09 Мамыр, 2015

Балтамен17 жауды жайратқан

808 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Балтамен17 жауды жайратқан жауынгер Наурызбай Есмағамбетовке майдандық газеттер «Советский рыцарь» деген мақала арнаған  egemen (2) Біздің балалық шақтағы тағдырымыз сұм соғыспен қатар келді. Есімді еміс-еміс енді ғана біліп, қаз басқан 3 жасқа қараған шағымда әкем Күзекбай 1942 жылы, туған бауырлары Жаманбай мен Қышау да бірінен соң бірі соғысқа аттаныпты. Солардың ішінен капитан Жаманбай атам ғана жарымжан, мүгедек болып оралып, елге келген соң жарақатының салдарынан 4-5 жылдан соң қайтыс болды. Ал біз болсақ әке алақанын көрмей өстік. Біз үшін қастерлі саналатын ұлы Жеңістің 70 жылдығы да жақындап келеді. Біз де сол 70-іңнің ортасынан асып барамыз. Осынау жеңіс мерекесі қарсаңында бұрын жазылмаған, кезінде аты аңызға айналған бір әкеміз жайлы ұмытылып бара жатқан жайтты көпшілік қауымның есіне түсірсем бе деп едім. Ол да менің әкемнің досы, ауылдасы, аталас ағайын Наурызбай Есмағамбетов жайлы болмақ. Кезінде соғыстағы қолбасшылардың өзі, майдан даласындағы орыс тілді газеттер де «Советский рыцарь» деп атап, аты аңызға айналған Наурызбай батыр туралы ескірген жайды ел есіне салсақ, бұл да бір кейінгі ұрпақтың айта жүрер әңгімесіне айналар еді. Көзкөргендер Наурызбайды бойы 2 метрге жуық, денесі де бойына сай, ширатылған тарамыс, нағыз алып күш иесінің өзі болатын дейді. Ел ішінде алтай-қарпықтың ас-тойларында талай мықтылармен күрескенде, ешкімді шақ келтірмей, жауырыны жерге тимей кетті деуші еді... Наурызбай менің әкем Күзекбай екеуі қатар елдің біраз жігіттерімен бірге 1942 жылдың көктемінде әскерге алынып, Ақмолада біраз жаттығады да, содан майданға аттанады. Ол майданда түр-тұлғасына, күшіне қарап арнайы барлаушылар жасағына қабылданған, сонда талай ерліктер көрсетіп, «тіл» әкелуден алдына жан салмаған. Сол ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Бірде ол барлау­шылар жасағымен бірге неміс тылына дейін кіріп, «тіл» әкеле жатып, сол қолынан жараланады. Бұлардың мекені қалың орман ішіндегі шағын алаңқайда өздері салып алған жасырын жертөле үй болыпты. Тапсырманы орындап, аман-есен мекендеріне оралады, қолының жарасына алғашқы ем-дом қабылдап таңып тастайды. Таң ата ертемен командир келесі тапсырманы қабылдайды да, жаралы Наурызбайға: «Сен енді мына жараңмен барлауға шыға алмайсың ғой, осында қаласың, ас қамын өзіңе тапсырамыз», деп өздері жорыққа шығып кетеді. Ойында ештеңе жоқ Наурызбай пеш жағу үшін отын дайындау қамына кіріседі. Қалың орман ішінен отынға жарайтын бұтақтарды бір қолымен-ақ өзі қайраған өткір балтамен шауып, жинап, жертөленің маңына тасиды. Сол бір сәтте жан-жағындағы қалың ағаш бұтақтары қозғалақтап, бір адамдардың да қарасы көрініп қалады. Алғашқыда тез оралған өзіміздің жігіттер ме деген ой да қылаң береді. Алайда, жалт етіп жан-жағына қараса, айнала қоршап, неміс солдаттары қаруларын кезеніп, асықпай аяңдай басып келе жатыр екен. Сірә, манадан бері аңдып, жалғыз ғана солдаттың жүргеніне, қолында қаруының жоқтығына әбден көздері жетсе керек. Әрине, алғашқыда сасқалақтап қалған Наурызбай не істерін білмей тұрады. Мұндай оңтайлы сәтте әрине, немістер оны тірідей қолға түсіргісі келетіні айдан анық. Олар аспай-саспай жақындап келеді. Ортасында қасқайған сұр шинелді офицері бар. Ал Наурызбай қолында не қаруы жоқ, мылтығы жертөле сыртындағы ағашқа ілулі қалған. Ол оң қолындағы балтасын сығымдай ұстап, кейін шегіншектеп, жертөленің ішіне қойып кетеді. Есікті тіреп жапқан болады. Артынша жеткен неміс солдаттары есікті сындырып әкетіп бара жатады. Сол сәтте Наурызбай есікті ашып жібереді. Бірінің артынан бірі лап қойған бірнеше солдатты балтаның өткір жүзі қарсы алып, сұлатып салады. Бірақ жау да қайтпайды. Қайтсе де тірідей ұстауға қатаң тапсырма алса керек. Шағын жертөле іші арпалысқан нағыз қолма-қол шайқас алаңына айналады. Бірінен соң бірі кіре беріп, автоматтарының дүмімен ұруға, пышақтарын салуға жабыла кеткенімен Наурызбайдың соққысы шыдатпайды, айналдыра ұрған балтасының жүзі жабылғандарды шетінен шаба береді. Жертөле ішінде жау солдаттары жабылып, арпалысып жатқанда, басқаларының оқ атуға да шамасы болмаса керек. Өйткені, тар жерде бір-біріне оқ тиіп кетуден де жасқанады ғой. Әйтеуір не керек, қолма-қол шайқас ұзаққа созылып, жертөле іші жау өлігіне толады. Бір сәт тыныштық орнайды. Қолындағы балтасын сығымдай ұстап, Наурызбай да өз көзіне өзі сенбегендей қарап тұрып қалады. Батыр аңқау келеді емес пе, осы сәтте жартылай ашылып тұрған есіктің сыртында баяғы неміс офицері бәрін аңдып қарап тұрған екен. Есіктен кіре бере мұндай алыппен жекпе-жек шығудың енді қауіпті екенін сезеді де қолындағы пистолетімен ата береді, ата береді. Наурызбай да қарап қалмай, балтасын сілтеп үлгереді... egemen (7) Арада біршама уақыт өткенде барлаушылар жасағы да мекендеріне жетеді. Әуелі олар жертөледе қанға боя­лып жатқан неміс офицерін көреді. Есік түбінде есіл ер Наурызбай да қанға бөгіп, ес-түссіз жатыр екен. Жертөле іші толған неміс солдаттарының денесі. Бәрін санағанда 17 фашист жер жастанған болып шығады. Сол арада командир дереу штабқа хабар береді. Наурызбай тірі екен, ауыр жаралы, кеуде жағынан бірнеше оқ тиген, көп қан жоғалтқан. Арнайы дәрігерлер тобы келіп, алғашқы көмек көрсетеді. Бұл хабар бүкіл майданға тарайды. Орысша-қазақша шығатын армиялық газеттер «Советский рыцарь солдат» деген тақырыпта бұрқыратып мақала жазып жатады. Тіпті, бұл хабар елге дейін жетіп, Жаңаарқа аудандық «Ленин жолы» газетінің 1943 жылғы сандарының бірінде «Жерлесіміз Есмағамбетов Наурызбай 17 немісті балталап өлтірген» деген мақала басылған екен. Оны қайтсе де аман алып қалу үшін қолбасшылар шешім қабылдап, арнайы ұшақпен Мәскеудегі госпитальға жеткізеді. Наурызбайды білікті дәрігерлер барын салып аман-есен жанын алып қалады. Екі-үш айда есін жиғызып, отыратындай халге жеткізеді. Оны Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынады. Алайда, белгісіз себептермен оған осы ерлігі үшін тек Ленин ордені ғана беріледі. Айтылып жүрген кейбір деректерге, әңгімелерге қарағанда, тіпті сондай адамды көруге құмартып, Бүкілодақтық төраға М.И.Калининнің өзі госпитальға келіп, кеудесіне орден тағыпты десетін. Оның рас-өтірігін айта алмаймыз, әрине. Әттең, сол ауыр жарақаттан нар тұлғалы қайран Наурызбай оңалып кете алмайды, көп ұзамай госпитальда көз жұмады. Денесі Мәскеудегі бауырластар зиратына жерленіпті. Наурызбай госпитальда жатқанда ауылдағы шаңырағына Мәскеуден арнайы алғыс жазылған хат келіпті. Оның ішінде Наурызбайдың кеудесінде Ленин орденін тағып түскен, екі жағынан медбике демеп отырған суреті бар екен. Ол кезде бәрі фотоны «портрет» деуші еді ғой, сол портретті мен де көрдім. Қазір ол «портрет» қыздарының бірінің шаңырағында болуы керек. Наурызбай ерлігі туралы соғыста «Отан үшін» атты майдан газетінің редакторы болған, кейіннен тарих ғылымдарының докторы, профессор атанған, Ұлы Отан соғысы жайлы қазақстандық бірқатар зерттеу еңбектердің авторы Ғазиз Әбішев (1916-1982) жазған болатын. 60-жылдардың ортасында ҚазМУ-да тарих факультетінде оқып жүрген кезімде Ғазиз ағаның лекциясын тыңдадым, дәріс алдым. Сонда бір сәті түскенде осы тақырыпты қозғап, менің оған жақындығымды айтқан кезде, ол кісі қуанып: «Бұл ерлікті кейінгі ұрпаққа жеткізу керек, әлі де зерттей түсу керек. Бұл қайталанбас ерлік», деп айтқаны бар еді. Наурызбай туралы ресми деректерден қолымда тек 1975 жылы Алматыда, «Жазушы» баспасынан шыққан Ұлы Жеңістің 30 жылдығына арналған «Қаһарман» жинағы ғана қалыпты. Онда тек «Бөлімше командирі А.З. Франчук жауынгер Наурызбай Есмағамбетовтің кеудесіне «Қызыл Жұлдыз» орденін тақты» деген суреті берілген. Майдангер жазушымыз Әзілхан Нұршайықов «Сұрапыл соғыста қазақ жауынгерлерінің ерен ерліктері еленбей қалды» деген еді бір сұхбатында. Ендеше, сұм соғыста бір взвод жауды жалғыз жайратқан Наурызбай Есмағамбетов ерлігін зерттеп, ұрпақтарымызға үлгі-өнеге ете берсек дейміз... Суретте: бөлімше командирі А.Франчук жауынгер Н.Есма­ғам­бетовтің кеудесіне «Қызыл Жұлдыз» орденін тақты. Файзолла КҮЗЕКБАЙҰЛЫ, отставкадағы подполковник.