Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңесі ел азаматтарына үндеу арнады. Онда былай делінген:
Қазақстан егемендікке ие болған алғашқы күннен бастап Президент Н.Ә.Назарбаевтың мемлекет саясатының басты бағытына айналдырған бейбітшілік пен қоғамдық келісім идеясы қоғамдағы тұрақтылық пен халықтың әлеуетін арттырудың басты ұстанымына айналды. Сөйтіп, республикамыз әлемдік өркениетке ауызбіршілік пен достықтың, өзара құрмет пен сенімнің озық үлгісін көрсетіп, бейбіт тәртіп пен елдің сындарлы өркендеуін қамтамасыз етті.
Біз бүгін, еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың толеранттылық және қоғамдық келісім, ұлттық бірлік пен ынтымақ саясаты әлемдік қауымдастық тарапынан мойындалғанын мақтанышпен сезінеміз. Бұған нақты дәлел – Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі.
Шетелдік саяси қайраткерлер бізде этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің айрықша үлгісі қалыптасқанын, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық тұрақтылықты сақтаушы маңызды құралға айналғанын бірауыздан атап жүр.
Қазақстан халқы Ассамблеясы дүниеге келген алғашқы сәттен бастап ол адами құндылықтар мен қағидаттарды нығайту арқылы, барлық қазақстандық этностарды өз қанатының астына ұйыстыра отырып, тынбас еңбек пен ортақ міндеттерді іске асыру арқылы күрделі жолдан өтті. Сөйтіп, қызметін консультативтік-кеңесші орган ретінде бастаған ҚХА өз мәртебесін конституциялық тұрғыда бекітіп, іргелі қоғамдық институтқа айналды.
Біз, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, Тәуелсіздік идеалдарын жүзеге асыруға арналған бейбітшілік пен келісім саясатын, Тұңғыш Президент – Елбасы туралы заңдарды толықтай қолдайтынымызды атап көрсеткіміз келеді. Аталған заңдар қоғамның Ұлт көшбасшысының талассыз тұлғалық бейнесіне деген үлкен құрметін айқындады.
Ұлт көшбасшысы мәртебесін заңдастырудың тарихи мәні ерекше. Бұл – біз үшін маңызды, бұл келер ұрпақ үшін де керек. Бұл – Қазақстанның қарыштап дамуының, негізгі құндылығымыз – Тәуелсіздікті нығайту идеясы арқылы ұйысудың кепілі.
Біз барлық қоғамдық күштерді бейбітшілік пен ауызбіршілікті бағалауға, татулықта тұрмыс кешіп, айтылған әрбір сөз бен атқарылған іске жауапты болуға, Қазақстан халқының басты құндылығы – бейбітсүйгіштік, төзімділік пен өзара қолдау қасиеттеріне ұқыпты қарауға шақырамыз.
Біз Қазақстан халқын Ұлт көшбасшысы, бейбітшілік пен қоғамдық келісім кепілі, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жанына ұйысуға шақырамыз, делінген үндеуде.