07 Тамыз, 2015

Өнер ұлы болмай, ұлт ұлы болмайды

446 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Қоғам және кез келген сала мәдениетпен сабақтасып жатады. Яғни, адамзат өмірінде мәдениет саласының орны ерекше. Содан болар әр ел, әр өңір көбіне әлемге мәдениеті мен өнері арқылы танылады. «Өнер ұлы болмай, ұлт ұлы болмайды» деген осы, міне! Ендеше, мәдениет пен өнер саласының аймақтағы тыныс-тіршілігі қандай? Біздің Жамбыл облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсеналы БЫҚЫБАЕВПЕН әңгімеміз осы төңіректе өрбіді. 001 (17) – Мәдениет – адамзаттың рухани-эстети­калық өрістеуіне үздіксіз қызмет етеді, – деп бастады әңгімесін Дүйсеналы Бықыбаев. – Жасыратыны жоқ, мәдениет пен өнер табыс­ты сала болмағандықтан қашанда биліктің, басшылықтың қамқорлығынсыз тиісті нәтижелерге қол жеткізе алмайтыны белгілі. Осыған орай біздің аймақта бұл сала жан-жақты қолдау тауып отыр. Жұмыстың алға басуы бір тараптан қаржыға келіп тірелетін болса, Жамбыл облысында бұл салаға бөлінетін қаржы жылдан-жылға өсу үстінде. Өткен жылы мәдениет саласын дамытуға жергілікті бюджеттен 3 млрд. 220 млн. 900 мың теңге қаралса, биыл оның көлемі 5 млрд. 250,8 млн. теңгені құрады. Соның арқасында облыстағы мәдениет ошақтарының жағдайы айтарлықтай жақсарды. «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша соңғы 4 жылда 1 млрд. 765,7 млн. теңге бөлініп, 110 ны­санда күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Шынын айту керек, мұндай ауқымды іс бұған дейін болған емес. Есігі жабылып қалған клуб, кітапхана, мәдениет үйлеріне жан кіргізіп, қайта түлетті. – ЮНЕСКО-ның «Бүкіләлемдік Мәдени мұра» тізбесіне енгізілген 33 элементтің қата­­­рына Қазақстаннан Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан 8 нысан қосылғанын білеміз... – Сол сегіз нысанның бесеуі біздің облыстың үлесінде. Олар Ақтөбе (Баласағұн), Өрнек, Құлан, Қостөбе қалашықтары және Ақыртас кешені. Енді аталған тізбеге бүгінде қазба жұмыстары жүргізіліп жатқан «Ежелгі Тараз» қалашығын ұсынуға құжаттар ресімделуде. Ғылыми-зерттеу жұмыстары барысында Тараз қаласы мен 10 ауданның «Тарих және мәдениет ескерткіштерінің жинағы» жарық көрді. Тараз топырағы ежелден тарихқа тұнған өлке. Тасын түртсең тарихы төгіліп түсетін Тараз дүниежүзіне белгілі. Ал бес ескерткіштің ЮНЕСКО тізіміне алынуы үлкен оқиға. Осы тарапта, Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан республикалық маңыздағы бірқатар тарихи ескерткіштерге реставрациялау және консервациялау жұмыстарына қаржы бөлінуде. – Жалпы, мәдениет мекемелерінің кәсіби дамуы мен халыққа қызмет көрсету барысы, оның ішінде театрлардың, театрға келетін көрермендердің деңгейі қандай? – Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың мәде­ниетке, өнерге қамқорлығы өнер ұжымдары мен жекелеген өнерпаздарға үлкен шығармашылық серпін бергені анық. Соңғы кездердегі түрлі мәдениет, өнер мекемелеріндегі қол жеткен шығармашылық жетістіктер соның бірден-бір айғағы. Биыл облыстық қазақ драма театрында бірнеше күрделі шығармалар сахналанды. Әлем мойындаған ұлы драматург У.Шекспирдің «Отелло» трагедиясынан бастап, қазақтың классик жазушысы М.Әуезовтің «Еңлік-Кебегі», бүгінде өзге елдерді, оның ішінде Еуропаның театрларын мойындата бастаған Д.Исабеков сияқты драматургтеріміздің шығармалары өте сәтті қойылды. Қазір көп жылдардан бері жөндеуден өтпеген облыстық қазақ драма театрында күрделі жөндеу жұмысы жүргізілу үстінде. Мұндай жұмыс соңғы 20 жыл шамасында алғаш рет жасалып отыр. Бүгінде, облысымыздағы өнердің қара шаңырағы атанған ата театр аудандардағы халық театрларын қолдау мақсатында облыстық «Театр KZ» фестивалін өткізуге атсалысып келеді. Сондай-ақ, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жерлесіміз Тұңғышбай Жаманқұловқа арналған «Тұңғышбай Әл-Тарази Таразға шақырады!» атты актер өнеріне арналған театр фестивалі де жоғары дәрежеде ұйымдастырылып жүр. Ол алғашқы жылы республикалық деңгейде өтсе, өткен жылы халықаралық дәрежеде ұйымдастырылды. Сонымен қатар, Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында облыс аудандарында, Алматы қаласында, Қызылорда, Маңғыстау облыстарында Жамбыл облыстық филармониясының ұжымы «Таразым – алтын бесігім!» атты концерттік бағдарламасымен гастрольдік концерттер ұйымдастырды. Сондай-ақ, халықаралық «Қаратау сарыны» атты дәстүрлі музыка фестивалі жылма-жыл ұйымдастырылып келеді. – Қазақ хандығы осыдан 550 жыл бұрын Шу өңірінде құрылғандығын тарихшылар дәлелдеп берді. Ал, мерейтой сол тарихи аймақта емес, Тараз қаласында өтетін болып шешілді... – Рас, шын мәнінде Қазақ хандығының туы Шу өңіріндегі Қозыбасы жерінде көтерілді. Бұның өзі қазақ халқының тарихы сол кезден басталады деген сөз емес. Біздің этнос ретін­де­гі, ұлт ретіндегі тарихымыз тым алыстан бас­тау алады. Ол М.Х.Дулатидің «Тарихи Раши­ди» атты еңбегінде, Жүсіп Баласағұнның «Құт­ты білік» атты дүниелерінде айтылады. Сондай-ақ, батыс, шығыс тарихшыларының еңбектерінде де көптеп кездеседі. Ал, тойдың Тараз қаласында өтуіне келсек, Тараз тарихи қала ретінде көптеген елдерге белгілі. Дүние­нің төрт бұрышынан Таразды көрсек деп жүрген­дер жетерлік. Тағы бір маңызы – той бір-екі күнде дуылдап өте шығады. Оның тарихта қалар орны, сипаты, ізі болу керек. Жоғарыда айтқан­дай қалада бірнеше нысан бой көтермек. Атап айтсақ, «Ежелгі Тараз» музейі, ашық аспан асты мұражайы, «Қазақ хандығы» монументі, Қор­ған дуалдар, Шығыс-Батыс қақпасы, Достық үйі секілді жаңа нысандар республикадан қара­жат бөлініп, соғылып жатыр. Сонымен бірге, бір­неше нысанға облыстық бюджеттен қаржы бөлі­ніп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 001 (15) – Кітап – талай буын ұрпақты тәрбиелейтін құрал. Ғасырлардан ғасырларға сарқылмай келе жатқан құндылықтарымыздың бірі де осы кітап. Облысымызда кітапхана саласының негізгі көрсеткіштері қандай?   – Мәдени, рухани, ақпараттық білім беру орталығы болып саналатын кітапхана заман талабына сай қызмет көрсетуге тиіс. Кітапсүйер қауымға белгілісі, бүгінде қала кітапханалары бұл талаптың барлық деңгейінде қызмет көрсетуге қол жеткізген. Ал бүгінгі жұмыс, ауыл-аудандардағы кітапханалардың жұмысын осы талапқа негіздеу. Осы мақсатта, Талас ауданында Ақкөл, Жамбыл ауданында Айша-бибі, Сарысу ауданында Саудакент, Т.Рысқұлов ауда­нында Қарақыстақ ауылдық кітапханалары үлгілі (модельдік) кітапхана атағына ие болып, ауыл тұрғындарына заманауи талаптарға сәйкес қызмет көрсетуде. Осы жылдың өзінде, облысымызда 147 миллион 884 мың теңгеге кітап қоры толықтырылды. Оқырманды әлем әдебиеті, қазақ қаламгерлері шығармаларымен үнемі табыстырып отырумен қатар, өз өңірімізде тұрып жатқан ақын-жазушыларымыздың да туындылары әр кез назарда. Оларға қолдау көрсету мақсатында Шоқан Уәлиханов атындағы облыс­тық әмбебап-ғылыми кітапханасына облыстық бюджеттен бөлінген қаржы есебінен 24 304 800 теңгеге 7570 дана кітап сатып алынды. – Өткен күннің бәрі тарих. Тарихты білу керек. Кешегі өткен тарихымызды болашақ ұрпаққа қаз-қалпында жеткізетін мұрағаттың қызметі қалай? – Жамбыл облысының өткен тарихы жөніндегі сан мыңдаған деректер мен нақты құжаттар облысымыздағы мемлекеттік мұрағаттарда сақталатыны белгілі. Мұндағы мол тарихи құжаттар қоры өлкеміздің шежіресі мен алтын қоры. Әрине, қарапайым халық өзге мәдениет қызметкерлері сияқты елдің алдында жүрмеген соң бұл мекеменің қызметін аса біле бермеуі мүмкін. Алайда, кез келген мемлекет үшін мұрағат мекемелерінің орны ерекше. Ағымдағы жылы облыстық мұрағат мекемелерінде 886 мекеме толықтыру көздері болып тіркеліп, 4982 қорда 854986 сақтау бірлігі жинақталды. Мұрағат құжаттары негізінде 2014 жылы әлеуметтік-құқықтық сипаттағы сұраныстар бойынша 15241 мұрағаттық анықтама берілді және электрондық 100 сұраныс қанағаттандырылды. Барлық мұрағат мекемелері бойынша 23355 сақтау бірлігінің 1436456 парағы санды-электрондық түрге кө­ші­рілді. Облыстық мұрағаттарда ақын, жазу­шылар, ғалымдар, ғылым докторлары, Кеңес Ода­­ғының Батырлары мен мәдениет қай­рат­­керлерінің 2546 жеке тектік құжаттары сақтаулы. Мәдениет мекемелерінің жұмысын алдағы уақытта қалай жандандыруымыз керек, бүгінгі өскелең ұрпақты бабалар дәстүрінде тәрбиеленуіне қалай жол ашамыз деген бағытта мәдениет және өнер жанашырларымен кездесу өткізіліп, ұсыныс пікірлері тыңдалып, құрамында әр сала өкілдерін қамтитын қоғамдық кеңес құрылды. «Келісіп пішкен тон келте болмайды» деген аталы сөзге жүгініп, кеңес мүшелерінің облысымыздың мәдениетін өркендету мақсатында алдағы уақытта ақындар, жыршы-термеші, қолөнершілер, суретшілер, дәстүрлі әншілер мектептерін ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл бағытта ұйымдастырылатын жұмыстарға облыстық халық шығармашылығы орталығы мекемесі ұйытқы болады. Ол үшін қазір бұл мекемеде барлық жағдай жасалған. Жылжымалы LED экран, сахна, музыкалық қондырғы, автокөлік, музыка жазу студиясы алып берілді. Сонымен қатар, аудандардың материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін жыл ішінде өткізілген шаралардың қорытындысымен бірқатар мекемелер, аудандар 10 млн. теңгенің материалдық заттарымен марапатталды. Биыл 20 млн. теңгеге әртүрлі жабдықтар әперілетін болады. Осындай игі істеріміз өз нәтижесін беруде. 001 (18) – Әулиеата өңірінің музейлері де жәдігер­лерге бай болар, сірә... – Облыс көлемінде 7 музей халыққа қызмет көрсетеді. Облыс музейлері қорындағы 93 мыңнан аса экспонаттарды жыл басынан бері 7 мыңнан аса келушілер тамашалап, барлығы 563 экскурсия, 166 лекция, түрлі тақырыптарда 132 көрме ұйымдастырылды. Астана қаласында өткен қолөнер шеберлерінің көрмесіне, сондай-ақ қазіргі заман өнер музейінде Л. Брюммердің 125 жыл мерейтойына орай музей қорындағы туын­дыларынан экспозиция, Бейбітшілік және келісім сарайында музей жәдігерлерінен театрлан­дырылған көрме ұйымдастырылды. Жамбыл облысының 75 жылдық мерейтойына орай «Тараз-ғасырлар куәсі» атты тарихи көрме және «Суреттер сыр шертеді» атты фотокөрме көпшілік наза­рына ұсынылды. Аталған көрме биыл жалға­сын табуда. Облыстық музейдің көрме залында Тараз қалалық суретшілерінің «Жамбы­лым қандай тамаша» атты ретро көрмесі ұйымдастырылды. Облыстық тарихи-өлкетану музейі келесі жылы 85 жылдық мерейтойын атап өтпек. Ме­рейтой аясында музей тарихы жөнінде деректі фильм түсіріліп, кітап шығарылып, мерекелік ша­раны салтанатты түрде атап өту жоспарлануда. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен  Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». ТАРАЗ.