Бүгінде еліміздегі құрылыс көлемі мен қарқыны ерекше өріс алып тұрғаны рас. Тұрғын үйлер, түрлі ғимараттар тез салынып жатыр, ондағы шаршы метрлер қымбат тұрады. Бірақ, тұрғын үйлер мен нысандардағы, түрлі кешендердегі жоғары баға оның сапасына жауап бере ала ма? Қазақстанның құрметті құрылысшысы, Семейдегі коммерциялық емес ұйымдар қауымдастығының вице-президенті Николай Исаев бүгінде бағасы қымбат, сәулеті солғын үйлердің көбейіп бара жатқандығына қынжылады. Жаңа тұрғын үй құрылысы сапасының төмендеуі – біліксіз жұмыс күшін пайдалану және жұмыс өндірісінің технологиясын бұзу салдары. Өз ісін жетік білетін майталман құрылысшылар бүгінде жоқтың қасы болып тұр. Керісінше, ақша табу үшін жалданған адамдардың барлығы құрылысшы болып кеткен. Оның ішінде студент те, мұғалім де, бухгалтер де, басқа мамандық иелері де бар. Ал нақты мамандарға, тіпті, әртүрлі бағыттағы құрылысшыларға зәру екендіктерін құрылыс салушылардың өздері жалықпай айтуда.
Бүкіл өмірін құрылыс саласына арнаған, Шығыс Қазақстандағы небір ғимараттардың, тұрғын үйлердің тұрғызылуына атсалысқан Николай Исаевтың айтуынша, бүгінде елімізде кірпіш қалаушылардың, жобалаушылардың немесе жобалау-техникалық бөлімі инженерлерінің, смета құрушылардың, монтажшылардың және қарапайым жұмысшылардың жетіспеушілігі анық сезіледі екен. Бірақ сырттан келгендер, яғни сырттан шақырылғандар қажетті зәрулікті жойып жатыр, дегенмен, келешекте өзіміздің білікті жұмысшыларымызды дайындауымыз аса қажет, мұндай жұмыстарды аймақтарда бастаған дұрыс. Қазақстанда санитарлық ережелер мен нормалар әлдеқашан қалыптасқан. Мәселен, сауда үйлері кең болуы керек, бірақ бізде сауда үйлерінің іші аядай тар. Сауда үйлерінің есіктері сыртқа қайырыла ашылу керек, өрт қауіпсіздігі үшін. Іште адам толы болса, бір жағдай орын алған кезде барлығы сыртқа шығып үлгерулері қажет.
– Бүгінде бұрынғыдай құрылыс мектебі жоқ, – дейді Николай Исаев, – егер 1960-1980-жылдары қазақстандық құрылысшылардың кәсібилігі жайлы Орталық Ресей, Украина, Прибалтика жақсы хабардар болса, қазірде қазақ жерінде құрылыс саласы жеке үйірмеге айналып кетті. Жаңадан салынған үйлердің қабырғалары тітіреп жатады. Бұндай оқиға бұрын КСРО кезінде болмады. Сол кезде салынған «сталиндік», «хрущевтік» үйлер әлі де жарамды. Мәселен, кезінде Семейде құрылысшылар дайындайтын екі училище болған. Қазір біреуі де қалмады. Онда әрлеуші, тас қалаушы, сылақшы, шатыр салушы, монтаждаушы сияқты толып жатқан мамандықтарға дайындайтын. Әрбір құрылыс тресінде оқу комбинаты болған. Ол жерде әр төрт жыл сайын құрылыс бастығынан бригадирге дейін барлық мамандар қосымша оқып, жаңа дүниені игерумен, өз тәжірибелерімен бөлісумен айналысатын. Қазір мұндай атымен жоқ. Тәуелсіздік алған жиырма жылдан бері жаңадан оқу бітіріп келгендер болмаса, кәсіби деңгейін көтерген ешбір құрылысшы жоқ. Және құрылыс саласында жауапкершілік пен бақылау жоқ. Себебі, құрылыс компанияларының барлығы жекеменшікте. Ал шағын және орта бизнесті бүгінде ешкім де тексеріп жатпайды. Егер инспектор құрылыс нысанындағы техника қауіпсіздігіне орай бір ақауды байқаса, ол өзінің анықтаған кемшілігін дәлелдеу үшін прокуратурадан бастап барлық құзырлы органдарға айлап-жылдап сабылуына тура келеді. Міне, осы кезде құрылыс аяқталып, ол пайдалануға беріліп, тіпті шашу шашылып қояды. Сосын адамдар үйімнің ана жерінен су кетті, мына қабырғасы жарылып тұр деп ренжи бастайды. Шынында да, бұл тіпті күйкі көрініске айналып кетті. «Енді құрылыста сондай бірдемелер болуы керек қой» деп жайбарақат қабылдаймыз. Ал оған кеткен уақыт пен мемлекет қаражатын ешкім есептемейді. Пайдаланылған ұсақ тастардың, құрылыс ерітінділерінің, бетондық қоспалардың, кірпіштердің әрі темірпластиктердің, керамограниттің және басқалардың қажетті, тиісті сертификаттары әрқашан болмайды. Терезе және есік блоктары МЕМСТ талаптарына және бекітілген жобаларға жиі сәйкес келе бермейтіндігі рас. Қарапайым ғана мысал, қазір көп қабатты үйлердің астыңғы бірінші қабатынан дүкен немесе дәріхана ашу сәнге айналды. – Біз соңғы кезде құрылыстың қарқын алғанын қолдаймыз, біздің Семейде барлық құрылысқа қажетті сапалы өнім шығаратын зауыттар жеткілікті, цемент зауыты, силикат дейсіз бе толып жатыр, – дейді Мәдина Асылжанова деген жаңа үйге қоныстанушы, – бірақ, жаңа құрылыстағы тұрғын үйлердің басым бөлігі сапа жағынан өте нашар, әрлеудің сапалары асығыс жасалғандығынан ешбір әсемдікке жатпайды. Көптеген кемшіліктер пәтерлерде, подъездерде және аулаларда жиі кездеседі. Балалар ойнайтын алаңдардың айналасына көліктер топтастырылады. Көгал, ағаш дегенге орын жоқ. Көлік кіру аркалары ойланбай орналастырылған. Мүгедек жандарға арналған пандустар жоқ. Бар болған күннің өзінде мүгедек жан тұрмақ, сау адам тайғанап құлайтындай жайсыз, тым тік жасалған. Балалар алаңшалары кедей, жұтаң. – Бүгінде құрылыс құны өте қымбат, – дейді тәжірибелі құрылысшы Николай Исаев, – содан болар тұрғын үй қымбат. Құрылыс қымбат болуы себебінен кейбір компаниялар құрылысшылар киетін киімдерге дейін үнемдейді. Бірақ, құрылысқа қажетті шикізаттың бәрі елімізде өндіріледі. Құрылысшылар бастарына каска емес, жәй тоқыма бас киім киіп алады. Сосын құрылыс алаңы айналасына қоятын және қазылған жерден абайлап өтуді ескертетін техникалық жабдық, қоршаудың барлығы да ақша жоқ деп қойылмайды. Бұрындары экономикалық сараптама зертханалары жұмыс істейтін еді. Бүгінде ол жоқ. Зертханада еңбек шығыны, материал құны, көлік құны барлығы терең зерттеліп, есепке алынатын. Мәселен, бұрындары «Сельстрой-22» деп аталатын семейлік трест, яғни отандық тұрғын үй құрылыс комбинаттары болған. Онда жиналмалы-құрастырмалы мектептер мен балабақшалар ғимараттарына құрылыс плиталарын шығардық. Бұлай ету тиімді әрі жылдам болды. Бұрынғы Семей облысында 150 колхоз, совхоз болса, оның үшеуінде ғана типтік мектептер болған жоқ. Қалғандарының барлығының ғимараты міне, тәуелсіздік алсақ та әлі қолданыста. Ал бүгінде Қазақстан бір облыста ғана емес, ел бойынша «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасын ұстанған. Әрине, 100 мектептен гөрі көбірек болса өте жақсы ғой, дегенмен, мектептердің басым бөлігін кезінде біз салып кеттік, – дейді Николай Исаев. Соңғы кезде Семейде тұрғын үйдің қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін отандық құрылыс комбинаттары да іске қосылды. Құрылыс саласы мамандарының айтуынша, егер отандық құрылыс комбинаттарын іске қосып, солар арқылы құрылысқа қажетті сапалы отандық құрылыс материалдары шығарылса, бұл да тұрғын үй құрылысын арттыруға мүмкіндік туғызбақ. Құрылыс материалы отандық болса, сөз жоқ, құрылыс сапасына оң әсер етеді. «Қолжетімді баспана-2020» мемлекеттік бағдарламасы қабылданып, бірауыздан мақұлданғаны рас. Оның аясында бұрынғы үй құрылысы комбинаттарының жұмысы қайта жанданып, оған тартылатын кәсіби құрылысшы мамандар қолжетімді баспананың сапасын бақылайтын болмақ. Бұдан басқа, құрылыс компаниялары үшін тиісті талаптар да бекітілді. Ол да бағдарламаның сапалық көрсеткішін нықтай түседі. «Қолжетімді баспананың» арқасында құрылыс материалдарына деген ішкі сұраныстың артуы мүмкін. Қалай дегенде де, баспанасыз жүрген халық көп. Олардың сұранысын қанағаттандыра білу бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Бүгінде осы «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша еліміздің бірқатар аймақтарында талай жандар баспаналы болып үлгерді, салынған ғимараттар сапасымен де, сәулетімен де ұзақ жыл ел игілігіне жарар деп үміттеніміз. – Кез келген елдің экономикалық күш-қуаты мен әлеуметтік тұрақтылығы құрылыс саласының дамуына тікелей байланысты, – дейді осы салаға келген жас құрылысшы Айдар Ұзынбұлақов, – Мемлекет басшысының қолдауымен тәуелсіздік жылдары елімізде құрылыс саласын дамытуға барынша жағдай жасалды. Отандық құрылыс индустриясы қанат жайып, құрылыс материалдарын шығаратын өндіріс орындары көбейіп жатыр. Сондықтан да, мен осы қарапайым мамандықты таңдағаныма еш өкінбеймін. Құрылыс – экономиканың негізгі діңгегі болып келеді. Құрылысты алға жылжытуда құрылысшылар қазіргі заманға сай білікті де білімді, іскер де қабілетті маман ретінде өзгелерге үлгі-өнеге болып, қаламыздың әлеуметтік-экономикалық деңгейінің артуына айтарлықтай еңбек сіңіре берсе деген тілегім бар. Құрылысшылар қарапайым мамандық иесі болғанмен, олардың кәсіпқойлықтары мен шеберліктерінің арқасында жаңа үйлер, мектептер, аурухана, жолдар салынып жатыр. Соңғы жылдары елімізде құрылыс саласы қарқын алып келеді. Оның ішінде біздің аймақта тұрғын үй құрылысы және «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламалары аясында ауқымды тірліктер атқарылды. Соңғы уақытта Семейде бірқатар нысандар бой көтерді. Бүгінде қаладағы бой түзген тұрғын үйлер де, ауруханалар мен білім нысандарында, іске қосылған өндірістерде – бәрі-бәрінде құрылысшылардың жүріп өткен ізі, қолтаңбасы жатыр. Сондықтан, құрылысшы мамандығы құрметке лайық. Тек құрылысшылар біліктілігі жоғары болсын дейік...
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА.
СЕМЕЙ.