Зайсан ауданы Қарабұлақ ауылындағы Абай атындағы орта мектеп Шығыс Қазақстан облысындағы байырғы оқу орындарының бірі. Мектептің құрылғанына 90 жылдан асып отыр. Осы уақыт аралығында мұнда сан мыңдаған шәкірттер тәрбиеленіп, олар еліміздің дамуына өз үлестерін қосты. Көптеген ғалымдар мен ақын-жазушылар, өнер өкілдері, еңбек пен өндіріс, шаруашылық ұйымдастырушылары, кәсіпкерлер, спортшылар шықты.
Солардың қатарында отандық теледидарда көптеген қызықты бағдарламаларды өмірге әкелген белгілі тележурналист, драматург марқұм Әділбек Тауасаров, елімізге танымал тәуелсіз журналист Ермұрат Бапи, облыста күрестің дамуына көп еңбек сіңірген спорт жаттықтырушылары Жанәділ Атаев пен Еркін Уанбаев, елімізге танымал әншілер Гүлжібек Аязбаева мен Дәлел Уәш, сахна саңылағы Жұмабек Құнанбаев, ауыл өнерінің дамуына үлкен үлес қосып келе жатқан Бағдолда Тұрғанбаев, Өскемен қаласының әкімі Темірбек Қасымжанов және басқалар бар.
Мектепте көптеген білікті ұзтаздар жұмыс істеді. Соның ішінде әдебиет пәнінің мұғалімі, облысқа, ауданға аты белгілі атақты ұстаз марқұм Мәкеш Әукебаев көп еңбекпен мектептегі Абай мұражайын құрып, оны ұлы ақынға қатысты жәдігерлермен, мұрағат құжаттармен жабдықтап, соңында өшпестей із қалдырды.
Бұл мектептің үлгі етуге тұрарлық дәстүрге айналған жақсы бір тәжірибесі – мектеп пен оны бітірген түлектер арасындағы байланыстың орнықты жолға қойылғандығы. Мұнда жыл сайын мектеп бітіргендеріне 20, 30, 40 жыл толған түлектер жиналып, 4-5 күн бойы спорт, өнер додаларын ұйымдастырып, ұшқан ұяларына демеушілік көмектерін көрсетеді. Міне, ширек ғасырға жуық уақыттан бері осы берік дәстүр тұрақты жалғасын тауып келеді. Отанымыздың әр жерінде еңбек етіп жатқан мектеп түлектерінің бір кісідей бас қосып, елге келуі – ауыл халқы, мектеп ұжымы үшін ұлы мереке.
Мектеп күні мерекесі алғаш рет 1991 жылы аталып өтіліп, сол жолғы кездесуге мектепті 20 жыл бұрын бітірген түлектер шақырылған еді. Кездесуге келген түлектер өздерінің ұйымшылдықтары, өмірдегі табыстарымен жас ұрпаққа үлгі-өнеге болып, туған ауылдарының, мектептерінің мәртебесін бір көтеріп тастаған болатын.
Сол сәтті бастама тұрақты жалғасын тапты. Нәтижесінде Мектеп күні мерекесінің маңызы мен қамтитын мәселелері жылдан-жылға жаңа қырынан өріс алып, мектептің материалдық-техникалық базасын нығайтуға көп үлесін тигізіп келеді. Мектеп түлектерінің көмегімен бастауыш сыныптың 5 кабинеті, мектеп асханасы жаңа жиһазбен жабдықталып, теледидар, компьютер, кілем, тоңазытқыш сияқты қажетті заттармен толықтырылды. Кейінгі жылдары жыл сайын бір кабинет мектеп түлектерінің күшімен жабдықталатын болып жүр. Мәселен, былтыр өздерінің 40 жылдық кездесулеріне келген Өскемен қаласының әкімі Темірбек Қасымжанов мектептегі информатика кабинетін компьютерлермен толық жабдықтап берді.
Түлектер қолдауына ие болған мектепте білім беру ісі де жақсы жолға қойылған. Мектеп оқушылары соңғы үш жылда пән олимпиадасы жеңімпаздарының саны жөнінде ауданның отызға жуық мектебінің арасында орта есеппен алғанда 4-ші орынды тұрақты иеленіп келеді. Мәселен, мектеп оқушылары облыстық пән олимпиадасында химиядан III орын, ана тілінен II орын, математикадан II орындар алып аудан намысын қорғады. Ғылыми жоба қорғау сайыстарында үнемі 3-4 оқушы жүлделі орындарға ие болады. Мәселен, облыс көлемінде 4 оқушы II, III орындарға ие болса, республика көлемінде 1 оқушы III орынды жеңіп алды. Облыстық шығармалар сайысында 1 оқушы I орын, 2 оқушы III орынды иеленді.
Пән мұғалімдерінің аудандық сайыстарында химия пәні мұғалімі Мүнира Жақсылықова 2 жылда II, III орындарды жеңіп алып «Жыл мұғалімі-2013» құрметті атағына ие болды. Бастауыш сынып мұғалімдерінің пән олимпиадасында Нәзира Қорабаева ІІ орын, Бақытгүл Байтоқанова ІІІ орын, Шәйза Сағымбаева ІІ орын, физика пәні мұғалімі Гаухар Батталова ІІ орын, облыстық тіл мамандарының сайысында ағылшын тілі пәні мұғалімі Айгүл Адан ІІ орынды, шағын орталық тәрбиешісі Айман Әлімбаева ІІІ орынды жеңіп алды.
2009 жылы Абай орта мектебі облыстық «Ең үздік аула» сайысында II орын алды. 2010 жылы мектеп ұжымы аудан мектептері арасында өткен көркемөнерпаздар сайысында бас жүлдені, 2011 жылы I орынды жеңіп алды.
2010 жылы мектеп жанынан Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған аумағы 1 гектар болатын ботаникалық бақ ұйымдастырылды. Ол баққа Өскемен қаласынан ағаштың 24 түрі әкелініп отырғызылды. Бүгінгі күні бақтың аумағы 1,5 гектарға дейін өсті.
2011 жылы мектеп жанынан аумағы 60 шаршы метр болатын жылыжай салынды. Онда қызанақ, қияр, гүлдердің әртүрі өсірілуде. Жылыжай өнімін оқушылар мектеп асханасында пайдаланады. Сонымен қатар, мектеп жанындағы тәжірибе алаңында түрлі бақша өнімдері оқушылардың күшімен өсіріліп, оның өнімдері мектеп асханасына өткізіледі. Жыл сайын мектептің қосалқы шаруашылығында картоп, орамжапырақ, сәбіз, қызылша өсіріліп, оқушыларды тегін тамақтандыруға жұмсалады.
2012 жылы ауданда көгалдандыру көркейту жұмыстарына арналған обылыстық семинар өтті. Семинарға қатысқан облыс аудандарының білім бөлімдерінің басшылары Абай мектебінің жылыжайын, ботаникалық бағын көріп, тәжірибе алмасты.
2013 жылы Абай орта мектебі аудандық «Ең үздік аула» сайысында бас жүлдені жеңіп алды. 2014 жылы 8-9 сынып оқушылары сыртқы бақылау кезінде 59 пайыз білім сапасын көрсетті. Ал мектеп түлектері ҰБТ-дан 81,7 балл алып, аудан бойынша 4-орынға шықты. 2014 жылы мектепте технология және дене тәрбиесі пәні мұғалімдерінің аудандық семинары өткізілді.
2014 жылы 7 қараша күні мектеп ұжымы мектептің құрылғанына 90 жыл толуын атап өтті. Бұл мерекеге республикамыздың түкпір-түкпірінен осы мектепті бітірген түлектер мен қызмет істеген ұстаздар шақырылды. Мектеп түлектері өз алтын ұяларына музыкалық аппаратура, мұздатқыш, түрлі-түсті принтер, аквариум, көптеген кітаптар, ақын Абайдың бюстін, шахмат, дойбы тақтайшаларын, 20 балаға арналған құны 360000 теңге тұратын күрес формаларын және ақшалай 379000 теңгені тарту етті. Келген қаражатқа ұжым мүшелерінің шешімі бойынша қажетті құрал-жабдықтар алынды.
Биыл Абай атындағы орта мектепте тарих пәні, өзін-өзі тану пәні мұғалімдерінің және Ұлы Абайдың туғанына 170 жыл толуына арналған аудандық семинарлар өткізілді. Ол семинарға қатысқан ауыл округ әкімдері мен мектеп директорлары мұғалімдердің өткізген ашық сабақтарына, тәрбие сағаттарына, дөңгелек үстел басындағы ата-аналармен өткізген сұхбаттарына қатысып жоғары баға берді.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан».
Шығыс Қазақстан облысы.