07 Тамыз, 2015

Кореялық дәрігерлер Шығыс Қазақстанда 800 адамды қабылдап, тегін қызмет көрсетті

327 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шығыс өңіріне Кореядан білікті дәрігерлер келіп, бір апта ішінде 800-ден астам адамға медициналық қызмет көрсетті. Дәрігерлік қызмет көрсету барысында шығысқазақстандық тұрғындар отбасылық дәрігерлер мен сирек кездесетін білікті мамандардың қабылдауында болды. Айталық, Енсе университетінің «Кангнам Северанс» емханасының айтулы мамандары үш күн бойы тұрғындарды қабылдады. Олар өздерімен бірге УЗИ, ЭКГ, ЭХО және талдау нәтижесін 7 минуттың ішінде шығарып беретін биохимиялық қан талдау аппараттарын алып келіп, көптеген дәрі-дәрмек пен дәрумендерді тегін таратты. Осылайша, екіжақты әріптестік жөніндегі меморандумға сәйкес, оңтүстік кореялық мамандар Өскеменде 150 адамды, Катонқарағай ауданында 200 адамды, ал Үлкен Нарын ауылында 300 адамды тексеруден өткізді. Катонқарағай ауданында кореялық дәрігерлер 5-6 жастағы екі балаға демеушілердің көмегімен өз емханаларында ота жасайтындықтарын жеткізді. Қазіргі кезде балаларды «Кангнам Северанс» емханасына шақыру мәселелері шешіліп жатыр.

001 (5)

Айта кеткен абзал, аталған келісім арқылы халыққа медициналық көмек көрсету шеңберінде екіжақты әріптестік пен тәжірибе алмасу, бірлескен конференциялар, семинарлар өткізу, сарапшылардың кездесуін ұйымдастыру сынды шаралар қарастырылған болатын.

Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан».

Шығыс Қазақстан облысы.