Қаншама жыл өтсе де соғыс салған қасірет жарасы толық жазылды деп айта алмаймыз. Өткенді, үлкендерді еске алсаң қайғы-мұңға батасың, соғыс болмағанда ғой, деп өкініш етесің. Әрине, ең бастысы, ұрпағының амандығы үшін қан қасап соғыста әкелеріміз бен аталарымыз Отан үшін қызмет етудің, туған ел мен жер үшін жанқиярлық ерліктің ерен үлгісін және адалдықтың асқар шыңын көрсетті. Осы ерліктің өшпес ізін қалдырған ата-баба рухына тағзым ете отырып, өзімнің атам – Әшір Найзабековтің де қардай бораған ажал оғының астында Жеңіс үшін жан алысып, жан беріскенін мақтан етемін.
Әшір Найзабеков 1913 жылы Жамбыл облысы, Меркі ауданы, Мыңқазан ауылында дүниеге келген.1942 жылдың үскірік ақпанында соғысқа аттанған атам соғыстың алдыңғы шебінен – Смоленск қаласы маңындағы майданнан бір-ақ шығады. 312-ші Смоленск дивизиясының 1083-ші атқыштар полкінде полк санитары бола жүріп, жаралы жауынгерлердің жарасын таңып, алғашқы көмек көрсеткен. Шайқастар күндіз-түні, аспанда да, жерде де жүріп жатқан шақта қарша бораған оқтың арасынан жаралы жауынгерлерді алып шығу оңай болмаған, қанға бөгіп жатқан жауынгерлердің ауыр халі мен ыңырсыған жан азабы қаншалықты аянышты десеңізші.
Висла өзенінің мұздай суықтығына қарамастан, қара күздің сызды салқынынан тістері тістеріне тимей сақылдаған жауынгерлер жан дәрмендерімен тездетіп жүзіп өтіп, Яновецтегі жаудың қорғанысына қарсы шабуылға шығады. Осы алапат ұрыста қаншама боздақтарынан айырылған кеңес әскері адам шығынына қарауға мұршасы болмай, алға ұмтылған, нәтижесінде дивизия Висла өзенінің батыс жағалауындағы соғыс плацдармының өрісін кеңейте отырып операцияны сәтті орындап шыққан. Солдаттарға медициналық көмек көрсете жүріп Әшір Найзабеков қолынан қаруын тастамай, автоматпен қарсы келген жауды жайратып, майдандастарын оқ қақтығысынан алып шығып отырған.
Соғыста табандылық танытып, 1943 жылы коммунистік партия қатарына қабылданған. Барды жоқ ететін, тауды жер ететін зұлмат соғыста үш майданда ерлікпен шайқасқан атам Әшір Найзабеков 1943 жылдың ақпанынан тамыз айына дейін Степной майданында шайқасқан. 1943 жылдың тамызынан 1944 жылдың тамызына дейін Дон шайқасына қатысқан. 1944 жылдың аяғына дейін Беларусь майданында фашистерге тойтарыс берген. Көрсеткен ерлігі үшін «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталған. 1944 жылдың 15 тамызында Облясы-Дворсии елді мекенінде атамыз Әшір от пен оққа оранған қаһарлы майдан даласында жаумен тіресе жүріп, табандылығымен, төзімділігімен миномет, артиллериядан жауған оқтан жарақаттанған 10 жауынгерге медициналық көмек көрсете отырып, ауыр жарақат алған 5 сарбазды қауіпсіз жерге алып шығарады. Осы оңтайлы сәтті пайдаланып шабуыл жасаған үш неміс әскерінің біреуін өлтіріп, екеуін тұтқынға алған. Осы ерлігі үшін III дәрежелі «Даңқ » орденімен марапатталған. Алайда, 1944 жылдың аяғында қолынан ауыр жарақат және контузия алған атам елге оралуға мәжбүр болады.
Әкем айтатын, атамнан соғыс туралы сұрай қалсаң жүзін мұң басып, қатты күрсінетін еді, өңі қуқыл тартып, жүрегі сыздайтын, үнсіз қалатын, деп. Тек «Енді адамзат баласы мұндай соғысты ешқашан көрмесін, қаншама азаматынан айырылды ғой», дейді екен. Жеңіске санаулы айлар қалғанда елге оралған жауынгер қым-қуыт шаруаның бел ортасынан табылады. Ауыл тіршілігінде басшылық тапсырған қай жұмысты да өнімді атқарып, көзге түседі. Солай өз ауылында бірқатар басшылық қызметтер атқарған. Қызыл-қыстақ, Арал-қыстақ ауылдарында басқарма төрағасы, қой фермасының меңгерушісі болған. Сондай-ақ, атамыз зейнетке шыққанша біраз жылдар ауылдық тексеру комиссиясының төрағалық қызметін абыроймен атқарған.
Атам жары Тоқтабүбі апамыз 49 жасында ерте қайтыс болса да шиеттей балапандарын аяғынан тұрғыза алды. Төрт ұл, төрт қыз тәрбиелеп өсірді. Бірақ соғыс салған ауыр жарақаттары сыр беріп, 1979 жылы 66 жасында қайтыс болды.
«Ер есімі– ел есінде». Ұлы Жеңіс мерекесіне 70 жыл толды. Ерлердің қасиетті рухы бейбіт өмірімізге күн нұрындай мәңгі шуағын шашпақ. Сондай-ақ, «Адам ұрпағымен мың жасайды», – деген сөз бар. Ұрпағы барда аталардың аты да, рухы да өшпек емес.
Зере ӘШІРОВА, немересі.
Жамбыл облысы.