Қазақстан – қуатты ел. Тек шикізаттың молдығымен ғана емес, жаңа индустрияландыру бағдарламасын іске асырудағы жасампаздығымен, саяси тұрақтылығы мықты татулығымен әлемге танылды. Әлем елдері арасында мемлекетіміздің мерейін асқақтатқан, абыройын биіктеткен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жақында тәуелсіз елімізді жаңа қарқынмен дамытудың 100 қадамын ұсынып, Ұлттық жоспарды нақтылап берді. Демек, біз Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруге дайынбыз.
ДСҰ-ға мүше болу –жаһан елдері жүріп өткен жол. Бәсекеге қабілеттілігін шыңдап, өркениет көшінен қалғысы келмеген әр ел ДСҰ-ға мүше болуды мақсат тұтады. Себебі, жаһандық өзгерістер өндірілген өнімнің сапасын арттырып, тұтыну нарығын кеңейтуді, сөйтіп, бәсекеге қабілеттілікті шыңдауды талап етеді. Еліміз ДСҰ талаптарына толықтай сай дей аламын. Өйткені, бізде әлем елдерінің нарығына ұялмай ұсына алатын сапалы тауарларымыз жеткілікті. Бізде әлемдік брендпен көлік те құрастырылады, астығымыздың сапасы да жоғары, жанар-жағармай түрлері Еуро-аймақ талаптарымен шығарылып жатыр. «Жасыл экономика» деп аталатын күн мен желден электр қуатын өндіру де қолға алынуда.
Бұдан былайғы уақытта ДСҰ-ға мүше елдер Қазақстаннан санаулы тауарлар мен өнімдерді сатып алумен шектелмейді. Алдымен, өнім сапасына баса көңіл аударылады. Осы тұрғыдан айтқанда, енді Қазақстанда өндірілетін өнімдердің сапасын бұрынғыдан да жоғары деңгейге көтеру қажеттігі туындайтыны даусыз. Өз кезегінде біздің елімізге де ДСҰ-ға мүше елдерден тауарлар ағылып келеді. Бәлкім, кей елдерден тасымалдау шығыны мен қиындығы қолбайлау болатын жаңа технологияларды әкелуге жол ашылады деген үмітіміз бар.
ДСҰ-ға мүше болу үлкен қиындықтарға жолықтырады дейтін сыңаржақ пікірлер айтылып қалады. Бірақ мен бұған келіспеймін. Бұрын санаулы елдерге ғана тасымалданатын тауарларымыз енді төрткүл дүниенің төрт бұрышына жетуіне жол ашылғалы отыр. Бұрын мұнай, астық секілді санаулы өнімдерімізді экспорттайтын болсақ, енді өзге де тауарларымыздың тұтыну нарығын кеңейтетін боламыз. Тек бәсекеге қабілетті өнім өндіруіміз қажет. Өйткені, отандық тұтынушының сұранысы шетелдік арзан өнімге ауары даусыз. Ал бәсекелес болатындай отандық өнімнің сапасы жоғары, сонымен бірге, бағасы да көңілге қонымды болуы қажет. Яғни, ДСҰ-ға мүше болу – отандық тауар өндірушілердің алдымен бәсекеге қабілеттілігін шыңдайды. Екіншіден, өзімізде өндірілетін отандық өнімдердің өзіндік құнын төмендетудің тиімді жолдарын қарастыруды алға тосады. Ең бастысы, тәуелсіз Қазақстанымыз ДСҰ-ға мүше болып, үлкен нарықтың кеңістігіне шыққалы отыр. Бұл – баршамыздың жеңісіміз!
Қоныс ЕРМАНОВ,
«Дастан» ЖШС директоры.
Атырау облысы.