07 Тамыз, 2015

Мықтылар өз партияларын биікке көтереді

322 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әсіресе, демократиялық елдерде билікке қол жету саяси партиялардың беделіне байланысты. Жеңген партияның өкілі үкіметті басқарса, президенттік билік елдерінде де жеке тұлғалардың жеңіске жетуі оны қолдаған партияларға барып тіреледі.

001 (4)

Оған мысал көп. АҚШ-та да, Ұлыбританияда, Жапонияда, Фран­цияда да солай. Бірде демократтар, бірде консерваторлар, бірде солшылдар, бірде либе­ралдар жеңді деп, жеке тұлға­лардан бұрын оның партиясын айтып жатамыз. Сөйтсе де, сол партия­лардың беделіне бедел қоса­тын, өз партияларын биікке көте­ретін қайраткерлер де бар. Сая­сатшылар, сарапшылар Гер­мания канцлері Ангела Меркельді солардың қатарына қосады. Елдің беделді Emnid әлеу­меттік зерттеу институттың жүр­гізген сауалнамаларына қара­ғанда, егер елде парламент сай­лауы қазір өтетін болса, Хрис­тиан-демократиялық одақ және Христиан-әлеуметтік одақ партия­ларының блогы сай­лаушылардың 43 пайыз дауысына ие болғандай екен. Бұл он жылдан бергі ең жоғары танымалдық рейтинг. Мұндай нәтижемен бұл блок басқа партиялармен коалиция құрмай-ақ өздігінен үкімет жасақтауға мүмкіндік ала алар еді. Сарапшылар мұндай жоғары рейтингті блок лидері канцлер Ангела Меркельдің беделімен байланыстырады. Үлкен саясатқа араласқалы бергі 15 жылда ол тек жоғары өрлеумен келеді. 2000 жылы Христиан-демократиялық одақ партиясына жетекші болып сайланды да, бірден әлеуметтік мәселелерді күн тәртібіне шығарды. Өздерінің саяси рухымен үндес бавариялық Христиан-әлеуметтік одақпен блокқа біріккен соң, христиан-демократтар немістер арасында беделді сая­си күшке айналды. Оның ақыры блок жетекшісі Ангела Меркельдің 2005 жылы ел канцлері бо­лып сайлануына жеткізді. Бұл жеңістің тағы бір ерекшелігі – Меркель ел тарихында алғашқы әйел канцлер. Алғашында біреулерге оның жеңісі әйел азаматшаға жасалған құрметтей ғана көрінген. Міне, 10 жылдан бері осынау қайраткер әлемнің бір ұлы державасының тізгінін мықтап ұстап, жеңіс жолымен жүргізіп келеді. Оның қайраткерлігін жұрт бір елмен ғана шектемейді, Еуропадай құрлықтың, бүкіл әлемнің тағдырымен байланыстырады. Алысқа бармай-ақ, оның Украинаға байланысты мәселедегі бастамашылығы, өткір проблеманы келісім жолымен шешуге күш салуы неге тұрады! Әйтпесе, Иранның ядролық бағдарламасына байланысты ұзаққа созылған келіссөздің нәтижелі аяқталуына да оның қосқан үлесі зор. Оның қатарынан талай жылдан бері әлемдегі ең ықпалды әйел қай­раткер аталуында да біраз сыр жатыр. Әрине, мұндай беделді, үлкен танымалдық биікке көтерілген қайраткер елге, қоғамға керек. Немістер, сірә, оны әлі де билікте қалдыруды, оған ел тағдырын жүктеуді ойластыратындай. «Шпигель» журналы канцлердің алдағы сайлауға қатысу мүмкіндігін жазыпты. Блок басшылығы одан соны талап етсе керек. Меркель көнер. Олар жауапкершілікті парыз санайтындар қауымынан. Сайлауға тағы түсіп, тағы жеңіске жетіп жатар болса, бұл оның төртінші жеңісі болар еді. Сөйтсе де, оның жолы теп-тегіс, жайлы дей алмас ең. Іште де, сыртта да шалыс басар қадамыңды аңдиды. Мүлт кеткенін көрсе, шулап қоя береді. Бірақ, алысқа бағыт ұстаған алып кемедей, ол азын-аулақ айқай-шуға аялдамай, алға кетіп барады.