Жауын жусандай жайпаған... пулеметші Жәпек ақсақал туралы сыр
...Сол кездегі жалындаған жастықтың әсері ме, әлде туған ел мен жерге деген сағыныштан ба, бәлкім, ұрыс даласынан ұзап, ой-көңілі орныққандықтан болар, әйтеуір шинелінің бір етегін астына басып, екіншісін жамылған күйде шырт ұйқыға кетті. Құлан жортпас қу медиен далада қыстың қақаған қара суығы еді. Қатып қаламын-ау, болмаса анталаған аш қасқырдың жеміне айналамын-ау деген ой мүлдем оралмапты басына. Бір замандарда Райымбек бабасы жоңғар басқыншыларын талқандаған атақты Ойрантөбеде аялдады. Бұл – 1942 жылдың желтоқсан айы-тын.
Сол кезде ол небәрі 22 ғана жаста-тын. Қан майданнан бір қолы шолақ, бір аяғы ақсақ болып қайтып келе жатқан беті еді. Бірақ оған жаситын Жәпек пе? Жастайынан тағдырдың талай тауқыметін тартып өскен жігіт осы жолы да көрер жарығының бар екеніне шүкіршілік етіп, туған ауылына қарай жаяулатып ілбіп келеді. Әйтпесе, жанындағы жолдастарының талайы, тіпті дәл түбіндегі орыс көмекшісі де оққа ұшып опат болып жатқанда өзінің қалай тірі қалғанына әлі аң-таң...
...Иә, олар, бас-аяғы 11 жігіт, Кеген аудандық әскери комиссариатынан 1940 жылдың қазан айында әскерге аттанады. Алматыдан жүк пойызына тиелген жігіттер Байкалды асып, Бурятияның Кяхта шаһарына аялдап, одан әрі Моңғолияның Улан-Удэ қаласынан бір-ақ шығады. Сол топтың бел ортасында бүгінгі біздің кейіпкеріміз – Солтүстік-батыс майданы, 37- дивизия, 24-атқыштар полкі, 146-дербес батальоны, 1-ші ротаның пулеметшісі Жәпек Бабашарұлы Молдабаев та болатын.
«Қазір есіме түссе, денем түршігеді. Осындайда бабаларымыздың «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өлер» деген нақылы ойыма орала береді» дейді ақсақал.
«1941 жылдың тамыз айының 1-і күні түнде бүкіл армия бойынша әскери дабыл көтеріліп, біз Манчжурия шекарасына жақын жердегі Сайнсан қаласының маңына орналастық. Осы екі аралықтағы 2000 шақырымдай жерді жаяу жүріп өттік. Сондағы қолбасшылардың мақсаты – еліміздің шығыс шекарасын қорғауды күшейтуге бағытталған екен. Жапондардың соғыс ашу қаупі болғанға ұқсайды. Шығыс шекара күзетінде 1941 жылдың аяғына дейін тұрдық», дейді тоқсан бесті алқымдаған қария.
– Неміс басқыншылары еліміздің көптеген ірі қалаларын басып алып, Мәскеуге таяп қалды, әйгілі Ленинград қаласы қоршауда. Батыс майданында жағдай қиындап кетті деп, 1942 жылдың қаңтарында бұйрық келіп, біздің армия батысқа бет алды.
Ақпанның қақап тұрған суығында Калинин қаласының маңына жеттік. Қаланың батыс бетіндегі тоғайға орналастық. Қар қалың, сықырлаған сары аяз. Жолда эшелонымызды немістердің ұшақтары бомбалап, қатарымыз бірталай сиреп қалған еді. Мұнда жеткенше де аштық пен суықтан тағы біршама жігіт қайтыс болып кетті.
Келген бойда сұрапыл соғысқа араластық. Көп шығынмен Калинин қаласын азат еттік. Қуанышта шек жоқ. Жас та, кәрі де, солдат та, командир де шапкамызды аспанға атып, жас балаша қуанып, танимыз-танымаймыз әйтеуір бір-бірімізді құттықтап жүрміз. Жергілікті халық қуаныштан жылап жүр».
Расында да, Калинин қаласы (бүгінгі Тверь) соғыс басталғалы бергі неміс басқыншыларынан азат етілген ең алғашқы облыс орталығы еді. «Бұл жеңістің маңызы өте зор еді», дейді қарт батыр. Өйткені, «бұл жеңіс – кеңес әскерлерінің, бүкіл кеңес халқының рухын көтерді, жеңіске деген сенімін нығайтты», деген еді командирлеріміз. Олар біздерге жоғарғы командованиенің алғысын жеткізді. Біздің Батыс майданына келгендегі алғашқы шайқасымыз да, алғашқы жеңісіміз де осы болатын.
Шығынның орнын толтырып, Великие Луки қаласын босатуға бет түзедік. Великие Лукиді азат етудің стратегиялық маңызы өте зор еді, себебі, мұнда Орталық, Украин, Беларусь, Солтүстік-батыс майдандарын байланыстыратын тоғыз жолдың торабы үлкен теміржол стансасы бар екен. Немістер де соны білсе керек, басып алып, мықты бекініске айналдырып тастапты. Содан жан алып, жан беріскен қырғын шайқастар жүрді. Бұл қаланы да үш ай дегенде әрең жаудан тазарттық. Екі жақтан да шығын көп...
Пулеметші болғандықтан, фашистердің негізгі тірі күшін жою үшін біз әрқашан алдыңғы шепте боламыз. Пулеметтен жақсы қару жоқ, жауды жусандай жапырасың... «Отан үшін, жер үшін, артта қалған ел үшін!» деп өзімізді жігерлендіреміз. Осы қалаларды азат етудегі көрсеткен ерлігім үшін мені «За отвагу” медалімен марапаттады. Полк туының қасына суретке түсіріп, алғыс хатпен ауылға салып жіберді. Бұл – 1942 жылдың шілде айы еді.
Содан қоршауда қалған Ленинград қаласын жау қолынан азат ету үшін, біздің дивизия Солтүстік-Батысқа қарай жол тартты. Арпалысып жүріп Волхов қаласын алып, өзеннің шығысын босаттық. Ал батыс жағалаудағы неміс бекіністері өте мықты, жақсы қаруланған екен, өзеннен өту оңайға түскен жоқ. Өте көп шығынмен Волхов өзенінің батыс жағалауындағы неміс бекіністерін талқандап, басып алып, негізгі күш келгенше тәулік бойына қорғап та тұрдық».
...Осы бір қырғын, ию-қию шайқаста ол үш жерінен жараланып, контузия алады. Есін санбатта ғана жинайды. Қалай келгенін де, кім әкелгенін де білмейді. Сұрастыра келсе, санитар қыздар алып келіпті сүйрелеп. «Оларға мың да бір рахмет!» дейді майдангер.
1942 жылдың 15 желтоқсанында әскери комиссия тексеріп, «жарақаты ауыр, соғысқа жарамсыз, II топ мүгедегі» деп қорытынды шығарады. Елге қайтқандағы жалғыз жолдасы – «За отвагу» медалі еді.
Елге келсе, шешесі Қаламқас қатты ауырып, төсек тартып қалыпты. Қол-аяқты сылтауратып қарап жатар кез емес. Ептеп ел тірлігіне араласады. Қолдан келгенше қызмет етеді. Жүрген-тұрған жерінде абыройдан кенде болмайды. Ана ақылынан аттамай, 1943 жылдың ақпанында бала кезден бірге өскен Тұрсынхан Бейсембайқызымен шаңырақ көтереді. Екеуі Алла берген 11 құрсақ сүйіп, көзі тірі тоғызын оқытып-тоқытып, өз алдарына жеке-жеке отау етіп қондырады. Бүгінде олардан 31 немере мен 24 шөбере сүйіп отыр. Тек Тұрсынхан апайдың «арғы ауылға» тым ертерек «түйе қарап кеткені» болмаса...
Жауған оқ пен жанған оттан аман-сау оралған ардагер, міне бүгін, яғни Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойы аталып жатқан 9 мамыр күні өзінің торқалы 95 жас мерейтойын атағалы отыр. I-II дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендерінің, майдандағы «Ерлігі үшін» медалінің және т.б. жиырмадан аса мемлекеттік наградалардың иегері. Жәпек Бабашарұлына «соғыс солдаты, сау жүрсін!» деп тілек қосқымыз келеді.
Амангелді Қияс, «Егемен Қазақстан».