09 Мамыр, 2015

Таушыққа түскен бомбалар

321 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Ұлы Отан соғысы кезінде немістің шығыс жаққа ең алыс тастаған бомбасы қайда түскен деп ойлайсыз? Әрине, Каспийдің солтүстігі, Еділдің о жақ, бұ жағы дейтін шығарсыз. Жоқ, біздің Маң­ғыстауға, Таушық поселкесіне түскен! Мен осы бомбалау болғанда төрт жаста едім, тек терезенің зірк-зірк еткені есімде. Есейе келе үлкендерден естігендерімді жазып отырмын. 1943 жылдың 1 мамыры, мерекелі күн. Соғыстан қажыған елдің көңілі көтерілсін деп, Таушықтың «бәйге төбесінде» ат шабыс ұйымдастырылды. Оған поселкенің барлық дерлік тұрғындары жиналып қызықтаған. Ойпыр-ай, бомбалаушы самолет сәл ерте келгенде осы көпшіліктің үстінен шығып, қырып салар ма еді? Майдандағы боздақтарды уәйімдеп жүргенде, артта қалған ата-ана, бала-шаға өздері шейіт бола жаздады-ау! Ел тарап, үйлеріне кіріп үлгергенде бір самолет көрінеді. Таушықтың терістік жағындағы кірпіш зауытының тұсына екі бомбаны бірінен соң бірін лақтырған. Ой, Құдай-ай, дүние жаралғалы Таушықта мұндай дауыс естілмеген шығар. Күмп! Күмп! Мәссаған, жұрт дүрлігіп бомбалар түскен жерге қарай әйдә ағылсын. Қорғаныс күзетінің қызметшілері ойбайлап, оларға «бармаңдар» деп жалынады. – Самолет қайтып оралып, тағы бомба тастауы мүмкін, қырыласыңдар! – деп зар қағады. Бірақ оны тыңдайтын ел жоқ. Бәрі аспаннан бомба емес, бауырсақ жауғандай-ақ шауып барады. Абырой болғанда самолет қайтып оралған жоқ. Бұл кезінде қауіпті оқиға болғанмен, кейін жұрт оны күліп еске түсіретін. Бомбалар түскен жерде үңірейген екі қазаншұңқыр, жан-жағында темір сынықтар қалды. Соғыста жауынгер­лерімізді жайпап өлтіріп жатқан осы бәлелер. Бірақ онымен жұрттың ісі жоқ, сынықтарды неміс «көкесінің» шашып кеткен «кәмпитіндей» жинап мәз. Анадай жерде екі адам теңкейіп жатыр. «Қасқалар өлген екен» деп жүгіріп барса, әйтеуір тірі екен, жарақаттары да жоқ. Бірі шал, бірі кемпір екеуі талып қалған. Естерін жия алмай, аң-таң, жынданудың аз-ақ алдында, меңірейіп отыр. Осылардың мінген түйесі ме, бір атан далаға шығып кеткен, бұйдасын шұбатып әлі тапырақтап қояды. Жұрт бұларды ортаға алып: «Кәне, не болды? Айтыңдар, не көрдіңдер?» – деп қолқалайды. Шал есін жиып, ентігін басып, әңгімесін ағытты. Өзі тілінің мүкісі бар, шәлдүріш сөйлейтін кісі екен. Оған қиналмайды, бүкіл ел қоршап, мұның аузына қарағанға маңғазданып шүлдірлейді. – Біз мына кемпиіміз екеуіміз Қапыдан шығып Доллапаға қайай байатый едік. Осы кипіш зауытқа жақындағанда би шәмөлет көйінді. Бұрынғы көйген шәмөлетіміз сияқты емес, үлкендеу шәмөлет. Шыбын сияқты кішкентай әндібә («Ан-2» дегені) емес, тіпті, басқа. Кемпиміз екеуіміз атанның үстінде аузымыз аңқайып, аспанға қайап келе жатый едік, би кезде шәмөлеттен би нәйсе бөлініп шықты. Мына кемпиім айқалап жібейді: «Пәдәйкі! Пәдәйкі!» Кемпірі сөзін бөліп: – Әй, шал-ау, «Пәдәркі» деп айқалаған өзің ғой... – А-а? Мен бе? Иә, мен екенмін-ау. Шынында да ойлап едім, үкімет биінші Май мейекесіне Таушыққа шәмөлетпен пәдәйкі жібейген екен, аш-жалаңаш біздейді аяған шығай деп. Мына кемпиім айтты: «пәдәйкі түскен соң, тез жинап алып, басқа адамдай келмей тұйғанда тайып тұйалық» деді, иә, алдың шонтайды, еһ-еһ-еһе, – деп кеңкілдеп күледі шал. – И-и, өзің ғой, қақбас, қарқ боламыз деген, – деп кемпірі күңкілдейді. – Ойбой! Көзді ашып-жұмғанда «пәдәйкі» жейге түсті де, ақый заман келгендей болды. Жейдің астынан жын шығып, қопайып тастаған сияқты. Атан үйкіп тапыйақтағанда, кемпій екеуіміз екі жаққа ұшып кеттік те, есімізден танып қалдық. Оянғанда о дүниеде жатый екенмін деп едім. Осы кезде кемпір жылап қоя берді: – О, тоба, бөмбі деген осы ма?! Сұмдық қой, мынау! Құдай-ау, соғыста менің жалғызым күнде осындайдың астында жүр ме, ойбай? Бұдан қалай тірі келеді? А-аһ-аһ-а-а! Бұған барлық әйелдер қосылып аңырай жөнелді. Қайтсін, бәрінің де майданда жандары бар ғой. Соның арасында бір шал айқай салды: – Әй, бірінші бомбалағаннан кейін жаяу әскер мен тәнкі шабуылға шығатын көрінеді. Қашайық, тез кетейік! Жасырынайық! – Ойбай, не дейді?! Енді бәрі жалт бұрылып, үрейленіп солтүстік беттегі Қапыға қарайды. Шал-кемпірлер көздері жетпей, сығырайып: – Бісміллә, ана пүшкі сияқты сорайған мойны бар тәнкі емес пе? Жастар күледі: – Жоқ, ол түйе ғой! Енді, бәрі асып-сасып, үйлеріне қарай жөңкілуде, арттарына алақтап қарап қояды. Бір кемпір келіп буынып-түйініп алған, кішкентай сәбиін ертіп, тауға кетемін деп қапылып жатыр. – Ұлым соғыста, мынау содан қалған жалғыз тұяқ, енді, осыны аман сақтауым керек! – деп зарлайды. Жұрт «артын бағып кідіре тұр» деп, зорға көндірді. Бірақ Құдайға шүкір, бұл уақытта немістер Маңғыстауға келмек түгілі, өз жандарымен қайғы, кері қарай ығысып бара жатқан кез еді. «Ал самолет қалай келді, неге бомбалады?» – бұл әлі жұмбақ. Таушық жер асып, әдейі келіп бомбалайтындай маңызды жер емес, тіпті, түсініксіз... Арада Астрахань, Гурьев, Каспий – осының бәрінен өтіп, Маңғыстауда не өші қалған? Кезінде бұл үрейлі болғанмен өткеннен кейін пенде оны күліп еске алады. Әй, бұл дүниенің мұңы мен күлкісі алма-кезек аралас-ау! Сонымен, бұл мақтанышты оқиға болмаса да, Ұлы Отан соғысында фашис­тердің шығысқа ең алыс лақтырған бомбалары біздің Маңғыстауға түскен еді.   Сержан ШӘКІРАТ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Маңғыстау облысы.