Жастық жігер
Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтында Қазақстан студенттері Альянсының жастар форумы өтті. Жастар елдің біріктіруші күші, ешқашан сарқылмайтын қуат көзі ХХІ ғасырдағы Қазақстан мемлекетінің мызғымас идеяларының тұғыры. Форумға қатысушылар жастардың патриоттық белсенділігінің жоғарылауы, Отанға, елге, жерге деген сүйіспеншілігінің нығаюы Қазақстанның алға қарай қарыштап дамуының алғышарты болып табылатынын айтты. Форумда белсенді жастар сөз алды. Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты қазақ және орыс филологиясы факультеті жастар ісі жөніндегі комитетінің төрайымы Әсел Ғазез жастар үшін жаңа мемлекеттік бағдарламалардың маңызы зор екенін еске салды. Жастарды «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына қатысуға шақырды. Өзі де білім ордасын бітірген соң ауылға баратындығын мәлімдеді. Мінберге Қазақстан халқы Қостанай мемлекеттік педагогика институты студенттер ассамблеясының төрағасы Дәмер Батырғожин көтерілді. – Әр елдің өз тарихы, дәстүрі бар. Біздің елімізде ұлттар достығының керемет үлгісі – Қазақстан халқы Ассамблеясы өмір сүріп келеді. Оның құрылғанына 20 жыл болды. Біздің әкелеріміз көптеген қиындықты бірге көрді, бірге жеңді. Біз, жастар, әкелер дәстүрін жалғастыруымыз керек. Жұдырықтай жұмылған бірлік, келісім, тұрақтылық қана тастүйін болашағымыздың кепілі! – деді. Ол «Біз еліміздің патриотымыз!» деп дауыстаған жастар еліміздегі басты саяси оқиға – сайлауға бір кісідей баратындығын мәлімдеді. Мұнан кейін облыс орталығындағы З.Алдамжар атындағы әлеуметтік-техникалық университет студенттері де білім ордасы алдында флэш-моб түзді. Қолдарына көк Туымыздың белгісіндей жалауша ұстаған жастар «Алға, Қазақстан!» деп дауыстады. Флэш-мобтың ерекшелігі, оған қатысқан студенттердің барлығы дерлік сайлауға биыл бірінші рет қатысқалы отыр. – Мемлекет басшысын сайлау – елдің болашағы үшін әркімді толғандыратын саяси науқан. Ал елдің бірлігін, экономиканың ырғақты дамуын, әлеуметтік бақуат тірлігімізді кім қаламайды дейсіз? Қазір әлемде болып жатқан келеңсіз көріністерді көріп отырған үлкен де, кіші де елдің тілегін тілейді. Сондықтан 26 сәуір күні өтетін президенттік сайлауға біз алғаш рет қатысатынымызды қуанышпен айта отырып, барлық қазақстандықтарды сайлауға белсенділікпен келуге шақырамыз, – деді университеттің құқықтану факультетінің 2-курс студенті Айдана Жақаева. Флэш-мобта музыка ырғағымен би қимылдарын жасай тұрып, жастар сайлауға келетіндіктерін білдірді. Олар Президенттік сайлаудың өте маңызды саяси науқан екеніне жұртшылықтың назарын осылай аударды. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». ҚОСТАНАЙ.Студенттер сайлауда белсенділік танытады
Алдағы сайлауға қатысты әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың экономика және бизнес жоғары мектебінің мәжіліс залында «Президент сайлауы жаһандық сын-қатерлерге берілген тиімді жауап ретінде» атты дөңгелек үстел өтті. Жиынға университет басшылығы, саясаткерлер конгресінің мүшелері, әкімшілік құқық кафедрасының профессорлары қатысты. Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесінде ұсынылған кезектен тыс Президент сайлауы бүгінгінің басты жаңалығына айналғаны рас. Өйткені, президент қызметі – жария қызмет, үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бір ұлттың тағдыры, яки болашағы басшының сол елге жасаған қызметінен, игілікті ісінен көрінері хақ. Осы орайда, заң ғылымдарының докторы, «Құқықтық тәрбие» орталығының директоры Арықбай Ағыбаев: «Бүгінгінің күн тәртібінде тұрған бірінші мәселе «тіл» мәселесі. Президент үлкен лауазымды тұлға болғандықтан, одан мемлекеттік тілді талап етеміз. Ал Парламент депутаттары мен әкімдерден мұны неге талап етпейміз? Мемлекеттік қызметтегі адам мемлекеттік тілді жетік білетін болса, ұлттың болашағы зор, келешегі кемел болады. Орталық сайлау комиссиясы сайлаудың қалай және қай күні өтетін мерзімін тізбектеп жариялады. Конституциямызда Президент болуға әркімнің өзін ұсынуға дейін құқығы бар екендігі айтылады. Ендеше, халқымыздың өркендеп өсу жолында аянбай тер төгетін абзал жанның саясатын қолдайық, дауыс берейік», деді. Ал философия ғылымдарының докторы, дінтану және мәдениеттану кафедрасының профессоры Тұрсын Хафизұлы «Сайлау негізінен батыс өркениетіне тән. Олардың түсінігіндегі демократиямен және саяси таңдаумен біз шара жүргізуіміз керек. Шын мәнінде, сайлаудың да мақсаты өз халқына, өз адамдарына еркін таңдау жағдайын туғызып, адамдық ынтымақтастықты арттыру көзі болып табылады. Біздің елдегі сайлаудың кеңейтілген тәртібі осылай қалыптасқан», деп өз пікірін ортаға салды. Жастардың атынан сөз сөйлеген ҚазҰУ-дың Жастар ұйымдары комитетінің жетекшісі Нұрлан Әбдіқадыров ҚазҰУ жастары кезектен тыс президенттік сайлауды толығымен қолдайды, дей келе университеттің студенттері бір кісідей сайлауға қатысып, өзіндік үлесін қосуға ниетті екендігін жеткізді. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.Ұлттық ядролық орталықтағы жиын
Еліміздің ұлттық ядролық орталығының ұжымы алдағы кезектен тыс президенттік сайлауға бір кісідей қатысатындықтарын жеткізді. Жалпы, Ұлттық ядролық орталығы ұжымының саяси белсенділігі жоғары. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ағымдағы жылдың 27 ақпанында президенттік сайлауды өткізу туралы Жарлыққа қол қойғанда да курчатовтық ғалымдар аталған шешімді өздерінің қызу қолдайтындықтарын білдірген еді. Бұл жолғы жиынға кәсіпорынның 200-ден астам қызметкері қатысты. Ұлттық ядролық орталықтың бас директорының міндетін атқарушы Сергей Березин, Курчатов қалалық аумақтық комиссиясының төрағасы Самат Смағұлов, «Нұр Отан» партиясы Курчатов қаласы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Любовь Киселева, Экология және радиациялық қауіпсіздік институтының ғылыми хатшысы Нүрия Қадырова съезд қорытындылары мен Елбасы тапсырмаларын жүзеге асыру және сайлаудың әділ әрі ашық өтуіне атсалысу қажеттігі жөнінде әңгімеледі. Жиында алғашқы кезекте электоралдық науқан кезеңдері талқыланып, учаскелік және аумақтық сайлау комиссиялары туралы мәселелер қаралды. Курчатов қаласы бойынша 1 аумақтық және 4 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Онда кезектен тыс сайлауға дайындық жұмыстары басталып та кетті. Сайлау учаскелерінің шекаралары анықталып, қаладағы дауыс берушілерді хабардар ету үшін мерзімді баспасөзге жарияланды. Кездесуге қатысушылар комиссияның жұмыс кестесі, бекітілген талон бойынша және үйде дауыс беру мүмкіндіктерін сұрады. Сондай-ақ, Ұлттық ядролық орталық қызметкерлері барша отандастарымызды алдағы 26 сәуір күніне тағайындалған кезектен тыс президенттік сайлауға бір кісідей қатысуға шақырды. «Қазақстанның осынау тарихи маңызды кезеңінде еліміздің әр азаматы кезектен тыс өткізілетін президенттік сайлауға дауыс беруге қатысуы тиіс», делінген еңбек ұжымы қабылдаған үндеуде. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». Шығыс Қазақстан облысы, Курчатов қаласы.Тағдыр ортақ, мүмкіндіктеріміз тең
Сәрсенбі күні Алматыда Үкіметтік емес ұйымдар көшбасшыларының кездесуі болып өтті. Жалпықалалық конференция барысында Елбасының «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауының жүзеге асырылуында азаматтық сектор не атқарып отыр деген сауал төңірегінде әңгіме өрбіп, алда келе жатқан Президент сайлауына қатысты ұстанымдар ортаға салынды. Конференцияда «Шырақ» ҚҚ төрайымы Ләззат Қалтаева, «Намыс» ҚҚ төрағасы Қайрат Иманалиев, Алматы қалалық мүгедектер қоғамы басқармасының төрағасы Әли Аманбаев пен өзге де ардагерлер, қоғамдық және Үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері сөз алып, көзқарастарын білдірді. Сол сияқты «Халықаралық құқық қорғау орталығы» ҚҚ төрағасы Жанділда Жақыпов: – Біздер, ҮЕҰ көшбасшылары конференциясы, қазіргі тағдыршешті тарихи кезеңнің маңыздылығын түсіне отырып, барлық қазақстандықтарды 2015 жылдың 26 сәуірінде өтетін Қазақстан Республикасының Президенті сайлауына дауыс беруге шақырамыз. Бүгінгі Қазақстан – тең құқықты, бірдей мүмкіндіктерді, конфессияаралық және этносаралық келісімді, қоғамдық үдерістер мен экономиканы жаңғырту жолын таңдаған ел. Біздер кезектен тыс сайлау өткізу шешімін қазіргі аласапыран, аумалы-төкпелі кезеңдерде сыртқы қауіптен сақтанудың бірден-бір жолы ретінде қарастырып, түсіністікпен қабылдаймыз. Біздің әрқайсымыз діни сенімімізге, ұлтымызға қарамастан, ешқандай алалаусыз жақсы білім алуға, медициналық қамқорлыққа, мансап қууға, тұлға ретінде қалыптасуға құқылымыз. Азаматтық қоғам да жоғары мақсаттар, бақуаттылық пен елдің көркеюі жолында жұмыла алады, – деді. Маңызды мәжілісте ҮЕҰ жетекшілері кезектен тыс Президент сайлауын қолдайтындықтарын білдіріп, өз пікірлерін дәйектеді. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.