20 Ақпан, 2015

ҮКІМЕТ

385 рет
көрсетілді
36 мин
оқу үшін
Үкімет Үйі-үлкеніЭкономика саласына кадр даярлауда қандай түйткілдер бар? Инновациялық дамуға бет алған істің барлығын да білімді, білікті мамансыз жүзеге асыру мүмкін емес. Сондықтан инженерлік-техникалық білім беретін және білікті маман дайындайтын жоғары оқу орындарының атқарар ісі қомақты. Соған орай Рудный индустриялық институтының ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Әбдірахман Найзабековті бүгінгі білім ордасының тыныс-тіршілігі, экономика және өндіріске кадр дайындаудағы проблемалар мен оларды шешу жолдары төңірегіндегі әңгімеге тартқан едік. – Әбдірахман Батырбекұлы, шағын кеншілер қаласында тұрған Рудный индустриялық институтының ауыз толтырып айтарлық ісін қандай мысалмен қайырар едіңіз? – Біз дайындаған мамандардың сұранысқа ие екенін білім орда­сының басты жетістігі деп айта аламын. Мысал дедіңіз ғой, 2013-2014 оқу жылында институтты 824 түлек бітірген болатын. Солардың 97 пайызы мамандығы бойынша жұмысқа орналасты. Олардың 80 пайызы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының салымшылары болып табылады. Мұны түлектеріміздің жұмысқа орналасуының айқын дәлелі үшін айтып отырмын. Ресейге кеткен және сонымен қатар, жеке кәсіпорындарға орналасқанымен түрлі себептермен БЖЗҚ-ға салымы түспей жатқан түлектерімізді есептей келгендегі көрсеткіш осындай болды. Енді бір-екі жылда білім ордасынан тағы да мың­жарымға жуық студент, өндіріске, құрылыс саласына, банк жүйесі мен кәсіпкерлікке баратын болады. – Қазақстанда 2013-2014 оқу жылында жоғары білімді кадрларға сұраныс 35 мың адамды құраса, ал білім ордаларын 165 мың түлек бітірді. Осыған қарағанда, бір жылғы түлегі түгел дерлік жұ­мысқа орналасқан сіздердегі көрсеткіш жоғары жетістік екені айқын. Енді, осының сыры неде? – Біріншіден, білім сапасы екенін айтар едім. Біздің мамандықтар негізінен техника­лық және экономикалық бағытта болғандықтан, нақты білім болмай, түлек жұмыста өзін көрсете алмайды. Екіншіден, білім беру үдерісінде институт – студент – өндіріс» тәсілін басты бағытқа аламыз да, жергілікті өндіріс орындарымен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Тіпті, облыс өңіріндегі Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігінің, Краснооктябрь боксит кен басқармасының, «Қостанай минералдары» асбест кен орны, «Өркен», «Шәймерден» кен орындары мен КЕGОС компа­ниясының, теміржол саласының бас инженерін, технологын, басқа басты мамандарын шақырып, біздің институттың кафедра меңгерушілері олармен бірге оқу жоспарын жасайды. Өндірістен келген өкілдер өздеріне керек немесе керексіз пәндерді оқу жос­парынан алып тастауды немесе қосуды ұсынады. Біз өндіріс талабын жіті ескереміз. Білім ордасының өндіріспен байланысы оқу жоспарынан басталады. Студенттер инженерлік, өнді­рістік және диплом алдындағы тәжірибеден өтеді. Олар тө­менгі курстардан басталатын тәжірибе кезінде өндіріс орындарында жұмысшы, инженердің көмекшісі болып істейді. Осылай жаттыққан, көзі қаныққан сту­дент болашақ жұмыс орнын да сол өндірістен көреді. Біз­дің студенттердің 30 пайызы Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігінде тәжірибеден өте­ді. Осы кен алыбында инсти­туттың 2600 түлегі түрлі маман болып жұмыс істейді. Бізде 120 студент белгілі өндірістік компаниялардың қаражатымен оқиды. Студенттердің 10 пайызы дипломын өндіріс орнына барып қорғайды. Мұның бар­лығы студенттерді екіжақты қадағалауға, білімін, білігін же­тілдіруге көмектеседі. Біз­дің тү­лек­терге жан-жақтан сұраныс­тар түсіп жатады. Жыл сайын инс­титутты бітірер алдында жұмыс жәрмеңкесін өткізгенімізде оған Ресейдің кен өндіретін ірі компанияларынан, құрылыс орындарынан өкілдер келеді. Ресейде де техникалық жоғары оқу орындары жеткілікті ғой. Біздің түлектерді жұмысқа шақыра келгендер Рудный индустриялық институты түлектерінің бі­лімі мен біліктілігін жоғары баға­лайтынын жасырмай айтып кетеді. Бұл біз үшін мақтаныш. Бір жағынан, әрине, жас мамандарымыз Ресейге кетіп жатады. Оған амал жоқ. – Елбасы Жолдауларында жүктелген міндеттерге орай жоғары оқу орындары маман дайындаумен қатар, ғылыми орталыққа айналуы қажет. Бұл орайда институттың талпынысы қалай? – Сөз жоқ, жоғары оқу орын­дары еліміз алдына Елбасы қойған міндеттермен бірге тыныстайтыны анық. Соңғы жылдары институтта студенттерді ғылымға бейімдеу жұмыстарына көп көңіл бөліп отырмыз. Соңғы екі жылда 8 ғылыми-шаруа­шылық тақырыптар бойынша зерттеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Бұл студенттердің өз бетінше ғылыми ізденуіне жақсы мүмкіндік, әрі табыс табады. Ғылыми жұмыстарға берілетін мемлекеттік гранттар бойынша бұрын бір ғана тақырып болатын. Қазір оның қатары сегізге жетті. Студенттерге арналған ғылыми үйірмелер жұмыс істейді. Олар республикалық және халықаралық олимпиадалардан, байқаулардан жүлделермен оралып жүр. Бір мысал. Республикалық байқауларды айтпағанда, Е.Кузнецова деген студентіміздің ғылыми жұ­мы­сы бүкілресейлік жас ғалым­дардың 16-шы форумында 4-орынды иеленді. Сонымен қатар, Мәскеу жоғары экономика мектебі ұйымдастырған олимпиада жеңімпазы атанып, сол білім ордасының магистратурасында тегін оқуға мүм­кіндік алды. Өткен жылы техника ғылымдарының докторы Ольга Мирюк деген оқытушымыз «Үздік оқытушы» грантын алды. Оның ғылыми еңбектері ескерілгені аян. Оқытушылардың шетелдік ғылыми журналдарға мақалалары жарияланып тұрады. Дегенмен, жоғары оқу орындарында ғылыми жұмыстар үшін жақсы материалдық база болуы, институттың өзін өзі дамытуына мүмкіндік берілуі тиіс. – Сонда институттың өзін өзі дамытуына не кедергі? – Инженерлік-техникалық кадрларды даярлаудың заманауи білім беру кеңістігіндегі бірқатар шектеулер түйткілді мәселеге айналып отыр. Қазір жоғары оқу орындары бакалавриат пен жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын жүзеге асырады, алайда, жұмысшы кәсібіне оқыту мен біліктілікті арттыруды жүргізбейді. Былай қарағанда, мұның барлығы да бір қолдың саласындай, бірінен-бірі ажырамайтын іс емес пе? Жұмысшы кәсібін оқытпау техникалық маман­дық студенттерінің жұмыс­қа орналасуын қиындатады (кәсі­би куәлігі бар түлекті жұмыс­қа алу жұмыс берушілер үшін тиімді). Сонымен қатар, жұмысшы кәсіптерін оқымаған студенттер кейбір кәсіпорындарға өн­ді­­ріс­тік тәжірибеден өтуге жібе­рілмейді. Экономиканың нақты секторы кәсіпорындарының қызметкерлерін даярлау, қайта даярлау және біліктілігін артты­руға мүмкіндіктің болмауы корпоративтік байланыстардың үзілуіне, жоғары оқу орындарымен ынтымақтасуға бизнес қызы­ғушылығының төмендеуіне, теориялық білімнің тәжірибеден алыстауына әкеліп соғады. Ал жекеменшік жоғары оқу орындары мемлекеттік бі­лім ордаларына қарағанда тәлім­герлерді үздіксіз даярлауда көп басымдықтарға ие. Себебі, оларда техникалық және кәсіптік ма­мандықтарды даярлайтын колледж­дер бар. Аталмыш ол­қы­­лықтың орнын толтыру мақ­сатында «Мемлекеттік мүлік туралы» заңға жоғары оқу орын­дарының өз құрылымында заңды тұлғалар құру, біліктілікті арттыру курстарын жүргізу, жұмысшы кәсіптерін оқыту және орта білім­нен кейінгі білім беру саласында қызмет көрсетуге мүмкіндіктер беруге қатысты өзгертулер енгізілсе түйткілді мәселелер шешімін табар еді. – Білім ордасының мате­риал­дық-техникалық базаны нығайтуы қалай? – Кез келген жоғары оқу ор­нын­да заманауи материалдық база болмай сапалы білім берілмейді, білім ордасы дамымайды. Ал қазір оған қаржы жинақтау тетік­тері қарастырылмаған. Себебі, материалдық-техникалық базаны жаңарту және қорды оқу-ғылыми әдебиетпен толықтыру республикалық бюджетке қаржы құюдың көлемін арттырады. Қысқасы, оқу орнына алынған жаңа жабдық пен оқу құралдары үшін салық төлейміз, ол аз  қаржы емес, ол неге оқу орнын да­мытуға бағытталмайды? Осы орайда «Мемлекеттік мүлік туралы» заңға және Үкіметтің «Рес­публикалық мемлекеттік кәсіпорындардың таза табы­сының бір бөлігін аудару норма­тиві» туралы қаулысына өзгеріс енгізілсе дұрыс болар еді. Пайдаланылмайтын ны­сан­­дарды мүліктік жалға бе­ріп, баланс­та ұстау рөлін атқа­ру да жоғары оқу орындары­на тиімсіз болып отыр. Мысалы, бос бөл­мелерді жалға береміз, олардың ком­муналдық шығын­дарына төлейтін қаржы ғана өзімізде қалады, қалғаны респуб­ли­калық бюджетке кетеді. Жал­ға беруден түскен кірісті жо­ғары оқу орнының дамуына бағыттаса дұрыс болар еді. Бұл да «Мемлекеттік мүлік туралы» заңға өзгертулер енгізуді сұрайтын мәселе. Өткен жылы «Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігі» акционерлік қоғамы біздің институтқа 20 миллион теңге көмек берді. Оған болашақ геолог мамандарды оқытуға қажетті заманауи жабдықтар алдық. Алайда, жоғары оқу орны демеушілік көмекке қарап отырмайды ғой, өз табысы болғаны дұрыс. – Сіздер кадр даярлап беріп отырған ірі өндірістік кәсіп­орындардың жоғары оқу орындарына қаражат жағынан қара­суы демеушілікпен шектеле ме? Белгілі бір жүйе жоқ па? –       Бұл да жоғары оқу орнын дамытудағы өткір мәселенің бірі. Өндірістік кәсіпорындар жоғары оқу орнына қаражатты жүйесіз бағыттайды. Кадрларды даярлауда бір реттік немесе болмашы инвестициялармен ғана шектеледі. Қаржыландыру барысында түлектерді бөлудің нәтижесі есепке алынбайды. Сондықтан жоғары оқу орындарына қаржыны кәсіпорындарға жіберілетін түлектер санына теңдей етіп бағыттау және қаржы шығындарын ғылыми зерттеулерді және индустриялық-инновациялық инфрақұрылым элементтерін қаржыландыруға бағыттау мәселелерін «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» заңға нақтылауды ұсынар едік. Сонымен қатар, біліктілікті тәуелсіз сараптау жүйесінің же­тіл­­мегендігі жоғары оқу ор­ны түлектерінің сұранысқа ие болу деңгейін төмендетеді. Маман­дық бойынша сертификаттауды енгізудің тетіктерін бекітіп, кәсіптік стандарттарды ескере отырып, жаңа білім беру бағ­дарламаларын әзірлесе, ол сұранысқа ие мамандардың жағдайын түп-тамырымен өзгер­тер еді. Міне, осындай пробле­малардың шешімі табылса, ол мін­детті түрде экономиканың нақ­ты секторына қажетті кадрлар даяр­лаудың тиімділігін арттырады. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». Қостанай облысы.

Әлеуметтік нысандардың құрылысы аяқталады

DSC_0003Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында жаңа құрылыс алаңдарын тоқтата тұрып, басталып қойған жобаларды аяқтау жөнінде айтқан болатын. Осы орайда Шығыс өңірінде салынып жатқан 127 әлеуметтік нысанның құрылысын аяқтауға 2 млрд. теңге бөлінбек. Өңір басшысы Даниал Ахметов облыс орталығындағы құрылыс нысандарын аралау барысында осылай деді.

Облыс әкімі Өскемендегі бірқа­тар аяқталмаған нысандардың қазіргі хал-ахуалымен танысты. Олардың қатарында «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ арқылы коммерциялық орындарымен бірге салынып жатқан көпқабатты 9 тұрғын үй және облыстық қан орталығы, оңалту орталығы мен облыстық драма театры бар. Бекітілген жоспарға сәйкес, қан орталығы 1 сәуірде, драма театры 1 мамырда тапсырылуы керек. Осыған орай облыс әкімі Д.А­хме­тов құрылысшылардың жұмысын оң бағалап, негізгі жұмыстары атқарылған нысанды орта жолда қалдырмай, барлық шаруаларын аяқтап, уақытында тапсыру керектігін айтты. Сондай-ақ, өңір үшін медициналық мекемелер мен мектептер, балабақшалар құрылысының да маңызы жоғары екенін жеткізді. – Облысымызда барлығы 127 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілуде. Жекелеген нысандарда құрылыс ақаулары табылды, кейбіріне құрал-жабдық алуға қаржы жетпейді. Алайда, биыл біз бұл нысандарды міндетті түрде тапсыруымыз тиіс. Сондықтан нысандарды толық аяқтап, ел игі­лігіне беру үшін қосымша қаржы бөлеміз. Осы жұмыстың барлығына облыс бюджетінен 2 млрд. теңге бөлінеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша, біз мемлекет ақшасын үнемдей отырып, қаржыны толығымен жеткізуіміз керек, – деді Д.Ахметов. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». ӨСКЕМЕН.

Күннен қуат аламыз

Табиғат бір жетпестікті екінші баламасымен өзі толықтырып тұратындай. Күн шуағы төгіліп тұратын немесе адуын желі жердің астын үстіне шығарғандай астаң-кестең ететін  Маңғыстауда осы екі табиғи құбылысты кәдеге неге жаратпасқа деген ойды газетіміздің алдыңғы сандарының бірінде жарияланған «Күн әлдилеп, жел тербеген түбек» атты мақаламызда келтірген едік. Электр энергиясын үнемдеу және оның тұтыну бағасының қымбаттауы айтыла бастаған жағдайда әлемде балама көздердің қажеттілігі, оны қолдану көкжиегін кеңейту расында сезіле бастады. Ойымызға орайлас, таяу уақытта  Ақтауда күн энергиясын пайдалану зауыты салынатын болды. Құны 85,5 млн. АҚШ доллары тұратын инвестициялық жобаны жүзеге асыру үшін тараптар – Ақтау қаласының әкімі Е.Жаңбыршин, Маңғыстау облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ж.Доспаев және «Империал ренюбл Энерджи Казахстан» компаниясы өкілдері бір үстел басында кездесіп, мәмілелесті. Ақтау халықаралық әуежайы маңынан 150 га жер телімі бөлінген, зауыт құрылысы биыл басталады деп күтілуде, ал ақпан айында зауыт құрылысының бастамасы ретінде алғашқы белгі – капсула орнатылатын болады. Құрылысты жүргізуге Біріккен Араб Әмірліктерінің «Империал ренюбл Энерджи Казахстан» компаниясы таңдалды. Өткен жылдың күз айларының бірінде Ақтау қаласының әкімі Е.Жаңбыршинмен кездескен «Империал» компаниясының өкілдері, күн энергиясын тиімді пайдалану технологиясы туралы таныстырған болатын. Талқылаулардан соңғы таңдау «жасыл» энергетиканы дамытуда белсенді БАӘ елінің инвесторларына түсіпті. Осы компанияның негізін қалаушы Манож Дивакаранның айтуынша, аталмыш аумақтағы жерге орналасатын зауыт күн сәулесін пайдалану арқылы қуаты 50 МВт электр энергиясын және тәулігіне 10 мың текше метр тұшытылған су өндіре алмақ. – Бұл жоба Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баевтың «жасыл экономиканы» дамыту, баламалы энергия көздерін тиімді пайдалану сынды тапсырмаларын іске асыруға, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің мақсатына сай келеді. Инвесторлардың Маңғыстауға келіп, күн энергия­сын пайдалану технологиясын енгізуі, бұл – еліміз үшін де, энергетика саласы мен коммуналдық қызмет үшін де зор жетістік. Қазіргі әлемде болып жатқан дағдарыстарға, әртүрлі жағдайларға қарамастан, ірі компанияның Ақтау қаласына қомақты инвестиция салуы жаңа жұмыс орындарын ашып, мамандарды даярлау, жаңа технологияларды ашу және ғылыми жағынан дамыту бағытында жаңа мүмкіндіктер туғызады. Бастысы, бұл инновациялық технологияның қоршаған ортаны ластауды болдырмауына, тарифтерді тұрақты ұстауға, Ақтаудағы бой көтерген жаңа шағын аудандарды дамытуға ықпал етеді, – деді, Ақтау қаласының әкімі Е.Жаңбыршин. Жұмыс жасауға кепілді мерзімі ширек ғасырды құрайтын зауыт соның 20 жылында компания құзырында болып, кейін ақысыз негізде мемлекет меншігіне беріледі. Осы 25 жыл ішінде зауыт қондырғылары мен жабдықтарын жаңартып, зауыттың одан әрі жұмыс жасауын жалғастыруға болады. Зауыт күн энергиясы және тұщы суды қолжетімді етуімен ғана емес, өңірде жаңа жұмыс орындарын ашу үшін де қолайлылық тудырмақ. Өңірдегі  жоғары оқу орын­дарының базасында арнайы ғылыми орталық ашып, қаржыландыруға мүдделі компания мұны жергілікті ма­мандарды оқыту мен дайындау үшін қажет деп тү­сіндірді. 150 адамды жұмыс орнымен қамтитын зау­ы­т­­та 10-15 маман шеттен келсе, қалғандары жергілікті тұр­ғындардан құралатын болады. «Жобаға салынған инвестицияның қайтарымы 8-9 жылды құрайды. Ал жалақы арнайы біліктілікке қарай жоғары болады, нарықтан мөлшерден кем болмайды», деп атап өтті Манож Дивакаран. Әлемді теңселткен қаржы дағдарысына қарамай батыл да белсенді қимылдап, «жасыл» энергетикадағы жетістіктерімен ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қатысуға талаптанған БАӘ елінің Ақтаудағы жобасы көрмеге барар жолдағы сенімділік пен белсенділікті байқатады.

 Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».     

Маңғыстау облысы.

«Ордабасыға» ресейліктердің де ойы кетті

1900_oko«Ордабасы» – асылтұқымды қойдың атауы. Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты ғалым­дары селекция арқылы етті меринос қойының жаңа тұқымын алған. Жүнге бай болмағанымен етті. Марқа қозының өзі 40 келі салмақ тартады. Саулықтары 70-90 келі, ал ісек, қошқарлары 95-120 келіге дейін барады. Қазір жайылымдылық жерлерде су жетіспеушілігі байқалуда. Шо­пандар шығандап құм ішіне қой жая алмайды. Ал «Ордабасының» басқа қойлардан тағы бір ерек­шелігі шөлге шыдамды, ыстық-суыққа төзімділігі. Қазақ ға­лым­дарының көз майымен, ерен еңбегімен келген Шопан ата түлігінің жаңа тұқымына ресей­ліктер де қызығып, сұраныс беріп жатқан көрінеді. Оларды да түсінуге болады. Бір Мәскеудің өзі бір күнде бірнеше отар қойды тамаққа пайдаланады. Яғни, етті малға сұраныс та үлкен. Әзірге Оңтүстіктің бес-алты ауданындағы шаруа қожа­лықтарында шамамен отыз мыңның үстінде қой бар. Оның үстіне елтіріге деген сұраныс көбейіп келеді. Академик, Мем­лекеттік сыйлықтың лауреаты Әбдірахман Омбаев кезінде ғылы­ми институт мамандары селекция арқылы дүниеге әкелген алтын сұр елтірісін алтынмен саудалап алатын мемлекеттер көп болғанын айтады. Қазір де Оңтүстіктің елтірісіне Қытай және Түркия мемлекеттері қызығып, саудаға шыққанын қидай сыпырып жатыр. Осындайда еске түседі. Оң­түстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының мамандары оңтай­сыз жекешелендіру кезінде Қытай мемлекетінің бұлардың елу жылдай еңбектеніп дүниеге әкелген меринос қойының екі мыңға жуығын сатып әкеткенін айтады. Бұрнағы жылы институтта Қытай ғалымдарымен кездес­кенде сол қойлардың жағдайын сұраған екен. «Қазір екі миллионға жетті. Біз ол қойларды көбейтеміз, ешқайда сатпаймыз. Өйткені, ол Қытай мемлекетінің ұлттық байлығы», депті олар. Сондықтан, «аузы күйген үрлеп ішеді» дегендей, селекционер ғалымдар «Ордабасы» асылтұқымды қойын республика бойынша көбейтпек ниетте. Сонымен қатар, көк елтірі жо­басын іске асыруға кірісіп жатыр. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан». ШЫМКЕНТ.

Кәсіпкерлікке кең өріс

Қызылорда облысы Сырдария ауданында «бір терезе» қағидасы аясында кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ашылды. IMG_5325Аталған орталықты ашудағы негізгі мақсат – аудандық және облыстық деңгейде ісін жаңа бастаған, сондай-ақ, жұмыс жасап жүрген кәсіпкерлерге жағдай жасау. – Біздің міндетіміз – аудан және шағын қалалардағы кәсіпкерлердің әр жерге шап­қыламай, бір орталықтан бизнеске қатысты көмек алуына жағдай жасау. Осындай орталық­тарды ашу арқылы алға қойылған міндеттерді нақты орындай аламыз,– дейді Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев. Оның айтуынша, бұл елімізде ашылып отырған үшінші орталық. Бұл жерде көрсетілетін қызмет түрлерінің барлығы да ақысыз. Сондықтан, өз бизнесін ашуға ниетті кез келген тұрғынның мамандардан кеңес алуына да, мемлекеттік бағдарламалар бойынша қаражат көзін табуына да жол ашылып отыр. Онда кәсіпкерлер палатасының, «Қазагромаркетинг» АҚ-тың, «Кәсіпкерлерді қаржылай қолдау қоры» АҚ-тың, «Қазақстан халық банкі» АҚ-тың, «Халыққа қызмет көрсету орталығы» мемлекеттік мекемесінің мамандары мен кеңес берушілері орналасқан. Орталықтың ашылғанына ерекше қуанғандардың бірі жеке кәсіпкер Ғалия Алдамжарова. 2000 жылдары тіс кабинетін аша отырып, өз кәсібін бастаған ол алғашқы жылдары кімнен кеңес алатынын білмей, қатты қиналғанын айтады. «Бүгін ашылып отырған орталық бар­лық керек мамандардың бір жерге шоғыр­ланғандығымен құнды. Ендігі жерде бізге мемлекеттің қолдауын тиімді пайдаланып, жұмыс жасау ғана қалды», дейді Ғ.Ал­дамжарова. Өткен жылы кәсіпкерлер палатасының ықпалымен Алматы қаласында біліктілігін арттырған ол қазіргі уақытта ауылдың 2 тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. Тәжірибелі кәсіпкер алдағы уақытта өз бизнесін кеңейтуді жоспарлап отыр. Орталық кәсіпкерлерге 20-дан астам қызмет түрлерін ұсынуда. Атап айтқанда, кәсіпкерлерге қолдау көрсету шаралары бойынша кеңес беру, мемлекеттік және өзге де актілердің техникалық шарттарын алуда, қаржылай қаражаттарды алуда көмек көрсету және сүйемелдеу. Сондай-ақ, аталмыш орталықта кәсіп­керлікпен айналысуға ниетті азаматтарды кәсіпкерліктің негіздеріне оқытатын «бизнес-мектеп» жұмыс жасайды. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». Қызылорда облысы.

60 жылдың белесіне

жеткен Өскемен жиһаз жасаушылары жаңа бұйымдар шығарып жатыр

DSC00428«Өскемен жиһаз» жауап­кершілігі шектеулі серіктестігінің 60 жылдық тарихы бар. Сонау Одақтың іргесі сөгілмей тұрған кезде көздің жауын алатын әсем де сапалы жиһаздардың түр-түрін шығарып, тұтынушылардың алғысына бөленген кәсіпорын нарықтың өтпелі шағында қалт-құлт етсе де жабылмай, тірші­лігін жалғастыра берді. Іскер, мамандығын шебер меңгерген басшы Григорий Вознюк ағаш­тан түйін түйетін шеберлер мен тігіншілерді жұмыстан қыс­қартпай, амалын тауып жалақы­сын төлеп келді. Қазір аталмыш серіктестік жиһаздардың қырыққа тарта түрін шығаруда. Олардың ішінде жұртшылық іздеп жүріп алатын «Вега-СІ», «Вега-Т», «Вега-ФО», соңғы кезде өндіріске енген «Вега-Л» жұмсақ жиһазы, «Герда-5», «Пикантный», сондай-ақ, «Ассоль» қонақ бөлмесіне арналған жиһаздар сапалылығымен ерекшеленеді. – Келер жылы кәсіпорынға 60 жыл толады. Қазір тұтынушы­лар­дың талғамы жоғары, жыл­тырақ, арзан, сапасыз жиһаздан гөрі сапалы заттарға сұранысты күшейткен. Біз олардың талғамына, арнайы тапсырыстары бойынша жиһаз жасап береміз. Елбасының отан­дық өнім шығару көлемін арттыра беру жөніндегі тапсырмасы назарда. Бұл бағытта арнайы бағдарлама бойынша жұмыс жасаудамыз. Жиһазға қажет ламинат табақшаларын, басқа да материал­дарды алыстан іздемей іргедегі Риддер орман шаруашылығынан аламыз. Бұл кәсіпорынды іскер басшы Александр Бобошко  басқарады. Облыстағы аудандардан да тапсырыс түсіп жатады. Себебі, тұрғындар «Өскемен жиһаз» серіктестігі шығаратын бұйымдардың ұзақ уақыт жарамдылығына сенімді, – дейді кәсіпорын басшысы Г.Вознюк. Кәсіпорынның жиһаз жасай­тын цехтарын аралап жүрміз. Менеджер Анар Арғын­канова 13 жылдан бері қызмет етеді екен. Ол ұжымның ыстық-суығына төзіп, 39 жыл еңбек еткен цех бастығы Галина Курилова, 30 жылға таяу қызмет жасап келе жатқан Светлана Слатина, «Сауда үйінің» меңгерушісі Галина Потапенко, менеджер Замира Иқамбаева, Лариса Пинигинаның іскерлік қабілетіне ерекше тоқталды. Станокшы Светлана Лукьянова, тігінші Светлана Гутче, ағаш шебері Владимир Тарасов бізбен әңгімесінде бұйымдарды жасау кезінде тұтынушылардың талғамына сай қызмет көрсететінін айтты. Өскемендік жиһаз жасаушылар бұйымдарды өздері жеткізіп, құрастырып береді екен. Ол ол ма, жиһаз жасатқысы келгендер серіктестік мамандарын үйлеріне шақырып, интерьер бойынша өлшетіп,  матаның түр-түсі бойын­ша тапсырыс бере алады. Бұл да нарық талабының бірі болса керек. 60 жылдың белесінде тұрған отандық өнім шығарушы «Өскемен жиһаз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі алдағы уақытта да тұтынушылардың талғамын қана­ғаттандыра бермек. ӨСКЕМЕН. Суреттер автордікі.

 «Қазақмыс» үнемдеу режіміне көшуде

Елімізде мыс және кен өндіру мен өңдеу­де алдыңғы қатардағы алып компания мұнан былайғы жерде үнем тәртібіне көшуге мәжбүр болып отыр. Қазір корпорация құрамында он кеніш орны, бес кен-байыту фабрикасы, екі мыс зауыты және екі көмір кеніші бар. Мыс бағасының күрт төмендеуінен туын­да­ған жағдай «Қазақмыс» корпорациясы басшылығын компанияның барлық еңбек алаңдарындағы еңбек үдерістерін оңтайландыру жұмыстарын жүргізуге міндеттеуде. Бірақ, бұл ұжымдардағы жұ­мыс орнын жаппай қысқарту деген сөз емес. Қазіргі кезде пайда келтірмей отырған кәсіпорындар уақытша тоқтатылады. Жұмыс орындарынан босаған барлық 2 мыңға жуық жұмысшы кәсіби білім жетілдіру курстарынан өтеді. Барлық жұмысшылардың орташа жалақысы сақталады. Қайта оқудан өткен соң олардың жұмыс деңгейі көтеріледі деп күтіліп отырған Бозшакөл, Ақтоғай кеніштеріне орналастыру жоспарлануда. Осы бағытта «Казминералз» ЖШС-мен келіссөздер жүргізілген. Оңтайландыру іс-шаралары  корпорация­ның әкімшілік қызметкерлеріне де қатыс­ты. Қызметкерлердің белгілі бір бөлігі қысқартылған жұмыс кестесімен жұмыс атқарады, сонымен бірге, әкімші­лік қызмет­кер­лердің осы бөлігінің, корпо­рацияның барлық басқару бөлімі қызмет­керлерінің күнделікті жүргізген жұмысы қорытындысында төленетін сыйақы 10 пайызға қысқартылмақ. «Қазақмыс» ЖШС осындай экономикалық қиын кезеңнің өзінде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі қағидатын сақтай отырып, жұмыскерлерді де, әкімшілік қызметкерлерін де жаппай қысқартудан бас тартып отыр. Бұл шаралар Елбасының Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқандарымен толық үндеседі. Еңбек өнімділігінің шапшаң төмендеуі байқалған жағдайдың өзінде босатылған жұмыскерлердің еңбек демалыстарына шығып, айлық жалақысының 50 пайызын сақтау қарастырылып отыр. Уақытша жұмыс істемеген жұмыскерлер «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС есебінен өз кәсіби біліктіліктерін жетілдіріп, қайта оқулардан өтеді. – Осындай қиын кезеңнің өзінде біз оңтайландыру жұмыстарын еңбек ұжымд­арында аса қатты аңғарылмайтындай, еңбек үдерісіне зияны тимейтіндей деңгей­де қарастырдық. Біз үшін әлеуметтік жауапкер­шілік бос сөз емес, біз әр жұмыс­кердің тағдыры үшін жауаптымыз, – дейді «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС-інің бас директоры Бахтияр Қрықпышев. Қазақмыс негізгі кен өндіретін және сатылымға лайық металға айналдырып өңдейтін өндіріс орындарын басқарады. Былтырғы жылы өндірілген кеннен 294 мың тонна таза катодты мыс өңделіп алынған. Корпорацияда 40000 адам жұмыс атқарады. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.

Нар тәуекел жүгі

Шағын шеберханадан өндіріс­тік цехтарға дейінгі аралықта ауқымды бизнес-идеяларды талмай жүзеге асырып келе жатқан кәсіпкер ең үздік тауар өндіруші атанып отыр. 24[1]Владимир Левинді көптен бері білемін. Қызмет бабымен де, жұмыстан тыс уақытта да онымен жолым түйісіп жүрді. Сөзге сараң, мінезі біртоға азаматтың ерен еңбеккерге тән ізденіс іздері бүгінгідей көз алдымда жаңғырып тұр. Ол кездері құлаққа тосаң ес­тілетін кәсіпкерлік, бизнес сөз­дерінің түп-төркініне бойламастан осы салаларға жауыннан кейін қаптап сала беретін саңырауқұлақтай атойлап ат қой­­ған талайлардың маңдайы тасқа тиіп жатқанда өліара кезең­дегі қиындықтардың асу бермес өткелдерінен сүрінбей өткен санау­лылардың бірі Володя болатын. Оның бұл ойын бастап­қыда қолдаушылар да, күмән келтірушілер де табылды. Шы­нында да, тәуелсіздіктің елең-алаң шағында нартәуекелге бел буып, қыр-сыры жұмбақ кәсіптің әліппесін бастау кім-кімге де оңай соқпағаны айдан анық. Сол себепті оны Қызылжар ауданында алғашқылардың қатарында тыңнан түрен салып, кәсіпкерліктің негізін қалаушылардың бірі ретінде емес, алға қойған мақсатын жігерлі, табанды ұмтылыстармен ұштастыра білгені үшін құрметтейді. Алдымен жел сөздің сумаң­дай есіп, сосын нешетүрлі қауе­сет­тердің тарайтыны бар. Таңер­тең жұмысқа келсем, қызмет­тестерімнің «Владимир үйінің бір бөлігін шеберханаға айналдырып, жиһаз жауға кірісіп кетіпті», деген жаңалығына елең еттім. «Әліптің артын күтелік. Үлгі етуге тұрарлық бас­­тама екен» деген ішкі қошеметпен азаматтың шалт қимылына сүйсіндім. Бір кездескенімде хал-жағдай сұрас­­тық. Түрінен ешқандай қобал­жушылық байқалмады. Сол баяғы жер қозғалса да анау-мынауға селт ете қоймайтын сабырлы қалпы. Асып-тасушылық жоқ. Тәжірибе молығып, кәсібіне төселіп қалған секілді. «Көз – қорқақ, қол – батыр демей ме? Жұмыссыз жүрген 4-5 азаматтың басын қосып, үйішілік жиһаз шығаратын жеке кәсіпкерлік ашыпты. Өнімдердің алғашқы партиясы жергілікті тұтынушыларға жөнелтіліп, жақсы бағаланған көрінеді. Тапсырыстың көптеп түсе бастауы жұмысқа деген ынта-жігерін оятып, шабыттандырып жібергенін сөзінен, қимылынан аңғардым. Ең бастысы, сапа, жұртшылық сұранымын, талғамын үнемі ескеріп отыру ғой. Онсыз нарық талабына, бәсекелестікке ілесу өте қиын. Аяқтан тік тұрып алғаннан кейін өндіріс аумағын кеңейтуді ойластырып жүрмін, деген еді ол сол жолы. «Ізденген жетер – мұратқа» деген осы. Осыдан ширек ғасырға жуық жаңа кәсіптің табалдырығын имене аттаса, содан бергі уақыт бе­дерінде үйішілік, кеңселік, қа­быр­ғалық жиһаздар жасауға маманданған кәсіпорынның өнім­дері Қазақстаннан тыс өңір­лер­де де сұранысқа ие. Жеке тапсырыс бойынша да заказдар қабылдап, сериялап өндіру жүйесі орныққан. Қазір мұнда жүзден астам адам еңбек етеді. Өндірістік ғимараттың аумағы кеңейіп, фирмалық жиһаз сауда орталығы бой көтерді. Жыл өткен сайын шеберханалар жаңғырып, заманауи құрал-жабдықтармен толығып келеді. Жиһаздарды өңдейтін және ажарлайтын цех іске қосылып, жаңа станоктар орнатылды. Мемлекеттің қаржылық қолдауына сүйене отырып «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының белсенді қатысушысына айналды. Жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, он адамды әлеуметтік жұмысқа орналастырды. Бүгінде асүй, қонақүйлерге, кеңселерге арналған және сертификаттық талаптарға сәйкес жиһаздардың 20-дан астам түрі шығарылады. Облыстан тысқары жерлерге де жақсы танымал жиһаз жасаушы Владимир Давыдовичтің зайыбы Алевтина Андреевна – басты сүйеніштердің бірі. Әкенің өнегелі ісін қызы Елена да сәтті жалғастырып келеді. Ол кәсіп­орынның директоры әрі бас имиджмейкер қызметін атқарады. Немерелері де қолқанатқа жарап қалған. Валентин жұмсақ жиһаздар цехының меңгерушісі болса, Евгений – осында білікті заңгер. Кәсіпорында өз ісінің шеберлері жетіп-артылады. Олар­дың қатарына учаске жетек­шілері Игорь Клименконы, Ан­дрей Коротковты, цех басшысы Анатолий Рогозаны, жиһаз жасау­шылар Владимир Чехты, Арман Мейірмановты, Владимир Зуб­ковты, құрастырушылар Николай Трусовты, Юрий Рудты, тағы басқаларды атауға болады. «Левин В.Д.» ЖК-нің жеткен жетістіктерін санамалап шығу қиын. «Алтын сапа-2009» байқауында бірінші, «Жиһаз өндіруші-2008, «Парыз-2009», Парыз-2011» көр­мелерінде екінші дәрежелі дип­ломдармен марапатталды. 2010 жылы «Үздік кәсіпкер» атанды. Ал, жылқы жылы республикалық «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесінде озып шығып, «Тұрғындарға арналған үздік тауар­лар» аталымын жеңіп алуымен есте қалды. – Былтырғы байқау-көрмеге 150-ден астам кәсіпорын мен жеке кәсіпкердің қатысқанын ескерсек, бәсекелестіктің қандай дәрежеде өткенін шамалай беруге болады. Елбасымыздың бастамасымен жүйелі түрде ұйымдастырылып жүрген мұндай форумға қатысу және жоғары марапатқа ие болу бақыты ұжым еңбеккерлерінің арқасы, – дейді ақ қайыңнан жиһаз жасаушы Владимир Давыдович ағынан жарылып. Раиса ЛҰҚПАНОВА, аудандық «Маяк» газетінің шеф-редакторы. Солтүстік Қазақстан облысы, Қызылжар ауданы. Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Бағдарлама межесі толық орындалды

Ақмола облысында «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасын іске асыру бойынша жыл қорытындысына арналған салтанатты шара өтті. Мемлекеттік бағдарламаны іске асыруда жемісті ынтымақтастығы үшін жеке кәсіпкерлер мен қала­ның еңбек ұжымдарына алғыс хаттар тапсырылды. Қазіргі таңда Көкшетау қа­ла­сының жұмыспен қамту ор­талықтары тарапынан «Жұмыс­пен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының үш бағыты бойынша белгіленген жос­пар 100 пайызға орындалған. Бағдарламаға жалпы саны 351 адам қатысты. «Инфрақұрылым мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту есебінен жұмыспен қамту» бағыты аясында 7 жоба іске асырылып отыр. Оған өзін-өзі жұмыспен қамтушылар арасынан 18 адам қатысты. Екінші бағыттағы «Кәсіп­керлік пен тірек ауылдарды дамыту арқылы жұмыспен қамту» бойынша 10 адам «Кәсіпкерлік негіздерін» оқып шықты. Республикалық бюджеттен шағын несиелендіруге 2014 жылы 25 миллион теңге бө­лінген. «Жұмыс беруші қажеттігі аясында оқыту мен қоныстандыру арқылы жұмыспен қамтуды» көздейтін үшінші бағыт бойынша 82 азамат кәсіптік оқуға тартылып, 116 адам жастар тағылымдамасында белсенділік танытты. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан». Ақмола облысы.