07 Тамыз, 2015

Жағалауға шығуға мүмкіндік ашылды

326 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Каспий теңізінің Құрық портында паром кешені салынып, құрылысшылар кәсіпкерлер мен кәспорындарға жаға­лауға шығуға мүмкіндік әперді. «ҚТЖ» ҰК» АҚ бұл жобаны биылғы сәуір­де ашқан болатын.

«Таяуда арнайы техникалар саны 200-ге жетеді. Екі ауысымда жұмыс жа­­сауға болады. Биылғы жылғы жос­па­рымызда теміржолдың топырақ төсемін жасап, Құрық селосынан порт­қа дейін оптикалық-талшықты ВЛ-110 кВт электр желілерін тартамыз. Ерсай станса­сынан теміржолдың кірме телімдерін төсейміз», дейді жобаның бас инженері Марат Дүйсенбаев. Бүгінгі таңда теміржолдың портқа кірме телімдері тегістелуде. Мұнда 4 мил­лион текше метр жер қабатын алу қажеттілігі байқалады. Қазірдің өзінде құрылысшылар 1 миллион 150 мың текше метр топырақ шығарып, жұмыстың 30 пайызын орындады. Жердің қатты қабатын жару тәсілдері қолданылуда. Құрық порты Ақтаудан жүз шақы­рым жерде орналасқан. Сондықтан да мұнда Боржақты-Ерсай теміржол желісі төселді. Жаңа теміржол желісімен ал­ғаш­қы жұмысшы пойыздарын Мем­лекет басшысы шілдеде жіберді. Қа­зір бұл жолмен құрылыс заттары, паром кешеніне қажетті ауыр қорапты қаусырмалар, басқа да тауарлар отандық және шетелдік кәсіпорындардың сұра­нысы бойынша жеткізілуде. Таяу арада Ерсай стансасынан Құрық портына 14,7 шақырымдық кірмежолдар салынатын болады. Бұл жұмыстармен қатар теңіз ау­мағының тереңдігін зерттеу жұмыстары да жүргізілуде. Ол жұмыстың аяқта­луы­на байланысты теңіз табанын қазудың әдісі қарастырылады. Сонымен қатар, су айдынын теңіз толқындарынан қор­ғаныш құралдары батыс бөлігінде 1350 метрге, шығысында 540 метрге орнатылады. Құрылысшыларға жұмыс істеп, уақытында тынығуына қолайлы жағдай жасалған. Вагондардың орнына 150 жұмысшы мен 40 инженер техниктерге арналған шағын қалашық салынады. Қазірдің өзінде жайлы жатақхана, әкімшілік корпус, асхана салынуда. Жылына төрт миллион тонна жүк өткізе алатын паром кешені халық тұ­тыну тауарларын, астық, мұнай өнім­дері, сұйытылған газ, тыңайтқыш, басқа да жүктер тасымалдайды. Портты толық қуатында іске қосу үшін 250 адам тұрақты жұмысқа қабылданады.

«Егемен-ақпарат».