07 Тамыз, 2015

Үштұғырлы тіл саясатының сара жолы

612 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баев Қазақстан халқы Ассамблеясының XII құрылтайында «Үш тұғырлы тіл» туралы идеяны жалпақ жұртқа жария еткеніне он жылға жуықтады. Мемлекет үшін стратегиялық маңызы зор кез келген мәселені шешуде «жеті өлшеп, бір кесетін», халық даналығын басшылыққа алатын сұңғыла саясаткердің бұл бас­тамасы қоғамда біршама «тербеліс» туғызғаны жасырын емес. Себебі, иде­яны әу баста әркім әрқалай қабыл­дады. Елбасының ешқашан бұрыс шешім қабылдамайтынына иманы кәміл көпшілік игілікті идеяны дереу қолдады. Әйтсе де, ел ішінде үш тұғырлы тіл идеясы мемлекеттік тілдің мәртебесіне кедергісін тигізбей ме деген күмән да болмай қалған жоқ. Сондағы көптің көкейіне қонақтаған күдік те негізсіз емес-ті. Кеңес өкіметі тұсында әупіріммен аман қалып, тә­уел­сіздіктен кейін тұғырына қайта мінген мемлекеттік тілдің болашағы қалай болмақ? Әлемдегі ұлы тілдердің санатындағы орыс, ағылшын тілдерінің көлеңкесінде қалып, отбасы, ошақ қасында ғана қызмет атқаратын тілге айналып қалмай ма? Мемлекет құраушы халықтың тілі жоқтыққа жұтылса, тәу етер тәуелсіздігіміздің тұғырының тай­ғаны емей немене? til Туған тілге жанашырлық танытқан жұртшылықтың осындай күдік-күмәнін халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бос­тандықтарының нышаны әрі кепілі Елбасымыздың: «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді», деген сөзі сейілтіп жібергені әлі есімізде. «Қазақ тілі – біз­дің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз – оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту. Біз ұрпақтарымызға бабаларымыздың сандаған буынының тәжірибесінен өтіп, біздің де үйлесімді үлесімізбен толыға түсетін қазіргі тілді мұраға қалдыруға тиіспіз. Бұл – өзін қадірлейтін әрбір адам дербес шешуге тиіс міндет. Мемлекет өз тарапынан мемлекеттік тілдің позициясын нығайту үшін көп жұмыс атқарып келеді. Қазақ тілін кеңінен қолдану жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды жалғастыру керек. Тіл туралы жауапкершілігі жоғары саясат біздің қоғамымызды одан әрі ұйыстыра түсетін басты фактор болуға тиіс. Біз алдағы уа­қытта да мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды табандылықпен жалғастыра береміз. Кез келген тіл өзге тілмен қа­рым-қатынасқа түскенде ғана өсіп, өркен жаятынын әрдайым есте сақтаған жөн», деген еді Елбасы «Қазақстан-2050: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында. Бұдан шы­ғатын түйін біреу-ақ: қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде ең бірінші орында дамып-өркендей береді. Яғни, мемлекеттік тіл ағылшын мен орыс тілін өзінің көлеңкесінде ұстап, ығына ығыстырып, үш тұғырдың ең үстінде тұрады. Сөзі мен ісі бір жерден табылатын Елбасы мемлекеттік тілдің ең басты жанашыры екенін үнемі дәлелдеп келеді. «Үш тұғырлы тіл» саясаты әлемдегі дамыған өркениетті 30 елдің қатарына қосылуды мақсат еткен егемен еліміздің еңселі ертеңі үшін аса маңызды екені ескеріле отырып, бүгінде үш тілдің ішінде қазақ тіліне айрықша басымдық берілуде. Десек те, үш тұғырлы тіл саясатының сара жолы ұлтымыздың бәсекеге қабілеттілігін үнемі арттырып отыратынын басты назарда ұстаған жөн. Елбасы 2007 жылғы Жолдауында тілдердің үш тұғырлылығы атты мәдени жобаны кезең-кезеңмен іске асыруды ұсынғаны мәлім. Оның басты мұраты – Қазақ­станды бүкіл әлем халқы үш тілді бірдей пайдаланатын жоғары білімді мемлекет ретінде тануы тиіс. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қарым-қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі. Демек, мемлекеттік тілді дамыта отырып, орыс тіліне қолдау көр­сетеміз, ағылшын тілін үйренеміз. Жедел қарқынмен дамып-өзгеріп жатқан бүгінгі заманда, тілдің үштұғырлылығы саясаты жаһандану талаптарына төтеп беруді міндеттейді. Біздің елдегі үш­тұғырлы тіл – Қазақстанның бәсекеге қабілетті мемлекеттер қатарына қо­сы­луының кепілі әрі мүмкіндігі. Қазіргі уақытта «Үш тұғырлы тіл» идеясы еліміздің білім беру жүйесіне зор қарқынмен ене бастады. Өйткені, күн сайын, сағат, сәт сайын өзгеріп отырған заманның талабы осы. Ізгі мақсатты бетке ұстаған игі іске Шымкент қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі де өзіндік үлесін қосуда. Өз қызметі аясында үздік қа­зақ­стандық дәстүрлерді, халықаралық тәжірибені үйлестіретін мектепте жаратылыстану-математика бағытында білім берудің инновациялық, көптілділік жүйесінің моделін әзірлеу мен енгізу арқылы Қазақстанның зияткерлік әлеуе­тін арттыруға ықпал ету миссиясы басшылыққа алынған. Егемен елдің білім беру жүйесін өрге сүйреп, әлем­дік стандарттар деңгейіне жетелеуде көшбасшылық жасап келе жатқан Назарбаев зияткерлік мектептерінде тілдердің үштұғырлылығы саясаты жоғары деңгейде жүзеге асырылуда. «Үш тұғырлы тіл» идеясы бойынша мектебіміздің өзіндік тәжірибесі бар. Мұндағы әрбір оқушы мемлекеттік тілді еркін меңгерген, ресми тілде ауызша және жазбаша еркін қарым-қатынас жасауға қабілетті. Аталған идеяның маңызды құрамдас бөлігі – ағылшын тілін үйрену десек, бүгінде мектеп оқушылары ағылшын тілін еркін игеруге қол жеткізіп отыр. Мектептегі тілдік орта білім алушылардың үш тілге бірдей жүйрік болуын қамтамасыз етуде. Бұл ретте, сөз жоқ, мемлекеттік тіл – қазақ тілі бірінші орында тұрғанын мақтанышпен айта аламыз. Мемлекетіміздің білім жүйесіне жасап жатқан қылаусыз қамқорлығының арқасында көптеген оқушыларымыз уақыт-уақытымен әлемнің бірнеше мемлекеттеріне сапар шегіп жатады. Олардың қай елге бармасын, жаһандық экономикаға кірігу тілі – ағылшын тілінде емін-еркін қарым-қатынас жасауға төселгендігін байқау қиын емес. Бұл деген сөз – «Үш тұғырлы тіл» саясатының мектебімізде жүйелі жүзеге асырылып жатқанын айқын танытса керек. Білімпаз жастарымыз Елбасы сая­сатын барынша қолдайды. Мұның өзі білім беру үдерісінде айқын көрініс тауып отыр. «Біз ел иесі ретінде биік бола біл­сек, өзгелерге сыйлы боламыз», дейді Елбасы. Зияткер ұрпақ – зияткер ұлттың негізі. Ал үкілі үміт артатын жастарымыз ел иесі ретінде мемлекеттік тілді қастер тұтып, ұлтаралық қарым-қатынас тілі ретінде орыс тілін жетік игеріп, ағылшын тілінде ой-пікірін ер­кін өрістете алса, игілікті идеяның орындалғаны. Демек, үш тұғырлы тіл саясаты өз жемісін бере бастады деуге толық негіз бар. Қарлығаш ТАСҚЫНБАЕВА, Шымкент қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің қазақ тілі әдістемелік бірлестігі жетекшісі. Сурет: http://alashainasy.kz/