09 Мамыр, 2015

1943 жылы Мәскеуге Моңғолия делегациясын бастап келген қазақ

397 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Моңғолия қазақтарынан шыққан қайраткер Қашқынбай Мәлікұлы туралы мәліметті Осакаров ауданы Сарыөзек ауылында тұратын оның баласы Қашқынбайұлы Шаймарданнан алдым. Жасы жеткен қарияның айтуына қарағанда әкесі үш сыныптық біліммен ел басқару ісіне араласқан екен. Әрине, ол кезде арнайы оқыту орындары арқылы басшылық кадрлар дайындау орны болмағандықтан ерте есейіп, ел таныған жастар осылай  халық сеніміне кірген. Ұлы Отан соғысы жүріп жатқанда Моңғолия елі атынан майданға көмек беру міндетін алған Қашқынбай Мәлікұлы маршал Х.Чойбалсанмен бірге «Революцияшыл Моңғолия» атты танк колоннасын сыйға тарту үшін 300 кг. таза алтын, 100 мың американ доллары, 2,5 млн. моңғол ақшасы, азық-түлік, киім-кешегі бар барлығын 237 вагонға тиеп, 1943 жылы 12 қаңтар күні Мәскеу маңындағы Нарофоминский дейтін шағын қалашықта Моңғолия жұртының қаражатына жасалған 53 танкіні полковник М.Т.Леонов басқарған 112-ші танк бригадасына тапсыру рәсіміне қатысады.

Шаймардан маған әкесінің естелігін де ұсынды: «– Мен қабырғасына «Байөлке» деген үлкен жазуы бар танкіні экипаж командирі Резковқа тапсырдым. Ол мені танкке отырғызып ары-бері алып жүрді. Байөлкеліктер жинап берген азық-түлік, киім-кешекті солдаттарға үлестірдік. Жиын соңында бригада командирі: «– Біз бұл танкілермен Берлиннің көшесін таптаймыз», – деді. Ал Сталиннің сыйлығы Байөлке аймағының орталық мұражай қорында сақтаулы тұр», – деп жазылыпты естелікте.

Қоғам қайраткері Қашқынбай Мәлікұлы өз дәуірінде 3 дүркін Моңғолияның Ұлы Құрылтайына депутат болып сайланған. Сол Құрылтай төрағасының хатшысы қызметін атқарған. Кейіпкеріміздің замандасы Абай Рамазанұлының естелігінде: «Қашекең Моңғолияның төрт патшасының мөрін ұстаған адам. Ұлы Құрылтайдың хатшысы қызметін атқарып тұрғанда Құрылтай аппаратында сақтаулы Шыңғыс ханның мөріне, ХІХ ғасырда Моңғолияны билеген Боғда ханның мөріне, 1924-1950 жылдар аралығында барлық құжаттарды заңдастырған Кіші Құрылтай мөріне және өз дәуіріндегі Ұлы Құрылтай мөріне иелік жасап, әр дәуірдің тарихи құжаттарын кепілдендіріп отырған», – деп жазыпты.

Қайраткер ағамыз майдан шебіне үкілі керей пұшпақ тымақ, үстінде ақ сеңсең қой терісінен тігілген қазақтың ұлттық киімін киіп барған екен. Осылайша 4 ай соғыс шебінде жүргені үшін Бас қолбасшы И.В.Сталин қабылдап, 747-ші нөмірлі «ТТ» пистолетін сыйлайды.

Тағы бір әңгіме, Қашқынбай ағаның тағдырына Қытай көсемі Мао Цзе Дунмен кездесіп, әңгімелесу сәті бұйырыпты. 1956 жылы Қытай компартиясының кезекті VІІІ съезі өтеді. Моңғолия елінің делегациясы құрамында Қашекең де барған екен. Үш сыныптық білім берген ұстазы  Бердіқожа Жолтаевты  ату жазасынан алып қалған еңбегін Қытай көсемі ерекше бағалапты.

Қашқынбай Мәлікұлы 1918 жылы туған адам. Байөлке аймақтық іс басқару орнында сақталған және қайраткер ағаның өз қолымен толтырған архив құжаттарындағы деректе ол кісі 16 жасында алғаш мектеп табалдырығын аттағаны жазылыпты, 40 жылдан астам Моңғолия елін басқарған мемлекет басшысы Ю.Цеденбал өзінің бір естелігінде: «Мен Қашқынбайды  ерекше қадірлеймін. Ол үкімет бастауға лайық кемеңгер тұлға», – депті («Халқының адал перзенті» естеліктер жинағы, 79-бет. Ұлан-Батыр, 2004 жыл).

Қашқынбай аға 1986 жылы дүниеден өтті. Құжат, құнды деректері Ленинград эрми­тажында, Мәскеу мұражайларында сақталған. Артында айтқан сөзі, атқар­ған еңбегі қалды. Байөлке аймағы орта­лығының Өлгий қаласында Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай Қашекеңнің атына бір көшені рәсімдеу дайындығы жүріп жатқан көрінеді. Марқұмның кіндігінен тараған ұрпақ-жұрағаты қазір АҚШ, Араб Әмірлігі, Түркия, Байөлке, Астанада, Қарағанды облысының Осакаров ауданы мен Теміртау қаласында тұрып жатыр.

Сержан СМАХАНҰЛЫ,Қазақстан Журналистері одағының мүшесі.

Қарағанды облысы, Осакаров ауданы.

Суреттерде: Қ.Мәлікұлы; Моңғолиядан келген делегация Мәскеу түбінде.