Ұлы Жеңіс күні қарсаңында Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Марат Тәжин соғыс және еңбек ардагерлерімен кездесу өткізді.
Елші ардагерлерді келе жатқан мерейтоймен құттықтап, барлық Ұлы Отан соғысына қатысушыларға зор алғысын айтты.
– Осыдан 70 жыл бұрын бір-біріне дос болған сол кездегі бір мемлекеттің халықтары қауіп төндірген және басқыншылық шабуыл ұйымдастырған фашизмді тоқтатты, – деді елші және Екінші дүниежүзілік соғыстың тарихын қайта қараудан сақ болу керек екенін ескертті.
Елшінің пікірінше, Кеңес Одағынан кейінгі кеңістіктегі әр отбасы Ұлы Отан соғысынан зардап шекті, сондықтан бұл соғыс әркімнің тағдырында айтарлықтай із қалдырды.
– Әсіресе, жастар үшін өмір тек қазіргі кез және болашақтан тұрмайды, өткен кезден де қалыптасатынын естен шығармау аса маңызды, – деп мәлімдеді Марат Тәжин. – Сол соғыстағы Ұлы Жеңісті мәңгілік деп атауға болады. Мәңгіліктің өткен уақыттан айырмашылығы анық, мәселен, өткен уақыт кетіп қалады, ал мәңгілік әр кезде жүрегінде, есінде, рәміздерде, мерекелерде, салт-дәстүрлерде және есте сақталады.
Кездесу барысында Елші ТМД Мемлекеттері басшылары кеңесінің шешімі бойынша құрылған «1941-1945 жылдар кезеңіндегі Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске – 70 жыл» деп аталған мерейтойлық медальдарды ардагерлерге өз қолымен табыс етті.
Осы оқиғаға байланысты Қазақстан Елшілігіне жолыққан Ресейдің халық әртісі Ренат Ибрагимов пен Ресей астанасында оқып жатқан қазақстандық студенттер соғыс кезінің әндерін шырқады. Сөйтіп, ардагерлерге құрмет көрсетіп, көңілдерін көтерді, деп хабарлады Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінің баспасөз қызметі.