Жапония экономикасы жайбасарлық танытты
Әлемдік ақпарат агенттіктерінің мәліметіне сүйенсек, Жапония экономикасы да жайбасарлыққа салынды. Құлдырауға ырық бермегенімен, жалпы өсімнен баяулық білінуде. Яғни, өткен жылдың соңғы тоқсанындағы экономикалық өсім болжамдағы сандарға мүлде сәйкес емес. Сарапшылар күткендегідей көрсеткіштер «көзден бұлбұл ұшқандай». Ішкі жалпы өнім көрсеткіші экономикалық өсімнің шамамен 0,6 пайызын құрады. Экономика министрі Акир Амаридің пайымынша, бұл статистикалық мәліметтер елдің көпке созылған тоқыраудан шығып отырғандығының дәлелі бола алады. Бірақ нарық сарапшылары бұл баяулау тұтынудың және капитал шығындарының көбеюі әсерінен, сондай-ақ, тұрақсыз экономикалық жағдайға байланысты инвестицияның әлсіреуінен деп отыр. Алайда, токиолық Nikkei индексі 7 жылда алғаш рет 0,5 пайызға өскен. Жапон нарығы еуропалық серіктестіктері Грекиямен арада туған дауды сәтті шешіп, еуроның құламауына үміт артуда. Сонда Еуропаға шығарылатын жапониялық экспорт көлемі де азаймайды деп болжайды.Еуротоп пен Грекия келіссөздері нәтижесіз аяқталды
Брюссельде өткен еуроаймақ елдерінің сыртқы істер министрлерінің отырысы негізінен Грекияның сыртқы қарызы, сондай-ақ, ол елге халықаралық қаржылық көмек көрсетудің бұдан арғы ахуалы мәселелеріне арналған болатын. Алайда, көп үміт артылған жиынның қорытындысы грекиялықтардың көңіліне қуаныш ұялата қойған жоқ. Франс-Пресс агенттігінің хабарлауынша, Афинаға қазіргі көмек бағдарламасының қатаң антидағдарыстық талаптарын сақтай отырып мерзімін созу туралы ұсынылған. Бірақ Грекия делегациясының өкілдері бұл талаптардың мүмкін еместігін айтады. Еуротоп төрағасы Грекия үшін қазіргі бағдарлама мерзімінің созылғаны дұрыс деп отыр. Еуроаймақ қаржы министрлері кеңесінің төрағасы Йерун Дейсселблумның айтуынша, көмек көрсетуге қатысты жаңа ұсыныс жасау үшін біраз уақыт қажет. Қазіргі уақытта ең дұрысы осы шешім болмақ. Сондай-ақ, ол бірнеше ай ішінде алдағы мүмкіндіктерді қарастыратынын, алайда, Грекия қаржылай көмек талаптарын түбегейлі өзгертуге тырысып отырғанын айтқан. Афинаға қатысты қазіргі бағдарламаның мерзімі осы айдың соңында аяқталатыны белгілі. Соған орай алдағы аптада бұл мәселе тағы да талқыланады деп күтілуде. Ал қазіргі күні Грекияның сыртқы қарызы 320 млрд. еуроны құрайды, бұл – ол елдің ішкі жалпы өнімінің 175 пайызы. Ал осы аптаның сәрсенбісінде Грекия жаңа көшбасшысын сайлады. 65 жастағы Прокопис Павлопулос ел президенті болды. Тәжірибесі мол саясаткердің кандидатурасын сейсенбіде республика премьер-министрі Алексис Ципрас парламенттік топтың отырысында ұсынған болатын. Ал жаңа президент ел экономикасын жаңа белеске көтере ала ма жоқ па, ол енді уақыттың еншісінде.Батыс Африкада Эболаға шалдыққандар саны артты
Қазіргі таңда әлем елдерін әлекке салып, әбден қалжыратқан күрделі мәселелердің бірі қауіпті жұқпалы аурулардың өршуі болып отыр. Себебі, ауру жайлаған елге үлкен әлеуметтік қатер төнетіні белгілі. Ал оның артында экономикалық орасан зор зардаптары тағы бар. Соңғы уақытта көптеген елдерге үлкен үрей тудырған Эбола вирусының таралуына нақты тосқауыл табылар емес. Одан әсіресе, Африка елдері қасірет тартуда. Мәселен, Батыс Африкада Эболаға шалдыққандар қатары 23 мың адамға жеткен. Бүгінде бұл вирус Сьерра-Леон, Либерия, Гвинея, Мали, Нигерия, Сенегал, Испания, Ұлыбритания, АҚШ елдерінде тіркелген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының соңғы деректеріне сүйенсек, бұл вируспен ауырғандардың арасында өлім-жітім артқан. Мәселен, 13-16 ақпан аралығында бұл ауруға шалдыққан әр 183 адамның 100-і дүние салыпты. Осыған орай Гвинея, Либерия және Сьерра-Леон елдерінің көшбасшылары Эболаға күресті күшейтуге халықаралық көмек сұрауда. Бұл эпидемия басталғаннан бері аталған елдерде 9 353 адам өлім құшыпты, сондай-ақ 23182 адам ауру жұқтырған. Тарқатып айтсақ, Либерия елінде Эболадан қаза тапқан адамдар саны 3 900 болса, 9 007 адам ауырған. Ал Сьерра-Леонда 3401 адам дәл осы аурудан дүние салса, 11 074 адам вирус жұқтырған. Гвинеяда да жағдай мәз емес. Осы дерттің салдарынан 3101 мың адам көз жұмған. 2 052 адам ауру деп тіркелген. Жоғарыда аталған елдердің көбінде ауруға шалдыққан адамдар саны 10-нан кем түспейді. Сондай-ақ, Нигерияда 20 адам вирус жұқтырды деп тіркелген, оның 8-і көз жұмған. Еске салсақ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қаңтар айында Эбола вирусының таралуы бәсеңдеп келе жатқанын хабарлаған болатын. Соңғы жеті айдың көрсеткішімен салыстырғанда қаңтарда ең төменгі көрсеткіш тіркелгенін мәлімдеген. Бірақ бұл қуанышты хабар ұзаққа созылмады. Міне, ақпанның соңына жетпей жатып, бұл жыл басталғаннан бергі Батыс Африкада Эбола вирусы ең көп тіркелген апта деп жар салды. Соған орай, аталған ұйым қосымша дәрі-дәрмек, керек-жарақ құралдардың, қаржының қажеттілігін айтып дабыл қағуда.Мұнай бағасы өсе ме?
Осы аптада әлемдік ақпарат құралдары мұнай бағасының көтерілгені туралы жарыса жазды. Яғни, сейсенбі күні Brent мұнайының бағасы қымбаттап, 62 доллар болды. Лондондағы ICE Futures биржасында Brent мұнайының сәуір айындағы фьючерстері сейсенбі күні таңертең бір баррель үшін 62,12 долларға дейін өскен. Былайша қарасақ, мұнай бағасының 62 доллар болуы осыдан жарты жыл бұрын үлкен апат сияқты көрінген. Себебі, өткен жылдың маусым айының басында ғана мұнай бағасы 115 доллар болғаны қазір ертегідей. Сөйтіп, тамызда бұл баға 100 доллар, қазанда 90 доллар шамасында қалыптасса, қарашада 80 доллардан да төмендеді. Сол кезде сарапшылардың біразы бұл баға құлдырауының ең төменгі шегі болар деп болжаған. Оның бір себебі, мұнай бағасының 80 доллардан төмендеуін әлемнің мұнайлы елдерінің экономикалары көтере алмайды деп ойлаған. Осылайша, олар мұнай өндіруді азайтады да, баға қайтадан жоғары өрлей бастайды десті. Алайда, мұнай бағасына 80 долларды да көпсінгендер болды. Ақыр аяғы, міне, 62-ге де қуанып отырмыз. Әлемдегі мұнай бағасы соңғы бес жарым жылда шарықтау шегіне жеткенше түсті. Brent маркасы 1,55%-ға арзандап, баррелі 46,72 долларды құрады, сөйтіп, сауда-саттықтағы құны 46,7 долларға бағаланды. Ал WTI маркалы қара алтын бағасы 1,39%-ға төмендеп, нәтижесінде баррелі бар болғаны 45,43 долларға саудаланды. Міне, бұл көрсеткіш 2009 жылдың наурызынан бергі әлемдік мұнай бағасының ең құнсызданған сәті. Бірақ мәселе бұл жерде оның қанша доллар болғанында емес, оның оң нәтижеге қарай жылжуында жатса керек. Алайда, сарапшылар сұранысы төмен болғанымен, шығарылуы жоғары деңгейдегі мұнайдың әлемдік нарықта сұраныстан артық болуы әлі де сақталып отырғанын еске салып, бұл өсімнің қысқа мерзімді сипатта екенін де жоққа шығармайды. Яғни, қайта төмендеу қаупі жоқ емес. Айталық, бағаның кедергісіз тым құлдырай түскенінен қауіптенген көптеген мемлекеттер экономикаларының дағдарысқа қарсы бағдарламаларын мұнай бағасының 50 долларына дейін ықшамдай түскен болатын. Әрине, бұл солай болсын дегені емес, бірақ ықтимал екенін аңғартады. Сол себепті, әлем елдері арқаны кеңге салуға әлі ерте екенін айтып алаңдап отыр. Шын мәнінде, баға құлдырауы бұдан әрі де жалғаса бере ме, жоқ әлде көтерілген күйі кете ме, әлде осы шегінде тоқтап қала ма, мұны ешкім дөп басып айта алмайды дейді экономикалық шолушылар. Оған бір себеп, қазіргі күнде әлем барған сайын күрделеніп барады. Алпауыт елдер арасында текетірестер аз емес, шешімін таппаған түрлі саяси жағдайлар да мұнай бағасының саясилануына ықпал етіп отырғанын жоққа шығармайды. Дегенмен, мұнай бағасы туралы әлемдік интернет басылымдарында кешегі күні тағы бір ақпарат жылт етті. Ал ОПЕК-тегі Кувейт өкілі Мухаммед аш-Шаттидің ТАСС агенттігіне берген сұхбаты. Ол онда, алдағы бес жылда мұнайдың бір баррелінің бағасы 100 долларға дейін қымбаттамайтынын айтыпты. Сондай-ақ, аш-Шатти мұнай нарығындағы жағдай тұрақталатынын, ал 2016 жылға деген болжамды ағымдағы жылдың екінші жартысында жасауға болатынын алға тартқан. Сонымен бірге Кувейт өкілі мұнай бағасының құлдырауына ОПЕК құрамына кірмейтін елдер кінәлі екенін айтыпты. Мұндай пікірді бұған дейін ОПЕК-тің бас хатшысы Абдулла әл-Бадри де айтқан болатын. Ол төмен қарай құлдыраған мұнайдың бағасы таяу арада шарықтайтынын айтып сендіргісі келеді. Оның пайымдауынша, алдағы 3-4 жылда қара алтынның бір баррелі 200 долларға дейін көтеріледі. Себебі, қазір мұнай қоры өте көп. Бірте-бірте бұл салаға қызығушылық білдірушілер саны 2008 жылдағыдай азаюы мүмкін. Салдарынан оны өндіруге бөлінетін қаржы да қысқарады. «Бұл мұнай тапшылығын тудырып, сәйкесінше, қара алтынға деген сұраныс қайта ұлғаяды», деген әл-Бадри. Қалай болғанда да, бүкіл әлем көз тігіп отырған мұнай бағасы бүгінгідей мүшкіл халінен төмендемейтін сияқты. Ал оның қаншалықты қымбаттайтынын нақты ешкім айта алар емес. Бәрі де тек болжамдар ғана. Әзірлеген Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан».