Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Отан қорғаушы» монументіне гүл шоғын қою рәсіміне қатысты. Мерейтойлық шараға 10 мыңға тарта адам қатысты. Олардың арасында елордалық және өңірлерден келген Ұлы Отан соғысының ардагерлері, Парламент депутаттары, мемлекет қайраткерлері, қала қонақтары мен тұрғындары болды.
Мерекелік рәсім барысында, ең алдымен, Ұлы Отан соғысы кезінде ұрыс даласында қаза тапқан сардарлар мен сарбаздарды бір минуттық үнсіздікпен еске алу шарасы өтті.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы монументке гүл қойып, соғыс және еңбек ардагерлерімен әңгімелесті. Ерліктің ерен үлгісін көрсеткен барша қазақстандықты Жеңіс күнімен құттықтады. «Бұл соғысқа көп ел қатысты, миллиондаған адам майдан даласында қаза тапты және соншасы жарақат алды, жақындары жапа шекті. Біз – жеңімпаз әкелердің бақытты ұрпағымыз. Егер, олар жеңіске жетпегенде, қазір біздің жағдайымыз қандай боларын елестетудің өзі қиын. Қазақстан бүгінгідей болар ма еді, болмас па еді? Мынау аспанымыз осындай ашық болар ма еді? Мынау жастарымыз жарқырап күлер ме еді, күлмес пе еді? Мұның барлығы осы ардагерлеріміздің жеңісі. Демек, майдангерлерді әр уақытта да құрметтеп жүру керек. Ардагерлеріміз мерекеде ғана емес, күнделікті өмірде де барлық құрметке лайық. Мен жастардың оларға әрдайым көмектескенін, қарт ата-аналарын құрметтегенін қалаймын, біздің халық солай болуға тиіс. Себебі, ертең сен де қартаясың, сонда балаларың сені де дәл солай сыйлайтын болады. Осыны ұмытпаса екен деймін. Ардагерлер арамызда аман-есен ұзақ жүріп, адамгершілік, моральдық ұстанымдарымен жас буынға үлгі бола берсін», – деді Елбасы.
Осылай дей келе, Мемлекет басшысы барша қазақстандықты Жеңістің 70 жылдық мерейтойымен құттықтап, зор денсаулық тіледі. «Мерекелеріңізбен, қымбатты қазақстандықтар! Әрбір отбасына бақыт, табыс және ашық аспан тілеймін!» – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Бұл күні «Отан қорғаушы» монументі алаңына жиналған қарт ардагерлердің жүздерінен жылылық есіп тұрғандай болды. Олардың әрқайсысы өздерінің сұрапыл соғыс жылдарымен тұспа-тұс келген жастық шақтарын тағы бір рет еске алғандай көрінді. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданынан келген Әбілкәрім Темірханов соғысқа 1941 жылы 10-сыныпты аяқтаған жылы барыпты.
«21 маусым күні қолымызға аттестат алдық, ал 22 маусым күні соғыс басталды. Артынша, біз де Отанымызды қорғауға аттандық. Соғысты Мәскеу түбінен бастадық. Ал 9 мамырды Австрияда қарсы алдық», – деді ол. Нұрмұханбет Ақшалов есімді қария әскер қатарына 1941 жылдың желтоқсан айында шақырылған екен.
«Мен ол кезде небары 18 жаста едім. Біз сұрапыл соғыс жылдары Бауыржанның дивизиясының құрамында болдық. Еліміздің батыры кейін бізді 28 панфиловшылар дивизиясына қосты. Сол тұста, Мәскеуде дұшпанның бетін қайтарып жүргенде жараланып, 1943 жылдың 4 қаңтарында госпитальға түстім. 1944 жылдың 26 тамызында үйге оралдым. Елге келгеннен кейін ауылда еңбек етіп, соғыста қалған жолдастарымызға көмегімізді көрсеттік», – дейді Н. Ақшалов бізбен әңгімесінде.
Бүгінде жасы 93-ке жақындап қалса да, мерекелік шараға келген соғыс ардагері Тұрабай Ережепов бізге тың болып көрінді. Ол 1923 жылы Омбы қаласында туған екен. Әскер қатарына 1941 жылдың желтоқсан айында алыныпты.
«Содан 1945 жылға дейін қан майданның бел ортасында жүрдік. Зұлмат жылдары 2 рет жараландым. Алайда, еліме аман-есен оралып, бүгін, міне, Жеңістің 70 жылдық мерейтойына куә болып отырмын. Мен 7 ұл, 2 қыз өсіріп, олардан 28 немере, 27 шөбере сүйдім. Балаларымның барлығы, Құдайға шүкір, еліне хал-қадерінше еңбек етіп келеді», – деді өз сөзінде ақсақал.
Жалпы, бүгінде елордада Ұлы Отан соғысының 206 ардагері тұрады екен. Олардың барлығына Жеңіс күні қарсаңында 1 миллион 100 мың теңге көлемінде бір реттік көмек көрсетіліп, пәтерлеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Иә, бүгінде елімізде ардақты ардагерлеріміз жан-жақты әспеттеліп жатыр. Өте орынды үрдіс. Өйткені, олар қандай құрметке де лайық.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.
«Егемен Қазақстан».