Соғыс жылдары небір ерен ерліктің үлгісін көрсеткен қазақ қыздарының жеңісті жақындатуға лайықты үлес қосқанын бұл күнде ауыз толтырып айта аламыз. Оған бүкіл Шығыс халықтары ішінде Кеңес Одағының Батыры атағын қазақтың қос қызы иеленгенін айтсақ та жеткілікті. Сонда олардың небәрі 18-20 жастағы жас шыбықтай солқылдаған бойжеткен екенін еске алсақ, тіпті, таңғаларлық жайт.
Бұл кең-байтақ жерімізді «ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен» қорғап қалып, ұрпағына мирас етіп табыстаған батыр ата-бабаларымыздан қалған ұлы рухтың жалғасы іспеттес. Сонау даланың даңқты қызы Томиристен бері ерлігі ерлермен бірге аталатын қазақ қыздары Отан қорғау жолында ешкімнен де, ештеңеден де қалыс қалған емес. Олар мерген де, ұшқыш та, пулеметші де, тіпті партизан да болды. Және қай жерде, қайда жүрсе де ерліктің ерен биігінен көрініп, елімізді даңққа бөледі. Олар аяғына солдаттың керзі етігін, сұр шинелін киіп сонау Берлинге дейін барды. Бүгін атағы бүкіл елімізге, қала берді әлемге мәлім Әлия, Мәншүк, Хиуаз сияқты батыр қыздарымыздың ерлігін қанша айтсақ та лайықты.
Алайда, отан үшін отты айқаста талай ерліктің үлгісін көрсеткен апа-аналарымыздың ерлігі түгел түгенделіп болды деп әлі де айта алмаймыз. Мәселен, қазақтың тұңғыш офицер қызы болған, 1924 жылы туған Алтыншаш Нұрғожинова апамызды бүгінде екінің бірі біле бермейді. Бұл деректі белгілі тарихшы Тілеу Көлбаев ағамыз анықтап отыр. Тілеу ағамыздың осы ретте тың деректер табудағы еңбегі ерекше. Мәселен, біз Отан үшін жанқиярлықпен шайқасқан Рахима Жанбекова, медициналық қызметтің капитаны Мәриям Сырлыбаева, майдан дәрігері Роза Момынова, радистер – Орынкеш Мысырова, Шәкира Ботақанова, Бикен Сәдуақасова, Шағила Құсанова, барлаушы Рахима Ералина, рота капитаны Құралай Натулаева, пулеметші Зинат Оңайбаева, мерген Мәликә Тоқтамысова, медбикелер – Рәзия Ысқақова, Мая Ғабитова сияқты қаһарман қазақ қыздарының есімдерін осы тарихшы ағамыздың табандылығының арқасында ғана танып, біліп жатқанымыз жасырын емес.
1941 жылы Орал әскери округінен алты айлық комсоргтер курсын бітірген, гвардия лейтенанты Алтыншаш Нұрғожинова апамыз Орталық Воронеж және Украина майдандарында соғысқан. 237-ші, 70-ші атқыштар дивизияларында батальон комсоргі болған. 1944 жылғы 4 қазандағы 207-ші Қызылтулы гвардиялық атқыштар полкінің командирі, гвардия полковнигі Демков гвардия лейтенанты Алтыншаш Нұрғожинованы «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапаттау қағазында мынадай мінездеме жазған екен: «Гвардия лейтенанты Алтыншаш Нұрғожинова батальон жұмысын жандандыруға көп еңбек сіңірді. Жастар жетекшісі бола білді, жауынгерлер арасында беделі артып, құрметке бөленді. Жолдас Нұрғожинова ұрыста тез шешім қабылдап, көзге түсті. Сондай ұрыстардың бірінде ол пулеметтен, минометтен қарша бораған оқтан ауыр жараланған алты жауынгерді аман алып шықты. Сонымен бірге басқаларды сөзімен де, іс-қимылымен де жігерлендіріп, ерліктің үлгісін көрсетті». Міне, көріп отырсыздар, батыр апамыз алғы шепте жүріп жауды жайратқанымен қоймай, оқ пен оттың ортасынан алты бірдей азаматымызды аман алып шыққан. Әлбетте, бұл әйел атаулыға тән мейрімділіктен бастау алып жатқан ерлік екендігіне дау жоқ.
Ғалым ағамыз майдандық «Патриот Родины» газетінен Михаил Левченко деген әскери тілшінің естелігін де тауыпты, онда ол: «…Майданда материал жинап жүріп, бір топ солдаттармен және офицерлермен бірге неміс фашистерінің қоршауында қалып қойдым. Меніңше, бұл Катовице маңында болса керек. Жағдай тым қиын еді. Кенет жауынгерлердің арасынан қаршадай бір қазақ қызы шыға келді де, қорғаныс ұйымдастырып, алға ұмтылды. Гранатамен жаудың бір танкісін отқа орады. Орнынан тұрып, «алға» деп ілгері ұмтылғанда, тасадан екінші темір тажал шыға келгені. Әлгі қыз әй-шайға қарамастан, соған қарсы ұмтылды. Өзі мерт болды. Бірақ жолдастарына да жол ашты. Ол осы батальонның комсоргі Алтыншаш Нұрғожинова еді. Өлгеннен кейін оны Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынды» – деп жазыпты. Өкініштісі сол, әлдебір белгісіз себептермен бұл ұсыныс өтпей қалған.
Майданды капитан шенінде аяқтаған Әлмереке Көбеева деген тағы бір апамыз бүгінгі күні Қарағанды облысындағы Приозерск қаласында бала-шағасының ортасында бейбіт заманның бақуатты тірлігін кешіп, аман-сау өмір сүруде.
Сондай-ақ, бір өзі 24 жаудың көзін жойған Баян Байғожинаның ерлігін де көпшілік біле бермейді. Қасиетті Шыңғыстау өңірінен небәрі 17 жасында майданға өз еркімен сұранып барған осы бір қазақтың қаршадай қызының ерлігі де ерен. «Ұлы Отан соғысы», «Даңқ» ордендерінің иегері болған ол жеңіске небәрі 12-ақ күн қалғанда Гинденбург қаласының түбінде ерлікпен қаза тапқан. Жалпы, қазіргі деректер бойынша, Қазақстаннан майданға 5183 қыз-келіншек аттанған. Майдандағы дәрігерлердің 41 пайызы, фельдшерлердің 43 пайызы, медбикелердің 100 пайызы әйелдер болған.
Өзім көрген, үлгі тұтқан өзіміздің прокуратура саласында жұмыс істеген майдангер әйелдер туралы да айтып өткім келеді. Мәселен, менің жадымда ерекше сақталғаны Мария Иванова Юшкинаның бейнесі. Мерекелерде ол кісі кеудесін орден, медальдарға толтырып шыға келгенде қызыға да сүйсіне қарайтынбыз. Көкшетау облысының Айыртау ауданының тумасы ол Қызыл Армия қатарына небәрі 17 жасында өз еркімен алынған. Соғысты Белоруссияны азат ету майданына қатысып аяқтаған ол 2-ші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және көптеген медальдармен марапатталған. Соғыстан кейін бірден Алматы заң институтын бітіріп, Көкшетау прокурорының көмекшісі болып орналасады. Осы салада 30 жылдан астам еңбек етіп, 1983 жылы құрметті демалысқа шықты.
Есімде қалған екінші әйелдің де аты Мария. Михайлова Мария Андреевна соғысқа қатыспаса да, соғыстың қиын кезеңінің бар ауыртпалығын қайыспай көтеріп, сол бір аласапыран тұста Арықбалық, Балқашин аудандарында тергеуші болып істеп, темірдей тәртіптің қырағы күзетшісі бола білді. «1941-1945 жылдарғы Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін» және басқа да көптеген медальдармен марапатталған. Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген заңгері.
Бұлар менің көзім көріп, есімдерін көңіліме түйгендерім ғана. Ал тарих беттерінде орын алмағаны қаншама... Осындай батыр қыздарымыздың ерліктері, өмірі туралы фильмдер түсіріп, кітаптар да жазып, олар туралы мәңгі із қалдыра аламыз. Ол күндердің тарихы өшпейді деп қанша айтсақ та, жылдар өте кейбір жәйттердің көмескі тартып, көзге түспеген соң көңілден кетпеуіне мүмкіндік жасауымыз керек. Сонда ғана ешкім де, еш нәрсе де ұмытылмайды.
Сәуле АЙТПАЕВА,
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет төрайымы, 3-ші дәрежелі мемлекеттік әділет кеңесшісі.