Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың Шығыс өңіріндегі жұмыс сапары адамзатқа кемеңгер перзент сыйлаған қасиетті Семей топырағында жалғасты. Мемлекеттік хатшы Семей қаласында басталған Абайдың 170 жылдық мерейтойы аясындағы мерекелік іс-шараларға қатысты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың елімізді жан-жақты жаңғыртуға бағытталған бес институттық реформасы мен «100 нақты қадамын» іске асыруда ұлы ақын, ойшыл һәм ағартушы Абай Құнанбаевтың рухани мұрасын оқып-үйренудің маңызы зор. Бұл ретте Гүлшара Наушақызы «Адамзаттың Абайы» атты салтанатты іс-шараға қатысып сөз сөйлеп, хакімнің адамзат тарихындағы алар орнына тоқталды. Абай атындағы театрда өткен жиында Мемлекеттік хатшы дана бабамыздың әлем тарихында адамзаттың дамуына өлшеусіз үлес қосқан санаулы тұлғалардың қатарынан табылатынын атап өтті.
Абай бабамыздың тойын лайықты деңгейде атап өту, есімін ұлықтау ісі Қазақстанда ғана қолға алынып отырған жоқ. Абай мұрасы мұхиттың арғы жағындағы елдерде де кеңінен зерттелуде. Мысалы, Америкадағы Смитсон институтының қызметкерлері қазақтың бас ақынын әр қырынан зерттеу үстінде. Таяуда бірқатар зерттеушілер Жидебай-Бөрілі жерінде болып, Абай-Шәкәрім мемориалдық кешенін, Еңлік-Кебек ескерткіштерін көріп, ұлы ақын атамекеніне бас иіп қайтты. 2013 жылы көршілес Өзбекстан астанасында орнатылған Абай ескерткішін Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ашты. 2014 жылы мүсінші Юань Сикунь сомдаған ұлы бабамыздың қола тұлғасы Бейжіңдегі «Чаоян» саябағында бой түзеді. Биыл Абай мерейтойына, шығармашылығына арналған сан алуан іс-шаралар Қырғызстан, Түркия, Ресей, Моңғолия және Еуропаның бірқатар елдерінде өтті. Ал ел ішінде ұлы ойшыл, ақын, ағартушы, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбаевтың болмысын тану, мұрасын насихаттау және зерттеу ісі жаңа қарқынмен жүргізілуде. Әрине, бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғаса береді. Өйткені, ұлт ұстазы Абайды оқу, оның даналығын санаға сіңіру – үлкен рухани байлықты игеру деген сөз. Біз бұл байлықты әлі сан ғасырлар бойы игереміз. Себебі, Абай бір ұлттың шеңберінде қалмай, адамзаттың рухани биігіне көтерілетін тұлға, деді Гүлшара Әбдіқалықова. Сондай-ақ, Мемлекеттік хатшы Абай шығармашылығына әлемдік әдебиет өкілдері әсер еткенін, хакімнің антик дәуірі өкілдері мен Шығыс шайырлары, Батыс Еуропа және орыс әдебиетімен таныс болып қана қоймай, олардың озық шығармаларын жоғары деңгейде аударғанын атап өтті. Салтанатты жиында өңір басшысы Даниал Ахметов бұл тойдың шежірелі Шығыс өңірі үшін ұлы мереке екенін айтты.
Салтанатты жиында өңір басшысы Даниал Ахметов бұл тойдың шежірелі Шығыс өңірі үшін ұлы мереке екенін айтты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Абай әлемі – бізді жеті түнде адастырмайтын – темірқазық. Соған қарап тірлігіміздің дұрыс-бұрысын сараптай аламыз», деп айрықша баға берген. Уақыт өткен сайын бүгінгі ұрпақ «атаңның баласы болма, адамның баласы бол» деп өткен Абайдың даралығы мен даналығын терең сезініп келеді. Бүгін ол «қалың елі қазағына» ғана емес, барша әлемге қадірлі, әр сөзі ақыл мен нақылға толы адамзаттың Абайына айналды! Абай шығармалары маңызы мен мәнін ешқашан жоғалтпайды. Бұл бүгінгі қоғам үшін де асыл қазына, айнымас қағидат. Бұл ретте ол әлем халықтарының рухани өмірінде ерекше орын алған Пушкин, Гете, Тагор, Науаи сынды ұлылардың қатарында. Абай – ұлтын бар болмысымен сүйіп өткен халқының шынайы перзенті. Заманынан озық туған данышпан, бар қазақты береке мен бірлікке, өзгенің тілін біліп, өнерін үйренуге, достықты ту етуге, талмай еңбек етуге шақырды. Абай мұрасы – келешегі кемел ел үшін тағылым аларлық рухани күш, қайрат берер асыл қазына. Ұлы бабамызды ұлықтау, ұрпаққа қалдырған ұлағатын ұмытпау – біз үшін қасиетті парыз, деді Д.Ахметов. Жиында сонымен бірге Түркиядан келген Абай өлеңдерінің аудармашысы Кибар Зафер, Татарстанның еңбек сіңірген ғылыми қызметкері Хатип Миннегулов, еліміздің Парламенті Сенатының депутаты, абайтанушы Ғарифолла Есім Абай мұрасына қатысты өз ойларын тарқатса, Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлының құттықтау хатын орынбасары Марат Әзілханов, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Н.Оразалиннің құттықтау хатын ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулет оқып берді. Кеш соңы мерекелік концертке ұласты. Мемлекеттік хатшы Семей қаласына сапары барысында «Жұлдыз-Ардақ» жекеменшік балабақшасының қызметімен танысты. Мұнда заманауи инновациялық әдіс бойынша 350 бала тәрбиеленеді. Г.Әбдіқалықоваға Абай шығармаларының желісі бойынша салынған суреттер, сондай-ақ, балалардың ақынның «Қара сөздерін» оқуымен ерекшеленген концерті ұсынылды. Елдегі ірі медициналық радиологиялық кластер құрамына кірген «Өңірлік онкологиялық диспансері» ядролық медицина бірегей орталығында болған кезінде Мемлекеттік хатшыға жаңа медициналық құрал-жабдықтар көрсетіліп, өңір халқына онкологиялық көмек көрсетудің келешегі жайлы айтылды. Ядролық медицина орталығы – ядролық технологияны бейбіт мақсатта пайдаланудың айқын мысалы болып табылады. Сонымен бірге Г.Әбдіқалықова 1985 жылы іргесі қаланған Невзоровтар әулеті атындағы бейнелеу өнері мұражайында болды. Қазіргі кезде мұражай еліміздегі ең ірі көркемсурет құндылықтары жинақтарының бірі болып табылады. Мұражайдың қорында 3600-ден астам өнер туындысы сақталып, Қазақстандағы әртүрлі дәуірлердегі орыс және шетелдік көркемсурет коллекциялары жиналған. Бұдан бөлек Орталық Азия, Ресей, Грузия, Белоруссия елдерінің өнер туындылары қойылған. Г.Әбдіқалықова, сондай-ақ, 1940 жылы құрылған «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы құрамындағы Абай мұражайында болды. Мұражай қорларында араб, парсы және түркі тіліндегі 500-ден астам көне кітап сақталған. 2014 жылы мұражай Халықаралық ІСОМ мұражай қоғамдастығына кірген. Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықова сапар қорытындылары бойынша мемлекеттік мекемелерге бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан».
СЕМЕЙ.