08 Тамыз, 2015

Алимент, оны төлемегендерге автокөлік жүргізуге рұқсат жоқ

233 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Облыс орталығында алимент төлеуден қашып жүрген 8 әкенің көлік жүргізу құқы шектелді. Берешегі бар тағы жүз шақты жүргізушінің құжаты полицияға жолданды. Шындығында, алимент төлемей жүрген азаматтардың басым бөлігі жеке мүлкі мен көлігін өзге біреулердің атына ресімдейді екен. Сондықтан сот орындау­шылары олардан қарызды өндіріп ала алмайды. Өз атына ресімделген мүлкі жоқ азаматқа ықпал ету қиын. Демек, азаматтардың көлік жүргізу құқын шектеу шарасыздықтан туындап отырған әрекет көрінеді. Борышкерлерге тиесілі жүргізуші куәлігінің қолданысын уақытша тоқтата тұру жөнінде жүзге жуық ұсыныс жіберілген екен. Әзірге ішкі істер органдары оның 8-ін ғана қанағаттандырған. Бұл 8 азамат енді қашан қарызын өтегенше көлік жүргізе алмайды. Бұдан өзге сот орындаушылары баласына қарыз әкелердің басқа да лицензияларының күшін уақытша шектеу жұмыстарын жүргізбек. Әділет департаментінің мәлімдеуінше, облыс бойынша алимент төлеуге қатысты 11 мыңға жуық іс бар. Оның 4 мыңға жуығы қазір орындалып жатыр. Ал мүлдем төленбеген қарыздың сомасы 10 миллион теңгеден асқан. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.