Кеше «Нұр Отан» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес өңірлермен бейнеконференция байланысы режімінде отырыс өткізді. Онда негізгі тақырып ретінде білім жүйесіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс барысы сараланып, талқыланды.
Аталған шараға «Нұр Отан» партиясының Парламент Мәжілісіндегі фракция мүшесі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес төрағасы Қ.Сүлейменов, Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Ә.Ғалымова, Бас Прокурордың орынбасары А.Кравченко, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары С.Ахметжанов және басқа да мүдделі адамдар қатысты.
Ел Парламентінің Мәжілісіндегі «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі Қайырбек Сүлейменовтің төрағалығымен өткен бұл отырыста, жоғарыда атап өткеніміздей, білім беру жүйесіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмыстың жағдайы туралы нақты мәселе қаралды. Онда білім саласындағы сыбайлас жемқорлық деңгейі республикамыз бойынша алдыңғы қатарда тұрғанын Қоғамдық кеңес мүшелері қадап айтып өтті. Мәселен, құқықтық статистика органдарының деректері бойынша білім беру саласында 2013 жылы жалпы 145, ал 2014 жылы – 252 сыбайлас жемқорлық қылмыс тіркелген екен. Өткен жылы барлық тіркелген сыбайлас жемқорлық бойынша қылмыстардың әрбір алтыншы қылмысын білім беру саласының қызметкерлері жасаған, ал әкімдік қызметкерлері тарапынан бұл сала ең жемқорлықты салаға айналып кеткен, оның үлесі 37 пайыздан да артып отыр дейді. Сөйтіп, Білім және ғылым министрлігінің қызметкерлері жасаған сыбайлас жемқорлық қылмыстардың саны екі есе өскен. Яғни профильді министрлік қызметкерлеріне қатысты 2013 жылы – 9 және 2014 жылы – 18 сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық тіркелген.
Ал «Қазақстан-2050» Стратегиясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте мемлекет пен қоғам күштерінің бірігуінің маңыздылығын атап өткен еді. Өйткені, сыбайлас жемқорлықсыз қоғам құру – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі, демек сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы іс-қимыл бойынша қабылданып отырған шаралар мемлекеттік орган мен оның негізгі жұмысының тиімділігін бағалауда маңызды критерий болып табылады. Осылайша Мемлекет басшысының бастамасы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті сапалы жаңа негізде жүргізуге мүмкіндік беретін кешенді құқықтық және ұйымдастырушылық шаралар жүзеге асырылды. ТМД елдері арасында Қазақстан бірінші болып 1998 жылдың шілде айында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң қабылдағаны белгілі, бұл заң осы кеселмен күрестің негізгі қағидатын анықтады және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытының алғашқы алдын алу тетігін қалыптастырды. Мемлекеттік қызметкерлерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы талаптарды күшейту үшін мемлекеттік қызметкерлердің этикалық үлгісі заңнама деңгейінде реттелді. Айта берсе атқарылған іс көп, бірақ білім саласында сыбайлас жемқорлық тыйылар емес.
Бұған сенбейік десек, аталған отырыс барысында жоғарыда айтылған сыбайлас жемқорлық бұзушылықтардың негізгі үлесі мемлекеттік сатып алуды жүргізу кезінде жасалатыны атап көрсетілді. Қаржылық бақылау органдары мемлекеттік сатып алу кезінде 2013 жылы – 11 304,8 млн. және 2014 жылы 13 116,5 млн. теңге сомасына жасалған бұзушылықтарды анықтаған. Осындайда білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлық неліктен көп және оған қалай жол беріледі деген сұрақ та туындайды ғой. Сөйтсек, олар көбіне заңнамадағы қарама-қайшылықтар мен ақаулықтарды пайдаланады екен. Сонымен қатар, бұған білім беру жүйесі субъектілерінің басқару қызметіндегі кемшіліктерді де қосуға әбден болады. Ал ең бастысы, бюджет қаражатын тиімсіз, ұтымсыз жұмсау болып тұр. Осылайша отырыс нәтижелері бойынша білім беру жүйесіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыстың тиімділігін арттыруға бағытталған нақты ұсыныстар айтылды.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».