09 Мамыр, 2015

Соғыс бізді ерте есейтті

334 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Соғыс бізді ерте есейтті

– дейді Ресей астанасындағы майдандас досына асыққан қарт жауынгер

egemen (45)

– Бұл менің көп жылдан бергі арманым еді, – дейді қарт майдангер Михаил Васильевич. – 70 жылдан кейін Мәскеуде парадта жолығамыз деп кім ойлаған. Соғыстағы достықтың жөні бір бөлек. Майдандас дос­ты көру, кездесу сәттерін айтып жеткізе алмаспын. Кездесерміз деген үлкен үмітпен бара жатырмын ғой енді. Ал ең бастысы – Жеңіс парадына Қазақстаннан баратын 6 майдангердің қатарында болғаныма қуанамын. Бұл – біздер үшін үлкен мәртебе. Біз қатарластар Жеңіс күніне қашан жетеміз деген арманмен соғыста қыршын кетті. Көзге жас келеді. «Мәскеуге барасыз ба?» – дегенде еш ойланбастан бірден келісім бердім. Бұл күн біздің бүкіл тағдырымызды бақытты еткен Жеңіс күні ғой. Бүкіл Кеңес халқы аңсаған күн. Өзіңнің де аталарың соғысқа қатысқан шығар. Жас күндерді көз алдыма елестетіп, біртүрлі толқып, қарт адамның денсаулығы да құбылмалы ғой, жолға шыққанша қарадай асығып, қатты қобалжиды екенсің.

Бұл күндері 92 жастағы Михаил Смоленковтың денсаулығы жақсы, көңіл-күйі көтеріңкі, Мәскеуге Жеңіс парадына қатысасыз деген жылы, жарқын сөздер, осы күнді көре алмай кеткен қарулас достарының рухы демеп, одан әрмен күш-жігер бергендей. Смоленков айтқандай, өзіңнің де аталарың соғысқа қатысқан шығар демекші, шешеміздің айтуынша қайынағалары Файзырахмен, Файзолла, ағалары Бөжейхан, Жанымхан да солай жас күндерінде майданға кетіпті. Алдыңғы екі атамыз елге келіп, қызмет жасады, ұрпақ өсірді. Ал Бөжейхан мен Жанымхан аталарымыз соғыстан кейін бірі Одессада, бірі Воткинскіде үйленіп тұрып қалды. Туған жерлері ғой, ауылға екеуі де жиі келіп жүрді. Өзге ұлт өкілдерінен тараған ұл-қыздарымен, туыстарымызбен араласып тұрамыз. Кейін жұмыстан қол босаған кезде жатқан жерлеріне тағзым етіп барып қайтсақ, жазсақ деген ой бар.

Сөйтіп, полковник шені бар Смоленков жергілікті жерден баратын медицина қызметкерімен бірге жолға шықты. Ардагер соғыс жылдарының естеліктері ешқашан күңгірт тартпайды, майдан даласы ботқасының дәміне дейін тамсантып, соғыс әндерінің әуендері оятатындай ма, керісінше, кино сияқты көз алдыңнан күнде елес беріп өтіп жататынын айтады. Сол кездегі барлық кеңес жастары секілді Михаил Васильевичтің де өмірінің балалық, жастық шағының олардан еш айырмасы жоқ. Татарстанда туып-өсті. Оқыды, білім алды, ержетті дегендей. Өткенді еске алу оңай емес. Сондау 1941 жылы 21 маусымда Михаил Смоленков мектеп бітіргені туралы аттестат алады.Түнімен кластастарымен оқу бітірушілер дәстүрі бойынша қалалық бақта алаңсыз қыдырып ойнап күледі. Ал таңертең «Соғыс! Соғыс басталды!» – деген суық хабардан шошып оянады.

Арада үш апта өткенде әскер қатарына шақырылады.

– Әскер жолы басталды. Бозбала кезіміз ғой. Соғыс, қару асыну дегенді қайдан білдік. Бірақ, біздің ойымызда, санамызда Отан қорғау мақсаты тұрды. Ел шетіне жау тиді деп барлығы майдан үшін, жеңіс үшін жаппай аттанып жатты. Соғыс бізді ерте есейтіп жіберді. Бір-ақ күнде ес жидық. Біздер жаз бойы Киевтегі артиллериялық училищеде оқыдық. Ал қараша айының 6-сы – мереке күнінің алдында әскери эшелонмен сержант Смоленков соғысқа аттанды, – деп еске алады майдангер.

Бірақ, әскери эшелон діттеген жеріне жете алмай қалады. Жау ұшақтары әуеден эшелонды атқылай бастайды. Мектеп бітірген бозбаланың майдан жолы, соғыс өртін көрген жолы осылай бас­талады. Содан үш күннен соң барып, немістерге соққы берген алғашқы шабуылдарға қатысады.

– Түн қараңғысында жаяу әскерлермен бір қатарда артиллеристер, біздерде жаумен шайқастық. Артиллериясыз соғыс соғыс па?–деп сәл ойланып қалды майдангер. – Майдан жолы қысы-жазы жалғасты, айналаң болса бір бітпейтіндей көрінетін ұрыстар. Сөйтіп, артиллерист Смоленков аға лейтенант атанып, Ленинградқа жіберіледі.

– Ленинградқа жіберіл­генім, тағы да оқу керек болды. Қызыл армияның жоғары артиллерия мектебінде оқытты, – деп әңімесін жалғастырды майдангер.

 Әрбір дата, әрбір күнді ұмытпай есінде сақтаған майдангердің әңгімесіне таңғаласың. Содан 30 сәуір, 1945 жылы Смоленков танкіге қарсы бригада құрамында Уссурийскіден бір-ақ шығады. Санаулы күндерден соң соғыс та бітеді.

– Бірақ, Карел майданында взвод командирінің көмекшісі, батальон командирінің орынбасары, батарея командирі болған Смоленков үшін соғыс әрі қарай жалғасты ғой. Кеңес Одағының маршалы Кирилл Мерецковтың басшылығымен Қиыр Шығыс майданындағы ұрыстар күтіп тұрды. Жапон милитаристерімен Маньчжурияда соғыстық. Жапондармен капитуляция туралы акт 2 қыркүйек 1945 жылы қол қойылды, деді – Михаил Васильевич.

Кеудесінде 4 «Қызыл Жұлдыз» ордені, І дәрежелі Ұлы Отан соғысы» ордені, «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» медальдері, бар Михаил Васильевич 1961 жылға дейін әскер қатарында қызмет етіпті.

– Павлодарға қалай келдіңіз дейсіз бе? – деп қарт майдангер өзіме сұраулы жүзбен қарады. – Тағдыр. Соғыс біреулерді қосты, біреулерді ажыратты, көрсетпегені жоқ қой. Арамызда әлі көз жас­тары құрғамаған қаншама тағдырлар жүр. Мен Қиыр Шығыста жүргенде Антонина Николаевнамен таныстым. Соғыстан кейін Павлодарға келдік. Үш бала өсірдік, немерелер, шөберелер өмірге келді, олардың өміріне, болашақтарына тек тыныштық тілейміз, – деді Смоленков бізбен қоштасарда.

Өзі айтқандай, соғыстан кейінгі бейбіт өмірде энергетик Смоленков болып 30 жылдай уақыт Павлодардағы ТЭЦ-2 – жылу орталығында еңбек етіпті. 1980 жылы «Павлодар энергожүйелерінің ардагері» деген құрметті атақ та беріліпті.

– Михаил Васильевич біздің ұжымның, энергетиктердің құрметті қонағы. Әрдайым соғыс ардагерлеріне ілтипат жасаймыз. Біз өзіміздің энергетик-ардагеріміздің Мәскеуге парадқа баратынына мақтанамыз. Жеңіс жолы сәтті сапар болсын! Біз майдангерді аман-саулықпен күтіп алайық, – дейді жылу орталығы баспасөз қызметінің бастығы Асқар Шөмшеков.

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан».

ПАВЛОДАР.