07 Тамыз, 2015

Жылжымалы шырын цехы жабайы алмалардан да табыс кіргізеді

538 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Үкіметтің кәсіпкерлікті қолдауға бөліп отыр­ған қаржысы көп. Мықты бизнес-жоспар жаса, ісің­­мен дәлелде, мемлекет шығыныңның жарты­сын көтеріп алады. Бүгінде нарық те­ңі­зінде малтықпайтындай жағдай жасап алған кә­сіпкерлердің екі аяғы салбырап аспаннан түскені жоқ, өзіңіздей адам. Азды-көпті жиғаны болды, тә­уе­келдің жел қайығына мінді, арғы жағалауға аман-есен өтті. alma Деп ойлайсың ғой. Оңай емес. Далада жатқан батпан құйрық жоқ. Жүрдім-бардымды көтер­мейді бизнес деген. Бойыңдағы бар күшіңді беру керек. «Қайратты ерге бақ тұрар» деген ғой бабаларымыз. Үкіметтің 2015 жылғы 13 наурыздағы №168 қау­лысымен бекітілген «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында мемлекеттік гранттар ұсыну жөніндегі конкурстық комиссияның облыстағы мүшесіміз. Облысқа республикалық бюджеттен 55 млн. теңге қаралған. Оның 13 млн. теңгесі моноқала тізіміне енген Кентау қаласына тиесілі. 55 млн. теңге. Қайтарымсыз ақша. Тек конкурс талабының мақсатында бизнесіңізде жаңашылдық, ғылыми сипат, тың бастама, облыс кәсіпкерлігін дамытатындай мықты жобалар болуы керек. Конкурсқа 100-ден аса өтініш түсті. Тегін ақша, айдалада жатқан батпан құйрықтан қарпып қалуға әркім-ақ үмітті. Кейбірі «Үкімет тегін ақша беріп жатыр екен, бұйыртса алдық, бұйыртпаса амал жоқ» деп келген сияқты. Кейбірі «маған бермегенде кімге бересің, әуселеңді көрейін-ақ» деп келеді. Бір азамат бау-бақшасының жерін тыңайту үшін аквариумда балық өсірмекші. Сосын ондағы сұйықтықты суға араластырып бақшаға жіберсе, жердің шығымдылығы артады екен. Тағы бірінің ағаш жонатын станогы ескі, жаңасын алу үшін ақша сұрайды. Енді бірі онсыз да компьютер алдынан шықпайтын ойын баласына патриоттық тәрбиеге үйретем деп автомат беріп қойғысы келеді. Тағы бір кәсіпкердің арманы – кілем тазалайтын орталық ашу. Бір азамат жеке стадион салған екен, қоршауына ақша жеткізе алмапты. Көңіліміз қолтаңсып отырғанда «New day» ЖШС менеджері Тұрысбек Кемелов атты жас жігіт келген. Басқаны қайдам, кеудесінде оты жанып тұрған осы жігіттің жобасы ұнады. Тұрысбек ұсынған жобадағы «Jimmy» бренді бойынша еуропалық табиғи шырын жасау мобильді жылжымалы цехтың тиімділігі жемісті сығу арқылы ешқандай консервантсыз шырын алу. Табиғи жеміс шырыны организмді өте маңызды дәрумендермен қамтамасыз етеді әрі иммунитетті көтереді. Мұндай шырынды қант диа­бетімен ауыратын адамдар ішсе де қауіпті емес, өйткені қант және басқа қоспалар жоқ. Жылжымалы жеміс сығу цехы әлемде жаңалық болмағанымен, Қазақ­станға, оның ішінде жеміс-жидегі, бау-бақшасымен ерекшеленетін оңтүстікке керек. Былтыр күз айында Қасқасу тау шаңғысы ба­за­сы салынып жатқан тау баурайына жолымыз түскен. Тау аңғарының екі жағы жабайы алма. Түйенің құмалағындай ұсақ алмалар сайларды толтырып тастаған, шіріп жатыр. Төменіректе де алма бағы бар екен, қайран жемістерді теріп алып кәдеге асыратын адам жоқ. Обалын-ай деп кетіп едік. Арқадағы ағайынның баласы алманы тек теледидардан көреді, ал мұнда тегін берсең алатын адам жоқ. Тұрысбек Кемелов ұсынған табиғи шырын сығатын жылжымалы цех жобасына құлап түскеніміз де содан шығар. Цех туралы айтар болсақ, ол керек кезде бау ба­сына апарып қойылды. Жиналған жеміс жуу бункерінен өткеннен кейін жоғары көтеріліп майдалап туралып, ленталы преске өткізеді. Престен сығылған шырын фильтрден өтіп, пастерлеу қазан­дығына құйылады. Толған кезде 85 градустық пас­терлеу қазандығына қотарылады. Бұдан соң шыны ыдыстарға құятын станокқа толтырылады. Бұдан әрі қарай арнаулы қораптарға құйылып, пай­далануға беріледі. Арнаулы қораптарғы таза шырын жарамдылығы бір жыл, ашылғаннан кейін үш айға дейін ішуге болады екен. Германиялық жылжымалы цехтың оңтүстікке керек екенін қадап айтып жатқанымыз, облыста кейін­гі жылдары жеміс ағаштарын өсіретін шаруа қожалықтары көбейді. Жеміс-жидек көп болғаннан кейін таңдау бар, адамдар әдемісін, ірісін алғысы келеді. Бірер күн тұрған әрі тасымалдауда соғылып келген жемістердің әр жерінде дақтар пайда болып, сола бастайды. Амал жоқ, күресінге лақтыруға тура келеді. Оңтүстікте Сарам-Өгем табиғи ұлттық паркінде 340 гектар жерде алма, алмұрт сияқты жемістер өседі. Асқақтаған таудың бөктеріндегі парктің қия жолдарына «Джип», «Нива» сияқты көліктер болмаса, қалғаны қауқарсыз. Тұрысбектің есептеуінше, тау жемісі қараусыз қалғандықтан, майдаланып кеткен. Төменге тасымалдау қиын, сапасы төмендейді. 340 гектарда шамамен гектарына 20 тоннадан есептегенде кемінде 6800 тонна жеміс бар. Оны сықсаңыз 4760 мың литр шырын болмақ. Егер литрін 180 теңгеден деп есептесеңіз жыл сайын 856 млн. 800 мың теңгенің жемісі далада босқа шіріп жатар екен. «Біз сол жерге барып жұмыс жүргізуге мүмкін­дігіміз бар. Екінші жағынан, сол жерде тұратын адамдарға да табыс көзі болатын еді», дейді Тұрысбек. Расына келсек, елімізде шырын дайындайтын фирмалардың жетімсіздігін дүкен сөрелерінен де байқауға болады. Негізінен Украина, Ресей, Белоруссия, Молдова, Грузия және т.б. мемлекеттерден келеді. Шырындары табиғи емес, концентраттар қосылған. Яғни, пайдасымен бірге зияны да жетерлік. Көрші Қырғызстан 2013 жылдан бас­тап табиғи шырын өндірісін жолға қоя бастапты. Бүгінде осы іспен алты фирма жұмыс жасап жатыр. Қазақстанға да өнімдерін әкеле бастады. «Bag in Box» қалта қораптарына шырынды ішуге шүмектер қойған. Нәрлі әрі салқын, ыңғайлы. Тұрысбек Кемелов ұсынған жобаның тиімділігін айттық. Жас кәсіпкер осы бағытқа қызығып, жұмыс жасауға талпынып жүргенін айтады. Жинаған қаржысы да бар. Оған мемлекеттік грант қосылса, Германиядан шырын сығатын жылжымалы цехты әкеле алады. Кәсіпкердің талпынысы табиғи эко­логиялық отандық өнім алуға серпінді қадам жасайды. Шағын және орта бизнестің дамуына, тіпті үй іргелік жердегі бау-бақшаның көбеюіне септеседі, жұмыс орындары ашылады. Әне-міне дегенше Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына өтеді. Бәсеке бар жерде «сен өніміңді кіргізбе, өзімдікін сатып алайын» деген болмайды. Бәрі тең жағдайда, өнімнің сапасы жақсы, бағасы арзан, құнды. Жас кәсіпкер Қазақстанда әлі игеріле қоймаған саланың кілтін тапты. Сайрам-Өгем табиғи ұлттық паркі сияқты жемісі жерге төгіліп, ысырап болып жатқан бау алқаптары көп. Миллиондаған теңге табыс әкелетін жемістер шіріп жатыр. Егер Тұрысбек сияқты іскер жігіттер бизнес жобасын іске асыра алса, шырын саласында қа­зақ­стандық өнімнің бәсі биік болар еді. Бұл салада Қырғызстанның қарқыны қатты екенін айттық. Қаржымыз көршінің қалтасына кеткенше өзіміздің экономикамызға жұмыс істегені абзал. Сондықтан, Тұрысбек сияқты жігіттердің қатары көп болғаны елімізге тиімді болар еді. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан». Оңтүстік Қазақстан облысы.