«Нұр Отан» партиясының Жеңістің 70 жылдығына байланысты жүргізген жұмыстарының нәтижесінде Ұлы Отан соғысында Қазақстаннан 580 Кеңес Одағының Батыры шыққаны белгілі болып отыр. Солардан бүгінде көзі тірі бір ғана қаһарман қалған. Ол Алматы облысының Қаратал ауданында тұратын Иван Васильевич Косенков.
Адамзат тарихында адам қанын судай ағызып, бүкіл әлемді шарпыған жан түршіктірген соғыс Еуропа төрінен басталып, 1941 жылдың 21 маусымында Германияға вагондап материалдық көмек жіберген КСРО шекарасын араға бір күн де салмай, нақтылай түссек, сол жылдың 22 маусымында гитлерлік фашистер еш ескертусіз басып кіргені мәлім. Кеңес жерінен жіберілген сол материалдық көмектен қуат алған неміс әскері француздарды ойсырата жеңгенін де тарихи зерттеулер көрсетуде. Статистикалық мәліметке сүйенсек, бүгінгі таңда республикамызда бес мыңға жуық соғыс ардагері қалса, Кеңес Одағының Батыры атанған 580 қазақстандықтан жалғыз Иван Васильевич Косенков қана тірі отыр. 92 жастағы соңғы батыр Алматы облысы, Қаратал ауданы, Үштөбе қаласында тұрады. Ағымдағы жылдың басында Елбасы майдангерлерді құттықтап, жер-жерде мерекелік леп естіргенде жетісулықтар да қарап отырмады. Барымызды бағалай білетіндігімізді көрсетіп, соғыстың республикамыздағы көзі тірі соңғы батыры Иван Косенковқа Алматы облысының әкімі Амандық Баталов арнайы барып қазақы шапан жауып, құндыз бөрік кигізді. Сол бір сәтте Мемлекет басшысының өзіне жолдаған жеделхатын кеудесіне басып, бір қуанып, бір қобалжыған батырдың қапелімде аузына сөз түспесе керек, тек Елбасына алғыс ағытып бәйек болды.
Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда ол небәрі 18 жаста еді. Аудандық әскери комиссариатта орта бойлы, сергек те самдағай бозбала бірден көзге түсіп, кіші командирлер дайындайтын Жетісу артиллерия мектебіне оқуға жіберіледі. Сөйтіп, кіші командир Иван Косенков ең бірінші әскери міндетін 1941 жылы желтоқсанда Мәскеу түбінде орындауға тапсырма алады. Сосын әртүрлі майдандар құрамында болып, Мәскеуден Болгарияға дейінгі 1418 күн мен түнге созылған сұрапыл соғыстың 1300 тәулігінде ол Отан алдындағы парызын адал орындап, әскердің алдыңғы шебінде болды. Иван Косенковпен жеке әңгімелесу барысында аз сөзбен көп жайды аңғартып, неміс басқыншыларының іркес-тіркес жүйткіген танкілерінің көз алдында талай боздақты таптап өткенін еш ұмыта алмайтындығын баса айтты. Сол танкілерге еш тайсалмай снарядын қыса ұстап өршелене ұмтылған қаншама майдандастарының көз алдында мерт болғанын қалай ұмытсын. Отан үшін от кешкен жауынгерлер рухының мықтылығы сол, ештеңеден қаймықпай тек алдыға ұмтылып, жауынгерлік міндеттерін адал атқарған-тын. 1943 жылы қыркүйекте Днепр үшін қиян-кескі ұрыс жадында мәңгілік жазылып қалған. Қатар жүрген жауынгерлер оққа ұшып жатқанда ол Оңтүстік-батыс майданда Синельников атқыштар дивизиясындағы 1118 Қызыл жұлдызды полктің құрамында сержант шенінде болды. Әлі есінде, дивизия командирі, генерал-майор Голоско шабуылдаушы топты сапқа тұрғызып, жаймен жауынгерлерді аралап, «Барлығың еріктісіңдер ме?» дегенде топ командирі «Дәл солай» деп жауап берген. Сонда генерал Днепр арқылы өтіп, неміс басқыншыларының тұғырын тартып алып, полк атқыштар бөлімдерінің өзеннен өтуіне мүмкіндік тудыруды тапсырды. Торап түн ортасында басталды. Сержант Косенков жауынгерлерін бастап, қайыққа артиллериялық минометтер мен пулеметтерді және т.б. қаруларды тиеп, өзеннің оң жағалауына өтеді. Күшті қаруды белгіленген жерге тез арада орнатып, бірден дұшпанға оқ жаудырып береді. Сөйтіп, Днепропетровск облысы, Войсковое ауылындағы неміс тұғыры бұзылып, ауыл Кеңес әскерінің иелігіне өтеді.
«Торапты тартып алу аяқталысымен, командир тұғырды кеңейту туралы бұйрық берді. Бірақ аяқасты неміс басқыншылары өте сұрапыл соғысты бастап қиян-кескі ұрыс жүргізді. Оқ қарша борап, бас көтертпей бір қадам жер үшін қаншама боздақтар жаны қиылды. «Отан үшін!» деп өршелене алдыға ұмтылып, жандарын пида еткен мыңдаған жауынгерлерді жоқ қылған сол майдан 6 күн мен түнге созылды. Жаудың бірнеше байланыстарын кесіп, 3 танкісін, снарядтары мен БТР-тасымалдаушыларын жойдық. Жаяу әскерлерін бағындырғанымыз өз алдына. Әйткенмен, біздің әскерден де көп шығын болды. Сол соғыстан Миша Голяков екеуміз ғана тірі қалдық» деп еске түсіреді майдангер қарт.
Сөйтіп, Синельников дивизиясы Запорожье ауданына қоныс аударады. Рас, онда да күн сайын қиян-кескі ұрыс жүргенімен Кеңес әскерінің пайдасына шешіліп отырғанын сарғайған құжаттар мен Иван Косенков туралы түрлі мақалалар жарық көрген газет қиындылары растап жатыр. 1943 жылдың 13 қазанында артиллериялық әскер Запорожье қаласының маңындағы 9-шы ауылға басып кіреді. Онда да Иван мен Михаил тәулік бойы тынбай 76 миллиметрлі зеңбірекпен дұшпанның негізгі ошағын атқылаумен болады. Келесі күні таңертең Запорожье қаласы басқыншылардан босатылады. Қиян-кескі ұрыстағы көзсіз ерлігі үшін Иван Косенков ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, ал оның майдандасы Михаил Голяков «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталады. Арада бірер ай өте шықты, «1944 жылдың наурызында Армия штабына шақырып, салтанатты түрде КСРО Жоғарғы Кеңесінің «Кеңес Одағының Батыры» атағын беру туралы Жарлығымен генерал-майор Голоско таныстырады және Ленин орденін және Алтын Жұлдыз медалін қосып екеумізге тең тапсырды», деген Иван Косенков марқая тұрып әп сәтте өзгеріп, қиыншылықтарға төзе отырып, біз 9 мамыр Жеңіс күніне шама-шарқымызша жақындаған едік», деп қарт майдангер көзі жасаурай майдандас досын еске алды.
Қазақстандықтардың Ұлы Жеңіске қосқан үлесі өте зор ғой. Тек, Алматы облысынан өз еріктерімен 120 мың жауынгер аттаныпты. Солардың тең жартысы елге оралмаған. Кеңес Одағының Батыры деген құрметті атақты 52 офицер мен солдат алыпты. Сол батырлардың бірқатары дәм-тұз тартып Жетісу жеріне келіп, қасиетті жерге бас игенімен бүгінде арамызда тек Иван Косенков қана қалды. Барды бағалай білетін жетісулықтардың бір тілегі қарт майдангердің Жеңіс күніне аман-есен жетуі болып отырғаны жасырын емес.
1945 жылдың жазында әскер қатарынан босанған Иван Косенков өзі туып-өскен Үштөбе қаласына келеді. Алғашында механизатор болып, сосын қызметін теміржол бойына ауыстырады. Шойын жол бойына еңбек сіңіріп, әр көктем сайын тіккен көшеттері көкке шаншылған жасыл желекке айналды. «Құрметті теміржолшы» атағы бар. Көп жылдар бойы қарт майдангер жұбайы және балаларымен жер үйде тұрған екен. Сосын жергілікті билік пәтерге көшірген. Бүгінде қызы Ольга екеуінің Үштөбе қаласында үш бөлмелі пәтері бар. Үштөбе қаласында бір көше Иван Косенковтың атымен аталады. Ресейдің жоғары наградасының бірі Маршал Жуков орденімен марапатталды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне көрсетіп отырған жан-жақты қолдауына дән разы. Жыл сайын мерт болған жауынгердің туысы және тыл еңбеккері ретінде материалдық көмек алады. Мемлекет есебінен коммуналдық қызмет түрлері төленіп, саноторийларда сауығып қайтады.
Қарт майдангер кеше сұрапыл соғыста от кешіп жүріп Жеңіс күнін қалай күтсе, бүгін бейбіт өмірде, тоқшылықта Жеңіс күнінің әр сағатын да солай тосуда. Уақыт шіркін дегеніне көнгізіп, кеше ғана жалт-жұлт еткен көздерін бүгінде солғын тартқызыпты. Тек қос жанар ғана емес қызыл шырайлы жүзі де бозарған. Қарт майдангер «Жеңістің 70 жылдығы – 9 мамыр күні сұңқардай қайта түлеп, от шаша қуаныш құшағына бөленіп тұрсам, Жеңіс парадын көгілдір экраннан болса да көрсем», деген тілегін де жасырмады...
Тағы бір көзайым хабар – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 14 сәуір 2015 жылғы №1034 Жарлығымен Иван Косенков ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды. Бұл қуанышты батырға Алматы облысының әкімі Амандық Баталов жетісулық майдангерлер алдында жеткізді.
Алматы облысы, Қаратал ауданы, Үштөбе қаласы.