19 Ақпан, 2015

Қатонның балы Миланның көрмесіне барады

372 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

19-02-15-med_katon-1

АСТАНА. 19 ақпан. Шығыс Қазақстан облысы Қатон-Қарағай ауданының экологиялық жағынан таза биорезерват өнімі биылғы 1 мамырда Италияның Милан қаласында басталатын Бүкіләлемдік «EXPO-2015» көрмесіне қойылады. Бұл туралы Altaynews.kz хабарлады. Көрменің өзі «Планетаны асырау. Өмірге керекті қуат» деген айдармен өтеді. Қатон-Қарағай ұлттық паркі ЮНЕСКО-ның биосфера резерваты халықаралық статусын алғаннан бері ол дамудың жаңа мүмкіндіктеріне қол жеткізді. Осының тағы бір айғағы, парк Миланда 1 мамырдан 31 қазанға дейін өтетін «EXPO-2015» көрмесіне қатысу жөніндегі ұсынысына қолдау алды. Бұл туралы «Қатон-Қарағай мемлекеттік ұлттық паркі» республикалық мемлекеттік басқармасы экологиялық ағарту және туризм бөлімінің бастығы Александр Кобзарев айтты. Миландағы халықаралық көрме экологиялық жағынан таза өнімдарге арналған. Мұндағы сөз тек тағам туралы ғана емес, сонымен қатар киім-кешек пен тұрмыстық тұтыным заттары туралы да болып отыр. Алдын ала мәлімет бойынша, біздің адамдар Италияға Қатоның балын апарғалы отыр. Жергілікті экология-туризм орталықтарының мамандары халықаралық «Алтын Алтай – аймақты дамыту байлығы» гранттық жобасының шеңберінде бал қалбырларына жапсырма қағаздар дайындады. Өскеменде бірнеше жылдан бері өтіп келе жатқан халықаралық бал фестивалінде шетелдік қатысушылар облыстың Қатон-Қарағай ауданынан әкелінген бал өнімінің өзіндік керемет дәмін талай мәрте атап өтіп келді. Көрмеге апарылатын тауарлар тізімі кеңейтіле түседі. Оның қатарына қазақ халқының сүт өнімдері, сыйкәделер мен киізден жасалған түрлі бұйымдар кіреді. Қазақстан Миландағы Бүкіләлемдік көрмеге қатысуға тілек білдірген 144 елдің қатарында бар. Бұл біздің еліміз үшін Астанада өтетін «EXPO-2017» көрмесі алдындағы тәжірибе жинау да болып табылады. Мұрат Айтқожа. Дерек, фото: Altaynews.kz.