07 Тамыз, 2015

Жер теліміне жеңіл көзқарасқа жол жоқ

246 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылорда қалалық прокуратурасы жақында жүргізген зерттеу жұмыстарының қорытындысында жер телімдерін белгілі бір мақсатпен алған кейбір азаматтар арасында өз міндеттемелеріне жеңіл-желпі қарайтындардың жеткілікті екеніне көз жеткізді. Аталмыш рейдке сонымен қатар, облыстық экология департаментінің, облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау және қалалық ішкі істер басқармаларының, қалалық жер қатынастары бөлімінің қызметкерлері де қатысты.

npp-news-1461467197

Прокуратура қызметкерлері алдына қала аумағында кең таралған пайдалы қазбаларды жеке және заңды тұлғалардың өз беттерінше өндіру, жер қойнауын заңсыз пайдалану деректерін анықтау, олардың экологиялық заңнамалар талаптарына жауап берулері жайларын тексеру қойылды. Ал бұған қадағалаушы және уәкілетті мемлекеттік органдар тарапынан бұл бағытта жүргізілген іс-шараларға қарамастан, мұндай фактілердің жиілеп кетуі негізгі себеп болған. Сырттай зерттеу нәтижесінде жеке кәсіпкер Қ.Шалқыбаевтың Ақсуат ауылдық округі аумағындағы өзіндік кәсіпкерлікті жүргізу үшін алған жер учаскесін нысаналы мақсатына пайдаланбай, онда саз карьері мен қыш зауытын ашып алғаны анықталды. Осы тектес дерек Маханбетов ауылында да кездесті. Осында тұратын жеке тұлға М.Көптаев та «Талдыарық» өңірінде өзіндік кәсіпкерлікті дөңгелетіп әкетуге берілген 2 жер учаскесін кірпіш өндіретін алаңға айналдырып жіберген. Кірпіш құйып, күйдіретін тірлікке «Елдос» шаруа қожалығының жетекшісі А.Жүсіпбеков те барған. Ол Ақсуат ауылдық округі, Бесарық өңірінде шаруа қожалығын жүргізбек болып алған жер учаскесін осылай заңсыз пайдаланған. Мұндай өндіріс орындарының қала экологиясына кері әсер ететіні де анық. Бұдан бөлек, жеке тұлға Г.Қырғабақова оңтүстік өндірістік аймағындағы коммерциялық мақсаттағы жер телімін нысаналы тірлігіне сай пайдаланбай, құм-топырақ карьеріне айналдырып алыпты. Ал «Құмкөл» тас жолының оң жақ қапталындағы жер учаскесінен М.Қуанышбаев, «Самара-Шымкент» тас жолы бойындағы көпірдің жанынан А.Тайманов сынды азаматтар пайдалы қазба – құмды заңсыз қазып, оның тиеу жұмыстарына ден қойған. Аталған заңсыз әрекеттерге байланысты заңда белгіленген барлық шараларды көру үшін уәкілетті органдарға прокурорлық ықпал ету актілері енгізілді. Қазір осы тарапта жұмыстар жүргізілуде. «Жалпы, осы тектес зерттеу жұмыстары қалалық прокуратурамен әрі қарай жалғасын тауып жүргізілетін болады», – деді осы орайда облыстық прокуратураның баспасөз хатшысы Ботагөз Сейіл.

Руслан ИГІЛІК. ҚЫЗЫЛОРДА.