Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуде Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин екіжақты өзара ықпалдастықтың, соның ішінде, сауда-экономика, отын-энергетика, ғарыш салалары мен мәдени-гуманитарлық саладағы кең ауқымды мәселелерін талқылады.
Қазақстан мен Ресей президенттері өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі бірқатар өзекті мәселелерді де қарастырды.
Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Қазақстан Президенті болып сайланғаннан кейін шетелге алғашқы ресми сапармен шығып отырғанын атап өтті.
– Біз 15 жылдан астам уақыт бойы бірге жұмыс істеп келеміз, осы жылдары Қазақстанның Ресеймен қарым-қатынасы нығайды. Біз Сізбен Одақтастық туралы шартқа қол қойдық, оның аясында көптеген мәселелер жүзеге асырылуда. Біз Еуразиялық экономикалық одақты құрдық. Дағдарыс жағдайында елдеріміздің арасындағы тауар айналымы төмендегеніне қарамастан, ЕАЭО-ның болашағы зор деп есептеймін. Елдеріміздің екіжақты қарым-қатынастары жасалған уағдаластықтарға сай дамып келеді, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті, сондай-ақ, В.Путинді Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығымен құттықтады.
Владимир Путин де Нұрсұлтан Назарбаевты сайлаудағы айқын жеңісімен құттықтап, екі ел арасындағы жемісті ынтымақтастықтың жалғасатынына үмітін білдірді.
– Елдегі соңғы жылдардағы өзгерістер, Қазақстан азаматтарының сайлау науқанына қалай қарайтыны, олардың Сіздің атқарған жұмысыңызға қалай баға беретіні – ең құндысы осы. Біздің екіжақты байланыстарымыз бұдан әрі де қарқынды және сайлауға дейінгі жылдардағыдай жемісті болатынына сенімдімін, – деді Ресей Президенті.
Сондай-ақ, В.Путин интеграциялық үдерістер саласындағы бастамалары үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтты.
– Бүгінде біздердің жасап жатқанымыздың, экономикалық одағымызды тереңдете түсу бағытындағы қосымша қадамдардың дені Сіздің еңбегіңіз. Сіздің Кеден одағын, одан соң ЕАЭО-ны құру туралы бастама көтеріп, сөйлеген кезіңіз менің өте жақсы есімде. Ең бастысы, Қазақстанның өз дамуымен де, интеграциялық үдерістердің өрістеуімен де байланыстының барлығы жүзеге асуда, – деді Ресей Президенті.
* * *
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеу шаралары аясында Мәскеуде Египет Президенті Әбдел Фаттах ас-Сисимен кездесті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
Екі елдің Мемлекет басшылары саяси және сауда-экономикалық саладағы екіжақты ынтымақтастық мәселелерін, сондай-ақ, қарым-қатынастардың одан әрі даму келешегін талқылады.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев пен Әбдел Фаттах ас-Сиси халықаралық күн тәртібіндегі мейлінше өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
* * *
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуде Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеу шаралары аясында Вьетнам Президенті Чыонг Тан Шангпен кездесті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
Екі елдің көшбасшылары сауда-экономика және инвестиция салаларындағы ықпалдастықтың негізгі бағыттарын қарастырды.
Қазақстан мен Вьетнам президенттері халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді де қозғады.
Сонымен қатар, Чыонг Тан Шанг Нұрсұлтан Назарбаевты президенттік сайлаудағы жеңісімен тағы да құттықтады.