08 Тамыз, 2015

Айбыны асқақ Ата Заң асуы

1172 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
000 (37) Сонау 1995 жылдың 30 тамызында еліміздің жаңа Конституциясын қабылдау жөнінде бүкілхалықтық референдум өтті. Оған сайлаушылардың 90,58 пайызы қатысты. Олардың 89,14 пайызы жаңа Конституцияның қабылдануын қолдады. Бәрімізге белгілі, Елбасы ұсынған Ата Заңымыздың төрт ең басты ерекшелігі: бұл біріншіден, қоғамдық келісім және саяси тұрақтылық, екіншіден, экономикалық даму, үшіншіден, қазақстандық патриотизм, төртіншіден, маңызды мәселелерге референдум жасау және Парламентте дауыс беру арқылы шешу. Осы төрт мәселе Ата Заңымыздың бірінші бабында енгізілген. Әрине, Конституциямыздың әлеуеті әлі зор екені анық. Халықтың қажетіне жаратар қазынаны қазған сайын Ата Заңымыздың қауқары арта түседі. Міне, осы орайда бізге Парламент Мәжілісінің депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Серік Оспанов негізгі заңымыз туралы және бүгінде соған сай атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді.   – Сарапшылар әлемдік тәжірибе көрсеткендей, мемлекеттің халықаралық деңгейде және өз ішінде танылуы көп жағдайда сол елдің конституциясының қалай қабылдануына және қандай деңгейде орындалуына байланысты болып келетіндігін жиі айтады. Ата Заңымызды әзірлеуге және оны қабылдауға халқымыздың тікелей қатысуының бір дәлелі ретінде аталған Конституциямыз халықтың тілегін білдіріп, оның мақсат-мүддесін баянды етуде және заң нормалары талапқа сай қолданылуда екендігін көріп, біліп отырмыз. Әңгімемізді осы бір ерекшеліктен бастасақ. – Бұл еліміздің басты құжа­ты халықтың барлық санаты­ның мүддесін ескеріп, мемле­кеттік билік пен басқаруды ұйым­дас­тырудың демократиялық қағи­да­ларына, заң үстемдігіне, жаппай танылған халықаралық стандарт­тарға сүйенуі тиіс екендігін бәрі біледі. Сондықтан да барлық талапқа сай қолданыстағы Конс­ти­туциямыз әлемдік қоғамдастықта танылған жалпы адами және ерекше маңызы бар қазақстандық идеалдарға негізделді. Сөйтіп, ол Қазақстан Республикасының толық заңдылығы танылуын, адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары оның ең қымбат қазынасы болып табылатын демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнығуын қамтамасыз етуге мықты негіз болып табылады. Осының арқасында Ата Заң еліміздің аумақтық тұтастығын, президенттік басқару нысанын, халық билігі қағидатын, негізгі заң нормаларының ең жоғары заңдық күші мен тікелей қолданылуын, идеологиялық және саяси саналуандылықты, жеке меншікке қол сұғылмауын, адам­­ның және азаматтың құқық­тары мен бостандықтарын, мемле­кет­тік биліктің жаңа жүйесін, мем­лекеттік рәміздерді баянды етті. Елдің Конституциясы мем­ле­кеттің құқықтық саясатын жүзеге асыру құралы болып табы­лады. Ал заң нормалары біздің қызмет саласында көп қолданы­лады. Соған орай бір айтарым, заң­дылық реттеу мен оның әдістерінің ерекшелігіне қарай Конституция нормалары тікелей және жанамалай қолданылады. Мемлекеттік органдар мен азаматтар арасындағы конституциялық құқықтық қатынастарда олардың құқықтары мен міндеттері көбірек айқындалып, белгіленеді. Бұл әкімшілік, азаматтық, еңбек, қыл­мыстық, жер, қаржы құқығы­ның және оның өзге де салалары­ның нормаларымен қамта­масыз етіледі. Соңғы жағдайда консти­туциялық нормалар, құқықтың тиісті салаларында нақтылана келе, жанамалай қолданылады. – Жоғары заң қабылдау органының өкілі ретінде осы Конституциямызға сай мем­лекетіміздің ең басты құн­дылығы – адам мен азаматтың заң алдын­дағы теңдігі, адам құ­қықтары мен бос­тандықтары туралы және халық пен мемле­кеттік биліктің бірлігін қамта­масыз етудің басты үйлестіруші буыны туралы айтып берсеңіз? – Әрине, адам құқықтары мен бостандықтарын, халық пен мемлекеттік биліктің бір­лігін қамтамасыз етудің басты үйлестіруші буыны, оның тар­мақ­тарының өзара келісіп қызмет атқаруының кепілі – Қазақстан Рес­публикасының Пре­зиденті екендігін жақсы білеміз. 1995 жылғы Конституцияға сәйкес Прези­­денттің заңнаманы қалып­тастыру сала­сын­дағы өкілеттіктері оның құқықтық өкі­лет­тіктерінің маңызды бөлігі болып табылады. Нақ осы салада оның құқықтары Пар­ла­менттің заңдарды қабылдау жөніндегі құқы­ғымен, Үкіметтің заңдарды әзірлеу жө­нін­дегі құқы­ғымен үйлесім тауып отырады. Ата Заңға сәйкес Мемлекет басшысының экономикалық және әлеуметтік саладағы рөлі стратегиялық және бағыт­тау­шылық сипатқа ие дейміз. Пре­зидент Қазақстан халқына елдегі жағдай және республиканың ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары туралы жыл сайын Жолдау арнайды. Страте­гия­лық жоспарларды, республи­калық бюджетті және оның атқа­рылуы туралы есепті әзірлеудің тәртібін айқындайды, мемле­кеттік бағдарламаларды және страте­гиялық жоспарларды бекітуді жүзеге асырады. 1995 жылғы Консти­туцияға сай мүлде жаңа заң шы­ғарушы орган – қос палаталы Парламент құрылып, ол заң шығармашылығы үдерісінің қайнар көзіне айналды. – Өзіңіз Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі ретінде еліміздің заңдарының орындалуына қомақты үлес қосып жатырсыз. Осы жағына да тоқтала кетсеңіз. – Жалпы, бүгінгі таңда бюджеттің ақшасын нақты бағытталған салаларға сай көздеген мақсатта пайдалану, жарату үлкен мәселе. Көп жерлерде белгіленген ақша көлемі ойдағыдай игерілмей қалады. Осы кемшіліктерді біз үнемі назарда ұстап отырамыз. Жауапкершілікті күшейтіп, заң талаптары орындалуы тиіс. Бұл мәселе төңірегінде уақтылы Қаржы министрлігі, есеп комитеті, Қаржы бақылау комитетінің өкілдері есеп беріп тұрады. Бұрын осы мақсатқа сай игерілмей қалған қаржы үшін жауапкершілікті күшейту, заңды қатайту туралы қатаң ескерту жасағанбыз. Бұл бағытта жазықты жандар шараға тартылмай жатқан жоқ. Бірақ, республика бойынша әрі кетсе тәртіптік жазаға 200 адам ғана тартылатын. Ал енді кешегі Қаржы министрлігінің есеп беруінде мыңнан аса адам тәртіптік шараға тартылған екен. Тіпті, арасында әкімшілік және қылмыстық істер де қозғалған. Демек, бұл тұрғыда енді талап қатая түсті деген сөз. Қазіргі қолданыстағы заңдарға сай тексеру тереңдетіле жүргізілуде, сөйтіп кемшіліктер ашылып жатыр. Ал енді заңның жұмыс істегені дұрыс қой. Біздің, де негізгі талабымыз сол. Бірақ, заңды орындау барысында шараға тартылып жатқан адамдар саны да өсіп отыр. Бұл нені білдіреді? Бұл бөлінген қаржыны белгіленген мақсатқа ғана пайдалану мен игеру бағытында жүрген жандардың заңды білетіндігіне, білмейтіндігіне күмән келтірді. Немесе жауапкершілік жоқ деген сөз. Немесе, тіпті міндетін талапқа сай атқара алмайды. Сонда не істеу керек? Әрине, алдымен ол адамдармен жұмыс жүргізілуі тиіс. Бәрінен бұрын сол мақсатсыз пайдаланылған қаржының орны толтырылуы керек. Демек, олардың ол қаржыны қайда, қалай, не үшін жұмсағандарын тексеріп, себебін біліп, соған сай, яғни ертеңгі күні тағы қайталанбас үшін алдын алу шараларын жасаған жөн. Әйтпесе, бюджет қаржысын мақсатсыз пайдалану, яғни талан-таражға салу жалғаса бермесіне кім кепіл. Бұрын қаржы жоқ, сондықтан тапсырма орындалмайды деуші едік, ал енді қаржы бар, бірақ «баяғы жартас, сол жартас» қалпында қалып тұрған жай бар. – Бұған кім жауап береді? – Міне, енді соған жауапты адамдарды тауып, шара қолдану қажет. Біз әр облыстың халық қалаулары сол аймақта мектеп, аурухана, балалар бақшасы, т.б құрылыстар салыну үшін әр министрлікке сұрау салып, қаржы бөлгізуге қол жеткіземіз. Ал ол қаржы дұрыс мақсатқа пайдаланылмай қалады. Дұрыс жобаланбайды, қаржыны қымқырып қояды, әйтеуір ең аяғында басталған құрылыс бітпей тоқтайды. Немесе дәл жоспарланғандай құрылыс салынбайды. Бір мақсатқа деп о бас­та белгіленген қаржы сол мақсат үдесінен шығатындай жаратылуы қажет. Орындалатын жұмыс сапалы әрі мерзімінде іске асуы тиіс. Міне, біздің талап осы. – Сондай бір жаңа құжатты жақында Қаржы министрінің өзі таныстырды емес пе? «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында бес қызмет нысаны қаржы мониторингісі жасалынатын ұйымдар қатарына енгізіліпті. – Иә, бұл шаралар қылмыстық кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еу­ра­зиялық топтың жалпы отырысында қабылдаған Қазақстан Рес­публикасының өзара баға­лау туралы ескертпелерді және ФАТФ-тың жаңартылған қалып­тарын іске асыру мақсатында жүзеге асырылған. Осы заң жоба­сы арнайы құрылған жұмыс тобының отырысында жан-жақ­ты талқыланды. Оған жетпіске жуық депутаттар тарапынан бірқатар ұсыныстар да түсті. Ха­лықаралық қалыптарға сәйкес елі­міз қаржылық қызмет көрсе­тетін барлық тұлғалар қаржы мониторинг жүйесіне тартылуы керек. Жоғарыдағы заңды қабыл­дау арқылы жылыстататын қар­жының қайда кететінін анықтауға мүмкіндік туады. Кірістерді заңдастыру мен терроризмді қаржыландырудың анықталған осал тұстары негізінде қылмыс­тық жолмен алынған кірістерді заңдастыру және терроризмді қаржыландыру жолдарын ай­қындау, тәуекелдер өлшем­дері­нің түрлеріне қарай қолданылатын, қаржы мониторингі нысаны тұтынушысын күшейтілген және жеңілдетілген түрде тиісінше тексеру шараларын белгілеу нормалары қаралды. Оған қоса терроризмді және экстремизмді қаржыландырған тұлғалар мен ұйымдардың активтерін пайдалануын тоқтату тетігін қарау нормалары белгіленді. – Сонымен, 1995 жылғы 30 тамызда жалпыға бірдей референдумда Конституциямыздың қабылдануы тәуелсіз, егемен мемлекеттің конституциялық да­муының жаңа кезеңін бастау­ға жол ашты дейсіз ғой. Консти­туция мемлекет пен азаматтық қоғам инсти­туттары­ның қа­лып­тасуы мен ны­ғаюына берік негіз қалады. Ал адам мен аза­маттың құқықтары мен бос­тан­дықтарының сенімді қорға­луы­на қаншалықты кепіл­дік берді және Ата Заңның үстем­ді­гі қаншалықты деп ойлайсыз? – Бұл ретте Елбасымыздың Конституцияның сенімді кепілі, елді саяси және экономикалық жаңғыртудың бастамашысы мен жетекшісі екендігін ашық айтқан жөн. Президент Н.Назарбаев атап өткендей, «Қазақстан Конституциясы – бұл заңдарда көрініс тапқан жалпыұлттық идея. Ол қазіргі құқықтық ұғымдарда ата-бабаларымыздың көптеген ұрпақтарының бостандық және өз тағдырын басқару мүмкіндігі туралы, билік барша халықтың мүдделеріне қызмет ететін мемлекет, тәуелсіз, барлық әлемге танымал және құрметке ие ел туралы арман-тілектерін көрсетті», деді. Міне, бұдан артық Ата Заң мазмұнына баға беру қиын. Конституция құқықтың барлық салаларының дамуы үшін заңды негіз бола отырып, ұлттық заңнаманың қалыптасу процесін бекітеді әрі реттеп отырады, бұл қоғамға саяси, мәдени және әлеуметтік-экономикалық өзгерістер енгізуді қамтамасыз етеді. Нәтижесінде Парламент Конституция негізінде және оның ережелерін дамыту үшін мыңдаған заң қабылдады. Ал Ата Заң үстемдігі көп­теген жайларға, бірақ, ең алдымен, Конституция мен заңның қоғамдағы беделіне де бай­ла­нысты болады. Қоғам құрметтемейтін Конституция мен заңдар, әдетте, орындалмайды. Демек, Конституция мен заңның қоғамдағы беделі жоғары болуы үшін, бірінші кезекте, заңдар мен заңға тәуелді актілердің Конституция нормаларына толық сәйкес келуін қамтамасыз ету қажет. Бұл орайда Заң беделін арттырудың міндетті шарты қабылданатын заңдар сапасын қамтамасыз ету болып табылады, өйткені бүгінгі күнде құқық шығармашылығының елеулі кемшіліктерінің бірі – заңдарды әзірлеу мен қабылдауда тым асығыс әрекеттерге жол беру болып табылады. – Ата Заңымыздың тарихына қысқаша тоқталып өтсеңіз? – Кеңестер құрамындағы алғашқы конституциямыз 1924 жылы қабылданғаны тарихтан белгілі. Қызыл империяның құрамындағы билік талабына сәйкес одан кейінгі конститутциялар 1937 және 1978 жылдары жаңғыртылып, қайтадан қа­былданды. Ал 1993 жылдың 28 қаңтарында егеменді Қазақ­стан­ның тұңғыш Ата Заңы қабыл­данды. Алайда, кеңестік жүйе­нің қасаң қағидаттарын басшы­лыққа алған конституциямыз уақыт талабына жауап бере алмады. Ел азаматтарының құқықтары мен билігін жүзеге асыру нысандарының жұмысын реттейтін жаңа тұрпаттағы Ата Заң қажеттігі күн өткен сайын айқын сезіле бастады. Сөйтіп уақыт талабы, халық тілегін басшылыққа ала отырып бүкілхалықтық референдум арқылы 1995 жылы 30 тамызда бүгінгі қолданыстағы Ата Заңымыз қолданысқа енгізілді. – Халық қалаулысы ретінде талай шаруаларды атқарып жатқаныңыз, әрине, белгілі. Оған қоса, естуімізше, ІІМ Көліктегі ішкі істер депар­таменті жанындағы қоғамдық кеңестің төрағасы міндетін де қоса атқарады екенсіз. Осы департаменттің қызметі туралы да айтып берсеңіз. – Расы керек, бұл Көліктегі ішкі істер департаментінің атқаратын қызметі орасан зор. Қараңыз, олар 16 мыңнан аса шақырым теміржол бойын қамтамасыз етеді. Жолаушылар мен жүк тасымалына арналған 541 бекет, 303 теміржол вокзалы бар. 18 әуежай жұмыс істейді, олардың 16-сына халықаралық мәртебе берілген. Сонда байқасаңыз, КІІД солтүстікте Ресеймен, оңтүстікте Қырғызстан және Өзбекстанмен, батыста тағы Ресеймен, ал шы­ғыста Қытай Халық Респуб­ли­касымен шектеседі. Еліміздің аймағы бойынша тәулігіне 200-ге жуық жолаушылар пойыздары қатынайды. Олардың басым бөлігі халық­аралық бағытта болып табылады. Сонда есептесеңіз, жылына теміржол арқылы 20 млн. 500 мың жолаушы, ал әуе жолдары арқылы 5 млн. жолаушы тасымалданады екен. Мәселен, бір ғана Алматы-1 бекеті арқылы тәулігіне орта есеппен – 2 603, ал Алматы-2 бекеті арқылы тәулігіне орта есеппен алғанда 3 113 мың жолаушы тасымалданады. Сол сияқты Астанамыз арқылы да тәулігіне орта есеппен алғанда 6 мың жолаушы қатынайды. Міне, осы аймақтың, осы жолау­шы­лардың, осы көліктердің қауіпсіз­дігін сақтау аталған департа­мент қызметкерлеріне жүк­телген. Солардың күші арқы­лы ағымдағы жылдың 5 айында ауыр қылмыстар саны 23 пайызға, аса ауыр қылмыстар саны 81,3 пайызға төмендеді. Ұрлық жасау да 72,4 пайызға, ал бұзақылық 25,9 пайызға азайып отыр. – Аталған қоғамдық кеңесте қандай мәселелер қаралып тұрады? – Әрине, онда ең алдымен Елбасының тапсырмаларынан туындаған келелі міндеттер орта­ға салынып, оны департамент қыз­меткерлерінің орындау барысы сараланады. Халықтың, жолау­шылардың қауіпсіздігі басты мәселе ретінде көтеріліп, оны та­лапқа сай орындау жө­нінде баса айтылады. Полиция­ның халық алдындағы жауап­кер­шілігі жоғары тұрады. Халық­тың арыз-шағымына ден қойып, азаматтардың конститу­циялық құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуын қада­ғалау полицейлердің ең басты міндеті екендігіне ерекше назар аударылады. Сол сияқты басқа да көптеген өзекті мәселелермен қатар, полиция қызметкерлерінің жағдайлары да талқылаудан тыс қалмайды. – Әңгімеңізге рахмет.   Әңгімелескен  Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан».