09 Мамыр, 2015

Баукең өмірінің бір беті

777 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
«Мен – ревматизм, бауыр, бүйрек ауруларына шалдыққан адаммын. Цхалтубада үш рет, үш рет Мацестада болдым. Бірақ олардың ешқандай емі қонған жоқ. Аяқ-қолың сырқырап, ұйықтатпаса нағыз азап емес пе? Әркімге де жан керек. 1957 жылы Сарыағаш курортына келдім. ...Он алты рет ванна алдым да ауылға қайттым. Сегіз ай аяқ-қолым сырқыраған жоқ. Е, мына судың әсері күшті екен, деп 1958 жылы тағы келдім. ...Жақсы емделіп қайттым, он екі ай бойы аяғым сырқырамады. Тағы келдім. Содан бастап Сарыағаш курортына жылда келетін болдым. Себебі, мен судың әулиелігіне әбден сендім». Бұл Баукеңнің – Бауыржан Момышұлының сөзі. 1969 жылдың 5 мамырында жазылған «Сарыағаш суының құдіреті» атты мақаласында осылай депті. Сарыағашқа қай жылдан бастап және қандай жиілікте келгенін өз аузынан естігесін, әрі қарай басқа да дерек көздерін зерделегенде санаторийге жылма-жыл келу дағдысын одан кейін де жалғастырғаны белгілі болды. Ал өзім 1976 және соңғы 1977 жылғы келгенінің куәсімін. Сонда Сарыағашта 21 рет қатарынан демалған болып шығады. Енді 21 санын сол кездегі жолдама мерзімі – 24 күнге көбейтсек, 504 күн бой көрсетеді. Яғни, Баукең өмірінің 1 жыл 4 айын Сарыағашта өткізген. Иә, ұлт рухының бір тірегі туралы сәті түскенде Ғ.Мүсірепов: «Бауыржан деген біреу ғана... Ол өзі орны бөлек, жолы, мінезі бөлек жан болды, солай болып қалады да», – деген екен. Баукеңнің Сарыағаштағы күндеріне оралып, соғыстың «тозағынан» өтіп, өмірдің «жұмағындағы» бірер сәттерін оқырманның көз алдына елестетіп көрейік. Оқта-текте мамыр, қазан айларында келгені болмаса, көбіне тамыздың аптабы басылып, күз лебі сезілгенде келіп, қоңыр салқын қыркүйектің ортасын аударып барып қайтады екен. Батырдың шипажайдағы күндері оқиғаларға толы болатын. Баукеңнің өзіне ғана жарасып тұратын «мінезі» бар екенін жұрт біледі. Бірақ шипажайда болғандарында бір рет те біреуге дауыс көтеріп, балағаттапты дегенді естіген емеспін. 1959 жылы дәрігер, майдангер ағамыз Бәкір Бостановқа батырдың бөлмесіне барып, массаж жасауға тапсырма беріледі. Шағын денелі, дөңгелек жүзді, мұрты едірейген, ақкөңіл аңғал кісі еді. «Соғыста «разведчик» болғанмын» дейтін. Өзін қалай таныстыру керектігін айтқанда: «Бір нәрсені бүлдіріп жүрме, пәлесіне қаласың. Тапаншасы да болуы мүмкін...», – деп қызметтестері қолына ем жүргізуге арналған заттарын ұстатып, батырдың бөлмесіне жібереді. «Жолдас генерал! 15-ші Харьков гвардиялық двизиясының 50-ші атқыштар полкінің ефрейторы Бостанов сізге массаж жасауға келіп тұр», – деп қаққан қазықтай болып тұра қалыпты. – Отставить! Кім саған мені генерал деген? – дейді, ашулы кейіптегі Баукең дауысын көтере. Зәресі ұшқан Бостанов: «Өзім... Сіз «комбат» болдыңыз, кейін «комдив» болдыңыз. Дивизияны генерал басқармайтын ба еді?!» – депті. – Соғысты қайдан бастап, қайда аяқтадың? – 1942 жылы Сталинградтан бас­тап, 1945 жылы Эльба өзенінің жағалауында бітірдім. – Онда жарайсың! Молодец! Кел! – дейді гүрілдеген дауысын шамалы жұмсартып. Осыдан кейін аралары жақындап кетіпті. Бостанов батырды үйінде қонақ етеді. 60-жылдары Б.Момышұлы Куба үкіметінің шақыруымен сол елге барып келгені мәлім. Сол сапарында Гаванадан алған ром құйылған құмыра мен шынжыр бау­лы мүйіз стақанды шипажайға бір келгенінде Бостановқа сыйлайды. Сол құндылық бұл күнде Баукеңнің көзіндей көрген Бостановтардың отбасылық жәдігеріне айналып, үй төрінде әлі сақтаулы тұратын, жақында сол кәдесыйларды көруге барған едім. Бәкір ағаның өмірден озғанына біраз жыл болды. Зайыбы Тоқсұлу Сейдуалықыз сырқаттанып қалыпты. Жеңгей: «Инсульт дей ме... көп сөйлей алмаймын. Демалып жатқанда Баукең үйге жексенбі сайын келетін. «Дастарқанды үстелге емес, қазақша, жерге жайыңдар. Жастыққа жантайып, аяқты созып, демалайық», – дейді екен Бәкірге. Осы өзің отырған бөлмеде, кейде ауладағы, жүзім астындағы тапшанда әңгіме-дүкен құратын. Академик Шафик Шокин, жазушылардан Сәбит Мұқанов пен Мұхамеджан Қаратаев бірге келетін. Шатаспасам Қасым Қайсенов те болды. Бір жолы әртіс ағамыз Кененбай Қожабековтің арбасын өзі итеріп, қақпадан кіріп келе жатты...», – деді. Мен 55 жыл бойы сақталған сарғыш түсті, бүйіріне «Isla del Tesoro, (Қазақша «Қазына аралы» деген мағынаны білдіреді), Ron de CUBA» деп жазылған құмыра мен мүйіз стақанды бір сағатқа сұрап алып, үйге әкеліп суретке түсіріп, иелеріне қайта апарғанда: «Батыр берген сыйлықтан айырылып қалмаңыздар. Күндердің күнінде, Батыс елдеріндегідей, ұлы адамдарының қолы тиген заттарын пәленбай миллион долларға аукционда сататыны сияқты, асыл арысымыздың Жер шарының арғы бетінен арқалап келген бұл жәдігері, қыруар ақшаға бағаланып, немере-шөберелеріңіз миллионер атануы мүмкін», – деп, Тоқсұлу жеңгемізді көңілдендіріп кеттім. Баукең бильярд ойнап, су ішіп, ванна қабылдағаны болмаса, басқа емдерге бармайды екен. Бір жолы ванна қабылдауға келгенінде, реніштен ванна ішінде шылым шегіпті. Болған жайтты медбике, марқұм Фатима Омарқызы былайша еске алатын: «1974 жыл еді. Сол жылы бұрынғыдай емес, сақал қойған қалпында келді. Ванна қабылдайтын уағын қатаң сақтайтын. Келгесін, шамалы демін басуға отырды. Бұрын келген үш жігіт орындарынан ұшып тұрып, бастарын иіп амандасып, ізет білдірді. Бұған Баукең риза сыңай танытты. Бірақ әріректе отырған етжеңді, «мини» юбкалы екі келіншек, ағамыздың көзінше өз ана тілдерінде сөйлеу былай тұрсын, барқылдап, тарқылдап күліп, әдеп дегеннен жұрдай екендерін көрсетті. Баукең жігіттерге қарап: «Сендер өзі сабаудай, сабаудай болып, не бітіріп жүрсіңдер? Мына екеуіне қазақша үйретіп, шамалы жуасытып, аздырмайсыңдар ма?!», – деді де, жүзін қатайтқан қалпында ем қабылдайтын бөлмеге еніп кетті. Сәлден кейін жағдайын білмек болып, дәлізбен жанай өтіп бара жатып, ванна қабылдап жатқан ағаға көз салсам, шылымды бұрқыратып жатыр екен». Фатима апай да шылым тартатын. Баукең шығып кеткесін, артынша бөлім меңгерушісі аралай қалып, шылымның иісін сезгенде, «Сен тіптен есіріп, бұл жерде де шылым шегетін болғансың ба?!», – деп Фатиманы біраз қырына алыпты. Енді, бірге демалушылардың әңгімелеріне ден қойып көрелік. Баукеңнің жөн сөзге тоқтайтынын қарағандылық мәдениет қайраткері Әли Тойжігітов ілгеріректе айтқан еді. Баукең демалысқа келген күні түскі асқа барады. Ол кісіні бір көрсем деп жүрген бір жігіттің демалыс мерзімі бітіп, сол күні түс ауа пойызбен жолға шықпақ екен. Ол не істерін білмей шарқ ұрады. Баукең бөлмесіне барып, мызғып алу үшін төсегіне жантая бергенде, есікті тықылдатып тұрып алады. Ақыры есік ашылады. – Кімсің? Аты-жөніңді, ата-тегіңді айт, – деп, бұйырады беймезгіл «қонаққа» Баукең. Жігіт өзі туралы қолмен қойғандай етіп, айтып шығады. Сонда да суық жүзін өзгертпей, «сынағын» жалғастыра түседі. – Менің әйелдерімнің бәрі сенің әпкелерің, – дейді жігіттің көзіне қадалған қалпында, қытығына тиіп, шамдандырмақ болып. Жігіт есті азамат екен. – «Бауке, менің әпкелерім кімге тиетінін біледі» деп тосын жауап қатыпты. Сонда аңтарылып қалған Баукең: – Әй, сен мені жеңдің! Мынау менен ескерткіш болсын, – деп жанында жатқан бөркін басына кигізіпті. «Сол бөрік сол жігіттің үйінің төрінде әлі тұр», – деген еді Әли Тойжігітов. 1976 жылғы қыркүйек айы. Күн арқан бойы көтеріліп, төңірек мамыражай еді. Тоғыз жарымдар шамасында, кезекшілігімді тапсырып, 1-ші корпустың алдына шықтым. Б.Момышұлымен суретке түскісі келіп, тысқа шығуын күтіп, торуылдап жүретін демалғандардың қарасы күн сайын сиремейтін болушы еді. Емханаға барар жолда отыз шақты әйел-еркектер, балалар да бар тізіле қалыпты. Үлкен теректердің қасында, оң қолында темекісі, сол қолында таяғы Баукең тұр. Беріректе Ташкенттен келіп, жұмыс істейтін Вася деген фотограф. Үш аяқты тіреуішке қойылған аппаратымен Баукеңнің жанына кезегімен келіп тұра қалғандарды суретке түсіреді. Вася Баукеңнің қадір-қасиетін, мінезін білетін, соғыс ардагері Сергей Бондаренкомен күн аралатып, ауысып жұмыс атқаратын. Мен де суретке түспек болып, тұра қалдым. Кезек әжептәуір жылжып қалғанда, шатақ шықты. Баукеңді онша білмейтін Вася, шылымға байланысты ескерту жасады. Жайлап, фотографтың жанына жақындап келіп, құлағына бірнәрсені сыбырлады. Содан кейін кезекте тұрғандарға қарап: – Ертең Сергей келгенде түсеміз, – деді де жөніне кете берді. Васядан кейінірек бір кездескенде: «Батыр құлағыңа не сыбырлады?», – деп сұрағанымда: «Послал», деген еді. 1977 жылдың тамызының соңғы күндеріндегі таңертеңгілік ілездеменің аяғына таман, бас дәрігер Күндебек Төребекұлы: «Демалуға Бауыржан Момышұлы келді. Байқаңыздар. Көзден таса қалып қоймасын. Кезекші дәрігерлер хабарын алып тұрсын. Өз рұқсаты болмаса, амандасамыз деушілер бөлмесіне кіріп, мазалай бермесін. Вахтерлерге соны айтып қойыңыздар. Тыста отырғанда да жолай өткен демалушылар, не біздің қызметкерлер сәлемдесеміз деп қолына жармасқанды қойсын. Ол кісіге байланысты барлық мәселені маған тікелей айтып отырыңыздар», – деп бұйрық райда ескертті. Сол күні костюм-шалбармен, өсіңкі бозқырау шашын артқа қайырған қалпында жүргенін, ертесіне шашын машинкамен тықырлай алғызып, костюм-шалбарды үй жағдайында киетін сұр түсті, жұқа киімге ауыс­тырып, қолына таяғын ұстап, 1-ші корпустың алдындағы орындықта шылым шегіп отырғанын көрдім. Баукең күй таңдамайтын. Курорт басшылығы қай жерден орын дайындаса, сол жерге орналасатын. Жатқан бөлмелері аядай тар болушы еді (Көпшіліктің арасында боламын деп, бұрыннан люкс бөлмеден бас тартады екен). Емге, дәмге шағымданбайтын. Бәукеңнің соңғы демалысы аяқталуға таяп қалған кез еді. Кезекші едім. Күн сенбі. Ең жас дәрігер болғандықтан ба, сенбі, жексенбі күнгі кезекшіліктер менің еншімде болатын. Емдеуші дәрігері: «Жатар алдында қан қысымын өлшейсіз», – деп кетті. Ойланып қалдым. Кірген кезде өзімді таныс­тырып, келген мақсатымды айтуым керек қой. Өмірінің 24 жылын әскер қатарында өткізіп, соған дағдыланған адамға: «Жолдас гвардия полковнигі! Аға лейтенант Тасилов сіздің қан қысымыңызды өлшеуге келіп тұр», – десем қалай шығар екен деп қоямын. Сағат түнгі он жарымда бардым. Есік ішінен құлыптаулы екен. Ұйықтап қалған болар деп, тықылдатуды жөн көрмей, тысқа шығып терезесіне қарасам, шамы жанып тұр. Өзі көрінер ме екен деп, қарсы жақтағы 2-ші корпустың екінші қабатына шығып қарадым. Ол кезде 1-ші корпустың алдына 1986 жылы соғыс ардагері, бағбан Марайымов еккен он түп шынар жоқ болатын. Терезеден бұрыштағы үстелде жартылай ғана көрінеді. Бірнәрсе жазып не оқып отырғанын ажырата алмадым. Келесі күні таңертең, сағат сегізден өткенде кірсем, Баукең жуы­нып болып киініп жатыр екен. Ынжық, жасықтарды жек көреді деп естігенмін. «Жасқаншақ ұл жау­мен жағаласуға жарамайды», деген сөзі де есімде. Батылдау болуға тырысып: «Ассалаумағалейкум! Кезекші дәрігер Тәсіловпін. Қан қысымыңызды өлшеуге келіп тұрмын», – дедім. Сәлемімді алды. Шамалы қызарыңқы, суық көз жүзіме он секунттай тесіле қарады. Кімнің алдында тұрғанымды ұмытпасам да, онша ыға қоймадым. Соным ұнады ма, әлде жүзімнен өзіне деген ықылас пен ілтипатты аңғарды ма: «Отыр», деп бөлмедегі екі орындықтың бірін оң қолының сұқ саусағымен нұсқады. Өзі де отырып: «Өлшесең өлше», деп қолын созды. Қан қысымы дұрыс екен. Тонометрімді жиыстырып жатқанымда: «Атың кім?» деп сұрады. «Онда айт кезінде дүниеге келген екенсің де?!» деді орнынан көтеріліп. «Солай болса керек», – деп жауап қаттым. Темекісін тұтатып, бірер рет терең сорғасын шығуға бет алды. Мен бұрышта сүйеулі таяғын қолына ұстатып, ере шығып, есігін құлыптадым. Бірінші қабатқа түсер кезде, сол қолтығынан ептеп демедім. Төменге бет алғанымызда: «Былтыр асхана осында еді. Жаңасын алысқа салыпсыңдар. Тамақ ішемін деп күнде үш рет жарым шақырымнан жүремін!», – деді («жүремінді» да­у­ысын көтере айтты). Алғашында асхананың алыстығына наразылық білдіріп келе жатқан шығар дегем. Олай болмады. Тістене сөйлеген Баукең: «Дұрыс іс болған. Жатып ішерлердің ары-бері жүгіріп, арығаны жақсы», деді. Осы кезде сыртқа шықтық. – Мен танитын туыстарың бар ма? – деді жүре сөйлеп. Туыстарымнан кімді танитынын қайдан білейін. Мұнысы енді: «Кімің бар?» дегені шығар деп топшыладым. Үнсіз қалу да, жоқ деу де ыңғайсыз. Есіме өзін мектепте оқытқан, 1938 жылы репрессияға ұшыраған Тәңірберген ағайым түсе кетті де: – Сізге Шымкенттегі мектепте сабақ берген Отарбаев туысым еді, – дедім. Бұл сөзім кәдімгідей әсер етті. Маған қарай тез бұрылып, қолындағы таяғын шылым ұстаған сол қолының саусақтарының біріне іле салды да, сол иығымды ұстап, жүзіме зер салып біршама тұрды да: – Тәкеңе ішкі жағың болмаса, сыртың ұқсамайды екен, – деді. Жүрісін жалғастырып бара жатып: – Ол кісіні жазуым керек еді. Есіме салғаның дұрыс болды, – деп маған риза кейіпте қарап қойды. Бұл сөзден кейін, бастапқыдай емес, бойым үйреніңкіреп қалғандай. Өзімді еркіндеу сезініп, дәмханаға дейін ілеспек болдым. – Мұнда 1964 жылдан келіп жүрмін. Одан бұрын «ескілеріңде» жеті рет болғамын. Гулям бас дәрігер еді... – дей бергенде әңгіме бұзылды. Кезекші медбике Сысоенко ентіге қуып жетіп, бір сырқатқа жедел көмек қажет екенін айтты. Шамалы озыңқыраған Баукең медбикенің дау­ысына бұрыла қарап қалған екен. «Мен барайын... Сау болыңыз», – дегенімде, «Рахмет, балам!» – деп арыстандай күркіреді де, қайтадан әрі қарай асықпай жүрісін жалғастырып, таяғын асфальтқа оқта-текте тық-тық еткізіп, ұзай берді. Ертесіне түс ауа Алматыға қарай жолға шығып кетті.   Айтбай ТӘСІЛОВ, дәрігер.  Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш қаласы.