Міне, асыға күткен 9 мамыр да келіп қалыпты… Көктемнің жібектей ескен майда самалынан Жеңіс лебі сезілгендей! Қайда қарасаң да маңайың толы шуақты жарқын жүздер... Әрине, кейінгі еркін өскен жас ұрпақ, олар бұл күннің қадір-қасиеті мен құдіретін тек кинолардан көріп, кітаптардан ғана білген болар...
Енді біраздасын бірге туған бауырлар, әпке-қарындастар өзара бас қосамыз. Бір дастарқан басына жиналып, Ұлы Отан соғысында елі үшін қан төгіп, шейіт болған атамыз Мұсахан Шпекбаевты, оның қайсар ұлы – менің әкем Жатқанбайды тебірене отырып еске алатын боламыз.
Жүрегім лүп-лүп, жанымды нұрға толтырып, бойды да, ойды да сергіткен бұл неткен керемет күн еді деп те ойлап қоямын.
Иә, мұңайған кейбір сәттерімде әкемді еске алсам, оған деген сарғайған сағыныштан жүрегім аздап сыздайды, сонымен бірге, ел басына қаралы күн туған сол бір сұрапыл жылдарда оның адамдық қасиетті жоғары ұстап, абыроймен атқарған әрбір ісі мен ерлігі көз алдыма келе қалады да, бойымды кенет мақтаныш сезім кернейді.
Әкем Жатқанбай Мұсаханұлы Шпекбаев туралы толғансам….
Жатқанбай Мұсаханұлы Алматы іргесіндегі Қаскелең ауданында дүниеге келіп, сол жерде ержеткен. Жеті жылдық мектепті ойдағыдай бітірген соң, Абай атындағы ұжымшарда еңбек жолын бастайды. Техникумға оқуға түседі, ол жерден 1939 жылы Қызыл армия қатарына алынады. Әскерде жүргенде ол үлгілі тәртібімен, ширыққан дене бітімі, бойындағы мол күш-қайратымен, әсіресе, солдат шаруасына бейімділігі және орыс тілін үйренуге деген қабілетімен басшылар көзіне түседі де, төменгі шенді командирлер даярлайтын курсқа жіберіледі. Әкем ол оқуды ойдағыдай тәмамдап, сержант атағын алып, взвод командирінің орынбасары қызметіне тағайындалады.
Әрине, бұрын елден ұзақ уақытқа алыс шығып көрмеген жас жауынгер Жатқанбай ет жақындарын – әкесі Мұсаханды, шешесі Айманды, тетелес екі қарындасын ойлап, сағынады. Әкесінің айбынды батыр бабалары жайында айтқан әңгімесін еске түсіреді, батыр бабалары XVIII ғасырда жоңғарларға қарсы кескілескен ауыр шайқастарда өшпес даңққа бөленген, солардың ішінде асқан ерлігімен ерекше көзге түскені қазақтар төбелеріне көтеріп ардақтаған Сәмен батыр болса, ол Жатқанбайдың тікелей түп атасы. Сондықтан Жатқанбай басына қауіп төнген қиын-қыстау сәттерде сол батыр атасының аруағына сыйынып, қорған бола көр деп одан медет тілер еді.
Әскери қызметі әне-міне аяқталғалы тұрғанда, Ұлы Отан соғысы басталып, дүние шыр айналады да кетеді. 1941 жылдың 22 маусымы. Жасанған жау опасыздықпен оқ атып, шекара бұзды. Тап осы күні Жатқанбай Шпекбаев қолына қаруын қыса ұстап, алғашқылардың бірі болып алдыңғы майдан шебіне аттанып кете барды. Соғыстың алғашқы ауыр кезеңі, Қызыл армия ә дегенде көп шығын шекті, бірақ соған қарамастан шегіне отырып ұрыс салды, ұлы ерліктің жылнамасы жазыла бастады, ал бұл кезде Жатқанбай взвод командирі болатын.
Әрине, оны бұл атаққа жеткізген қайсарлығы мен жүректілігі еді. Соның бір дәлелі, жауынгер үшін ірі әрекет, ол қарсы жақтың шебіне өтіп, неміс офицерін тұтқындап, «тіл» әкелді, сол жанкештілігі арқасында кеудесіне тұңғыш рет «Ерлігі үшін» медалін тағып, ортасынан озып, мерейленді.
Дегенмен, жау әлі де осал емес еді. Қызыл армияның Харьков түбіндегі ауыр шайқастары, күші басым жаудан амалсыз шегіну... намысшыл жас жауынгердің жадында ұзақ сақталып қалды.
Жан берісіп, жан алысқан қан майдан даласында жауынгерлік тәжірибесі күннен күнге артып, шыныға түскен Жатқанбайдан бұл уақытта елдегі ет жақындары қашан келер екен деп үздіге уайымдап сағынышты хат күтетін, бірақ ел басына түскен ауыр нәубетке не дерің бар, тума-туысты сонша зарықтырған хат ақыры келді де, тек бір-ақ рет...
Мұсахан болса, оқ атылған алғашқы күні-ақ бірден майдан даласынан шыққан жалғыз ұлы Жатқанбайды ойлап, қатты қамығатын. Сөйтіп, іштей күйзеліп жүргенде, ең болмаса майданнан хат келсе де біршама демеу ғой. Оның орнына адамдардан еститіні соғыс туралы өксікке толы қорқынышты да аянышты әңгімелер. Жүрек жарасы жырымдалып, ауырлай түседі. Ондай кездері Мұсахан күн-түн маза көрмейді, аһ ұрып, арғы-бергі аруақтарға сыйынады, жалғызыма жар бола көр деп Жаратқанға жалбарынып, Құдайына бас июмен болады.
Бірде, дәл майданға аттанар алдында Мұсахан түс көреді. Біртүрлі қызық түс. Дүниедегі ең ардақты адамы Шпекбай әкесі және батыр бабасы Сәмен мұның Жатқанбай туралы қауіп етіп айтқан әңгімесін байыппен асықпай тыңдап алады.Сосын батыр Сәмен: «Сенің не ойлағаныңды білемін, – депті құлағына ғана ақырын сыбырлап. – Сен оны қалай да тауып алып, қауіптен қайтсем де құтқарамын деп шешіпсің... Олай ету қолыңнан келер-ау, бірақ оның өтеуі тым қымбатқа түседі...». Мұсахан сонда: «Мен сізден бұдан артық бата күткен жоқ едім», дейді бас шұлғып риза болып. Осынау көріпкел түс не үйде, не түзде ойынан бір кетпей қояды, еске алған сайын бойына күш-қайрат құйылғанын сезеді, сенімінің беки түскенін байқайды. Ішінде ұзақ сақтаған өзінің осы ерекше түсін ол сүйікті жары Айманға тек майданға жүрер алдында ғана айтқан еді. Бәлкім, кім біледі, сонда аяулы жар күйеуін соңғы рет көріп отырғанын, оны мәңгілік қайтпас сапарға біржола шығарып салып тұрғанын іші сезген де болар. Бірақ әйел жаратылысының құдіреттілігі сонда, ол жар мен балаға деген махаббатын ешқашан бір-бірінен ажыратпайды, бөлмейді. Асыл ана, бәлкім, сонда қатал тағдырға бас игеннен басқа амалы жоғын білген де шығар.
Сөйтіп, 1942 жылдың қазан айында Мұсахан егделік жасын жасырып, өз еркімен өтініш білдіріп майданға аттанады. Қоштасарда жары Айманға бар айтпағын: «Дұғаңды ұлымызға арна, ұлымыздың амандығын тіле», деп бір ауыз сөзге сыйғызып қысқа ғана қайырған еді. Ол көзге көрінбей желеп-жебеп жүретін аруақтар күшіне сенетін, Жаратушы құдіретінің алдында бас иетін, әулетімізді жалғастырушы жалғыз ұлды солар ғана ажалдан сақтап, оған ұзақ ғұмыр сыйлайды деген ойынан ешқашан да айнымайтын... Мұсахан осылайша өмірінің ең соңғы сағатына дейін жан жүрегі жалғыз ұлыммен қалай да кездесемін деген шырақты үмітін бір үзбестен өткен еді дүниеден.
Алайда жазмыштан – озмыш жоқ, Сталинградты қорғағанда әкелі-балалы қос солдат қасарысқан қатал жаумен иық түйістіре қатар жүріп соғысса да, бірін бірі білген де жоқ, көрген де жоқ.
Иә, бұл өзі кеңес солдатының табандылығы мен қайсарлығының символы іспетті адамзат тарихында бұрын-соңды кездеспеген, қанқұйлы алапат соғыстың бетін кері қарай бұрған ұлы шайқас болған еді ғой. 1942 жылдың 17 маусымында басталып, 1943 жылдың 2 ақпанында аяқталған бұл шайқаста неміс фашистері 700 мың адамынан, 1 мыңның үстінде танкісінен, 1400 ұшағынан, басқа да толып жатқан соғыс техникасынан айырылып, орны қайта толмастай болып біржола ойсырады емес пе. Осы соғыста әрбір кеңес жауынгері жаумен қасық қаны қалғанша алысты, от пен оқ кешкен осылардың ішінде қаруларынан жауға қарсы өршелене оқ жаудырып әкелі-балалы Шпекбаевтар да бірге жүрді. Мәскеу түбіндегі ауыр шайқастарға қатысып, тәжірибе алып ысылған Жатқанбай өзінің қайсар да білікті жауынгер екенін көрсетті, қысқа мерзімді курстан кейін оған кіші лейтенант атағы беріліп, рота басқару жауапкершілігі тапсырылған болатын. Осы шайқастарда ол өзіне тапсырылған сенімді абыроймен ақтады, жауынгерлік асқан ерлігі үшін Жатқанбайдың омырауына алғашқы «Қызыл Жұлдыз» ордені тағылды.
50-ден асқан кісіге жорықтағы солдатқа түсер бесбатпан салмақты қыңқ етпей көтеріп жүру қайдан оңай бола қойсын. Алайда, маңдайындағы жалғыз ұлы сияқты менің Мұсахан атам да осы соғыста табандылық пен қайсарлық үлгісін бір адамдай көрсете білген еді, сөйтіп, ол да омырауына орден, медалін тағып, мерейін асқақтатқан еді. Әттең, қатты жараланды, есі бірде бар, бірде жоқ, осы халде атамды Саратов қаласындағы көшпелі госпитальға емдеуге алып кетеді. Ал тап осы кезде Саратовқа таяу Энгельс деген шағын қаланың әскери госпиталінде оның жалғыз ұлы, менің сүйікті әкем Жатқанбай да емделіп жатқан болатын...
Арада көп уақыт өткен. 1964 жыл. Бір күні Жатқанбай Мұсаханұлы режиссер Резо Чхеидзе түсірген «Солдат әкесі» деген фильмді тамашалаған. Фильмде жасы ұлғайған кәрі әке соғыстағы ұлының госпитальда емделіп жатқанын біліп, артынан баруға ұйғарады, бірақ ол келемін дегенше, жарақаты жазылған танкист баласы майданның алғы шебіне аттанып кеткен еді. Сонда әкесі кері қайтпай, қайтсем де баламды көруім керек деп, алдан не қиындық кездеспесін – бәріне төзіп, Берлинге дейін барады. Фильмді көріп болғанша да Жатқанбайдың бетін ағыл-тегіл болып тоқтамай аққан ыстық жас жуып кеткен. Мына фильм әкесін еске түсірді, оның соғыстағы ерліктерін көз алдына әкелді, іште бұғып жатқан әкеге деген шексіз сағынышы жанартаудай сілкіне оянып, жүрегі кеудесіне сыймай алқына соқты. Көзін жұмып, Аллаға жүгінді. Жаратушыдан әкемнің зиратын табуыма көмектесе гөр деп жалбарынды.
Тым кештеу болса да, оның бұл тілегі де орындалған еді...
Қайта-қайта іздеу сала жүріп, жиі-жиі жазысқан хаттардан кейін, мен 2000 жылы Ресей Қорғаныс министрлігінің орталық мұрағатынан атамның Саратов қаласындағы бауырластар қорымына жерленгені туралы хабар алдым. Қайтсең де атаңның сүйегін тап деген әкемнің тапсырмасын ақыры орындадым ба деп сондағы төбем көкке жете қуанғаным-ай! Естен кетпес бір әдемі түс сияқты. Мұндайда адамға ең қымбаты туған жердің топырағы ғой, атам туып-өскен жердің бір уыс топырағын алып, қасыма ұлдарым мен жиендерімді ертіп, атамызға лайықты құрмет пен тағзым жасау үшін Саратов қаласы қайдасың деп тартып кеттім. Үбірлі-шүбірлі болып бардық. Біз барған соң атамыздың барлық жағдайлары анықталды, тиісті рәсімдері жасалды. Содан кейін Отан қорғаушы қарапайым да ұлы жандардың қатарынан, алтын әріптермен жазылып, менің атамның да аты-жөні лайықты өз орнын тапты...
Әкем Жатқанбай Мұсаханұлы туралы тағы бір үзік сыр….
1946 жылдың қыркүйек айында аға лейтенант Жатқанбай Шпекбаев Совет армиясы қатарындағы қызметін одан әрі жалғастыру үшін жоғарғы қолбасшыдан әскери академияға оқуға түсу керегі туралы бұйрық алады. Көңілі қанша қалап тұрса да ол ұсыныстан Жатқанбай бас тартады. Әке жоқ, кішкентай қарындастарымен үйде шешесі жалғыз. Олар қазір не күйде? Не ішіп, не жеп жүр? Оларға пана болар сенімді адам керек қой. Осылайша ойлана келе, Жатқанбай елге қайтқаным жөн болар деп шешеді. Сөйтіп, жауынгер еліне келеді. Артта ғұмырының әскерге арналған бақандай сегіз жылы қалды, соның тең жартысы жаумен бетпе-бет тұрып шайқасумен өтіпті. Бірақ соғыс өрті қанша ауыр болса да Жатқанбайдың жүрегін қарайта алмаған еді. Ол үшін ендігі ең маңызды шаруасы аруақтардың батасы мен әке аманатын орындап, келелі мықты отбасын құру болатын. Құдай қанша берсе, сонша баласына жақсылап тәрбие беріп, қатарынан қалдырмай асырап, бағып өсіру еді.
Жатқанбай әскерден келген бойда колхоз жұмысына орналасады, осында жүріп болашақ жары Күлиманмен танысады. Олар содан соңғы демдері біткенше жұптарын жазбастан адал өмір сүрді. Берекелі шаңырақ құрып, бес қыз, үш ұл – сегіз бала өсірді. Бұл да болса Алланың бір кереметі шығар, Абай атындағы ауылда Жатқанбай өзі сияқты Сағи Шотбаев, Ақа Ортаев деген майдангерлермен бірге көрші тұрды, сол көршілерінің шаңырақтарында да дүниеге сегіз-сегізден бала келіп, бәрі де жақсы азамат болып жетілді.
Жатқанбай қай жұмысқа да бар ықыласын сала кірісетін, аянбайтын. Басқаша болуы мүмкін де емес еді, әйтпесе қаптаған қара сирақ шиеттей бала-шағаны қалай асырамақ?.. Осындай үлкен отбасы анасының, әрине, үй тірлігінен қолы босай қоймайды, бала-шағаға қарау керек қой. Жатқанбай болса таң атқаннан күн батқанша бір тыным таппайды. Бірде оны ферма жақтан көрсең, бірде егістік алқабынан көресің. Сөйтіп, жүріп те ол бала тәрбиесін қалт жібермей, назарында жіті ұстаушы еді.
1973 жылы отбасымыз ауыр қайғыға ұшырады, ұзаққа созылған ауыр науқастан кейін аяулы анамыз көз жұмды...
Анамыздың жылын бергеннен кейін жақын адамдар өздерінше жаны ашыған болып әкемізге үйлен деп ақыл айта бастаса керек. Сонда әкеміздің пышақпен кескендей етіп жауабын бір-ақ қайырғаны есімде: «Менің Күлиманыма тең келер жан табылар ма екен? Жоқ қой, ондай жан, – деді әкем. – Өзі сұлу, мейірімді де қамқор ана ретінде мен үшін оған ешкім де тең келе алмайды. Күлиманмен бірге о дүниеге менің де бір бөлшегім кетті...».
Жатқанбай жауынгерге тән қайсар мінезбен айтқан уәдесінде тұрды, кеудесіндегі соңғы демі қалғанша бар ғұмырын отбасына, балаларына арнап өтті. Биыл ол 95 жасқа толар еді... Әкем алас-күлес қиын заманда өмір сүрсе де, адами тұрғыдан оның пәни тіршілігі шуақты һәм бақытты болды дей аламын. Ол тұрғызған үлкен шаңырақ астында 8 бала өстік, олардан бүгінде әкеміздің 13 немересі мен 4 шөбересі жасыл құрақтай жайқала өсіп, ержетіп келеді. Үлкен қызы Бақыт болса, бұл күнде филология саласының профессоры, кішкентайымызда ол бізді бақты-қақты, өсірді, бауырлары мен сіңлілері үшін Бақыт қашанда дұрыс бағыт сілтеп, жол көрсетер шамшырағымыз болып қала бермек. Үш ұлының біреуі өз жолын ауыл шаруашылығы саласынан тапса, екіншісі қоғам мен мемлекет үшін қызмет көрсетуді борышым деп санайды, үшіншісі өзін заңгерлік жағынан жақсы қабілет-қарымымен танытып жүр. Қыздарының бірі заңды еңбек демалысына шықса, екіншісі бизнеспен айналысады, үшіншісі арнайы орган қызметкері, ал ең кенжесі жекеменшік оқу орындарының бірінде проректор.
Әңгімемді «сөйтіп бәрі де бақытқа жетіпті» деп ертегіше аяқтағым келмейді. Өйткені, мұның бәрі қарапайым жақсы АТА мен ӘКЕНІҢ өзіндік ғажайып тарихының табиғи жалғасы, бізге мирасқа қалдырған үлгі-өнегелерінің мәуелі жемісі болар деп ойлаймын.
Мейірімсіз ажал кесірінен өз уақытында Сталинград окоптарында қатар жүріп соғысқан әке мен бала кездесе алмаған еді, бір-біріне деген әкелік-балалық мейірімдерін көз жанарларына толтырып, сүйсіне қарасып, ақтық рет сөйлесу мүмкіндіктерінен айырылған еді... Алайда, Мұсахан аруағы ұлын тастап кеткен жоқ, әрқашан ұлымен бірге болды, керек кезінде көзге көрінбей келіп, үнемі қолтығынан демеп, қолдап-қолпаштап жүрді. Бұл келелі аруақ және арғы батыр бабамыз Сәменнің асыл рухы олардың бүгінгі ізбасар ұрпағына да күш беріп, демеп жүреріне, мұның өзі Жеңімпаздар Ұрпағының даңқты істерінің жалғастығы алдағы уақытта да ешқашан үзілмесіне кепіл боларына мен кәміл сенемін.
Алик ШПЕКБАЕВ, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары.
Суреттерде: (солдан оңға қарай) Мұсахан Шпекбаев; Жатқанбай Шпекбаев; Алик Шпекбаев.