Әлемді шулатқан «Талибан» қозғалысын білмейтіндер жоқ шығар. Алдымен кеңес әскері барып біраз делебелерін қоздырып қайтқан соң, олар бүкіл әлемнің тынышын алатын болған. АҚШ бастаған НАТО күштері де оларды құрта алған жоқ.
Міне, сол талибтердің халықаралық күштер Ауғанстаннан кеткен соң, екінші тынысы ашылғандай. Біраз жерде олар ауған елінің ресми билігін мойындамай, бой көтере бастады. Олар соңғы кезде «Ислам мемлекеті» экстремистерімен бірде тату, бірде қату мінез көрсетеді. Түпкі мақсат бір болған соң, күннің-күнінде тіл табысып кетуі де ықтимал. Соңғы кезде сол талибтер дүниесінде айтарлықтай өзгерістер болып жатыр. Олардың көсемі болған молда Омардың қайтыс болып, оның орнына жаңа адамның сайлануы талибтердің арасында дау-дамай, жік туғызды. Сірә, бұл олардың ынтымағын бұзып, күштерін әлсірететін болар. Ең алдымен, молда Омардың беделі күшті болғаны рас. Талибтердің барлығы да оған ант беріп, оның жолын ұстанатын. Оның қазасы туралы әңгіме көптен бері айтылуы, оған нақты жауап берілмеуі де содан. Әйтпесе, қазіргі техниканың заманында оның тірі бейнесін көрсету көп те қиындық тудырмас еді. Енді, оның өлімін жасырын ұстау мүмкін болмай, шындық айтылғаннан кейін талибтер арасында түрлі келіспеушілік, ауытқулар туды. Бүгінге дейін талибтер билігінде екінші адам молда Ахтар Мухаммад Мансұр болғаны белгілі. Ол сонау елде талибтер билік құрған заманда 1996-2001 жылдары Ауғанстан авиация министрі қызметін атқарған және шын мәнінде молда Омардың оң қолы болып жүрген. Талай жылғы қауесет әңгімеден кейін молда Омардың қазасы жарияланған соң, «Талибан» қозғалысының жетекшісі болып таңдалуы да, тағайындалуы да заңдыдай көрінген. Осы жолы ол Пәкістандағы талибтердің орталығы саналатын Кветта қаласында қозғалыстың жоғары дәрежелі басшылары жиналғанда, Шура (Кеңес) оны басшы етіп сайлады. Бұдан кейін ақпарат құралдарында Ахтар Мансұрдың бағдарламалық сөзі жарияланды. Онда да ол бұрынғы жолдарынан қайтпайтынын мәлімдеді. Ресми билікпен ымыраға келу, келісім жасау мәселесіне де тоқтап, оған ешқашан да бармайтындықтарын айтқан. Соған қарап-ақ жұрт Ахтардың молда Омардың жолын қуушы, ортақ таңдалған адам екеніне күмәнданбағандай да еді. Бірақ, көп кешікпей, тіпті тым жылдам десе де болғандай, оған қарсылар шықты. Оны заңсыз, өзіне жақын топтың қолдауымен сайланды дегенді айтады. Қарсылар молда Омар отбасы атынан сөйлейді. Ауған талибтері Жоғары Кеңесінің өкілі және молда Омардың інісі молда Абдул Манан Ниязи Ахтарды кеңеспен келісілмеген дейді. Ал молда Омардың ұлы Якуб та жаңа көсемді талибтердің барлығы қолдай қоймайтынын айтады. Талибтердің кейбір топтары билікті сол Якуб алуға тиіс дейтін көрінеді. Үлкен саясатта талибтерге қарсылар көп. Әсіресе, осы аймақтағы елдер олардың лаңынан, есірткісінен қорқады, жау санайды. Жау ішінде алауыздық болған жақсы дейтініміз және бар. Бүлінген нәрсенің бүліне түскені де қиын-ау, кейде. Талибтердің бір бөлігі енді «Ислам мемлекеті» радикалдарымен бірігеді деген де айтылады. Талай қасіретті бастан кешкен ауған халқын тағы бір сын күтіп тұрғандай.
Мамадияр ЖАҚЫП, журналист.