Кеше «Пекин Палас» қонақ үйінде «Президент сайлауы-2015: ел дамуындағы жаңа кезең» тақырыбында саясаттанушылардың ІІ Астана форумы өтті.
Іс-шараны «Қазақстан саясаттанушыларының конгресі» республикалық қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.
Іс-шараға Қазақстан бойынша 120-дан астам делегат қатысты. Форумға қатысушылар алдында Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев кіріспе сөз сөйледі.
Ол ел дамуының қазіргі сатысында сындарлы саяси стратегияның, тиімді экономикалық бағыттың қай кездегіден де бетер қажет екенін атап көрсетті. Елбасы ұсынған бес институттық реформа қуатты мемлекет тұжырымдамасымен нақты үйлеседі, «Қазақстан-2050» Стратегиясының органикалық бөлігі болып табылады. Н.Назарбаев реформаларының жүзеге асуы Қазақстанның жан-жақты дамуына, мемлекеттілікті нығайтуға, әрбір қазақстандықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға бағытталған, деп атап өтті Б.Майлыбаев.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Анатолий Башмаков, Сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссияның төрағасы Нұрлан Ерімбетов, Парламент Мәжілісінің депутаттары Қуаныш Сұлтанов, Серік Сейдуманов және Тұрсынбек Өмірзақов, ғалымдар, сарапшылар, саясаттанушылар спикерлер мен модераторлар ретінде сөз сөйледі.
Форумда президенттік сайлаудың демократиялық құқықтық мемлекеттің ажырамас факторы ретіндегі маңызы, қазақстандық қоғамды топтастырудағы оның рөлі, сондай-ақ, 2015 жылғы сайлау науқанының ерекшеліктері талқыланды. Сарапшылық қауымдастық 2015 жылғы президенттік сайлауға «Қазақстан-2050» Стратегиясы мен «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясатын жүзеге асырудағы жаңа серпін ретінде баға берді.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».