Соңғы жаңалықтар