07 Тамыз, 2015

Адам түсінбейтін жәйт

251 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Көптен бері Ресейдің Краснодар өлкесі Гулькевич ауданының тұрғын­дары арасында жергілікті полиция бөлімшесінің шатырында адамның мәйіті бар деген қауесет тарап жүрген болатын. Жергілікті тұрғындар Сергей Земцов пен Виктор Мартынов мәселенің мән-жайын анықтау үшін аудан билігінен осы жөнінде қандай да бір түсінік берулерін сұраған. Алайда, жергілікті билік пен полициядан жауап қайтпаған соң, белсенді азаматтар Ресей ішкі істер министрі Владимир Колокольцевтің атына хат жазған. Осыдан кейін ішкі істер минис­трлігінің Кубань облысы бойынша бас басқармасы аталмыш оқиғаны тексеруге кіріскен. Содан бірнеше күннен соң Сергей Земцовқа полиция бөлімшесінің шатырынан адамның мәйіті табылғанын ресми түрде растаған хат келді. «Қазір белгілі болғандай, шатырдан табылған адам 38-40 жыл бұрын көз жұмған екен. Оның қалай қайтыс болғаны, кім екені әзірге анықталған жоқ», – деп мәлімдеді өлкелік тергеу басқармасы басшысының аға көмекшісі Наталья Смяцкая. Ресей Федерациясы тергеу комите­тінің өңірлік тергеу басқармасы аталмыш дерек бойынша «кісі өлтіру» бабына сәйкес қылмыстық іс қозғады. Құқық қорғаушылар оның қалай өлгенін, осы күнге дейін мүрдесі неліктен табыл­мағанын анықтауға тырысуда. Айдар ӨРІСБАЕВ.