Ұлы Жеңістің 70 жылдығы тойланатын биылғы жыл басталғалы көңіліме бір мазасыздық кірді. Есіме Хакім аға қайта-қайта оралды.
Хакім Нұрғалиұлы Қазан университетінің түлегі, сұрапыл соғысқа дейін әскери салада қызмет еткен. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде 39 және 11-армиялардың құрамында, 101-дербес ұлттық бригаданың 1-атқыштар батальонының командирі, соғыстан соң Мәскеудегі М.Фрунзе атындағы Әскери академияның тыңдаушысы болған. Бірнеше ауданда әскери коммисариат бастығы, өзге де қызметтер атқарған. «Қызыл Жұлдыз», «Қызыл Ту», екі мәрте І дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, көптеген медальдермен марапатталған.
С.Мұқанов музейінің директоры болып келген 1976 жылы ол кісі 66 жаста. Дүниенің қат кезінде, алғаш ұйымдастырылып жатқан музейге қажет көп нәрсені тез тауып әкелетін, ұйымдастырушылық қабілеті мол адам еді. Сонау 1976 жылғы Хакеңнің кезіндегі былғары румын орындықтарын музейде әлі күнге дейін пайдаланып келеміз. «Бір шеге қақсам да, Сәбең үшін», деп отыратын ағамыз. 1989 жылы 79 жасында өмірден озды.
Осы тұста асыл ағамызға сенімді жар болған, өмірінің соңына шейін қасында болған Камал апамыз да еске түседі. Ерекше зиялы, көркем, ақ қағаздай сұлу әйелді алғаш көргенде – таңғалғаным рас. Қолынан жұқа ақ, көк, сары, жасыл жібек орамалы түспейтін, дауыс көтеріп сөйлеу мүлде ғадетінде жоқ апамызға ұқсауға тырысушы едік. Ол кісі да Хакеңнен соң, бірер жыл өте бақиға аттанды.
Қаһарлы соғысты бастан кешкен, майдангер жолдастары «оқ өтпейтін комбат» деп ат қойған адамның қарапайым өмірде қандай жұмсақ, айналасындағы адамдарға жанашыр, қайырымды жан болғанын мен жақсы білем. Өйткені, 1979 жылы асыл аға мені С.Мұқанов музейіне жұмысқа қабылдап, алғашқы еңбек жолымды бастап едім.
Музей қорында ағаның «Батальон, алға!» атты кітабы бар. 1985 жылы Алматыдағы «Қазақстан» баспасынан жарық көрген. Жеңістің 40 жылдығына арналған. Бұл тек естелік кітап қана емес, ішінде талай дерек көздері бар – тарихи дүние. 1941 жылы Ақтөбе қаласында құрылған ұлттық 101-ші дербес бригадасының 1-ші атқыштар батальонының командирі болған Хакім ағаның айтары мол болатын.
...1943 жылы Сәбит Мұқанов «Правда» газетінің тілшісі ретінде Калинин майданына іссапармен барады. Мақсат – Қазақстанда жасақталған 100-ші және 101-ші дербес атқыштар бригадаларында болып, қазақ жауынгерлерімен кездесу, олардың ерлік істерін қағаз бетіне түсіру. Осы сапардан жазған дәптер-күнделігі де музей экспозициясынан орын алған. Алғаш осы дәптерді қолыма алып, танысқан кезде, ішінен Мәлік Ғабдуллин, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұловалармен қатар, Мұзафар Әлімбаев пен Хакім Бекішевтің де есімдерін жолықтырдым. «Ағай, Сәбең мына дәптерде сіз туралы да жазыпты. Майданда жолығысып, кездесіпсіздер ғой?!» деп балаша таңғалғаным есімде. Хакең күліп: «Иә, сонау сұрапыл соғыс кезінде, Игнатово деген селоның жанындағы қалың орман ішінде орналасқан армия штабынан Сәбеңді жолықтырам деп кім ойлапты!..» деп еді. Ол әңгіме «Батальон, алға!» кітабының ішінен «Сәбит Мұқановтың майданға сапары» деген тақырыппен орын алған...
«...11-гвардиялық армия Витебск қаласын алғаннан кейін біз аз уақыт қорғаныста тұрдық. Мен бұл кезде алдыңғы шепте дивизияда жүр едім. Түс кезі.
– Жолдас майор, сізді Кочергин жолдас телефонға шақырады, – деді байланысшы жауынгер.
Мен телефон тұтқасын көтергенде:
– Сізді генерал шақырып жатыр, тез келіңіз. Қонақ келді, – деп Кочергин телефон тұтқасын орнына қойды.
«Кім?» деп сұрап үлгермедім. Орманның ортасындағы жалғыз ағаш үйге жақындай бергенімде, алдымнан жайраңдай күлімсіреп, маған қарай жүгіре басып біреу келеді:
– Ой, қарағым, бауырым! – деген үніне, түр-түсіне қарап, мен де Сәбеңді таныдым, құшақ жая ұмтылдым. Сәбең екеуміз құшақтасып, төске төс соғыстырып қауыштық. Сол күйі құшағымызды жаза алмай, бір-біріміздің бетімізге қарап, ұзақ тұрдық...».
Осы сапарында Сәбит Мұқанов Хакім Бекішевті Калинин майданында жүрген Мәлік Ғабдуллинмен таныстырады. Бұл кезде Мәлік Ғабдуллинге Кеңес Одағының Батыры атағы берілген кез екен. Бұл туралы Хакең тек газеттен ғана оқыған. Сәбең мен Мәлік Хакімнің бастауымен күнде алдыңғы шепке, соғыс болып жатқан бекініске барып тұрады. Сәбеңнің «Гвардия, алға» атты очеркі осы сапардың нәтижесі екені анық.
Сәбит Мұқанов музейінде қолмен жазылған карта бар. Ол жоғарыда айтылған майдан дәптерінің ішінде бөлек жүр. Айқұш-ұйқыш сызылған бұл картаны әрі қарап, бері қарап, ештеңе түсіне алмаған соң, дәптерге үңілдім, дерек іздедім. Сөйтсек, картаны Калинин майданындағы 11-гвардиялық армияның қолбасшысы, генерал Кузьма Никитович Галицкий Невель қаласын босату кезінде өзі қолбасшылық жасаған армия бөлімшелерінің көрсеткен ұрыс қимылдарын картаға түсіріп, Сәбит Мұқановқа сыйлапты. Ол туралы Сәбең дәптеріне жазған екен. Ол карта қазір музей экспозициясында тұр.
Сәбит Мұқановтың музей-үйі ашылғанда келушілер өте көп болды. Сондай күндердің бірінде музейге Мәскеуден бір қонақ келетіні айтылды. Ол – 11-гвардиялық армияның қолбасшысы Кузьма Никитович Галицкийдің орынбасары, Кеңес Одағының Батыры, генерал-лейтенант Михаил Георгиевич Григориенко екен. Әскери азамат музей экспозициясындағы картаны көріп, майдандас достарын еске түсірді. Картаны жоғалтпай сақтаған Сәбеңе, жұрт назарына ұсынып жүрген музей қызметкерлеріне алғыс айтты, Невель қаласын қалай жаудан азат еткендері туралы ұзақ әңгімеледі. Музейдің тілек кітабына: «Қазақ халқы тағы да бір сәулетті мәдениет үйінің шаңырағын көтеріпті. Бұл – үлкен жетістік. Мұның өзі болашақ ұрпаққа ұмытылмас ескерткіш!», деген жазу қалдырды.
Көптен күткен Жеңіс күнін – 9 мамырды Хакім Бекішев Мәскеуде, М.Фрунзе атындағы Әскери академияда оқып жүрген кезінде қарсы алады. Бұл оқу орнына ол 1944 жылдың тамыз айында, армия қолбасшысы К.Н. Галицкийдің бұйрығымен аттанған екен.
«... 1945 жылғы 9 майдың түнгі сағат бір кезі. Радио: «Соғыс бітті. Жеңіс! Жеңіс!» – деп хабарлады. Саңқылдаған Левитанның даусы жеңіс хабарын осылай жеткізді. Барлық тыңдаушылар әскери академия үйінің алдына жиналдық. Бір-бірімізді қайта-қайта құшақтап сүйеміз, қуанышта шек жоқ... Халық Қызыл алаңға қарай ағылды...» деп жазады ол.
1984 жылы маусым айында Хакім Бекішев Белоруссиядағы Россон аудандық партия комитетінен шақырту хат алады. Россон қаласын фашистерден азат етудің 40 жылдық тойына құрметпен шақырыпты. Витебскіні, Россонды жау қолынан алу кезіндегі қырғын соғыс, қанды майдан жаңғырығы ағаның есіне түсті, сол соғыста опат болған жолдастарын ойлады.
Осы сапардан Хакім аға көңілді оралды. Майданда бірге болған, көп уақыт көрмей көз жазып қалған жолдастарын көргенін, бас қосуға 300-дей ардагерлер қатысқанын айтты. Олардың көпшілігі 101-дербес атқыштар бригадасының соғыс ардагерлері екен. Айтылған әңгімелер, естеліктер бұдан қырық жыл бұрынғы суреттерді тірілткені еді.
Мәриям Мұқанованың «Сағынышым – Сәбитім» (Алматы, «Өлке», 2000 ж.) атты кітабынан: «1953 жылы Хакім келіншегі Камал, қайын атасы Нұрғали ақсақал бар, Сәбитке сәлем беруге келіпті. Соғыс аяқталғалы кездеспеген ек, қатты қуандық... риза болып, барымызша күттік. Соғыстан аман-есен келгенінің өзі олжа, бірнеше күн бойы думан құрдық... Олар қайтуға жиналған кезде, Сәбит мені оңашалап шығарып алып: «Мәке, маған бір ой келіп тұр. Нұрғали ақсақал үлкен басымен үйімізге арнайы келіп отыр. Хакім болса туған інімдей. Соғыстан тірі келуінің өзі – үлкен олжа, елде отырсақ ат мінгізер ек. Мен бір ерлік жасап, көк машинаны сыйлағым келіп отыр!» деп ақылдасты. «Денің сау болса, әлі талай «Победа» мінерміз. Болсын, сыйлайық!» дедім»...
Сөйтіп, Сәбең өзі мініп жүрген «Победа» машинасын Хакеңе сыйлапты. «Сізді жаяу қалдырғанымыз болмас!..» деп азар да безер болған оларға жазушы қазақтың шешен тілімен майын тамызып сөйлеп, алмастарына қоймай, Ілеге шейін Мәриям апай мен ұлы Арыстанға шығартып салғызған екен.
Гүлнәр ҚҰДАБАЕВА.
АЛМАТЫ.